Қазіргі ғаламдық экологиялық үдерістердің қалыптасуының аймақтық аспектілері

XX ғасырдың екінші жартысында экономикалық әлеуеті дамыған аймақтар (Солтүстік Америка, Еуропа, Австралия) экономикалық тұрғыдан өсуін жалғастыруда, сонымен бірге Оңтүстік Америка мен Африканың экономикалық әлеуеті жылдам қарқынмен дами бастады, ал ең жоғары өсім Азия елдерінде байқалуда. Қазіргі уақытта Азия ЖҰӨ мөлшері бойынша Еуропа мен Солтүстік Америкадан 1,5 есе асып түседі. XX ғасырдың аяғында экономикасы дамыған елдерде жер бетіндегі халықтың едәуір бөлігі мекендеді. Бұл халықтың жоғары тығыздылығына, урбандалудың жоғары деңгейіне, өнеркәсіптік және транспорттық әлеуеттің дамуына жағдай жасайды. Мұндай мемлекеттерде индустриялдандыру құбылысы жоғары дамып, икемді, тиімді рыноктық экономика жолға қойылған. Әлемдік экономиканың көшбасшысы болып саналатын өнеркәсібі дамыған елдер алдыңғы технологиялық, ұйымдастырушылық-басқарушылық, әлеуметтік және экономикалық стандарттары қалыптасқан, әлемдік шаруашылықтың дамуына жоғары дәрежеде ықпал ететін, әлемдік экономиканың жүйе құраушы негізі болып табылады.

Экономикасы дамыған елдер отын, пайдалы қазбалар, орман, ауыл шаруашылығы өнімдері секілді табиғи ресурстарды негізгі тұтынушылар болып табылады. Қоршаған ортадағы техносфералық және техногендік жүктемелердің басым бөлігі осы мемлекеттердің үлесінде. Бұл мемлекеттердің экологиялық даму кестесі қысқартылған түрде төмендегідей кезеңдерден тұрады.

1-кезең — алғашқы капитал жинақталғаннан кейін қаржылар жеке ресурстарды тұтынуға және әлеуметтік-саяси жанжалдар арқылы бөтен жерлерді жаулап алуға жұмсалды. Бұл кезең Екінші дүниежүзілік соғыспен аяқталды.

2-кезең — соғыстан кейінгі кезең деп аталады, бұл кездегі елдегі экономикалық өсу сандық және сапалық өзгерістермен сипатталды. Жаңа технологиялар мен ғылымды қажетсінетін өндірісті дамыту қолға алынды. XX ғасырдың соңғы ширегінде энергия мен ресурс жұмсайтын және экологиялық қауіпті өндірістер дамушы елдерге қарай ауысып, осының салдарынан техногендік жүктеме басқа аумақтарға таралды, өз кезегінде антропогендік әсер етуден аумақтық шекаралар өзгеріске ұшырады.

XX ғасырдың соңғы ширегінде экономикалық өсу қоршаған ортадағы тұрақсыз фактор ретінде қарастырылды. Өндірістің артуы және тұтынылатын ресурстардың көбеюі атмосферада жылулық әсер (парниковый эффект — жылулық әсер) беретін газдардың, әсіресе, көміртегі қос тотығы мен күкірттің, азот тотығының көбеюіне, озон қабатының бұзылуына, су мен топырақтың ластануына, шөлейттенуге, ормандардың жойылуына, ландшафттардың бұзылуына алып келді. Мамандардың бағалаулары бойынша, өндірілген және тұтынылатын ресурстардың 23%-ы ғана өнім түрінде тұтынылады, ал қалған бөлігі қоршаған ортаға қалдық түрінде қайтарылып, аумақтардың экологиялық қасиеттерінің өзгеруіне алып келеді. Олай болса, экономикасы дамыған аумақтар ең алдымен, ғаламдық деңгейдегі экологиялық мәселелерді тудыратын аумақтар болып табылады.

Антропогендік ластанған аумақтардағы экологиялық мәселелердің өріс алуының нақты мысалдары ретінде ғаламдық жылыну мен климаттың өзгеруін атап өтуге болады. Өнеркәсібі дамыған елдердегі (Еуропа, Солтүстік Америка, Азия) атмосфераға жіберілген үлкен мөлшердегі газ тектес көміртегі тотығы, азот тотығы, метандар жерге күн сәулесін еркін жіберетін, бірақ жермен шағылысатын ұзын толқынды жылу сәулесін ұстап қалатын қалың қабатты құрайды. Жылу энергиясы атмосфераның жоғарғы қабатында жинақталып, жер бетіндегі температураның жоғарылауына алып келеді. 1886 жылы Нобель сыйлығының лауреаты С.А. Аррекиус ең алғаш осы құбылысты зерттей отырып, климаттың қалыптасуында жылулық газдарының рөлі елеулі деп болжаған. Кейіннен осы бағыттағы зерттеулер Еуропа мен АҚШта жалғасын тапты.

Атмосферада жылулық әсер табиғи түрде жанартау атқылауынан, өсімдіктер мен жануарлардың тыныс алуларынан, органикалық шіру барысында пайда болатын көмір қышқыл газынан туындап отырған. Бірақ бұл жылулық әсердің қоршаған ортаға тигізетін ықпалы керісінше айқындалмаған, себебі табиғи түрдегі жылулық әсер табиғаттың тепе-теңдік заңы бойынша реттеліп отырған. Кейіннен өндірістің жылдам қарқынмен дамуы жылулық әсер беретін газдар үлесінің көбеюіне алып келді. Қазіргі танда, отынды жағу барысында бөлінетін көмір қышқыл газы атмосфералық ауаны ластау көзі болып табылады. Атмосфераға С02 жіберу көлемі бойынша бірінші орында АҚШ, Ұлыбритания (22%), Ресей (16%), Қытай (11%). АҚШ-қа қарағанда, ауаның көмір қышқыл газымен ластануы Африка елдерінде 8 есе, Оңтүстік Америкада 2 есе төмен.

Жылулық әсер тудыратын газдардың бірі — метан. Метанмен ластану көзіне мұнай өндіру және мұнайды қайта өңдеу өнеркәсіптері жатады. Метан құрамы жылына 1%-ға артып отыр. Сондықтан, қоршаған ортаға метанның түсуі аймақтық сипатқа ие. Дегенмен, жылулық әсердің пайда болуы және осының салдарынан климаттың өзгеруі ғаламдық сипат алуда.

Ең жоғары жылыну солтүстік ендіктерге тән, себебі, ылғалдылыктың өзгеруі орта ендіктерге өзіндік ықпалын тигізіп, одан басқа, циклдік әрекеттерді күшейтеді, тайфундар мен құйындардың пайда болу күші мен жиілігін жылдамдатады. Климаттың өзгеруі жағалаудағы мемлекеттердің қызығушылығын арттырып отырған Әлемдік мұхит деңгейінің жоғарлауына алып келді.

Экономикалық дамудың жоғары деңгейі және жеке мемлекеттердің экономикалық өсуінің жылдам қарқын алуы көптеген экологиялық мәселелерді тудырып қана қоймай, олардың трансаумақтық және ғаламдық сипат алуына негіз қалады.

Ғаламдық экологиялық мәселелердің қалыптасуының тағы бір ошағы ретінде Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін атап өтуге болады. Бұл аймақтарда орналасқан 20 мемлекетте әлемдегі халықтың 45%-ы мекендейді. Соңғы онжылдыкта осы аймақтардағы жерлерді ауыл шаруашылығы мақсаттарына кеңінен пайдалану топырақтың бұзылуы, ормандылықтың төмендеуі және шөлдену құбылыстарының пайда болуына әкеліп соқтырды. Халық тығыздығы жоғары орналасқан аймақтарға Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері жатады, мұнда шаршы километрге 400 адамнан келеді. Аймақтың индустриялық дамуы техногендік жүктеменің артуымен, табиғи ресурстарды қарқынды пайдаланумен және қоршаған орта сапасының, ассимиляциялық әлеуеттің төмендеуімен сипатталады.

Аймақтағы экологиялық жағдайдың төмеңдеуі өз кезегіңде кедейшілік, аштық, медицина сатасының төмендігі және өлім деңгейінің жоғарылығы секілді мәселелерді күрделендіре отырып, мемлекеттің шаруашылық дамуын шектеуші фактор болып табылады.

Қарапайым жерді пайдаланудан индустриялық жерді пайдалануға өту жарамды жер ресурстарының азаюына, құнарлылығының төмендеуіне алып келді. Ауыл шаруашылығы мақсатында жаңа жерлерді игеру өз кезегінде орман санының азаюын, су режимінің бұзылуын, топырақ эрозиясын туындатты. Экономикалық себептермен туындаған бұл мәселелер адамзат өмірінің барлық жақтарын қамтып, біртіндеп ғаламдық кеңістікке көтеріле бастады. Экономикалық даму деңгейінің дәстүрлі жіктемесіне сәйкес, әлем мемлекеттерін «периферияда (шалғай аумақтар)» немесе «орталықта» орналасқан елдер деп бөлуге болады. «Орталықты» әлемдік экономиканың көшбасшысы саналатын өнеркәсібі дамыған елдер құрайды, олар әлемдік экономиканың жүйе құраушы негізі болып табылады. «Периферияға» экономикалық даму деңгейі орташа немесе төменгі дәрежедегі елдер, яғни дамушы елдер жатады. Бұл елдердің басым көпшілігі индустрияландырудың түрлі кезеңдерін бастан кешіруде. Яғни, олардың басым көпшілігінің ұлттық экономикасы шикізат бағытында қалыптасқан және экономикалық дамудың тиімді механизмінің әсер ету дәрежесі төмен.

Адамзат баласының ғаламдық деңгейдегі мәселелерді сезінуі XX ғасырдың соңғы ширегінде басталды. Сол кезге дейін экономистер «өсу» мен «даму» түсініктерін жеке-дара қарастырмаған. Осы бағыттағы зерттеулердің негізі батыстағы экономикасы дамыған елдердің әлемдік даму тұжырымдамасын жасау болып табылады. Яғни, 1968 жылы әлемдік даму жобаларын талқылап, талдайтын  халықаралық  үкіметтік  емес  ұйым  —  Рим   клубы құрылды. Рим клубының баяндамасы әлемдік даму теориясын қалыптастыруда басты рөлді атқарды.

1972 жылы Дж. Медоуздың «Өсу шегі» еңбегі жарық көрді. Бұл еңбек сол кездің өзінде әлемдік даму тұжырымдамасы саласында жоғары классикалық және әлемдік танымалдыққа ие болды. Жұмыста тікелей және кері байланыстармен әлемдік даму үлгісі көрсетілген. Үлгіде әлемдік дамудың бес ғаламдық бағыты берілген:

—   қоғамның индустриялануы;

—   халықтың өсуі;

—   ашаршылықтың артуы;

—   жаңартылмайтын ресурстардың таусылуы;

—   қоршаған орта жағдайының төмендеуі.

Талдау барысында қарастырылып отырған бағыттардың өзара әрекеттесуі мен байланысуындағы негізгі параметрлердің экспоненциалды (экспоненциалды өсу деп жылдам қарқынмен екі еселеп өсуді айтады) өсуі қарастырылған және ол әлемдік динамика үлгісінің әр түрлі нұсқаларын құрастыруға мүмкіндік береді. XXI ғасырдың ортасында жер бетінде табиғи ресурстардың азаюы және қоршаған ортаның ластануы салдарынан дағдарыс, әлемдік апат орын алуы мүмкін, оның пайда болу негіздеріне аштық, жұқпалы аурулар, адам санының қысқаруы және т.б. жатады. Аталмыш еңбекте әлемдік дамудың баламалы нұсқасы ретінде «нөлдік өсу» көрсетілген. Онда қазіргі кезеңдегі дамуды тұрактандыру үшін халық санының артуын, өнеркәсіптік өсуді, табиғи ресурстарды шаруашылық айналымға тартуды қысқарту қажеттіліктері ұсынылған. Осы үлгі бойынша тек қана ауыл шаруашылығы өндірісі мен қызмет көрсету салалары ғана даму керек. Әрине, мұндай нұсқада даму үдерісіне қатысатын әр түрлі аспектілер, атап айтқанда, ғылыми-техникалық жетістіктер, ақпараттық және интеллектуалдық ресурстар қарастырылмаған. Дегенмен, Дж. Медоуздың еңбегі құнды еңбек болып табылады және дамудың техногендік типін сақтау жағдайында әлемдік апаттың болатындығын сезінуге мәжбүрлейді. Осы еңбек жарияланғаннан кейін біртіндеп әлемдік дамуға өтудің жаңа бағыттары қалыптасты.

Қолданылған әдебиеттер: Мұхажанова Н.А. Жаһандық экология: Оқу құралы. -Алматы: Экономика, 2011. — 172 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *