1992 жылы Рио-де-Жанейрода қабылданған тұрақты даму стратегиясының экологиялық аспектілерінің бірі «…органикалық отын жағуға негізделген энергетикадан, орны толатын энергия көздерін қолданатын (күн, су, жел, биомасса энергиясын, жерасты жылуын және т.б.), яғни балама энергетиткаға көшу» болып табылады.
Қазақстанның энергетика жүйесі — электр және жылу энергиясы мен қуатын өндіру жэне электрмен жабдықтау жүйесі; ұлттық экономиканың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымындағы маңызды сала, әрі өнеркәсіптің басқа салаларын дамытудың басты базасы.
Кеңестік билік дәуіріне дейінгі өндіргіш күштердің даму деңгейі төмен болуынан Қазақстанның энергетикалық базасы тым кенже қалды. Деректер бойынша, қазақ жерінде барлық электр станцияларыньщ қуаты 2,5 мың кВт/сағ-тан аспаған. Кен өндіру кәсіпорындарында қызмет көрсету үшін ұсақ локомобильді немесе екі тактілі мұнай электр станциялары қолданылған. Успенск сияқты кеніштің барлық электр қуаты 32 кВт болған, ал Спасск зауытында ол 455 кВт-тан аспаған. Тек 6 қалада ғана қуаты шағын электр станциялары болған.
Кеңестік дәуірдің бас кезінде қабылданған ГОЭЛРО жоспарының (1920) елді электрлендірудегі экономикалық және саяси мәні зор болды. Бұл жоспардың Қазақстанға да тікелей қатысы бар. Онда Сібір теміржол бойындағы ірі сауда өнеркәсіп орталықтарының қатарында Петропавлды, Ертіс өзенінің бойындағы Павлодар ауданын бірінші кезекте, ал Дала өлкесін екінші кезекте электрлендіру, Павлодарда қуаты 15 мың кВт электр станциясын салу жоспарланған. Осы жоспарға сай 1925 жылы Қарсақбай электр станциясының құрылысы басталып, 1928 жылы мұнда мыс қорыту зауыты іске қосылды. Осы жылы электр станциясының көмегімен Риддер қорғасын зауыты жұмыс жасай бастады. 1925-1926 жылдары Доссорда мұнайдың 41,2%-ы, Мақатта 87,8%-ы электр қуатын қолдана отырып өндірілді. Осы жылдары мұнай ұңғыларын бұрғылау және мұнайды барлау үшін КСРО-да тұңғыш рет электр қуаты қолданылды. Қазақстандағы отынэнергетика қорларын іздестіру жұмыстары нәтижесінде көмір мен мұнайдың ірі орындары табылды. Қазбалы отын қорлары бойынша Қазақстан Кеңес Одағында 2-орынға шықты. Жалпы электр станциялары қуатының артуына, электр қуатының өндірілуіне, экономиканың электрлендіру деңгейіне жасалған талдау негізінде кеңестік дәуірдегі Қазақстан электр энергиясының даму жолын негізгі үш кезеңге бөлуге болады: бірінші кезең 1918-1945 жылдарды қамтиды, бұл кезеңде сол уақыттың өлшемі бойынша ірі электр станциялары салынып, алғашқы энергетикалық тораптар пайда болды. Екінші кезеңде (1946-1958 жж.) аймақтық электр стаңцияларында электр қуатын бір орталықтан өндіру күрт артты, алғашқы энергетикалық жүйелер құрылды. Үшінші кезеңде (1959-1990 жж.) республиканың энергетикалық базасы жедел қарқынмен дамып, аймақтық энергетикалық жүйе қалыптасты. Сөйтіп, Қазақстан өзінің электр қуаты жөніндегі мұқтаждығын толық қамтамасыз ететін, эрі оны өзге елдерге шығаратын ахуалға жетті.
1990 жылы КСРО экономикасының құлдырауы қарсаңында республика электр станцияларының қуаты 18 млн кВт-тан асты, ал Қазақстанның жалпы электр энергиясын тұтынуы 104,8 млрд кВт/сағатты құрады, оның 87,4 кВт/сағаты еліміздің электр станцияларында өндірілді.
Қазақстанның энергетика жүйесі 1991 жылдан бастап дағдарысты жағдайды бастан кешірді. Республиканың қолданыстағы энергетикалық қуаты 1990 жылдың басында 17000 мВт-қа жуық болса, 1998 жылдың ортасына қарай бұл қуат 10000 мВт-қа дейін төмендеді. Қазақстанда энергия өндіруші қуаттардың тапшылығы мен артық электр қуаты бар аймақтардан оны жеткізе алатын электр желісінің жоқтығына байланысты оңтүстік және батыс аймақтар үшін электр қуаты сырттан алынды.
ҚР электр энергетикасы секторын қайта құру негізінде электр энергетикасы нысандары түрлі меншік иелерінің қолына көшті: ірі электр станциялары шетелдік қомпанияларға тиесілі болды, кернеуі 220 және одан жоғары кВт электр тораптарын басқару, үйлестіру т.б. мәселелерді шешу міндеттері электр тораптарын басқару жөніндегі қазақстандық компания -KEGOC-қа жүктелді; кернеуі 110 және одан төмен кВт электр тораптары бұрынғы энергетика жүйесі шеңберінде таратушы электр компанияларының басқаруына; электр қуаты өндірушілерден сатып алу және оны тұтынушыларға сату міндеті электр қуаты рыногының қазақстандық операторына жүктелген.
Қазақстанда қазір энергетикалық өнімнің 90%-ға жуығы ЖЭС-та, қалған бөлігі СЭС-та өндіріледі. Энергетика — жылдам қарқынмен дамып келе жатқан сала. Егер қазіргі заманғы демографиялық жарылыс жағдайларында халық саны 40-50 жылда екі есе өссе, өндіріс пен энергияны тұтынуда бұл әр 12-15 жыл сайын екі еселенеді.
Әлемдік энергетика дамуын сараптауда қазіргі негізгі проблема — негізгі энергетика салаларының қоршаған ортаға, халық тіршілігі мен денсаулығына келтіретін әсерінің салдарын жан-жақты мүмкіндігінше бағалау жағына көбірек ауысқанын дэлелдейді.
Тәжірибе жүзінде сандық мәні ескерілмеген энергетика нысандары, басқа да көптеген өнеркәсіп салалары сияқты, халық пен қоршаған орта үшін қауіпті болып табылады.
Энергетикалық объектілер (әсіресе отынмен жүмыс жасайтын энергетикалық нысандар, кешендер) қоршаған ортаға әсер ету дәрежесі бойынша биосфераға ең қауіпті әсер етушілер қатарына жатады.
Қазіргі уақытта энергетикалық қажеттілік негізінде үш түрлі энергия қорлары арқасында қамтамасыз етіледі: органикалық отын, су және атом ядросы. Адам су мен атом энергиясын олар электр энергиясына айналдырып пайдаланады. Сонымен бірге органикалық отындағы энергияның орасан көлемі жылу энергиясы және тек кішкентай бөлігі ғана электр энергиясы ретінде қолданылады. Алайда бұл екі жағдайда да органикалық отынан энергия алу оны жағумен байланысты, ал бұл қоршаған ортаға жану өнімдері түседі деген сөз.
Энергетиканың қоршаған ортаға кері әсерінің салдарын кейбір шағын деңгейде, мысалы, әлеуметтік мүмкіндік дәрежесімен шектеп отыру қажет. Мекен ететін орта сапасы мен халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын реттеп отыратын экономикалық тетіктер қолданылуы қажет.
Осындай мәселелерді жылу энергетика нысандарының экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасына анықтама бергенде есте сақтау керек: қоршаған ортаға жылу және химиялық, суытқыштар әсерін есептеу және т.б. Одан басқа қатты отын қолданатын (жанатын тақтатас, шымтезек) ЖЭС үшін берік және қауіпсіз күлжинақтаушы проблемасы туындайды.
Энергетика — барлық өнеркәсіп салаларының, транспорттың, коммуналдық және ауыл шаруашылығы дамуының негізгі қозғаушы факторы, еңбек өнімділігі мен халық ахуалының өсу базасы. Энергетика кәсіпорындарының құрамында зиянды қоспалары бар органикалық отын түрлерінің жану өнімдерінің қоршаған ортаны ластау үлесі жоғары. Олардың қоршаған ортаға әсері де энергия құралдарының түріне байланысты.
Қолданылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., — Алматы: Өнеркәсіп экологиясы, 2011. -262 бет.