Алғашқы аяқ алысымен, алғашқы қалам сермесімен-ақ қазақ оқырманын елең еткізген осынау дарынды топтың бел ортасынан талантты қаламгер Әбіш Кекілбаев шығармашылығы да бірден көзге түсті, назарға ілікті. Суреткерлік тіл, эпикалық кендік, төселгең орнықты стиль, ең бастысы өзі толғап отырған тақырыпты қопарып, тереңіне бойлап жазатын қарымды да қажырлы қаламгердің жазу, машығы өз қатарластарынан оқшауланып шыға келді. Ойлы, интеллектуалды прозаның әдебиет өміріне енді-енді дендеп, орнығып ене бастаған, кең қанат жая бастаған тұсында әрине, Әбіш Кекілбаев шығармалары осы қатарда оқ бойы озық көрініп, оқырман ілтипатына бірден ілінді. Бұл дарынды шоғырдың алдында ғана үлкен арна салып кеткен Әуезов мектебі, Әуезовтің көркемдік әлемі
туған әдебиетімізде қайтара бір бой көтергендей, жаңа заманда жаңаша арна тапқандай, жаңа белеске көтерілгенден көрінді. Алдымен Әбіш Кекілбаевтың жазу стилінен Әуезов мектебі бірден аңғарылды. Сондыктан да алғашкы күндерден бастап-ақ Әбіш Кекілбаевтың әрбір жаңа шығармасын әдеби қауым мен әдебиет сыны калт жібермеді. Жазушы шығармаларының такырыптық ауқымы, олардағы кейіпкерлер бітімі, суреткерліктілі, әсіресе әңгіме арқауына көбірек ілікті. Кейіпкер болмысын сомдау, оның ішкі жан дүниесін табиғи, шынайы бедерлеу, сол арқылы адам өмірі мен қоғам өмірін терең сабақтастықта ашып көрсете алу сынды қасиеттер осынау шығармалардың басты көркемдік сапасын тайға таңба басқандай аңғартты.
Әбіш Кекілбаев қаламы ең алдымен қарапайым адамдар тағдырын қаузап, солардың тіршілік-тынысынан сыр шертті. Жұмыр басты пенденің мынау жалған дүниедегі тіршілігі тақтайдай тегіс өтпейтіндігін өмір шындығынан өріп шығарды. Керек болса адамзаттың тарихи белестерінде тағдырлы ғұмыр кешкен, мыңдаған, миллиондаған адамдардың өміріне әсер еткен, ықпал жасаған ірі тұлғалар бейнесі де өмірдің өзіндей шынайы сомдалды. Бұл туындыларда тарихи шындық пен адам өмірінің шындығы біртұтас көрінді. Мысалы, алғашқы белгілі шығармасының бірі, қазақ әдебиетіндегі күй тақырыбын жаңаша толғаған «Күй» повесінің өзінен-ак, жазушы қаламының кейінгі өмірге келетін үлкен-үлкен туындыларының («Үркер», «Елек-алаң», «Аңыздың ақыры» романдары, «Абылай хан» тарихи драмасы, «Шандоз» деректі тарихи баяны т.б.) тынысын анық сезіндік. Тереңіне тартатын психологиялық талдау, кең тынысты ішкі монолог, сан қатпарлы тарихи шындықты бірден қамтып көрсететін эпикалық сарын, оқырманды баурап отыратын лирикалык шегіністер, ең бастысы жазушының тіл құнары осы повестің өзінен-ақ анық аңғарылған-ды.
Әбіш Кекілбаев «Күй» повесі арқылы сол кездің өзінде-ақ қазақ әдебиетінде күй мен күйші тақырыбын жаңа шығармашылық биікке көтеріп, жаңа көркемдік шешім жасады. Есімі алты алашқа қадірлі, қайталанбас тұлға Абыл күйшінің тағдырын әдебиетке алып келді. Жазушының басты қаламгерлік мақсаты — күй құдіретін, оның шығармашылық болмыс-бітімін, эстетикалық күш-қуатын, керек болса әлеуметтік-танымдық, жасампаздық сипатын қазақтың адуынды өнерпазы Абыл күйшінің өмірінің ең бір қайшылықты тұсына табан тірей отырып ашу екендігін аңғарамыз. Түрікмендер қолында тұтқында қалған қазақ күйшісінің тағдыры оқырманын бей-жай қалдырмайды. Повестің бас кейіпкері батыр Жөнейіттің жан әлеміндегі мәңгі мызғымастай көрінетін рухани өзгерістер тікелей күйші өнерімен терең сабақтастықта ашылады.
Барлық шығармаларында дерлік ұлттық психология арнасында, кейіпкерлерін әр қырынан жарқыратып көрсетуді мақсат ететін қаламгер өнімді, ұтымды көркемдік әдіс-тәсілдерді орнымен пайдаланады. Психологиялық талдау қаламгердің ең негізгі көркемдік әдісі десек те болады. Осы арқылы «Күй» повесінде бірінші кезекте күйші тұлғасы дараланып, биіктей береді. Қазақ күйінің құдіретіне ештеңе тосқауыл болып, ешбір күш қарсы тұра алмайтынын көреміз. Күйшінің күй тілімен осылай толғануындар адам санасы жете алмайтын терең сыр жатқандығын сезінеміз. Өйткені бүкіл өмірін талас-тартыспен, ұрыс-шабыспен өткізген, сол жолда өзінің жалғыз баласының жанын оқка байлаған, ақырында сонысының бәрінен де опа таппаған Жөнейіттің өмір туралы, тіршілік туралы өмір бойы тұтынып келген тұғырнамасының жалған, алдамшы, бейопа екендігін оған күй құдіреті арқылы ұқтыру -күйшінің де, жазушының да басты нысанасы еді. Жазушы осы-шығармашылық нысанасына орай Жөнейіттің күй сазын түсінуін, қабылдауын, оның жан дүниесіндегі сәт сайын өзгеріп отыратын сезім толқындарын процесс күйінде суреттейді.
Ә.Кекілбаев шығармаларындағы жүзеге асқан, көркем туындының болмыс-бітімін ерекшелей, даралай түскен суреткерлік қолтаңба кейінгі жарық көрген күрделі туындыларында да бірден, көзге түсті. Бұл соқталы әрі сүйекті шығармалардағы Әбілқайырдың, Абылайдың, Жәнібек, Есеттің тарихи тұлғалары көркемдік жинақтаулар арқылы жаңаша бой көтерді. «Шандоз» деректі тарихи баянында Жәңгір хан өмірінің қайшылықты кезендері нақты тарихи деректер тілінде сөйледі. Нәдір шах, Өтеміс, Қарауыл қожа, Баймағанбет, Қайыпқали т.б тарихтан белгілі нақты тұлғалар, шығарма кейіпкерлері ретінде оқырманмен жүздесті. Исатай, Махамбеттің тұлғалары жаңаша болмыс бітімімен, өз заманының шындығымен терең сабақтастықта бейнеленіп, бүгінгі тәуелсіз санамыздың биігінен өздерінің тарихи бағасын алды. Әсіресе кейіпкер тағдырын тереңнен тартып бейнелеуде, олардың ішкі жан дүниесіндегі қайшылықтарды, сезім толқындарын шынайы жеткізуде тарихи шындықты, замана сырын шебер пайдаланатын жазушы өз кейіпкерлерімен ой жарыстырғандай, тарих төрінен сыр шертіскендей күй кешеді. Психологизмнің көркемдік әдіс-тәсілдерін өте ұтымды пайдалана білетін қаламгер кейіпкер болмысын терең ашып көрсетуде сөз құдіретінің қыр-сырына, қуатына көбірек табан тірейді.
Жалпы, Ә.Кекілбаев шығармаларында әсіресе, өнер сыры, өнерпаз тағдыры туралы суреттеулер көбінесе кейіпкердің ішкі жан дүниесіне, ішкі психологиясына жетелейтін жол іспеттес.
Пайдаланылған әдебиет: Дүйсенбаев Ж. Әбіш Кекілбаев және Замана шындығы: монография — Алматы. «Нұрлы әлем», 2009. 448 бет.