Дулаттар тайпасы туралы мәлімет қазақша

Дулаттар тайпасының (дулу, дуглат) шығу тектері үйсіндерден бастауын алады. Алғашқы рет олар туралы б.з. I ғ. Хухань-шу жылнамасында айтылғаны кездеседі.
Шежірелік аңыздар бойынша үйсіндер мен дулаттар байырғы заманнан бері Жетісуды қоныстанған, бір этникалық түйінді құраған, кейіннен қазақ халқының құрамына кірген ежелгі жетісулық тайпалардың ұйытқысы болған (Аристов, 395).
Мұхамед Хайдар Дулати келтірген аңыз бойынша, Бәйдібек дулаттардың негізін қалаған Ұлы жүздің ата-бабаларының бірі болып саналған. Оның ұрпақтары Булачи (Болатчи), Төлек және Қамараддин-дулаттардың бектерінің ішіндегі ең құдыреттілері болған.
Дулат атауы дуглат сөзінен шығады, ол дулыға дегенді білдіреді. Шыңғыс хан әскерінің құрамында доғлат-доғолақ деген тайпа болған. Доғолақ сөзі ақсақ деп аударылады және дулат сөзімен байланысы жоқ.
Дулаттың ірі тарамдарының бірі чуми болды. Қазақтарда чуми эпонимі чумайға ауысқан, ол Ұлы жүз тайпаларының негізін қалаушылардың бірі. Шежіреде ол үшінші болып тұр, алдымен Байшора, одан Үйсін, Үйсіннен Чумай, Чумайдан Төбей, одан кейін Шыңғыс ханның замандасы Майқы би.
Дулаттар үйсіндермен бірге ғұндардың батысқа қоныс аударуына қатысқан, кейіннен, дулаттар Жетісуды мекендеген ежелгі үйсіндер мен ғұндардың ұрпағы ретінде өз отандарына қайтып оралып, Батыс-Түрік қағанатының құрамына кіреді. Онда чумак, чуйе, чуми, чумугунь, чубан (юебан, жубан) деген бес тайпадан құралған, мықты әскери күш болып табылатын Дулу конфедерациясын және Шу өзенінен Каспий теңізіне дейінгі аймақты мекендеген және VII-VIII ғғ. орхон жазбаларында жазылған каңлы, оғыз, қарлұқ, чигиль (қазақтарда шекті сөзіне ауысқан), түркештер енген Нушиби конфедерациясын құрады. Орхон жазуларында конфедерацияға кірген тайпалар «он-оқ» деген жалпы атауға біріктірілген, ол он тайпаны білдіреді, бесеуі Дулу (дулаттар) деп аталса, бесеуі — Нушиби. Тайпалар бірлестігінің аралығындағы шекарада Шу өзені болды. Шудан шығысқа және солтүстік шығысқа қарай Жоңғария мен Алтайдың қиыр шетіне дейін Дулу (дулат) тайпалары өмір сүрген, Шудан батысқа қарай Нушиби тайпалары болған. Дулу тайпалары шығыстық деп аталды және Іле мен Шу өзендері арасындағы кеңістікті алып жатты, әрбір тайпаның басында чжо тұрды — бұл чжор (құдіретті) дегеннің қытайша айтылуы. Батыс-Түрік қағанатындағы тайпалардың Дулу (шулықтар) және Нушиби (сырдариялықтар) деп бөлінуі әскери-саяси және экономикалық есептен туындаған.
Батыс-Түрік қағанаты құлаған соң дулаттар Жетісудың байырғы тұрғындары бола отырып, алдымен Түркеш қағанатының, содан кейін Қарлұқ қағанатының, сосын Қараханидтер мемлекетінің құрамына енді. Дулаттар Ұлы жүздің өзге де тайпаларымен бірге Дешті-Қыпшақтың құрамына кірді. Моңғолдық кезеңге дейін дулаттардың ру басшысы көрнекті Бөденжар бек болды (Рашид ад-Дин, II, 47, 52).
Дулаттардың Шағатай мемлекетінде үлкен саяси салмағы болды. XIV ғ. ортасында Шығыс Шағатай Батыстан (Самарқанд) бөлініп шығып, Манглай Субе деген өз алдына мемлекетке айналды және оны дулаттар биледі.
Шоқан Уәлиханов оларды ханның атынан билік жүргізген регенттер деп атады, олар билеушілерді өз еріктерімен көтермелейтін немесе құлататын болған. Батыс және Шығыс Шағатай өзара жауласқан, самарқандықтар дулаттарды жете (жетесі жаман) деген, ал дулаттар өз жауларын қараунас (будан) деген.
Дулаттардың бектері Шығыс Түркістанда Ақсу мен Қашғардан батысында Ферғанаға дейін, солтүстігінде Ыстықкөл, оңтүстігінде Сары- Ұйғыр елді-мекеніне дейінгі көлемді аумақты билеген. Бұл дулат тайпаларынан шыққан феодалдардың иелігі болды және ол Манглай Сүбе деп аталды (Пищулина. Юго-Воточный Казахстан…, 13).
Дулаттарға бірнеше рет Темір қарсы тұрды. Олар соңғы шағатайлықтарға күйрете соққы беріп, Темірдің басқыншылығына қарсы соғыс ашты.

Манглай Сүбе сөз тіркесі (қайнаған оқиғаларға қарсы бетпе-бет алдыңғы сапта жүруші дегенді білдіреді) мағынасы жағынан бесене (бечене) сөзімен ұқсас болып келеді (аудармасы маңдай, маңдайлық, өзгелердің алдында жүретін маңдайалды тайпа). Осы сөздер қазақ тілінде маңдай деген мағынасында сақталған. XVI ғ. екінші жартысында дулаттар тайпасы Қазақ хандығының құрамына енді.
Дулаттар Ұлы жүздің ірі руларының бірі, ол өз ішінде жаныс, ботбай, шымыр және сиқым болып бөлінеді. Іле өзенінен Шымкент және Сарыағашқа дейінгі аумақта өмір сүреді, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *