Бауырдан тыс жатқан өт жолдары (БТЖӨЖ) қатарына бауыр қақпасынан басталып, он екі елі ішек (duodenum) аралығында орналасқан ағзалар жатады. Олардың негізгі қызметтері, бауыр клеткалары (гепатоциттер) бөліп шығаратын және бауырдың ішінде орналасатын бөлік аралық түтіктер арқылы бауырдан тыс шығарылған өт сұйығын он екі елі ішекке жеткізу болып табылады. БТЖӨЖ-ына мына анатомиялық құрамалар жатады. Бауыр ішінде орналасатын түтікшелер (холангиололар) бір бірімен қосылып, бауырдан екі түтік болып сыртқа шығады (d. hepaticus dextra et sinistra). Олар бауыр қақпасы тұсында өзара қосылады да жалпы бауыр түтігін құрайды (d. hepaticus communis). Бұл түтікке өт қуығының түтікшесі (d. cysticus) келіп құйылған жерден бастап жалпы өт түтігі басталады (d. choledohus). Ол, өз кезегінде, он екі елі ішектің үлкен емізшесі арқылы сол ішекпен жалғасады.
Өт қуығы түтігінің жалпы өт түтігіне жалғасуының бірнеше варианттары кездеседі. Олармен таныс болмаса хирург операция жасау барысында әртүрлі қолайсыз жағдайлар мен ыңғайсыздықтарды кездестіреуі мүмкін. Солармен қатар олар операция үстінде туатын қауіпті асқынулардың себебі болуы ықтимал.
Жалпы өт түтігінің он екі елі ішекке қосылған жеріне дейін, хирургиялық маңызы бар, төрт бөлігін ажыратады: он екі елі ішектен жоғары орналасқан немесе супрадуоденальді бөлігі (pars supraduodenalis), он екі елі ішектің артында орналасқан немесе ретродуоденальді бөлігі (pars retroduodenalis), ұйқы безі немесе панкреатикалық (pars pancreaticus) және он екі елі ішек қабырғасында орналасқан немесе интрадуоденальді (pars intraduodenalis) бөліктері. Жалпы өт түтігінің он екі елі ішекке қосылған жерінде ішіктің үлкен емізшесі (Фатер емізшесі) орналасады, ал жалпы өт түтігінің соңғы (терминалды) бөлігінде бұлшық етті қысқыш (сфинкткр Одди) болады. Көптеген адамдарда он екі елі ішектің үлкен емзшесі арқылы аталған жалпы өт түтігімен қосылып ішекке ұйқы безінің түтігі де ашылады.
Өт қуығы (vesica felleа) бауырдың астында (IV сегмент тұсында), оның оң жақ бөлігін жанай орналасады. Өт қуығының сыртқы пішіні конус, немесе алмұрт тәрізді болып келеді. Оның ұзындығы 6-10 см, диаметрі 2,5-3 см, қабырғаларының қалыңдығы, қалыпты жағдайда, 0,1-0,3 см тең, ал сиымдылығы орта есеппен 60-70 мл шамасында болады. Өт қуығының қабырғасы төрт қабаттан тұрады: ең ішкі қабаты, шырышты қабат, одан соң шырышты асты, бұлшық ет және сероза қабаттары келеді. Ішкі (шырышты) қабатынан терең қарай өзекшелер шығады, олар Люшка жолдары деп аталады. Олар бұлшық ет, ал кейбір жағдайларда, сероза қабатына дейін жетеді. Өт куығының мойын бөлігінде Гартман қалташығы болады, ал мойын бөлігінің түтікшеге айналатын жерінде Люткенс қысқышы (сфинктері) орналасады. Аталған анатомиялық құрамалардың өт жолдары ауруларының немесе олардың асқынуларының пайда болуында өзіндік мағаналары бар.
Өт қуығына артериалдық қан, ауру адамдардың 85%-да бауырдың меншікті артериясының оң жақ тарамынан шығатын өт қуығы артериясы (a. cystica) арқылы жетеді, ал 15 %-да өт қуығының қанмен қамтамасыз ету жолдарының ерекше түрлері (аномалиялары) кездеседі. Бүл жағдайды хирургтер тұрақты есте ұстауы керек.
Өт сұйығы бауыр клеткаларында (гепатоциттерде) құралып, бауыр ішінде жатқан түтікшелер арқылы одан тыс жатқан өт жолдарына жеткізіледі. Тәулігіне он екі елі ішекке, орта есеппен, 800- 1000 мл өт сұйығы бөлініп шығарылады. Оның 60-70 мл өт қуығына түсіп қоюланады (концентрацияланады) және әртүрлі заттармен қанығады. Оған дәлел ретінде Markoff Е., Kaiser Е. (1962), Shorass P. S., (1974) ғылыми жұмыстарына жүгінуге болады. Олардың жүргізген зерттеу нәтижелеріне көңіл аударсақ бауырдан шыққан және өт қуығындағы өт сұйықтарының құрамдары әртүрлі болып келеді. Өт қуығындағы сұйықта су азайып, өт қышқылдарының, билирубиннің, микроэлементтердің, аминопептиттердің т.б. элементтердің мөлшері жоғарылайды. Міне осындай қоюланған және әртүрлі микрозаттар-мен байыған өт сұйығы әлсін-әлсін (әсіресе майлы, тұзды, ащы тағам қолданған соң), ағзаның бұлшық ет қабатының жиырылуы арқасында, он екі елі ішекке шығарылып отырады.
Өт сұйығы өте күрделі коллойдты ертінді болып табылады. Оның бауырдан шыққан құрамында 98 % су, ал қалған 2% құрғақ қалдықтардан тұрады. Құрғақ қалдықтар құрамына өт қышқылдары, холестерин, билирубин, аминоқышқылдар, тұздар т.б. көптеген заттар кіреді.
Өт сұйығының физиологиясына қысқаша тоқталатын болсақ, ол адам организмінде әржақты қызметтер атқарады, ал негізінен, ас қорту, атап айтқанда майлы заттарды қорту, процесіне белсенді түрде қатысады. Өт сұйығы майларды эмульгендіру арқылы, олардың организмге сіңуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өт сұйығы ұйқы безінің ферменттерін белсендіру, ішек перистальтикасын қоздыру сияқты қызметтерге қатысы бар.