Діннің мәні, анықтамасы, әлеуметтік маңызы, шығу тегі, жіктелуі мен түрлері
Дін мен ғылымның арақатынасы күрделі. Дін сенімге, ал ғылым — танымға негізделген. Дін мен ғылым жаратылыс мәселесінде кереғар пікірде. Дін — жаратушы Құдайдың барлығын мойындайды. Ал атеист-материалистер Жаратылыстың өздігінен болғанын дәлелдеуде. Ғылым Жаратылыс заңдылықтарын зерттейді. Дін Жаратылыстың кереметтігін, әрі тылсымдығын сенімге айналдыруда. Бұл жолда діншілдер діни аңыздарға көбірек сүйенеді. Аңыз бен ғылымның сапалық айырмашылықтары бар. Аңыз ғылыми ізденістерге түрткі идея болуы мүмкін, бірақ ол ғылым емес. Аңыз ғалымдарға ой салуы, ойларына өріс беруі мүмкін, алайда ғылымға сүйенбесек, өмір сүре алмаймыз.
Ғылым Жаратылыстың заңдылықтарын зерттеп, адамның қажеттілігіне қызмет ететіндей харекеттер жасайды. Мысалы, қиял-ғажайып ертегілерде ұшқыш кілемдер деген керемет идея-аңыз болған. Бүгінде ұшақтардың неше түрлі түрлері бар. Ол ұшақтар аэродинамика, физика, тағы басқа да ғылымдардың және технологиялық ізденістердің нәтижесіне қатысты адамзатқа қызмет етуде, қазіргі ұшақтарды дұға арқылы не болмаса бір керемет күштер арқылы ұшырып, қондыра алмаймыз. Бұл әркімге түсінікті, анық жағдай. Міне, осы мысалдан ғылым мен аңыздың сапалық ерекшелігі айқын аңғарылады. Алайда, Жаратылыстың осындай кереметтерін танып білуші, өзінің керегіне жаратушы адамды керемет етіп жаратқан Иеміздің барлығына бас июіміз табиғи жағдай болса керек.
Жаратушының кереметі, құдіреті, оның жаратқан асыл тұлғасы адамның болмысына, табиғатына берілген. Ол құдірет адамның ақыл-ойы, санасы, қиялы арқылы анықталмақ. Альберт Эйнштейн бұл туралы былай деп еді: «Спинозаның түсінігінде нақтырақ көрінген біршама эмоциялы-психологиялық қырлар туралы сөз болған жағдайларда, «дін» сөзін қажырлы түрде қолданғыңыз келмегені маған толық негізде түсінікті. Бірақ мен шындықтың ұтымды табиғатына, тым болмағанда оның адам санасына қолжетерлік бөлігін «дін» сөзі арқылы белгілеуден дұрысырағын таба алмаймын. Бұл сезім жоқ жерде ғылым нәтижесіз эмпирияға азғындайды. Поптардың осы сезімді пайдалана отырып, капиталдық пайда табатындығына уайым жеп нем бар? Өйткені, бұдан келетін қасірет зор емес қой?» (Письма к Морису Соловину. Альберт Эйнштейн. «Собрание научных трудов». Москва, «Наука», 1967. с.564).
Дін мен ғылым дегенде жоғарыда Альберт Эйнштейн айтқандай, ғылым Жаратушының жаратқандарын зерттейді. Бұл мәнінде ғылым дегеніміз Жаратушымызды танудың жолы. Қазақ тілі лексикасына салып айтсақ, ғылым жолы — Алланы тану жолы. Бұл биік мақсат. Бұл жол таным мен сенімнің синтезі, бірлігі. Жаратушы жаратқан байлықтың (нығметтердің) кереметін ашып, адамзатты таң тамаша қалдырып отырады. Мысалы, атом қуатын пайдалану, ғарышқа ұшу, айға ұшып барып, қайта оралу сияқты істер. Бірақ мұның бәрі Алланың ісі емес, адамның ісі деген түсінік қалыптасып, Жаратушы идеясы сырт қалып отырғаны да көпшілікке мәлім. Бұл нағыз ғылым үшін құнарлы түсінік емес. Жаратушының кереметі адамда, оның болмысьшда, іс харекетінде. Сондықтан ғылым мен дін адамтану ісінде міндетті түрде тоғысады.
Адам, бір жағынан, ғылым арқылы түсіндіруге болатын феномен, екінші жағынан, адамның болмысын ғылым арқылы толық мәнінде түсіндіру мүмкін емес. Міне, осындай жағдайда адамның болмысы туралы аңыздар, мифтер, қиялдар және діни сана қалыптасқан. Бұл мәнде діни сананы мәнсіз деп түсінуге мүлдем болмайды, ол адамның ақылынан тыс жатқан шындықты меңзейтін ой жүйесі.
Сонда дін дегеніміз не? Дін — адам мен мінсіз болмыстың (Алланың, Жаратушының) табиғи байланысы туралы сана. Ғылымның қуаты Жаратылыстың барлығын, оның кереметтігін дәлелдеу. Ал, сол Жаратылысты жаратқан Жаратушы туралы сана — ол дін. Осы тұрғыда ғылым мен дін Жаратылыс мәселесінде түйіседі.
Дін туралы арнайы ғылымды дінтану дейміз. Дінтану ғылымы дінді теологиялық, философиялық — әлеуметтік, биологиялық, психологиялық және этнологиялық (грек тілінде — халық, ілім) тұрғылардан бөліп қарастырады. Конфессиолық ілім (көне латын тілінде konfessio — мойындау, ғибадат қылу; белгілі бір дінді мойындайтын діни бірлестік) адам мен Жаратушының, біздің түсінігімізден тыс күштердің қатынасын зерттейді, дінді оның қағидаларына сүйеніп негіздейді.
Дінді үш пән зерттейді, олар — теология, атеизм және дінтану. Үшеуінің де мақсаты дінді, оның тарихын, негізгі қағидаларын және қазіргі жағдайын талдау. Бұлардың әрқайсысы дінді толық мәнінде түсіндіру ниетінде. Алайда, әрқайсысының дін туралы өздеріне ғана тән алған мақсаттары бар.
Теология — (көне грек тілінде құдай, ілім) құдайтану пәні. Ол діннің ішкі мазмұнына негізделген. Бұл пән әрбір діннің өз болмысынан қалыптасады. Теология пәнінде білімнен бұрын сенім анықталған. Сондықтан теологтар сенім мен діни қағидаларды өздерінің басты принциптеріне айналдырған. Сол себепті, біз ислам теологиясы, христиандық теология, буддалық теология т.б. деп атай аламыз. Бұл теологияның әрбір дінге тікелей қатыстылығын білдіретін жай.
Атеизм (көне грек тілінде — құдайсыздық) — құдайды және оның құдіретін жоққа шығарады. Жоғарыда айтылғандай, Кеңес заманында жоғары оқу орындарында студенттерге «Ғылыми атеизм» деген пән оқытылды. Бұл пән дүниенің діни болмысын толығымен теріске шығарып, материалистік көзқарасты негіздеп, содан ғылыми атеизм деген атауға ие болған.
Сонымен, теология да, атеизм де өздерінің сенімдерін насихаттайтын пәндер, ал дін болса, сол көзқарастардың объектісі.Теология нақтылы діннің ақиқаттығын айтса, атеизм дін атаулыны теріске шығарған. Осы екі көзқарастағы адамдардың бір-бірімен таласы таусылар емес. Теологтар діннің кереметі туралы діни аңыздарға, басқа да дәлелдерге сүйенсе, атеизм өзіне көмекке ғылымды алады. Ғылыми жетістіктердің нэтижесінде қүдайға орын жоқ деген өзінше тоқтамға келеді. Алайда, әлемнің шексіз құбылыстарын ғылымның түсіндіре алмайтынын еске алсақ, атеизмнің ғылымға сүйенуін де сынға алуға болады.
Дінтану пәні болса, теологиялық немесе атеистік пәндерден өзгеше. Мұнда дін туралы объективті мазмұндағы түсініктер жүйесі арнайы пәнге айналғанын айтуымыз керек. Дінтану пәні дінді немесе діндерді насихаттамайды, оларды объективтік мазмұнда түсіндіруді мақсат етеді. Бұл пән — зайырлы қоғамның дін және діндер туралы сараптамасы.