Экономикалық әрекет барысында экстерналийлер — сыртқы әсерлер деп аталатын адамдардың, нысандар мен факторлардың өндірістік әрекеттерінің әр алуан сыртқы әсерлерінің табиғатқа тұрақты ықпалы жүреді. Олар оң және теріс болуы мүмкін. Мысалы, балшықтытасты топырағы бар шөлді жер учаскесін иеленген жеке фирма оны құнарландырғысы келді. Оған қаратопырақ түсірілді, су жүргізілді, ағаштар мен бұталар отырғызылып, шөп егілді. Бұл — оң сыртқы әсер мысалы. Өз шығындарын мейлінше азайтуға мүдделі ластану тудырушылар экстерналиямен күреске байланысты шығындарды көтермейді. Әсер етудің әртүрлі түрлері мен сипаттарына байланысты экстерналийлердің келесі түрлері ажыратылады.
- Уақытша экстерналийлер (ұрпақтар арасында). Қазіргі заман ұрпағы келесі ұрпақтың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін төмендетпей, өз қажеттіліктерін қамтамасыз етуге тиіс. Сөйтіп, мұнай қорының азаюы, ауылшаруашылық жерлердің азып-тозуы болашақ үшін орасан энергетикалық және азық-түлік мәселелерін тудырады, бірінші қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін шығындардың күрт өсуін қажет етеді. Уақытша оң экстерналийлер де болуы мүмкін. Замандастардың технологиялық ілгерілеуі болашақта өнімдер мен энергияның арзан түрлерін алуға мүмкіншілік тудырады.
- Жаһандық экстерналийлер. Бұл планета ауқымындағы транс-шекаралық ластанулардың ауысуына байланысты. Жеке елдерде болып жатқан: атмосфераға химиялық қосындылардың шығындыларының шығуы, өзендердің ластануы мен басқа да экологиялық әсерлер көршілес және басқа аймақтарға да зардаптар келтіре алады. Мұндай сыртқы құбылыстардың мысалдарын әлемде көптеп табуға болады.
- Салааралық экстерналийлер. Табиғи ресурстарды пайдалануға байланысты экономика салаларының дамуы басқа салаларға айтарлықтай экологиялық залал келтіреді. Металл кенін өндіру ауылшаруашылық жерлердің айналыстан шығуына алып келеді, ал ГЭС құрылысы ауыл шаруашылық жер-суларының және жан-жануарлар әлемі жеке түрлерінің тіршілік ету ортасын су басуымен қатар жүреді.
- Аймақаралық экстерналийлер. Экстерналийлердің бұл түрі тек бір ел шегіндегі жаһандық экстерналийлердің кішірейтілген көшірмесі болып табылады.
- Жергілікті экстерналийлер. Әдетте, шектелген аумақта ластаушы кәсіпорын қарастырылады және рецепиенттердегі — басқа кәсіпорындардағы, аумақтардағы, халық пен табиғи нысандардағы оның әрекеті тудыратын сыртқы шығындар қаралады.
Күрделі экономикалық мәселелердің бірі — сыртқы шыгандарды бағалау. Оны жеңілдетілген мысалда қарастырайық. Өзеннің ластануына алып келетін жеткіліксіз тазарту құрылғылары бар химиялық комбинат өзен жағасында орналасқан деп болжайық. Технологиясында таза суды пайдаланатын өзен ағынының төмен жағында басқа комбинат (лимонад өндірісі) және кішігірім елді мекен орналасқан. Бұл жағдайда суды тазарту бойынша айтарлықтай қосымша шығындарды лимонад өндіретін кэсіпорын мен елді мекеннің халқы көтереді. Бұл жерде ластаушы кәсіпорынның сыртқы шығындарының толық ескерілмегендігі анық, нәтижесінде оның өнімінің бағасы нақты қоғамдық шығындармен салыстырғанда төмендетілген болып шығады. Бұл мысал экстерналийлерді — сыртқы факторларды -қоғам үшін ластаушы кәсіпорын тарапынан олардың өтемін есептеу қажеттілігін көрсетеді. Шығындарды өтеуді сол шығындарды өнімнің бағасына қоса отырып, ластаушының өзіне міндеттеу керек. «Ластаушы төлейді» — бұл табиғатты пайдалану экономикасының маңызды принциптерінің бірі.
Қоғамдық мүдделерді ескеру жолдарының бірі ластаушыларға мөлшері бойынша сыртқы шығындарға тең арнайы салықтар салудан тұрады. Қоғамдық мүдделерді ескерудің басқа қыры — ластаушы кәсіпорынның пайдасы мен ластану «құрбандарына» оның тарапынан өтемдердің жалпы арақатынасын талдау. Бұл жағдай Парето бойынша әлеуетті жақсартулардың бағалау өлшемдеріне, — онда да қоғам қандай да бір әрекеттен пайда көрсе, егер кем дегенде бір адам пайда көрсе және ешкім шығын тартпаса, — сәйкес келеді. Экстерналийлер факторы экономикалық тәсілдерге байланысты нашар немесе күшті тұрақтылық бөлініп шығатынын көрсетеді.