Аумақтық-мемлекеттік құрылыс нысаны мемлекеттің ішкі құрылымын, орталық және жергілікті биліктің өзара қатынас қағидаттарын айқындайды. Заманауи мемлекеттерді әкімшілік-аумақтық белгілері бойынша бөлу негізіне келесідей принциптер қойылады: — мемлекеттің жекелеген бөліктерінің құқықтық мәртебесі, — орталық пен аймақтардың өзара қатынас түрі.
Қазіргі күнде аумақтық-мемлекеттік құрылыс нысанының үш негізгі түрлері туралы айтуға болады: біртұтас, федеративтік және конфедеративтік. Біртұтас мемлекет — әкімшілік-аумақтық бірліктерден құралатын біртұтас мемлекет. Федерация — дербес бірліктерді қамтитын және оны құрайтын бөліктер мемлекеттік суверенитеттің бірқатар белгілеріне ие одақтас мемлекет. Конфедерация — бірлескен саяси, әскери, немесе басқа да мақсаттар үшін құрылған уақытша сипатқа ие одақтас мемлекет.
Біртұтас мемлекет. Біртұтас құрылыс үкіметтен бастап жеке аумақтардың билік органдарына дейінгі аралықтағы жоғарғы билік органдарының біртүтас жүйесімен, біртұтас басқару мен құқық түрімен, ортақ Конституциясымен, біртұтас сот жүйесімен, бір азаматтықтың болуымен сипатталады.
Біртұтас биліктегі басқару тетіктері орталық органдардың қолдарында жинақталады. Яғни бұл құрылыста үкіметтен бастап жекелеген аумақтардың билік органдарына дейінгі билікті қамтитын елді басқарудың бірыңғай жүйесі өмір сүреді. Орталық үкімет заңдарды сапалы түрде орындау мақсатында өкілеттіліктердің бір бөлігін жергілікті әкімшілік органдарға береді.
Біртұтас мемлекетте ортақ азаматтылықтан бөлек, жекелеген аймақтардың азаматтығына жол берілмейді. Мәселен, Ресейде Татарстан тұрғыны бір мезгілде өз автономиясының (федерация субьектісінің) және федерация азаматы болып табылса, Қазақстандағы Павлодар облысының тұрғыны облыс азаматы болып саналмайды, өйткені ол еліміздің барлық азаматтары тәрізді Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.
Қазіргі күндегі заманауи мемлекеттердің көпшілігі билікті аумақтық ұйымдастырудың біртұтас нысанына басымдық береді. Бұл мемлекеттегі негізгі құзырет үкіметтің қолында жинақталгандықтан, орталық мемлекеттік (жалпымемлекеттік) органдар маңызды биліктік функцияларды иеленеді. Елде заңдарды тек Парламент шығара алады, атқарушы билік үкіметтің қолында болады, ал Жогарғы Сот шешімі барлығына міндетті болып табылады. Мемлеқет басшысы конституцияға сәйкес жекелеген өкілеттіліктерді жергілікті билік органдарына береді.
Біртұтас мемлекетте орталық органдар суверенитет иесі болып табылады. Аймақтар суверенитетті иеленбейді. Яғни жекелеген облыстар өз конституциялары мен заңдарын шығара алмайды. Біртұтас мемлекетте заңнамаларға қайшы келетін кез келген шешімдер лезде жойылады. Осы ретте, жекелеген біртұтас мемлекеттердің белгілі бір провинцияларының немесе аумақтарының мемлекеттің құқықтық жүйесін бүзуға талпынатын жағдайлар ішінара болса да орын алып отыратынын айта кету керек.
Ел тұрғындарының басым көпшілігі бір ұлттан тұратын, сонымен қатар көпұлттардан тұратын елдер де біртұтас мемлекет бола алады. Осы ретте, бір ұлттан тұратын біртұтас мемлекеттердің қатарында Польша, Түркия, Египет, Жапония, Швеция елдерін айта кетуге болады. Ал көп ұлттардың өкілдері қатар өмір сүріп отырған біртұтас мемлекеттерге мысал ретінде Қытай, Финляндия, Украина, Ұлыбритания, Қазақстан және тағы басқа да елдерді айтуға болады. Қазіргі күнде бұрын бір ұлт өмір сүретін елдердің өздері көпұлттық елдерге айнала бастауда. Мәселен, Францияда поляк, неміс, орыс, қытай және басқа да ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Бұл елде өзінің бұрынғы отар елдерінен шыққан алжирліктер, вьетнамдықтар, тунистіктер мароккандықтар мен өзге де халықтар да көптеп өмір сүріп отыр. Дәл осылай, Ұлыбритания бүгінгі күнде қытайлардың, африкандықтардың, үнділердің, пәкістандықтардың, жапондардың және басқа да көптеген ұлттардың отанына айналып отыр. Бұл, өз кезегінде, біртұтас жүйенің өзі әртүрлі этникалық топтардың өзара қатынастарынан туындайтын қиындықтармен кездесуі мүмкін екендігін көрсетеді.
Біртұтас мемлекеттердің негізгі мәселелері: — заңнамаларының бейімділігінің (ептілігінің) жоқтығы, — аймақтардың мәселелеріне назар аударылмауы (әсіресе аумағы үлкен және халық саны көп елдерде), — аз ұлттардың пікірлерін ескерудің қиындығы.
Әрине, осы мәселелерді шешу мақсатында орталық билік тарапынан өңірлердің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге, этникалық топтардың өз тілдерін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтау мен дамыту құқығын іске асыруларына мүмкіндік беретін көптеген шаралар қабылдануда. Барлық азаматтар өздерінің теңқұқықты екендігін сезіну үшін балаларға туған тілдерінде білім беруге мүмкіндік беретін жағдайлар жасалуда.
Біртұтас құрылыстың артық түсы ретінде елдің барлық аумақтарының әлеуметтік және экономикалық дамуының біркелкі деңгейін шынайы қамтамасыз ету мүмкіндігін айтуға болады. Мұндай елдердің барлық азаматтары ұлттық ауызбіршілік сезімімен біріккен.
Біртұтас мемлекеттерде экономика ортақ ереже бойынша өмір сүретін біртұтас ағза ретінде көрінеді. Елдің барлық аумағында бірдей алым-салықтар әрекет етеді. Тауарлар мен қызмет көрсету ағымдары біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде еркін қозғалысқа түседі. Бұған бір азаматтық, ортақ әкімшілік және қылмыстық заңнамалар жүйесі де оңды септігін тигізеді. Мұндай елдерде бір провинцияда (облыста) қылмыс жасаған адамның басқа провинцияға қоныс аударып, жасаған қылмысы үшін басқа заңдар бойынша жауап беруін (федеративтік мемлекеттерде мұндай жағдайлар кейде орын алып жатады) елестету мүмкін емес.
Біртұтас нысан жағдайында орталық пен аймақтардың өзара қатынасының екі түрі болуы мүмкін:
Әкімшілік орталықтандыру — биліктің барлық күшін орталыққа жинақтау, жергілікті билік органдарын үкіметке толық бағындыру және оларды қатаң бақылау.
Саяси орталықтандыру — саяси және құқықтық шаралармен қатар бейресми нормалармен, саяси лидерлердің жеке қатынастарымен қол жеткізілетін биліктің барлық деңгейлерінің әрекет етулеріндегі бірауыздылық.
Қазақстан Республикасының біртұтас құрылысы. Қазақстан біртұтас мемлекет болып табылады. Мемлекеттік құрылыстың осы түрі биліктің пәрменді тетіктерін жасақтауға, біртұтас экономикалық, салық және кедендік кеңістікті орнатуға септігін тигізеді, білім беруді, денсаулық сақтауды және басқа да әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруды үйлестіруге мүмкіндік береді. Осы орайда, біздің елімізде биліктің жергілікті органдары айтарлықтай кең экономикалық және әкімшілік өкілеттіліктерді иеленеді. Жергілікті әкімшілік басшысы — әкім — сол аумақтың экономикалық даму жоспарын әзірлейді, өңірдегі өкілетті орган болып табылатын мәслихатпен бірлесе отырып жергілікті бюджетті қалыптастырады және оның орындалуын қамтамасыз етеді, сонымен қатар коммуналдық меншікті басқарады және кадрлық мәселелерді шешеді.
Әлемде аумақ басшыларын анықтаудың әртүрлі жолдары бар. Мәселен, Албанияда, Болгарияда, Венгрияда, Грекияда, Испанияда, Италияда, сонымен қатар Австрияның, Канаданың, Македонияның бірқатар аймақтарында округ түрғындары жалпыға ортақ сайлаулар кезінде жергілікті басшыларды сайлап алатын болса, Данияда, Испанияда, Латвияда, Литвада және Мальтада жергілікті басшыларды сайлау кезінде жанама сайлаулар (жергілікті өкілетті органдардың депуттарымен) қолданылады. Ал, Бельгия, Ұлыбритания, Ирландия, Нидерланды және АҚШ-тың бірқатар штаттарында селолар мен қалалар басшыларын жоғары түрған органдар тағайындайды.
Еліміздің Конституциясына сәйкес, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерін Премьер-Министрдің ұсынуымен Президент тағайындайды, ал жергілікті жерлердегі қала және аудан әкімдерін сол облыстардың әкімдері тағайындайды. Осындай орталықтандыру атқарушы органдардың ортақ мемлекеттік саясат жүргізуін қамтамасыз етеді. Аймақ басшылары тек орталықтың саясатын жүргізуге ғана емес, сонымен қатар өз тұрғындарының мүдделерін қорғауға міндетті.
Елімізде бүгінгі күнде қоғамдық өмірді демократияландыруды тереңдете түсу мақсатында селолық округ әкімдерінен бастап жергілікті әкімдіктердің басшыларын сайлауға бірте-бірте өту жоспарланып отыр. Ауыл басшыларының алғашқы сайлауларын 2013 жылғы тамыз айында өткізу жоспарланып отыр. Селолар мен ауыл әкімдерін жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды.
Біздің еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы көптеген онжылдықтар бойы қалыптастырылды. Оны қалыптастыру барысында тұрғындар құрамы мен саны, экономиканың даму деңгейі, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының салалық сипаты, көлік-жол байланыстарының дамуы, тарихи ерекшеліктер тәрізді көптеген факторлар ескерілді. Қазіргі күнде Қазақстан 14 облыстан және соларға теңестірілген Астана және Алматы қалаларынан тұрады. Жоғарыда аталған екі қаланың ерекше мәртебесінің қабылдануы бірнеше себептерден туындады. Еліміздің жаңа орталығы болып табылатын Астана қаласы аяғынан тұрып келе жатқан жас қала болса, Алматы — еліміздің ең үлкен қаласы және бір мезгілде ірі экономикалық, қаржы, мәдени, білім орталығы болып табылады. Осы орайда айтар болсақ, Қазақстанның болашағы айтарлықтай дәрежеде осы екі қаланың дамуымен байланысты болатыны анық.
Біртұтас мемлекеттің әкімшілік құрылысын соған сәйкес өзгерістер енгізе алатын Үкімет пен Президент айқындай алады. Мәселен, елімізде кешеге дейін Талдықорған, Семей, Торғай, Жезқазған және Көкшетау облыстары бар болатын. 1997 жылы оларды көрші облыстардың құрамына қосу туралы шешім қабылданып, осымен бір мезгілде көптеген селолар мен қала аудандары біріктірілді. Бұл шаралар барлық өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, биліктің епті және кең таралған жүйесін құру мақсатын көздеді. Әрине, мемлекет осы шешімдердің нәтижесінде қомақты материалдық және қаржы көздерін үнемдегені сөзсіз.
Астана өз мәртебесін 1997 жылғы 10 желтоқсанда алды. Осы уақыттан бастап Астана қаласында Президент, Үкімет, Парламент пен Жоғары Сот жұмыс істей бастады. Бұл қаланың ел орталығы ретінде таңдалуы геосаяси, экономикалық, экологиялық тұрғыдағы бірқатар факторлардан туындады. Астана еліміздің орталық бөлігінде орналасқан (бұрынғы ел астанасы қиыр оңтүстік-шығыста, сыртқы шекаралардан тым жақын жерде орналасқан болатын), мұнда еліміздің теміржол және көлік жолдары қиылысады. Ең бастысы, Астана — үлкен әлеуетке ие, айтарлықтай шағын және экологиялық жағынан таза қала.
Астана қаласы айтарлықтай қысқа уақыт аралығында беделді халықаралық форумдарды қабылдай алатын Еуразияның үлкен қалаларының біріне айналды. Тек соңғы жылдардың өзінде бұл жерде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бірнеше съездері, ОБСЕ саммиті, Ислам Ынтымақтастығы ұйымының отырыстары мен қысқы Азия ойындары өткен болса, бас қаламыз 2017 жылы «Болашақ энергиясы» атауымен өтетін «ЭКСПО» бүкіләлемдік көрмесін қабылдайтын болады.
Қазақстанның ең жоғары заң шығарушы органы болып табылатын Парламент екі Палатадан — Сенат пен Мәжілістен тұрады. Жергілікті өкілді органдар — мәслихаттар — заң шығару құзыретін иеленбейді. Олардың функциясына өңір тұрғындарының еріктері мен қалауларын білдіру, жергілікті бюджетті, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды бекіту жатады. Мәслихаттар, сонымен қатар, өңір әкімдерінің қызмет мәселелері бойынша есептерін қарастырады. Мәслихат депутаттарын облыс, қала немесе аудан тұрғындары 4 жылға сайлайды. Жергілікті билік органдарының құзыреті Конституциямен және ел заңдарымен айқындалады.
Аймақтар мен үкімет арасында қарама-қайшылықтар туындайтын жағдайда олар қолданыстағы заңнамаларға сәйкес шешімін табады. Егер мәслихат ел Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін шешім қабылдаған болса, ол сотпен жойыла алады. Әдетте, біртұтас құрылыста орталық пен аймақтар арасында айтарлықтай қайшылықтар орын алмайды. Дегенмен, кейбір жағдайларда Үкімет жергілікті өңірдің мәдени ерекшеліктерін, тұрғындардың сұраныстарын, өңірдің экономикалық қажеттіліктері мен өзіндік ерекшеліктерін ескере бермейтіндігін де айта кету керек. Мемлекет қажет болған жағдайда жергілікті билік органдарына жекелеген салаларда ерекше уәкілеттілік бере алады, яғни осы жағдайда бірқатар аумақтар автономияға немесе кең ауқымдағы өзін-өзі басқаруға ие болады. Мәселен, Қытайда Синьцзян-Ұйғыр, Ішкі Моңғолия тәрізді автономиялық округтер бар болса, Испанияда басктерге автономия берілген, Украинада автономиялық Қырым Республикасы бар болса, Ұлыбританияда Солтүстік Ирландия ерекше мәртебеге ие, Шотландияда жергілікті парламент бар, ал Данияда Фарер аралдары мен Гренландия автономияны пайдаланады.
Қазақстанда өңірлердің тез экономикалық дамуына жағдай тудыру мақсатында жекелеген өңірлерде еркін экономикалық аймақтар құру кеңінен қолданылады. Ел үкіметі белгілі бір өңірлер қиын қаржылық жағдайда қалған жағдайда оларға көмек көрсетуге міндетті. Өйткені ел экономикасында орын алып отырған қарқынды құрылымдық өзгерістер мен сыртқы нарықтағы қолайсыз ахуалдар мұндай жағдайлардың туындау себебіне айналып отырады. Қазақстан Үкіметі ірі өнеркәсіп орындары жұмыс істемей тұрған және тұрғындардың өмірі сонымен байланыста анықталатын қалалар мен елді мекендерге өз қорларынан көмек көрсетіп отырады. Мемлекет осындай қиын жағдайда қалған тұрғындарға қолдау қөрсетіп, экономиканы қайта өркендетуге және адамдардың бір бөлігінің басқа өңірлер мен елді мекендерге қоныс аударуына көмектесуі шарт.
Жалпы, мемлекет саясаты өндіріс орындарын дұрыс орналастыру мен ұйымдастыруға, азаматтардың экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүмкіндіктерінің бірдей болуын және олардың қай жерде өмір сүріп отырғандарына қарамастан өмір сүру деңгейлерін теңестіруді қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Негізгі үғымдар: аумақтық-мемлекеттік құрылыс нысаны, біртұтас мемлекет, суверенитет, әкімшілік және саяси орталықтандыру, автономия.