Біздің әрқайсысымыз туғаннан бастап жеке құқықтар пен бостандыққа ие боламыз. Ол, ең біріншіден — өмір сүру құқығы. Әр адам және оның өмір сүруі — ол ең жоғары адамгершілік құндылық. Ешкім өз бетімен адамды өмірден айыра алмайды. Өлтіру, соғыс, зорлық-зомбылық — ең ауыр қылмыстар. Осы ретте, Ф.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романын еске алар болсақ, бұл туындының негізгі идеясы әрбір адам баласының құндылығы мен қасиеттілігін дәйектеуге негізделетіні сөзсіз. Өзімбілерлік, билік пен байлыққа ұмтылу басқа адамдарды басып-жаншудың, оның үстіне адам өлтірудің себебі бола алмасы анық.
Ешқандай идея, ешқандай қажеттілік моральдық абсолют тұрғысынан адам өмірін қиюды ақтай алмайды. Әрине, саясаткердің немесе заңгердің ұстанымы тұрғысынан тәртіпсіздіктер орын алған жағдайда өмірді қорғау немесе қылмыстың жолын кесу мақсатында адамды өлтіруге болады. Дегенмен адамгершілік ешқашан өлтіруді ақтамайды. Сондықтан «өлтірме» деген өсиет кез келген діннің ең басты және үзілді-кесілді талабы болып табылады.
Қазіргі күнде өлім жазасынан бас тарту туралы мәселе күн тәртібінде кең көтерілуде. Жазалаудың осы бірден-бір шетін шарасы әлемнің көптеген елдерінде бар. Көптеген еуропа мемлекеттері оны қолданудан бас тартқанымен, ол заңнамалық тұрғыда бірнеше елдерде ғана жойылған.
Жеке құқықтар мен бостандықтар қатарына сонымен қатар тұлға бостандығы мен баспанаға қол сұғуға болмайтындығы қүқығы, зорлық-зомбылыққа қарсылық көрсету құқығы жатады. Прокурордың немесе сот шешімінің санкциясынсыз ешкім тінтілуге немесе тұтқындалуға жатпайды. Барлық азаматтар құқық пен заң алдында тең. Қылмыс жасады деп айыпталушылар адвокаттың (қорғаушының) және әділ соттың көмегіне жүгінуге құқы бар.
Жеке құқық жеке өмірге қол сұқпаушылықты, ар-ожданды қорғауды, жеке салым мен ақша жинақтау құпиясын, хат алмасу, телефонмен сөйлесу, телеграфтық және пошталық хабарламаларды қамтиды. Мемлекеттік органдар осы құқықтар мен бостандықтарды сыйлауға міндетті. Кез келген шектеу заңмен нақты бекітілген жағдайларда ғана орын алуы мүмкін.
Адамды қинауға және онымен дөрекі сөйлесуге болмайды. Әрбір адамның қадір-қасиеті аяққа тапталмауы тиіс. Қазіргі күнде отбасындағы зорлық-зомбылық пен күш көрсету мәселесі орталық мәселеге айналып отыр. Әйелдер мен балалар ұрып-соғу мен қорлануға жиі ұшырайды. Жасөспірімдер арасында да қатыгездік белең алып кетті. Мұндай жағдайларда әдеттегі жазалау шаралары жеткіліксіздік танытатындықтан, оның себептерін табуға және қылмыскерлердің психологиялық ерекшеліктерін анықтауға баса көңіл аудару қажет.
Құқық қорғау ұйымдары түрмелерде және сол қатардағы басқа да мекемелерде отырған азаматтардың жағдайларына ерекше назар аударады. Қылмыс жасаған адамдар басқа адамдардың құқықтарын бұзғандары үшін жазаға тартылса да, олар ұрып-соғу мен қорлауға түспеуі тиіс. Осы орайда, түзету мекемелерінің жазаланған адамдарды түзету түріндегі өздерінің тікелей функцияларын дұрыс атқармауы да жиі орын алатынын да айта кету керек. Нәтижесінде, жазаларын өтеп шыққаннан кейін бостандыққа қалыпты адами қатынастардан бой үзген қатал адамдар шығады. Олар психологиялық тұрғыда кәдімгі өмірге дайын емес. Мұның көп себептерінің қатарында түзету мекемелерін ұстауға қаржының жетіспеушілігін, ондағы арнайы қызметкерлердің дайындықтарының әлсіздігін, психологтардың жоқтығын немесе жетіспеушілігін айта кетуге болады. Мәселен, соңғы кезде түзету мекемелерінде жазасын өтеушілердің арасында туберкулез індетінің кең таралуы үлкен мәселе болып отыр. Ал медицина қызметкерлері осы індетпен ауыратындар санының тез көбеюіне жетісе алмай отыр.
Дін ұстану бостандығы немесе ар-ождан бостандығы гуманистік ойдың қол жеткізген маңызды жетістігі болып табылады. Ар-ождан бостандығы әркімнің белгілі бір дін үстануды өзі таңдай алатынын, немесе діннен бас тартып атеист бола алатынын білдіреді.
Адамзат тарихыңда діндердің бейбіт қатар өмір сүруінің мысалдары жеткілікті. Жалпы, қазіргі әлемдегі көптеген елдердің діни кеңістігіне көп конфессияналдық сипат тән. Қазақстанда да мұсылмандар мен христиандар, иудизм мен буддизм тәрізді іргелі діндер бейбіт қатар өмір сүріп, көптеген мешіттер, шіркеулер мен діни ғибадат үйлері діндарлардың рухани сүраныстарын қанағаттандыру бағытында еркін қызмет атқаруда. Діндарлар қоғамдық өмірге белсенді қатысып, экономиканың барлық салаларында жұмыс істеуде. Адамның діни сенімі мен таңдауы жұмысқа орналасуда немесе білім алуда бөгет бола алмайды.
Адамзат тарихының өткен кезеңдерінде көптеген қақтығыстар, соғыстар мен қудалаулар діни себептерден туындайтын. Осы орайда, Орта ғасырдағы Еуропадағы крест жорықтары мен протестанттарға қарсы күрестерді, орыс қоғамындағы старообрядтықтарды қудалауды және осы катардағы басқа да келеңсіз оқиғаларды айта кетуге болады. Испаниядан арабтарды қуғаннан кейін ислам дінін қабылдаған көптеген жергілікті тұрғындар өлтірілді. Испан билігі араб тілінде сөйлеуге тыйым салуымен Пиреней түбегіндегі арабтілді мәдениеттің бай мүраларының көзі жойылды. Осылай, бір діннің екінші діннен артықшылығы күшпен дәлелденді.
Демократиялық нормалар діни сенім бостандығын күшпен шектеуге жол бермейді. Көптеген мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда да, діннің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес, өкімет конфессиялардың ісіне араласа алмайды. Дегенмен, қалыптасқан жағдайда көптеген елдердің биліктері діни алауыздықтардың алдын алу шараларын қабылдауда. Осы ретте, өз мүшелері мен үстанушыларының психикалық көңіл-күйлеріне келеңсіз әсер етіп, өз қатарларынан шыққысы келетін адамдарға күш қолдануды басшылыққа алатын жалған діни ағымдар мен секталардың әрекеттері қоғамның діни кеңістігіндегі күрделі мәселелердің бірі болып табылады.
Енді осы бөлімді қорытындылап көрелік. Адамның жеке құқықтарына төмендегі құқықтар жатады:
- тұлғаның өмірі, бостандығы мен жеке басының құқығы,
- заң алдындағы теңдей болу құқығы,
- себепсіз тұтқындалу немесе ұсталудан еркіндік,
- ар-абыройы мен қадір-қасиетін қорғау құқығы,
- қинаудан, жеке басының абыройын аяққа таптайтын қатал әрекеттерден еркіндік,
- баспанаға қол сұқпаушылық құқығы,
- елден еркін кете алу және оған еркін түрде қайта оралу құқығы,
- жеке салымдар мен ақша жинаудың құпиялылығы құқығы, хат алмасу, телефон немесе басқа да байланыс құралдарымен сөйлесу құпиясын сақтау құқығы,
- діни сенім немесе ар-ождан бостандығы.
Адамның саяси құқы мен бостандығы
Заманауи саяси қауымдастықтың қатысушысы ретінде адамның саяси құқы мен бостандықтары мойындалады. Адам мемлекеттің азаматы ретінде саяси құқықтарға ие. Осы ретте, ең маңызды саяси құқықтар мен бостандықтарды көрсете кетелік:
- дауыс беру құқығы,
- сайлау және сайлану құқығы,
- өз пікірін еркін білдіре алу құқығы,
- саяси шешімдерді қабылдау мен жүзеге асыруға және мемлекетті басқаруға қатысу құқығы,
- саяси партиялар, қозғалыстар, басқа қоғамдық ұйымдардың қызметіне қатысу құқығы,
- митингтер, шерулер мен демонстрацияларға шығу құқығы,
- сөз бостандығы,
- шеттету мен қуғындаудан қорғау құқығы.
Саяси құқықтарды, ең біріншіден, сол мемлекеттің азаматтары пайдалана алады. Кез келген адам туғанынан бастап өз елінің азаматына айналады. Адамның ең алғашқы құжаты — туу туралы куәлігі — оның иесінің белгілі бір құқықтарды пайдалана алатындығын көрсетеді. Әрине, жасөспірімдер ересектер тәрізді мемлекет өміріне қатыса алмайтыны анық болса да, олар соның өзінде бірқатар құқықтық қатынастарға түсе алады. Адамның он алтыға толғанда төлқұжат немесе жеке куәлік алуы, оның өз тағдыры мен қоғам тағдырына қатысты жоғары дәрежедегі дербестік пен жауапкершілікке ие болғанын білдіреді. Адам осыдан бастап Конституцияда бар құқықтарды пайдалану мүмкіндігін алумен қатар, бірқатар міндеттемелерді өз мойнына алады. Осы ретте, Қазақстан Республикасының Конституциясында көрініс тапқан келесідей міндеттемелерге назар аудара кетелік:
- Республика Конституциясы мен заңдарын сақтау;
- Басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ары мен абыройын құрметтеу;
- Заңмен белгіленген алым-салықтарды және басқа да міндетті төлемдерді төлеу;
- Отанды қорғау;
- Тарихи және мәдени мұраларды сақтау;
- Табиғатты қорғау.
Көріп отырғандай, азамат мәртебесі тек құқық иеленуді емес, сонымен қатар белгілі бір міндеттемелерді мойынға алуды білдіреді. Бұл міндеттерді орындау еліміздің бүгінгі күнде және болашақта табысты дамуының кепілі болып табылады. Алым-салықтарды уақытында төлеуден адамдардың өз жалақылары мен зейнетақыларын уақытында алуы, білім беру мен денсаулық сақтауды дамытуға қажетті қаржының бөліну-бөлінбеуі тікелей байланысты. Егер белгілі бір мекемелер бюджетке беретін міндетті төлемдерді аудармаған жағдайда мектептер мен ауруханаларда қиын мәселелер туындайды. Алысқа бармай-ақ, өткен ғасырдың 90 жылдарының орта шенінде ел бюджетіне салық түсімдерінің уақытында түспеуінен зейнеткерлер өз зейнетақыларын бірнеше айлар бойы қолдарына ала алмауы үйреншікті көрініс болатын. Сол кезеңде жалақыларды төлей алмау жаппай сипат алып, ол өз кезегінде тізбектелу реакциясын туындадатын: адамдар өз жалақылары мен зейнетақыларын ала алмауы олардың тарапынан коммуналдық қызмет шығындарын төлемеуді тудырды, ал ол өз кезегінде мемлекет қазынасының айтарлықтай қаржыдан айырылуына алып келетін; Жалпы, осындай келеңсіз ахуалдар экономикалық дағдарыстарға алып келіп, ол бірінші кезекте әлеуметтік қорғалмаған топтардың жапа шегуін тудырады. Сондықтан, әрбір адамның заңдарды орындауына жағдай тудыру керектігі аса маңызды.
Өз мемлекетін қорғау — азаматтың маңызды міндеттерінің бірі, өйткені әрбір ел сыртқы шабуылдан қорғауды қажет етеді. Қазақстан бұл бағытта өзінің дербес саясатын жүргізіп отыр. Біздің еліміз өзінің қарулы күштерін көршілеріне қауіп тудырмайтын деңгейде қалыптастыруға баса мән береді. Біздің әскердің міндеті — бейбіт өмірді және әр адамның қауіпсіздігін қорғау. Еліміздің басшылығы шағын, жақсы қаруланған және қорғау міндетін атқаруға дайын әскерді құру міндетіне бар кезде баса көңіл аударып келеді.
Кез келген адам өзінің туу құқығы бойынша Қазақстан азаматы бола алатынын жоғарыда айтып өткен болатынбыз. Ата-анасы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатың балалар осы жолмен азаматтыққа ие болады. Сонымен қатар, ата-анасының біреуі ел азаматы, екіншісі — шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамның балалары да Қазақстан азаматтығын ала алады. Азаматтығы жоқ адам — бірде-бір мемлекеттің азаматы болып табылмайтын адам. Олардың қатарына бір елдің азаматтығынан шыққан, алайда екінші елдің азаматтығын алмаған адамдар да жатады. Әрине, бұл қатардағы адамдардың жағдайлары отансыз болғандықтан, айтарлықтай бұлыңғыр болатыны анық. Оларға қатынаста қандай да бір заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда оларға көмек беретін ешкім жоқ десе де болады. Ешбір елшілік немесе консулдық азаматтығы жоқ адамның құқығын қорғай алмайды.
Балалардан бөлек, еліміздің азаматтығын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да ала алады. Олар азаматтық алу үшін ел аумағында біршама уақыт өмір сүрулері тиіс. Қазақстан сонымен қатар босқындардың — өз отандарында еаяси қуғындаулардан қашып жүрген адамдардың — ел аумағында өмір сүруіне мүмкіндік береді Осы ретте, еліміздің билігі жекелеген адамдарға азаматтық беруден бас тартатын жағдайлар да орын алып отыратынын айта кету керек.
Саяси құқықтар мен бостандықтардың қорғалуы қоғамдық және мемлекеттік нормалардың демократиялық сипатының айтарлықтай маңызды өлшемі болып табылады. Ол әсіресе шерулер мен жиналыстар ұйымдастыру мен өткізу, сөз бостандығы құқықтарының жаппай және жүйелі бұзылуы жағдайында өте-мөте анық байқалады.
Қазіргі күнде бірқатар мемлекеттерде азаматтық алу мәселесі өткір күйде қалып отыр. Мәселен, Латвия мен Эстонияда тәуелсіздік алғаннан соң сол елдерде 1939 жылға дейін өмір сүрген адамдар мен солардың ұрпақтары ғана азаматтық алды. Ал, Кеңестер Одағы кезінде сол елдерге қоныс аударған адамдар азаматтығы жоқ адамдарға айналды. Осының нәтижесінде, осы ел тұрғындарының бір ширегі шетелдіктер болып саналады және өздерінің саяси құқықтарын толық түрде пайдалана алмайды.
Осы ретте, Алматыда орын алған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын айта кеткен жөн. Сол оқиға кезінде жастар Кеңестер Одағының орталық билігінің Қазақстан басшысын бекітудегі тым біржақты саясатына қарсы шықан болатын. Әрине, бұл оқиға сол кездегі кеңес билігінің заңды талаптарды ұстанып алаңға шыққан жастарды күшпен басып, олардың көбін түрмелерге қамауымен аяқталды. Дегенмен, Алматыдағы осы оқиға кеңестік жүйедегі «қайта құру» басталғаннан кейінгі азаматтардың өз еркіндіктерін және республикалардың дербестіктерін ұлғайтуды талап етіп қойған алғашқы оқиға болды.
Негізгі ұғымдар: адамның жеке құқықтары мен бостандықтары, саяси құқықтар мен бостандықтар, азамат, азамат міндеттері, азаматтық, қос азаматтық.