Қазіргі қоғамдағы орта таптың рөлі мен маңызы. Ежелгі Римде б.з.д. VI ғасырдан бастап мүліктік жағдайы бойынша ерекшеленетін адамдар тобын таптар (лат. Classis жәреже) деп атай бастады. Ежелгі ұлы грек философы Аристотельдің кезінде-ақ таптар мен таптық күрес туралы ілім негіздері қаланған.
«Әрбір мемлекетте, — деп атап көрсетті ол, — өте дәулетті, өте кедей және аталғандардың арасында тұратын таптар бар… Қарапайым халық пен дәулеттілердің арасында қырқысулар мен күрес туындайды, жеңіс кім жағында болып щықса, солар жеңістің марапаты ретінде мемлекеттік құрылыста басымдыққа ие болады, біреулері – демоктратияны, енді біреулері олигархияны орнатады».
Адам Смит қоғамның таптарға бөлінуінің қажеттілігін адамдардың табысты әртүрлі жолмен табылатындығымен негіздеді. Табыстардың үш негізгі көзіне – рента, капиталдан түсетін пайда мен жалақыға сәйкес үш негізгі тап – егіншілер, капиталистер мен жұмысшылар өмір сүреді.
XIX ғасырдың бас кезіндегі фрагцуз тарихшылары О.Тьерри, Ф.Гизо, т.б. өз еңбектерінде меншікке деген әртүрлі қатынас таптық мүдделер қақтығысын болдырмай қоймайды деп атап көрсетті. Сондықтан таптар арасындағы күрес пен оның шиеленісуі кезінде орын алатын революциялар тарихи заңдылық болып табылады.
К.Маркстің теориясына сәйкес, таптардың пайда болуы алғашқы қауымдық қоғам дамуының заңды тарихи нәтижесі болып табылады. Еңбек өнімділігі өте төмен болып, адамдар қосымша өнім (яғни, өмірді маздату үшін керек минимумнан артық өнім) жсасай алмаған кездері, басқаның еңбегін қанаумен таптық теңсіздіктің болуы мүмкін емес еді. Адамдар қосымша өнім өндіруге қол жеткізген кезде оны өндірушіден тартып алу мүмкіндігі де пайда болды. Ал жеке-отбасылық меншіктік қатынастар бұл мүмкіндікті пайдалануға жол берді. Мүліктік теңсіздік пен таптардың туындауына әкелген жағдайлар осылай қалыптасты.
Марксизмде әлеуметтік құрылымның негізі дәл осы әртүрлі қоғамдық таптардың арасындағы өзара қатынастар болып табылады (әлеуметтік құрылым – бұл бір-бірімен байланысқан, қоғам құраушы элементтер екендігін еске алайық). Маркстік теорияда тап ретінде қоғамдық еңбек бөлінісінде белгілі бір орын иеленетін және табыс табудың өзіндік тәсілімен сипатталатын, өніріс құралдарын иеленетін немесе иеленбейтін адамдардың үлкен тобы түсіндіріледі. В.И.Лениннің таптарға берген бұл анықтамасына сәйкес қоғамда пролетариат, шаруалар, буржуазия сияқты таптарды ажыратуға болады.
Алайда индивидтің таптарға қатыстылығын қалай анықтау керек? Мысалы, ұсақ кәсіпкерлер қандай тапқа кіреді? Бір жағынан, олар капитал иеленушілер сияқты өндіріс құралдарын иеленеді, екінші жағынан, табыс мөлшері мен өзге де белгілері бойынша пролетариаттан айырмашылығы аз. Бұған қоса, лениндік анықтаманы ұстансақ, қоғамда таптар болып табылмайтын және ешқандай тапқа кірмейтін әлеуметтік топтар (мысалы, қолөнершілер, зиялы қауым, шенеуніктер, зейнеткерлер, студенттер, әскери қызметшілер) өмір сүреді. Осыған орай, қоғамның әлеуметтік құрылымын таптарға бөлуге болмайды (мұны мойындай отырып, марксистіктер таптардан бөлек «қабаттар» да өмір сүреді дегенді айтуға мәжбүр болды). Алайда бұл «тапқа жатпайтындар» халықтың елеулі бөлігін құрайтындықтан, олардың қоғамдық оқиғалардағы рөлі кейде таптарға қарағанда жоғары болып шығуы мүмкін.
Қоғамның таптық құрылымын талдаудың маркстік тәсілін жалпылай отырып, әлеуметтанушылар әртүрлі әлеуметтік страталарды (лат. Stratum – қабат) бөліп көрсете бастады. Страта – тапқа қарағанда неғұрлым жалпы түсінік. Қазіргі кезде таптар деп, әдетте, экономикалық (Маркс пен Лениндегі сияқты) немесе саяси белгілері бойынша ерекшеленетін әлеуметтік қабаттарды атайды. Страталар болса, басқа да әлеуметтік маңызды критерийлер бойынша да ерекшелене алады.
Страталау, яғни адамдарды страталарға бөлу, қоғамның біртекті еместігін сипаттайды.
Капиталистікке дейінгі қоғамдық жүйелерде қоғамды тапқа бөлу адамдарды сословиелерге, ал Шығыстың бірқатар елдерінде касталарға бөлумен толықтырылды және де сол себепті белгілі бір дәрежеде көмескілендіріліп отырды.
Сословиелер – бұл салттар мен заңдарда бекітілген және мұрагерлікпен берілетін құқықтар мен міндеттерді иемденетін әлеуметтік топтар.
Сословиелік бөліну таптық негізде қалыптаса отырып, оған толықтай сәйкес келмейді. Өйткені оған заңдастырылған артықшылықтардың арнайыланған иерархиясын енгізеді. Мысалы, революцияға дейінгі патшалық Ресейде дворяндарға, дінбасылаға, көпестерге, мещандар мен шаруаларға сословиелік бөліну заңды түрде жүрді. Ал бұл таптарға (буржуазия, фоедал, пролетарий, шаруа) – бөлінудің шекараларымен мүлдем үйлесе қоймайды. Капитализм өзі салыстырмалы таза түрінде қалыптасқан жерлерде сословиелік бөлінуді жоя отырып (тіпті болмағанда, принциптік тұрғыдан), қоғамның әлеуметтік құрылымын оңайлатты. Сословиелік жүйенің қалдықтары әртүрлі елдерде осы уақытқа дейін кездеседі. Мысалы, Ұлыбританияда бизнесте, мемлекетті басқаруда, ғылым мен мәдениетте аса көрнекті сіңірген еңбегі үшін лордтар палатасының мүшесі болуға құқық беретін пэр мұрагерлік атағын (титулын) беру тәжірибесі сақталған.
Касталар (лат. сastus – таза) мұрагерлік жолмен берілетін ерекше әлеуметтік функцияларды орындайтын адамдардың тұйық топтары болып табылады.
Анықтаманың өзінен-ақ біз сословие мен касталардың арасындағы көзге ілігетін айырмашылықты таба аламыз. Сословиелер тұйықталған емес, өйткені сословиеаралық некелерге рұқсат етіледі. Олардың мүшелерінің жеке мобильділігне жол беріледі, бұл, сондай-ақ бір сословиеден басқасына өтуді мүмкін етеді. Каста болса, мобильділікке ұқсас қандай да бір нәрседен мүлдем айырылған. Сонымен бірге сословиелермен салыстырғанда, касталарда тағы да бір елеулі айырмашылық бар: вертикаль иерархия анағұрлым қатаң ұсталынады («кәсіптерге тиым салу»). Мысалы, Үндістанда тәрбиелеу және оқыту, құдайға қызмет етумен айналысу құқығы тек жоғары кастаға – брахмандарға ғана тиісті боды.
Әлеуметтануда қоғамды страталаудың әртүрлі нұсқалары бар.
Страталық қарастырудың бастамасын қалаған Макс Вебер оның үш «қабатын» немесе қоғамның страталарға ыдырауының аспектісін қарастырды:
- экономикалық қабатта страталар табысы мен меншігінің мөлшерлері бойынша;
- әлеуметтік қабатта мәртебесі бойынша (біліміне, кәсібіне, отбасының беделіне және т.б.);
- юридикалық қабатта саяси позициясы (билікті иелену дәрежесі) бойынша ажыратылады.
Т.Парсонс өзі әзірлеген «әлеуметтік әрекет теориясында» страталаудың үш әмбебап критерийін бөліп көрсетеді:
- сапа – индивидтің әлеуметтік маңызы қасиетті (ашық-жарқынды, жауапкершілігі және т.б.);
- орындау – индивид қызметінің табыстылығын бағалау;
- иемдену – индивидтің қарамағындағы меншік, талант, мәдени ресурстар. Америкалық әлеуметтанушы Питирим Сорокиннің (1889-1968) пікірінше, страта – бұл адамдарды страталаудың төрт межелігі: табыс, билік, білім, бедел бойынша ұқсас объективтік көрсеткіштері бар әлеуметтік қабаты. Осылайша, страталар әлеуметтік иерархиядағы өз орны бойынша ерекшеленеді, оның үстіне қоғамдық өндірістегі объективтік орны ғана емес, сондай-ақ бұл орнын қоғамның басқа да мүшелерінің мойындауы (бедел), мәдени деңгейі (білімі) және т. б. Маңызға ие болады.
Сорокиннің қарастыруы қоғам суретін неғұрлым жартылай реңктермен бейнелеуге мүмкіндік береді. Мысалы, өз капиталын заңды бұзу нәтижесінде жинақтаған шала сауатты адам қанша дәулетті болса да, өркениетті елде жоғары стратаның өкілі болып есептелмейді. Ол қажетті білімнің жоқтығынан және қоғамның басқа өкілдерінің (оның ішінде жоғары страта өкілдері де бар, олар осыған сәйкес оны «өз адамымыз» деп танымайды) тарапынан қылмыстық өткені үшін айыпталуынан зиялы қауымға кіре алмайды және оның билікке қарай өтуіне мүмкіндік берілмейді.
Қазіргі уақытта әлеуметтік страталаудың неғұрлым мәнді негіздеріне көбінде:
- байлық немесе табыс;
- билік дәрежесі;
- кәсіп түрі мен оның әлеуметтік беделі;
- білім деңгейі;
- өмір стилі – тұрмыс жағдайлары, мінез-құлық типі, әлеуметтік байланыстар, қызығушылықтар шеңбері және т.б. жатқызылады.
Страталау (жікке ыдырау) – дамыған қоғамның міндетті сипаттамасы. Қоғамдардағы жікке ыдырау дәрежесі әртүрлі болуы мүмкін. Оны негізі биік пирамида түрінде немесе керісінше аласа, жер бауырлап жатқан пирамида түрінде көрнекті түрде ұсынамыз. Аласа пирамидада жоғары және төменгі қабаттардың арасындағы айырма маңызды емес.
Созылыңқы әлеуметтік пирамида әлеуметтік жанжалдардың (жоғары және төменгі страталардың арасындағы айырма соншалықты үлкен, ол әлеуметтік шиеленісті туындатады) жоғары ықтималдылығын білдіреді. Жер бауырлап жатқан пирамида қоғамда бәсекенің төмендегенін, әлеуметтік баспалдақ бойынша жоғары өрлеу үшін жеткілікті стимулдың жоқтығын көрсетеді. Әлеуметтанушылар қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуі үшін пирамидаға қолайлы пішін аса созылмаған орташа биіктіктегі нұсқа деп есептейді.
Заманауи қоғам – постиндустриялық қоғамға арналған зерттеулерде қоғамның әлеуметтік құрылымы геометриялық фигуралар, яғни ромб немесе сопақ пішінде геометриялық фигуралар түрінде бейнеленеді. Қоғамның жоғары және төменгі қабаттарының саны аз, көпшілігі орта тап, яғни әлеуметтік страталауда жоғары және төменгі таптардың арасында орналасқан тап құрайды. Дамыған елдерде нақ осы орта тап қоғамның негізгі қабаты болып табылады, оған халықтың 65-90%-ы жатады. Оның көпшілік бөлігін зияткерлік кәсіптердің жоғары білімді өкілдері – менеджерлер, заңгерлер, дәрігерлер, артистер, ғалымдар құрайды.
Әлеуметтанушылар қуатты орта таптың болуын қоғам гүлденуінің белгісі ретінде қарастырады. Оны мемлекеттің әлеуметтік тірегі, жұмылдырушы қоғамдық күші деп есептейді. Өйткені ол меншік иелерінің табы ретінде тұлға мен мүлікті қорғауды қамтамасыз ететін қоғамның тұрақтылығы мен құқық тәртібіне мүдделі, ал өз міндеттерін тиісінше орындау үшін зияткерлік, саяси, экономикалық бостандыққа мұқтаж болады.
Қоғамыдқ ағза жай-күйінің тағы да бір маңызды көрсеткіші индивидтің немесе тұтастай әлеуметтік топтың бір стратадан басқасына ауысуы, олардың мәртебесі мен жағдайын өзгерту, әлеуметтік мобильділік мүмкіндігі.
Әлеуметтік мобильділік горизонтальды (бір «қабат» шеңберінде, мысалы, адам жүргізуші жұмысын автомеханиктің жұмысына ауыстырса: оның әлеуметтік мәртебесі, қоғамдағы жағдайы өте қатты өзгерген жоқ, ол әлеуметтік пирамиданың сол қабатында қалып қояды) және вертикальды болуы мүмкін.
Вертикальды мобильділік – бұл әлеуметтік пирамиданың бір қабатынан екінші қабатына ауысуы, ал индивидті басқа деңгейге көтеретін «лифт» — білім, тиімді неке, болашағы бар кәсіпті меңгеру және т.б. болуы мүмкін.
Бұл ұғымдарды П.Сорокин әлеуметтік топтар мен жүйелердің жабықтығын және «ашықтығын» сипаттау үшін пайдаланған.
Егер «лифтілер» жұмыс істемесе немесе нашар жұмыс істесе, онда қоғамдағы вертикальді мобильділік қиындатылады және мұндай қоғам өз даму қарқынын дереу баяулатады. Қиындатылған вертикальды мобильділік қоғамы жабық қоғам деп аталады. Онда әлеуметтік өмірдің серпіні бойынша азайтылған, индивидте өз мәртебесін көтерудің, қоғамда үздік жағдайды иеленудің нақты перспективалары жоқ, сондықтан ол өз дамуына, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге мүдделі емес. Жабық қоғамдар міндетті түрде дағдарысқа келеді, оның нәтижесінде қалыптасқан әлеуметтік иерархия қирайды.
Ашық қоғамдар жылдамырақ дамиды, олардың мүшелері өз алдынан әлеуметтік жағдайын арттыру перспективасын көреді, сонымен әлеуметтік пирамиданың әртүрлі қабаттарының арасында тұрақты алмасу жүріп жатады.