Көріп отырған слайд гректің аса көрнекті ұлы ғұламасы Архимед туралы. Архимед алғашқы математикалық және астрономиялық білімін өз әкесі Фидийден алды. Одан кейін сол кездегі ең ірі ғылым орталығы саналатын Египеттің Александрия қаласында білімін молықтырып, Сицилиядағы Сиракуз қаласына қайта оралады. Оның өнертапқыштық таланты, физика мен математикадан ашқан жаңалықтары осы қаланың атымен тығыз байланысты. Аңыз бойынша Сиракуз қаласын Рим әскерінен қорғауда 75 жастағы Архимед ерен еңбек сіңірген. Оның жасаған тас атқыш мәшинесі, көтергіш крандары бір жағынан 250 кг тастарды лақтыра алса, екінші жағынан қамал іргесіндегі жау кемелерін иінді қысқаштарымен көтеріп алып, қайыра лақтырып қиратқан.
Осы слайд беттерінде көрсетілгендей бізге Архимедтің сегіз ғылыми еңбегі жетіп отыр. Олардың қатарында мына еңбектері бар: «Денелердің жүзуі туралы», «Шар мен цилиндр туралы», «Шеңберді өлшеу», «Параболаның квадратурасы» т.б. Ол 40-тан астам өнертапқыш құралдар мен механизмдер ойлап тапты.
Архимед туралы аңыз
Аңызда айтылатындай, Сиракуз патшасы Гиерон Архимедке зергер жасаған тәждің таза алтыннан немесе қоспадан жасалғанын анықтауды тапсырады. Бұл есепті (патша тәжінің нақты көлемін қалай табуға болатынын) шеше алмай, Архимед көп күн әуреленді. Бір күні толтыра су құйылған ваннаға түскен кезде асып төгілген суды көріп, оның ойына әлгі есептің шешуі келген-мыс. Өзінің ашқан жаңалығына шаттана қуанғаны сонша, ол ваннадан атып шыққан бойда: «Эврика — Эврика!» (Таптым — Таптым!) — деп, Сиракуз көшесімен балаша жүгіріпті дейді. Ұлы ғұлама өзінің ең тамаша жетістігі ретінде шардың көлемі мен бетінің ауданын тапқан формуласын атаған екен.