Хирургиялық клиникаларда қан тамырларының тромбозы мен эмболиясы өте қауіпті және ауыр асқынулардың бірі болып саналады. Бүгінгі таңда мезентериалдық қан тамырларының және өкпе артериясының тотальді тромбоздары мен эмболиясы пайда болған жағдайларда 80-90%-да олар ауру адамдардың өлімдерімен аяқталады (Норенберг-Черквиани А.Е., 1967, Савельев B.C., Затевахин И. И., 1970 т.б.). Ал клиникаларда орындалатын әртүрлі операциялардан соң болатын өлім себептері арасында тромбоз бен эмболия 3,92 — 23% аралықтарын құрайды (Стручков В.И., 1971, Трегубенко А.И., 1972 т.б.).
Сонымен тромбоз деген не? Тромбоз деп тірі адамның жүрек қарыншаларында, қан тамырларының куыстарында қан құрамаларынан тұратын тығыз массаның (тромб) пайда болуын айтады. Құралған масса (тромб) қан тамырларының қуысын әртүрлі дәрежеде бітеп, тарылтады да қан айналым процесін бұзады. Осы масса (тромб) немесе оның бір бөлігі алғаш пайда болған жерінен үзіліп, орнынан алшақтаған жағдайда эмбол пайда болады (эндогенді эмбол). Эмбол, сонымен қатар, қан тамыры қабырғаларындағы атероматоздық түйіршіктер үзілгенде немесе қан тамыры қуыстарына ауа, май, ісік клеткалары кіргенде құралады (экзогенді эмбол). Эмбол да тромб іспетті қан тамырларын бітеп немесе тарылтып, қан айналымының бұзылуын тудырады, бірақ оның тромбтан айырмашылығы, ол қан тамырларының қуысын тромб пайда болған орындардан, немесе қан тамырына енген жерлерінен алшақ аймақтарда бітейді немесе қуысын тарылтады.
Тромб және эмбол пайда болу теориялары
Тромб пайда болу құбылысының этиологиясы мен патогенезі өте күрделі және ол көне заманнан бері зерттеліп келе жатқанмен, осы күнге дейін толық шешіле қоймаған мәселе.
Қанның ұйығыштық қасиеті туралы бірінші мәліметтер Мальпигийдің (Malpiqhi) атымен байланысты. Ол 1666 ж, ұйыған қаннан ең алғаш рет фибрин талшықтарын бөліп алды. Ал 1845 ж. Вирхов өзінің әйгілі қан тамыры ішінде тромб құралу теориясын жариялады. Аталған теория бойынша қан тамыры ішінде тромбтың пайда болуы негізгі үш себеппен байланысты. 1. Қан тамыры ішінде қан ағымының байаулауы; 2. Қан биохимизмінің өзгеруі; 3. Қан тамыры қабырғаларының ішкі қабатында әр себептен туатын өзгерістер.
Айта кету керек, Вирховтің XVIII ғ. жарияланған осы концепциясы осы күнге дейін маңызын жойған жоқ және ол кейінгі зерттеулермен дәлелденді. Қан ұю құбылысын ғылыми тұрғыдан зерттеу тарихы 1861 ж. басталады деуге болады. Дәл осы жылы А.А.Шмидт қан ұю құбылысының ферментативтік табиғаты туралы түсіндірме берді.
Бүгінгі таңда қан ұю құбылысы өте күрделі және көпвекторлы реакция екені анықталып отыр. Ол реакцияға тек әртүрлі факторлар ғана емес, қан үю құбылысына тікелей қатынасы бар бірнеше жүйелердің бар екені дәлелденді. Мысалы: 1.Қанды ұйытатын, яғни прокоагулянт жүйесі; 2.Қан ұю құбылысын шектейтін, яғни антикоагулянт жүйесі; 3.Антикоагулянттардың ингибиторлары, яғни олардың белсенділігін төмендететін жүйе; 4. Қан тамыры ішіндегі ұйыған қанды ертетін, яғни фибриноген-фибринолитикалық жүйе т.б. Қан ұю процесіне қатысатын, аталған негізгі жүйелермен қатар да көптеген факторлердің бар екенін айта кету керек. Олар туралы арнайы кафедраларда тереңірек мәліметтер беріледі, ал біз қан үю құбылысына, атап айтқанда хирургиялық факторлердің маңызына қысқаша тоқталайық.
Хирургиялық операция жасалынатын ауру адамда әрқашан қан ұюына қарсы тұратын физиологиялық ресурс болады. Операция алды кезеңінде, операция жасалу барысында және операциядан соңғы кезеңде туатын жағдайлар аталған ресурсты азайтып, қан ұюына қарсы тұратын жүйені (антикоагулянтты жүйе) әлсіретеді. Аталған жағдайларға мына төмендегі факторлерді жатқызуға болады: операциялық жарақат, операциялық жараның іріғдеуі, қан ағымының байаулауы, стресс, ауру сезімі т.с.с.