Қазақ елі бодандықтың бұғауынан босап, қоғамдық дамудың демократиялық жолын таңдағаннан бері де бір мүшелден астам уақыт өтті. Осы бір ауыспалы өлара шақта қазақ БАҚ жүйесінде сөз бостандығының негізі қаланды, цензура жойылды, Конституция арқылы сөз бостандығына, тәуелсіз баспасөзге кепілдік берілді. Бұл, қалай десек те, әркім белгілі мөлшерде болса да айтайын дегенін айта алатын, жазайын дегенін жаза алатын халге жеткенін көрсетсе керек.
Алайда бұл осының өзі-ақ жеткілікті, бізде сөз бостандығы мен тәуелсіз баспасөз толық мәнінде орнықты деген сөз емес. Керісінше, енді ғана негізі қаланып, қалыптасуға бет алды десек шындыққа сай келеді. Осы орайда Қазақстанда журналистика еркіндігінің қалыптасуына, белгілі бір арнаға түсуіне, ілгерілеп өркендеуіне елеулі тосқауылдардың да ұшырасып отырғанын жасыруға болмайды. Оның басты себебін бірнеше негіздемелер арқылы атап көрсетуге болады:
Біріншіден: «тәуелсіз баспасөз», «сөз бостандығы» деген терминдер саяси өмірге, ұлттық БАҚ жүйесінің тәжірибесі мен сөздік қорына жаңадан енген ұғым. Сондықтан мүның өзі елде бұрын жекелеп зерттелмеген сала әрі тәуелсіз баспасөздің дәстүрі мен тәжірибесі жөнінде Кеңес одағынан қалған ешбір мұра жоқ, тіпті болуы мүмкін де емес. XX ғасырдың басында жарық көрген «Айқап», «Қазақ» сынды ұлттық басылымдарымыздың кейбір жарияланымдарынан тәуелсіз журналистиканың жалпы сипаттары байқалғанымен, оған бүгінгі өлшем тұрғысынан келсек — талапқа толықтай сай келеді деп айта алмаймыз. Сондықтан қазіргі таңда аталмыш ұғымды теориялық-тәжірибелік және әдістемелік тұрғыдан кең арнада қарастыру, зерделеу қажеттілігі өмірден туындап отыр.
Екіншіден: жарияланымдық саясаты мен саяси көзқарасы дербес, жариялылықтың, ашық ойдың, пікір алуандықтың мінберіне лайықталған тәуелсіз баспасөздің сипатына көп жағынан жақындайтын басылымдардың Қазақстанда пайда бола бастауы — ұлттық журналистика өміріндегі елеулі һәм тың құбылыс. Оларға бәрінен маңыздысы — бүгінде экономикалық дербестік болып отыр. Алайда ол әзірше толық шешімін тапқан жоқ.
Тәуелсіз баспасөздің өлшемі басылымдардағы азын-аулақ мақалалардың немесе теле-радио бағдарламалардың мазмұнымен, тың ойларымен, жанрлардың өзгеруімен, журналистердің жеке көзқарастарымен ғана анықталмайды. Айта берді оны тіпті бірлі-екілі газеттердің іс-әрекеттерімен байланыстырудың өзі жеткіліксіз. Сондықтан, мәселені бүкіл БАҚ жүйесі аясында жан-жақты талдап жалпы сипаттары мен ерекшеліктерін тану — нақты толыққанды мағлұмат алуға көмектесетін болады.
Үшіншіден: мерзімді баспасөзде жарық көрген кейбір материалдар мен жасалған зерттеулердің нәтижесінен белгілі болғандай, көптеген зиялыларымыздың тәуелсіз баспасөз, сөз бостандығы жайындағы түсініктері әлі де болса жалпылама және онда бірізділік жоқ, өзара қарама-қайшылығы да бар. Яғни әркім өз пайымынша ой түйеді, ғылыми тұжырымнан гөрі саяси көзқарас басым түсіп жатады. Дегенмен сөз бостандығын анықтауға деген игі қадамдар да баршылық.
Айталық, сенатор, саясаткер-журналист Қуаныш Сұлтанов: «Сөз бостандығы — рухани бостандықтың қайнар бұлағы, адамзаттың жанкештілікпен қажымай-талмай ізденіп келе жатқан құндылығы. Сөз бостандығының ең беделді көрсеткіші — елдегі БАҚ-тың тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты. БАҚ — бүгінгі қоғамның көрнекті әрі тікелей қоғамдық дүниетанымының қалыптасуына әсер ететін, кейде соны тікелей қалыптастыратын ұтқыр құрал» — деген ойда.
Белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов: «Демократия дегенде сөз еркіндігі жиі айтылып, тікелей байланыстырылады. Бұл жағынан ойласатын тұстарымыз әлі бар. Меніңше, билік пен оппозиция арасындағы қарым-қатынаста соншалықты ала бөтен еш нәрсе жоқ, тек сапалық деңгейін өркениет талабына сәйкес көтере түсуіміз қажет. Саяси күрестің өзі мәдениеттілік сипаттан аспауы керек. Үнемі билікті сынап, ал өздерінен ешқандай жауапкершілік сұралмайтын қарсы жақтың болуы мүмкін емес», — деген пікірде. Мәжілістің эксдепутаты, профессор Серікболсын Әбділдин: «Биліктегілер біздің елде сөз бостандығы бар дегенмен, оның шектеулі екені жасырын емес. Сондықтан белгіленген шектен шығып кеткен баспасөз құралдарын жөнге салу үшін басылымдарды бағынуға мәжбүрлеу бүтінгі биліктің ерекше қасиеттерінің бірі», — деп оған сын көзбен қарайды.
Айтылған ойлардың бәрі орынды. Жекелей алғанда, әрбірінде шындыққа сай келетін ұтқыр ойлар бар. Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, бәрі де көзқарас білдірумен ғана шектеледі. Мұның өзі толық мәнінде тәуелсіз баспасөз туралы ұғымның әлі де болса нақтыланбағанын және оған ғылыми тұрғыдан тереңдеп барудың, зерттеп бір ізді ұғым қалыптастырудың қажеттілігі туып отырғанын аңғартады.
Төртіншіден: тәуелсіз деген атауға ие болып келе жатқан газеттерді шығарушылардың өздерінде осы ұғым ғылыми түрде қалыптасты деуге ауыз бармайды. Іс жүзінде олардың көбі өздерінің жеке көз-қарастарының жетегінде немесе қаржыландырушы ат төбеліндей аз ғана топтардың қас-қабақтарын бағумен жүр. Олай болса, өз істерін дәл осылай болжаммен жүргізулеріне тура келеді де, сөз бостандығы, тәуелсіз баспасөз жөнінде жұрт арасында теріс түсінік тудыратыны белгілі. Саяси партиялардың газеттері өздерін «тәуелсіз» деп атауға аса құмар. Одан мемлекеттік басылымдардың да еселері кеткендей қалысқылары жоқ. Ал барлық жеке меншік баспасөз атаулы бұл сөзге тіпті үйір келеді. Сонда «тәуелсізі» қайсы, «тәуелдісі» кім? Мұның өзі тәуелсіз баспасөз туралы мәселені кең арнада қарастыруды, оған қатысты туындаған сүрақтарға нақты жауап беруді талап етеді.
Журналист қызметінің сипатын анықтағанда, БАҚ-тың мақсаттары мен міндеттерін белгілегенде, ұйымдастыру шараларын жүргізгенде істің бостандығына байланысты мәселе міндетті түрде туындайды. Оған байланысты шешім қабылдау, жүзеге асыру — күрделі іс-әрекет.
Бостандық дегенді журналист білгенін істеу, ойына не келсе соны жазу деп түсінсе, ұғым осылай қалыптасса — ондай еркіндік жүзеге асырыла бастаған сәтте-ақ тұйыққа тіреледі. Құқықтық және этикалық сан алуан шектеулер мен заңдық нормаларға, редакцияның шығармашылық ережелеріне, ішкі тәртібіне сөзсіз бағыну қажет болады. Оның сыртында тағы бір маңызды мәселе бар. Жазатын объектісінің мазмұны күрделі әрі журналистің білім деңгейінен тым биік болуы және оған дарыны, қабілеті жетпеуі де әбден ықтимал.
Қандай бір ақпараттағы деректер, дәйектемелер оған жасалған комментарий, тұжырым, ұсыныс-пікірлердің қайсысында болсын сырттай қарағанда қайшылықтың орын алуы-алмауында тұрған ештеме жоқтай сезілуі мүмкін. Ал, шындығына келгенде, журналистің нағыз шығармашылық бостандығы осы жерде көрініс табады. Ең негізгі шектеу де осында ұшырасады. Журналиске мынандай сауалдар қойылады: Оқиға, көріністі хабарлағанда, оған баға бергенде, қорытынды жасағанда журналист анықталмаған немесе бір жақты деректі ұсынуға қақысы бар ма? Сондай-ақ журналист әлденеге субъективтік түсініктеме бере ала ма, біреулерге залалы тиюі мүмкін екендігімен санаспай жатып үндеу тастауға, ақты қарамен немесе керісінше бояуға бостандық беріле ме? Осындай көптеген күрделі мәселелер журналист қызметінің бостандығы жайындағы проблемаларға өте байыпты әрі аса сақтықпен қарауды талап етеді.
Жалпы сөз және баспасөз бостандығы туралы мәселе бүгін ғана тосыннан пайда болған ұғым емес. Әлемде алғашқы мерзімді баспасөз шығарылған кезден бастап оның бостандығы да сөз етіліп, аталмыш ұғымның сипаты жайында пікірталастар өрбіді. Журналистер де өз кезегінде саяси көзқарастарын, шығармашылық ой-идеяларын мейлінше еркін тарату үшін күресумен келеді. Қоғамдық дамудың қай формациясында болсын журналистика өзінің бостандығын кеңейтуді талап еткенде және өздеріне жасалған қысымдарға, кедергілерге қарсылық білдіргенде әр түрлі позициялар ұстанған. БАҚ және журналистердің іс-әрекеттері олардың жасаған туындылары арқылы барша жұртқа ашық жарияланып жеткізілетіндіктен, үнемі адамдардың, қалың бұқараның бақылауында болатындығымен және одан «қашса да құтылмайтындығымен» ерекшеленеді. Теориялық-тәжірибелік тұрғыдан келсек, мұның өзі журналистің, БАҚ жүйесінің қызмет бостандығының өзектілігін аңғартады. Бостандыққа қызмет ету -журналистің де, журналистиканың да басты парызы. Бірақ мәселенің өзегі оны қалай түсінуінде, қандай жолмен жүзеге асыратындығында болса керек. Ал оның нәтижесі қандай бостандықтың сөз етіліп отырғандығына байланысты айқындалмақ.
Бостандықты құқықтық жағынан сенімді ету, қандай бір саяси күштердің соның ішінде ресми үкіметтің өктемдігінен қорғау үшін оған заңдық кепілдік қажет. Қайбір газет-журнал, ақпарат мекемесі «БАҚ туралы» заңның шеңберінде қызмет жүргізу құқығын иеленгенімен, экономикалық бостандықсыз алға баса алмайды. Яғни заңдық құқығын жүзеге асыруы үшін қаржы-қаражат, материалдық-техникалық күш керек. Дегенмен заңдық қүқыққа ие болуымен, экономикалық жағдайды түзеумен бұқараның қажеттілігі өтелмейді. Сондай-ақ дамуға, игілікке ықпал етуге бағытталған қоғамдық пікір қалыптастыруға, өзінің басты қызметтері (функциялары) мен мақсаттарын жүзеге асыруларына кепілдік бола алмайды.
Сонымен қатар іс-қызмет еркіндігінің қоғамдық-шығармашылық жағы деген тағы бір маңызды мәселе бар. Олай болса, бостандық туралы айтылғанда, оның заңдық па, экономикалық па, қоғамдық-шығармашылық па — дәл қайсысының сөз етіліп отырғандығын айырып алуымыз керек. Сонда ғана түсінбеушіліктің, қателіктің, қиындықтың алдын алуға болады.
Қазақ БАҚ жүйесінде, сырттай қарағанда, жоғарыдағы аталған үш фактордың бәрі бар секілді көрінуі мүмкін. Алайда оны шын мәнінде төрт аяғынан тік тұр деп айта алмаймыз. Оның жүзеге асырылу жайы да қанағаттанарлықтай емес. «БАҚ туралы» заңның өзін сөз бостандығына толықтай кепілдік болады деуге келмейді. Себебі оның өзі, шынтуайтына келгенде, журналистика қызметін, шығармашылық ой бостандығын дұрыс үйлестіргенімен, белгілі деңгейде тағы оны шектеуге бағытталған дүние. Егер ол сөз бостандығын қорғау немесе ақпарат алу еркіндігін кепілдендіру туралы заң болса, онда әңгіме басқаша болар еді. Негізінен журналистің қызметі БАҚ жайындағы заңсыз-ақ Конституциямен, қылмыстық, азаматтық кодекстер, мемлекеттік құпиялар туралы заңмен, өзге де актілермен реттеледі.
Әлем журналистикасының тарихына зер салсақ, ХVІІ ғасырда жарық көрген алғашқы газеттер Еуропаның, кейде Америка мен Азияның жаңалықтарын жариялауды жалпы үрдіске айналдырған. Бір қызығы, белгілі бір газетті жарыққа шығарып отырған ел өз мемлекеті туралы ақпараттарды өте аз мөлшерде жариялаған екен. Оның өзіндік себебі бар. Аталған кезеңде баспа ісі дамыған мемлекеттерде газетті бақылайтын қатаң цензура болған. Сондықтан әзірленген ішкі ақпараттар цензурадан өтпей, газет бетінен түсіп қала беретін болса керек. Билікке ұнамаған басылымдардың жабылып тынатындығы қай елде де соншалықты таңданарлық жайт емес еді.
Еуропа билеушілері газеттердің мемлекеттік, аймақтық саясатқа араласқанын қаламаған. Баспасөзді саясаттан аулақ ұстау, қоғамдық маңызы зор мәселелерге араластырмауға тырысушылық ағылшын азаматтық соғысынан бірнеше жыл бұрын қалыптасқан екен. Парламент серкесі Оливер Кромвель Бірінші Карлға қарсы шыққанда ұлттық жаңалықтардың мазмүны өзгеріп, мәні өседі, салмағы артады делінген. Англиядағы еркін ойлы басылымдардың алғашқысы ретінде 1641 жылдың қарашасынан жарыққа шыға бастаған «Парламент отырыстары жайлы мәліметтер» деген апталық аталады. Негізінен 1649 жылдан бастап ағылшын газеттері жалпы ұлттық бағыттағы басылымдар сипатына көшкен. Айталық, «бүгін Уайтколл сарайының алдында корольдің басы алынды» деген секілді заметкалар жоғарыда айтылғандарға мысал бола алады. Бірінші Карлдың қазасынан кейін, Кромвель билікті өз қолына алған соң баспасөз қайраткерлерін қуғын-сүргінге үшыратқан. Дегенмен 1688 жылы ағылшын газеттері қайтадан еркіндік алады.
Дәл осы кезде америкалықтар үшін де сөз бостандығының маңызы артып, қоғам өміріне орныға бастаған. Тәуелсіздік үшін күрес кезінде Солтүстік Американың ағылшындарға қарасты колониялары Ұлыбритания Парламентінің заңдарын сақтауға міндетті болған. Сонымен қатар эрбір жеке тұлға өз басылымын шығару үшін биліктен арнайы лицензия алуы шарт еді. Мұның мәні жарыққа шығарылатын әр материал биліктің бақылауын аттап өте алмайтындығында болатын. Жалпы ол кезде корольдікке қарсы шығу — өлімге бел байлағанмен бірдей еді. Алайда 1720 жылдан бастап америкалықтар мұндай шектеулерге қарсылық көрсете бастады. Бенджамин Франклиннің «Пенсильвания газеті» атты басылымында «Кейто» атты бүркеншік есіммен британдық журналистің эссесі жарық көреді. Онда: «…сөз бостандығы әр заманда мемлекеттің әділ билік жүргізетінін көрсетеді», — деп жазылады. Сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі үшін күрес онда үш жүзге таяу жыл бұрын басталғанын осыдан-ақ көруге болады.
Кейін, АҚШ тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң, Конгрестің сөз бостандығын шектеуге бағытталған заң шығару құқығынан айырылғаны белгілі. Бүгінде Виржиния штатының Рестон қаласындағы «Баспасөз бостандығының дүниежүзілік комитеті» (РҒС) өзінің 44 салалық мекемелері арқылы бүкіл әлемде баспасөз еркіндігі мен азаттығының салтанат құруын қамтамасыз етуді көздейтін ұйым болып табылады. Комитеттің негізгі қызметі баспасөз бостандығының ұстанымдарын үйлестіру, қажетті кездерде арнайы шешім қабылдап, жүзеге асыру және мониторинг құру Сонымен қатар тәжірибелік бағдарламаларға тікелей көмек көрсетеді. Баспасөз бостандығы мен журналистер құқығын қорғағанда комитет БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, Еуропа одағы және өзге де халықаралық форумдармен жұмысын ұштастырады.
Комитетте «Цензураға қарсы қор» деген бар. Олар сөз бостандығы үшін күресушілерге және ресми өкімет тарапынан қысым көрген, қуғын-сүргінге ұшыраған БАҚ-тарға грант бөледі, құқықтық қолдау көрсетеді, көмек береді. Баспасөз бостандығы үшін іс-қызмет жүргізетін ұйымдармен бірлесіп акциялар ұйымдастырады. Баспасөз бостандығының дүниежүзілік комитеті 1987 жылы «Баспасөз бостандығы хартиясын» қабылдап, халықаралық ұйымдардан ресми қолдау тапқан.
2001 жылы наурыздың 25-інде Америка газеттерінің қауымдастығында сөйлеген сөзінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл: «Көп таралыммен және шағын таралыммен шығатын Американың жергілікті газеттері күнделікті біздің еліміздің, халқымыздың өмірінен сыр шертеді…Өзінің аясында жергілікті газеттер тек америкалық еркіндікті әңгімелеп қоймайды, олардың өзі тарихи таным болып саналады», — деп ерекше атап көрсетеді. Қысқасы, олар бостандыққа негізделген іс-шараның бәрін танымға телиді және оны құндылық деп есептейді.
Олай болса, қазақ халқы ежелден сөз бостандығына қалай қараған, біздің ұлттық менталитетімізде бұл мәселе бар ма, болса қандай деңгейде деген сауалдар туындайды. Қазақ — ежелден шешен халық. Қандай бір оқиға, көріністі немесе өзекті деректі еске сақтай отырып, оны төгілтіп емен-еркін тосылмай айта білетін шешендік өнердің дара ерекшелігі қазақта ғана бар қасиет. Бұл, әрине, әсіре қызыл сөзге бой ұру немесе құр тіл безеу емес. Қазақ шешендік өнеріне, ең алдымен, өз ойын еркін айта алатын ержүректік пен қайтпас батылдық талап етілген. Оның сыртында терең ойдың, тапқырлықтың, біліктіліктің, табиғи түйсік пен фантазияның қажеттілігі зор болған.
Ұлтымыздың шешендік өнер тарихында тосыннан қойылған сұрақтарға қисынды, ойлы, білгір жауаптар көптеп кездесетінін ғалымдар еңбектерінде дәйектелген. Онда 1861 жылы Шоқанның Саққұлақ бимен арадағы сұхбатынан мысал келтіреді. «Ақыл — адамды аздырмайтын ем. Білім — таусылмайтын кен. Адамның басшысы — ақыл, жетекшісі — талап, шолғыншысы — ой, жолдасы — кәсіп, қорғаушысы — мінез» деген бидің сөзінен қазіргі демократиялық құндылықтар ретінде қарастырылып жатқан зайырлы қоғамның талаптарын көре аламыз.
Қазақ — қашан да «тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінмен» тұжырымдайтын білгір халық. Сонымен бірге тосылмай айтылатын еркін де әділ сөзді қастерлей білген. Шын айтылған бір ауыз сөзге тоқтаған ақылды халық. Ашуын ақылға жеңдіре алатындықтан, «иілген басты қылыш кеспейді», «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «айтпаса сөздің атасы өледі» деп өздерінің рақымшылдығын, кешірімділігін және сөзге еркіндік бере білетін сабырлылығын әйгілесе керек. Ендеше, бүгінгі пікір алуандықтың, сөз бостандығының қазақ халқы үшін жат емес, керісінше, менталитетімізге етене жақын үрдіс екендігіне толық көз жеткізуге болады.
«Сөз бостандығы болмаса, ата-бабаларымыздың ұрпағына өсиет етіп қалдырған данышпандық сөздері осы күнге дейін жетер ме еді? Олардың баға жетпес рухани дүниелері қандай өміршең болса, өз есімдері сондай, мәңгі өлмей, ұрпағымен ғасырдан-ғасырға жетіп, өмір сүре бермек. Қазақ қоғамы ғаламдық өркениет көшінен өзіне лайықты орын алған қоғам. Кешегі көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғалып қалған қазақ жерінде талай тарихтың ізі сайрап жатыр. Басқаларды тізбектеп жатпағанның өзінде, Жәңгірге «Хан емессің, қасқырсың!» деген батыр ақын Махамбеттей немесе батылдығымен, шешендігімен Абылайдай алыпты уысында үстаған Бүқар жыраудай ақылмандар, ойшылдар, ұлы Абай айтқандай, «Адам баласынан асып туған» асылдар қазақта аз болмаған.