Халық аңыздары бойынша, ата-анадан айырылып, қазақ даласына сырт өлкеден (Үргеніштен) келген, әбден арып-ашыған жас жетім бала Абылай хан өзінің атын да білмейтін болып шығады. Ол Төле би не айтса, соған көнеді:
«… — Кімсің? — десе:
— Білмеймін, — деп;
— Атың кім? — десе:
— Сіз қойған ат атым болсын, — деген соң, шашы өскен, киімі жыртық балаға «Сабалақ» деп ат қойыпты…».
Ал ерлік істен кейін атын білмейтін жас жетім хандық ататегін білетін болып шығады: «… — Абылай! Абылай! — деп ұран салып барып, Шарышты өлтіріп, басын кесіп алып, «Жау қашты!» деп айғай салған соң қалмақтар қашып, қазақтар қырып, бір мезгілде бір жерге келіп, хан шатырын құрып, Әбілмәмбет Әбілмансұрды қасына отырғызып: — Шырағым, сен кімсің? «Абылайлап» шапқаның қалай? -десе: — Мен қанішер Абылайдың немересі едім, соғыста жолы болған соң атамның атын ұран қылдым, — дейді. Сонда Әбілмәмбет хан: — Қарағым, бауырым! — деп құшақтап, сүйіпті де халқына айтыпты. — Баяғы Уәлибақының нәсілінен бір жалғыз бала қалды деп естіп едім, бұл сол екен. Сіздер ұнатсаңыз, үлкен хандық осының орайы еді, — депті. Халыққа ұнап, үш жүзден тоқсан жақсы ертіп барып, өздері қасиетті көретұғын Арғын, Шақшақ нәсілінен Жәнібек деген кісіден бата алып, Әбілмансүрды үлкен хан қойыпты, Абылай атанғаны жоғарғы «Абылайлап» шапқанынан болды», — деп жазады Ш. Құдайбердіұлы.
Ал Мәшһүр Жүсіп жазбасында Түркістаннан келіп, Атығай Қарауыл Дәулеткелді қолындағы жалшы бала өзін «Сабалақ» деп таныстырады. Осыған ұқсас екінші бір аңызда өзін «Сабалақ» деп таныстырған Әбілмансұр — Бұқар қаласынан келген жетім бала.
Жалпы алғашқы ерлікке дейін Абылайға жақсы сын беру көп, ал ерліктен кейін мін тағу көп. Жас жетімнің алғашқы ерлігі туралы аңыздық баяндауларды талдай келгенде біз жауға қарсы көрсетілген ерлік іс жалшы Абылайдың статусын күрт өзгертетінін, бұдан кейін ол «қайта түлеп», соған орай оның лақап есімі жаңа есімге өзгеретінін байқай аламыз. Осы көріністердің салдарынан бүгінгі танда бізге оның үш есімі мәлім. Олар: Әбілмансұр, Сабалақ және Абылай. Әбілмансұр — шын есім делінеді, Сабалақ -Төле би қойған есім, Абылай — оның ерлік ісіне орай халықтың құрметі негізінде қойылған есім. Бүгінгі қазақ тарихы ғылымында «Осы үш есімнің қайсысы Абылайдың шын есімі кім?» деген мәселе нақты тарихи деректермен дәлелденіп, айқындалмай, ол сол жыр-аңыздық баяндаулардың желісінде қалыптасқан күйінде қалып келеді. Сондықтан бүгінгі таңда ханның екі есімі — Абылай және Әбілмансұр, кейде үшінші есімі Сабалақ қатар аталып, «Әбілмансұр» — шын есімі деген түсініктеме беру орныққан, Біздіңше, «Әбілмансұрды» Абылай ханның шын есімі деп тану үшін «неге, не себептен, неліктен?» деп келетін сауалдардан басталатын мынадай мәселелердің жауабы табылуы тиіс:
— XVIII ғасырдағы Ресей және Қытай деректері Абылайды «Әбілмансұр» деп ешқашан аталмайтыны;
— Абылайдың тікелей ұрпағы, оның тұңғыш биографы Ш. Уәлихановтың зерттеулерінде «Әбілмансұр» және «Сабалақ» деген есімдердің кездеспейтіні;
— Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне кісіге азан шақырып қойған есіммен жаназа шығаратын мұсылмандық тәртіппен (шариғатпен) жерленген Абылай хан құлыптасына оның неліктен шын есімі «Әбілмансұрдың» жазылмағандығы (Жалпақ жұрт Абай деп таныған ұлы ақынның қабіріндегі көктасқа Ибраһим деген шын есімі, қазақ-орыс Шоқан деп таныған атақты ғалымның бейітіндегі генерал-губернаторы Колпаковский қойдырған белгіде шын есімі Мұхаммед-Қанапия жазылғандығын еске түсіріңіз);
— Абылайдың хаңдық мөрінде «Бадаһүр Абылай бин сұлтан Уәлі» («Абылай батыр сұлтан Уәлі ұлы») деген жазудың бар екендігі;
— Әбілмансұр есімін алғаш ғылыми айналымға енгізген оқымысты ақын Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресіндегі» (1911 ж.) Абылайға қатысты баяндаулардың қандай дерекке сүйеніп жазылғаны, оның қолында қандай жазба деректердің болғандығы жөнінде нақты ғылыми сараптаулардың жоқтығы. Міне, осы жәйттер қаперден шығарылған.
«Түрік, қырғыз-қазақ һэм хандар шежіресі» — Әбілмансұр деген есімді жазба дерек көзіне алғаш енгізген еңбек. Оқымысты ақын Шәкәрім аталмыш еңбекті жазу барысында өзі танысқан араб-парсы, түркі жазбалары мен орыс тіліндегі еңбектердің ішіндегі қазаққа қатысты деректерді ел ішінде айтылатын «ескі сөздердің» (аңыз-әңгімелердің — авторлар) мәліметіне тура келетінін теріп, сұрыптайды. Аталмыш мақсатын ол «Шежіренің» кіріспе бөлімінде былайша айқындаған: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әр түрлі жүрттың шежіре кітабын окыдым… Сол кітаптардағы сөздерді түгел жаза алмасам да, керектісін теріп алып, соған тура келген қазақтың ескі сөздерін қосып, бір шежіре жазамын».
XVIII ғасыр тарихында Абылай хан қазақ мемлекеттілігін қорғап, оның тұтастығын сақтау, мызғымас беріктігін бекітуде орасан зор тарихи қызмет атқарды. Қазақтың жоңғар қалмақтарына қарсы күресінде үлкен ерлік, табандылық, қайраткерлік танытса, көрші елдермен қарым-қатынаста іскерлік, дипломатиялық көрегендік таныта білді. Қазак ханы Ресей мен Қытай арасында сол кезеңдегі қалыптасқан жағдайда қазаққа тиімді саясат жүргізе отырып, Қазақ хандығының мемлекеттік нышандары мен құрылымын ірі көршілеріне ұғындыра, таныта білді. Оның бұл тарихи қызметі ханның жанына атақты батырларды, рубасы билерді, шешендерді, жырау-жыршыларды топтастырады.
Олардың қазақ халқын жаудан қорғау ісіне бірлесе отырып араласып, елдік мәселелерді шешкен істері тарихи жырларға, аңыздарға аркау болады. Тарихи жыр-аңыздардың басты идеясы Қазақ мемлекетін сақтап калған тұлғаларды жырлау болып табылады.
Абылай хан жанына XVIII ғасырдың атақты Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тарақты Байғозы, Балтакерей Түрсынбай, Олжабай сынды батырлары, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би сынды шешендер, Бұқар сынды көмейінен жыр төккен жыраулар жиналған. Бұларды біз шартты түрде «фольклорық үштік» деп атап отырмыз.
Абылай хан туралы халық аңыз-жырларында, сондай-ақ жекелеген жыраулардың ханға бағытталған толғауларының бірсыпырасында атақты тұлғаның балалық шағында жетімдік күйін кешкендігі баяндалады. Осы халықтық (фольклорлық) деректің негізінде Абылайдың жастық шағының ресми тарихы да қалыптасқан. Басқаша айтсақ, халықтық таным шынайы (реалды) тарих ретінде танылып келеді. Ал ол шын мәнінде шынайы тарих па? Рас, фольклордың тарихи шындыққа қарым-қатынасы -оның халық мұрасы ретіндегі өміршеңдігінің бір белгісі. Бұл мәселенің ғылыми зердедегі танымы өте күрделі және сан қырлы: «фольклор мен тарих», «тарихи шындық пен фольклор» деген мәселелер ерте кезден-ақ әлем ғалымдардың назарын аударып, арнайы зерттеулердің, ізденістердің нысанасы болып келеді. Тіпті ғылым-ілімі дамыған елдерде фольклорлық шығармалардан «таза тарих» жасаушылар мекгебі болғаны да белгілі. Мұндай ғылыми талпыныстың себебі де негізсіз емес еді, өйткені фольклор — бір жағынан филологиялық, екінші жағынан тарихи да мәні бар мәдени мұра.
Абылайдың қай уақытта, қандай жағдайда жетім қалғаны нақты деректермен дәл анықталмаған, басы ашық мәселе. Ш. Уәлихановтың жазуынша, Түркістанды билеген Абылайдың әкесі Уәли қаланы жаулап алған көрші билеушілердің бірінің қолынан қаза табады. Қалтқысыз берілген құлының арқасында он үш жасар Абылай тірі қалып, қазақ даласына келіп, бір бай кісіден пана табады.
Атақты ханның тікелей ұрпағы (шөбересі) әрі тұңғыш биографы Ш. Уәлихановтың өзіне атасының қандай жаудың қолынан қайтыс болғаны, Түркістанды кімнің жаулап алғаны, баланы кім құтқарып қалғаны белгісіз. Көзі қарақты, білімі кең Шоқан сынды ғалым кісіге белгісіз осы ғұмырнама басқа да жыр-аңыздарға арқау болады. Онда қазак даласына сырттан келген жетім Абылайдың жай-күйі, саяси сахнаға көтерілу тарихы баяндалады, Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара сынды жыраулар толғауында жырланады. Халық жыр-аңыздары және жыраулар толғаулары арқылы халық танымына берік орныққан аталмыш мазмұнның ұзын сонары екі бөліктен тұрады: Жас Абылайдың қазақ даласына отырықшы қалалардан (сырттан) келіп, кісі қолындағы (Дәулеткелді, Төле би, Әбілмәмбет) жалшылық қызмет етуі; Жауға аттанып, батыр атануы, хан тағына отыруы.
Жалшылық. Жас Абылайдың қазақ даласына сырттан келуін баяндайтын аңыздық нұсқалардың қағазға түскен уақыты бойынша ең көнесі — Ш. Уәлиханов жазбалары. Ғалым мұраларын мұқият оқып, жіті талдағанда Абылай ханның шөбересі, европалық (озық) үлгідегі білім алған атақты ғалым зерттеушіге атасының жастық шағы туралы мәліметтер аңыз үлгісінде жеткенін байқаймыз. Сондықтан ол атасы туралы жазғанда «Аңыз бойынша», «Қазақтардың аңыз әңгімелерінде» деген тіркес, қайырымдарды жиі қолданып отырады. Дегенмен де, ғалым зерттеу мақала жазғанда бөлек, ал жыр-аңыздарды жазбаға тіркегенде екінші бір бөлек қағиданы ұстанған. Айталық, ол «Абылай» атты макаласында зерттеу ұстанымына орай халық арасындағы деректерді елеп-екшеп пайдаланса, аңызжырлардағы Абылайдың поэтикалық бейнесін сол күйінде жеткізуге ұмтылған. Мұны біз ғалымның зерттеу мақаласы мен жазбаға түсірген жыр-аңыздарынан байқаймыз. Айталық, Ш. Уәлихановтың «Абылай» атты мақаласында болашақ билеушінің жас күнінде кімнің қолында болғаны белгісіз болса, аңыздар жинағында ол кісі анықталып жазылған. Ғалым мақалада: «…Атасы (оның да аты Абылай) Түркістанның билеушісі болып тұрған. Батырлығымен, батылдығымен аты шығып, сол үшін канішер деген қаһарлы да құрметті атақка ие болған кісі. Бірақ баласы Уәли әкесінің даңқын асыра алмай, Түркістанды басып алған көрші билеушілердің бірінің қолынан қаза табады. Қалтқысыз берілген бір құлының арқасында ғана он үш жасар ұлы Абылай аман қалады. Адал құл өз түлегін ертіп, қазақ даласына тартты. Ақсүйек ағайын-туғандары сыртқа тепкен жас Абылай қырға келіп, Жақсылық руының бір байына малшы болады», -десе, «XVIII ғасыр батырлары туралы тарихи аңыздар» жинағында аңыздың бірінде сол құлдың, Жақсылық руының бай кісісінің есімін, жетім Абылайдың жай-күйін, туысы Әбілмәмбеттің атын атайды. Онда былай деп жазылған: «Аңыз бойынша, Түркістаннан қырға (қазақ даласына — авторлар) ең жақын туысы Әбілмәмбет ханға жол тартқан Абылай Ораз құлмен бір атка мінгесіп келеді. Қалыптасқан жағдай оны біраз уақыт Қарауыл руының Жақсылық атасындағы Дәулетбай деген бай кісінің жылқысын бағып күн көруіне мәжбүр етеді. Дәулетбайдың әйелі сырттан келген жас баланың әкеп бермесе өзі ешқашан ас сұрап ішпейтінін, ішкеннің өзінде де тартынып отыратынын, жуылмаған ыдыстан ешқашан ас алмайтынын байқайды. Бұл қазаққа тән емес мінез-құлық еді; баланың бекзаттығы Дәулетбайдың да назарын аударып, Ораздан баланың жөн-жосығын, тегін сұрайды. Бар шындықты білген Дәулетбай Абылайға табыннан ең жақсы ат мінгізіп, Әбілмәмбет ханға апарады. Абылайға тарту етілген ат атақты Шалқұйрық еді. Шалқұйрық жас сұлтанның жорықтарында алғашқы сенімді серігі бола береді. Соның арқасында Абылай өзіне батыр атағын алады, қазақ кұрметіне ие болады».