Қазақ этнографиялық ою-өрнектерінің атаулары және олардың символдық танымдық сипаты
Қазақ ою-өрнектерінің атаулары мен бейнелері ғасырлар бойы дамып келе жатқан адамдардың интеллектуалдық эстетикалық дүниетанымынан туған көркемөнер туындысы. Космосқа байланысты ғарыштаты (космогония) элементтері ежелгі көшпенділердің (андрон, сақ, ғүн, түркі) дүниетанымында, тұрмысында кеңінен қолданған. Қазақтың рухани мәдениетінде кездесетін ғарыш, ғарыштаты рәміздеріне қатысты наным-сенімдер мен ырым-тыйымдар бүгінде біздің рухани мәдениетімізде сақталған. Көшпенділерде бұл таңбалар ежелден «табиғаттың тылсым күштері мен тіл-көзден сақтайды» деп ұққан.
Ғарыштаты (космогоноия) геометриялық рәміздік (крест, дөңгелек, үшбұрыш, жұлдыз, спиралъ) таңбалар дүниежүзіндегі барлық халықтарға ортақ символдар. Ол таңбалар абстракциядан пайда болған жоқ, қоршаған орта мен табиғаттан алынғанын байқауға болады. Космогониялық (ғарыштаты) рәміздік таңбалардың сыртқы пішімі бәріне ортақ болғанымен, ал олардың мән-мағынасы әр халықтың тікелей рухани мәдениетімен, этнографиясымен тығыз байланысты. Сондықтан қазақтарда қолданатын космогониялық таңбалардың мазмұны басқа халықтардан өзгеше көшпенділердің менталитетіне сай талданады. Халқымыздың ғасырлар бойы ежелден мұра болып келе жатқан этнографиялық ою-өрнектердің мазмұнын сараптап және элементтердің атауларын толықтырып бір ізділікке салдық. Біздегі жинақталған мәліметтерге сүйенсек, шеберлер өздерінің қолөнер туындыларына табиғаттан алынған бейнені дәлме-дәл түсіруге ұмтылған. Көшпенділерде космогониялық, геометриялық ою-өрнектерден басқа зооморфтық элементтер тұрмыста түрлі мәнерде көп қолданған.
Қолөнерде жан-жануарлардың мүйізі, дене мүшесі, тұяғы, құстың тұмсығы, түлкінің басы, бөрінің құлағы немесе иттің құйрығы т. б. және өсімдіктердің түрлері кеңінен бейнеленген. Ою-өрнек өнері — қазақ халқының ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіре. Мақсат болашақ ұрпақтарымызға ұмыт болып бара жатқан ою-өрнек өнерімен таныстырып қана қоймай, оны қолөнер, сурет, сәулет өнері және өндіріс салаларына ендіріп, осы бейнелеу мәнерін қайта жаңғырту және жаңа мазмұнын беру, сондай-ақ қазақ ою-өрнегінің символдық жүйесін жан-жақты қарастырып, ғылыми зерттеулер жүргізу басты мақсат болып табылады.
«Күн» (шеңбер, дөңгелек) — Аспан, Күн, Ғарыш, Әлем деген мағынаны береді. «Күн», «күнкөзі», «күнсәулесі», «шыққанкүн», «дөңгелек», «қосдөңгелек», «шеңбер» прототүркілер мен қазақтардың барлық қолөнер саласында кездесетін рәміздік, рулық таңбалар. Палеолит (қола дәуірі) кезеңінен көшпенділерде қалыптасқан танымдық рәміздер. Күн (солярлік) космогониялық таңбаны тұспалдайтын шеңбер, дөңгелек пішімі бақсының, шаманның дабылында, «магиялық қасиеті бар» деп қолданған қола айналарда және Ахмет Иассауй кесенесінің алдына қойылған тайқазанда кездеседі. Көшпенділердің дүниетанымындағы Күнді тұспалдайтын шеңбер, дөңгелек таңбаның магиялық күшіне ежелгі көшпенділер сенген, сондай-ақ шеңбер (дөңгелек) және жыл санауда да күннің басталуы мен аяқталуын білдірген.
«Күн» ою-өрнегі күнді меңзейді. Күн, Ай, Аспан бейнеленген тұмарлар қасиетті деп саналған, себебі діни ұғымда бұлардың магиялық күші бар деп сенген. «Күн», «күнкөзі», «күнсәулесі», «шыққанкүн» ою-өрнектері кілемнің, түскиіздің дәл ортасына салынады, сол сияқты бұл элемент кесте тоқуда немесе ағаштан, сүйектен ойылған заттарды бедерлеуде және ат-әбзелдерін әшекейлеуде қолданады. Ең ежелгі космогониялық ою-өрнек қола дәуірінен бастап бейнелеу өнерінде түрлі нұсқада кездеседі. Солярлік таңбаларға ежелгі адамдар табынған. Сондықтан өздерін қоршаған заттардың бәріне осы таңбаны пайдаланған. «Күн» ою-өрнегі тамғалы петроглифтерінде, андрондықтардың зергерлік бұйымдарында, сақтардың (скиф) қолөнер бұйымдарында, сондай-ақ орта ғасырда салынған сәулет өнерінде Бабаджа-хатун, Алашахан кесенелерінде кездеседі.
«Дөңгелек», «қосдөңгелек» — күнге табыну кезеңінде пайда болған элемент. Бұл мал таңбасына ұқсас ою-өрнек. Киіз бұйымдарды (текемет, сырмақ) әшекейлегенде шеңбер (дөңгелек) күнге ұқсас пішіндерді қолданған. Ежелгі көшпенділердің дүниетанымында күнді тұспалдайтын дөңгелек таңбада «тылсым» бір күш бар деп сенген, сондықтан тұрмыста қолданатын барлық бұйымдардың ортасына солярлік таңбаны бейнелеген. Шеңбер — Тәңір, Космос, Күн, Ай, Жұлдыз космогониялық таңбалардың рәміздік белгісі және жыл айналымын көрсететін таңба. Ежелгі адамдар күннің бір жылда бір айналып отырғанын білген. Күн жылдың басы мен аяғын, сондай-ақ «Көк Тәңірі» (түрікше халық шығармашылығында) адам өмірінің қорғаушысы дегенді білдіреді.
«Ай» ою-өрнегі көшпенділердің космогониялық дүниетанымынан туған элемент. Сақтар (скиф) «ай» элементін киіз бұйымдары мен ат-әбзелдерде көп қолданған, ал қазақ халқының наным-сенімдерінде көк қасқа малды рәсімдерге қатысты сойған. Аттың түсі аспанды, ал оның қасқасы айды тұспалдайды. Ондай наным-сенімдер космогониялық діни дүниетанымнан және түркілердің Тәңірге табынуынан туған қүбылыс. «Ай» таңбасы мұсылмандардың мешіттің, күмбездің төбесіне қойылатын нышандық белгісі.
«Айшық» — аспандағы ай нұсқасында жасалған ою-өрнек. Қазақтар «ай» элементін өте сыйлы қонақтарға немесе қыздың жасауына арналған текеметке бейнелейді. Ұсақ ай пішінді элементтер кесте өнерінде қолданады.
«Айгүл» — ең көне космогониялық ою-өрнектердің бірі. Сақ (скиф) дәуіріндегі Пазырық қорғанынан табылған әйел алқасында бейнеленген. «Айгүл» ою-өрнегінің ежелгі нұсқасы пирамидаларға ұқсас ұсақ үшбұрыштар. Ай пішіміндегі сырға Орталық Қазақстандағы Қара ағаш қорғаны мен Жетісудағы Ақтас I обасынан табылды (алтынға қызыл тас салынған б.з.б. III—V ғғ.).
«Төртайшық» — айды тұспалдайды. Оның әрбір тармағы төрт ай секілді жай элементтен қүралған. «Төртайшық» элементінен шексіздікке үласатын ою-өрнектер қиып-пішуге болады. «Үшайшық», «төртайшық» ою-өрнек элементтері қыпшақтардың белдіктеріне салынған. Қазақтар бұл элементтерді киіз бұйымдарын әшекейлеуде қолданған.
«Жұлдыз» ою-өрнегі космогониялық элементтерге жатады. Көшпенділердің қолөнері мен зергерлік бүйымдарында төрт, бес, алты, сегіз жұлдыз болып қолданады. Жұлдыздың сұлбасы кілемнің ортасына және қоладан, алтыннан жасалған тұмарға түсіріледі. Сақтардың (скиф) «шошақ төбелі бөркінің» конструкциясы бесжүлдыздың пішіміне ұқсас. Ежелгі көшпенділердің космогониялық діни дүниетанымы артефактілерге бейнеленген символдық таңбалармен тығыз байланысты.
«Жұлдыз» (пентограмма) — бұл космогониялық ою-өрнек биліктің ақылдың символын білдіреді.
«Жұлдызгүл» ою-өрнегі бес тармақтан тұратын гүлді тұспалдайды. Түскиіз, төсек жапқыш, беторамалдың ортасына және сырткиімнің арқа тұсына немесе шапан етегінің алдыңғы екі бұрышына салынатын элемент.
«Жұлдызқұрт» ою-өрнегі ши орауда, сырмақтың жиегінде кездеседі. Ол ақ пен қарадан, қызыл мен жасылдан, көк пен сарыдан бунақталып келеді.
«Кемпірқосақ» ою-өрнегі бірнеше түстен жолақтар жасап, алма-кезек орналасады. Қазақтарда түстердің нышандық мәні бар: Көк түс — аспанның; ақ -ақиқаттың, куаныштың; сары — ақыл парасаттың, қайғы-мұңның; жасыл-жастықтың, көктемнің символын білдіреді. Қолөнер бұйымдарын жасауда әрбір түс белгілі тәртіппен кемпірқосақ көркіне лайықгап орналастырылады. Бұл ою-өрнектер алаша, қоржын, басқұр тоқуда жиі қолданылады. Көшпенділерде қызыл түс сақтардың (скиф) идеологиясынан туған бояу түрі. Бұл түсті барлық қолөнер бұйымдарына қолданған. Қызыл түс — оттың, күн жылуының, өмірдің символы.
«Егізжұп» ою-өрнегі ертеден келе жатқан барлық шығыс халықтарына тән элемент. Егіз жұп «ою-өрнегі» сақ (скиф) мүсін өнерінде көп кездеседі. Ондай геральдика мәнерімен сақ (скиф) шеберлері ат-әбзелдердің ағаштан жасалған салпыншақтарын және алтыннан жасалған мүсіндердің шағын түрлерін дайындаған. Бұл ою-өрнектің рәміздік мағынасы шеңбер, әлем кеңістігі. Өлі және тірі табиғат деген дуалистік көзқарасты білдіреді. Шеңбердің іші қақ ортасынан бөлінген. «Егізжұп» ою-өрнегі дүниедегі заттың бәрі егіз деген философиялық үғымды түспалдайды. Бұл элемент сырткиімде, кілемде, түскиізде, дөдегеде және батырлардың қару-жарағында кездеседі.
«Мүйіз» — қазақ ою-өрнегінің түпнұсқасы және ең көне мәнері. Мүйіз ою-өрнегі көшпенділердің тотемі болып саналады. Бұл ою-өрнек қойдың, арқардың, тауешкінің басы мен мүйізінің трансформациясынан пайда болған. «Мүиіз» элементі кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ою-өрнектің ұсақ түрлері ағаш, сүйек, кесте мен киімді әшекейлеуде қолданса, ал ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданады. «Мүйіз» ою-өрнегі: «аймүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «қырықмүйіз», «маралмүйіз», «өркешмүйіз», «қошқармүйіз» т. б. түрлерге бөлінеді. Бұл элементтер үй жиһаздарына (кілем, сырмақ, текемет, алаша, көрпе, түскиіз, шымши) мен тұрмыстық заттарда (саба, шанаш, күбі, ожау, жүкаяқ, торсық, сандық т.б.), сондай-ақ қару-жарақтарда (қынап, оқшантай, садақ), киім-кешек, ат әбзелдеріне (ер-тоқым, айыл) салынады, жалпы бұл элементтердің қолданбайтын жері жоқ десе де болады. «Мүйіз» ою-өрнегі қола дәуірінен қолданыста жүрген көшпенділердің ежелгі мәнер және рәміздік таңбалардың бірі.
«Қосмүйіз» ою-өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың қос мүйізін тұспалдайды, олар кейде «ырғақ» немесе «ілмек» элементтерін «қосмүйіз», «төртмүйіз» деп атайды. Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарды, киім-кешектерді, қару-жарақтарды безендіру үшін қолданады. Қазіргі кезде «қосмүйіз» элементі сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, камзолдың алдыңғы жағына, етіктің қонышына салынады.
«Тоғызтөбе» ою-өрнегі ежелгі геометриялық элемент. Бұл ою-өрнек қимақтар мен қарлұқтардың қолөнерінде және Айша-бибі күмбезінің кірпіштерінде бедерленген. «Тоғызтөбе» ою-өрнегі қазақ, қырғыз, түркімен, қарақалпақ қолөнерінде кеңінен қолданады.
«Арқармүйіз» ою-өрнегі арқардың мүйізін тұспалдайды. Бұл элемент «қошқармүйізге» өте ұқсас, бірақ, оған қарағанда шиыршықтанып, тармағы одан көбірек болып келеді. Кілем, түскиіз, сырмақ, кесте, киім-кешек пен үй жиһаздарында кездеседі. Сақтар (скиф) арқар, таутекенің шынайы бейнесін былғары, киізден жасалған тоқымдар мен ат-әбзелдерге пайдаланған. Бұл кескіндемелер II Башадыр және II Тұяқты қорғандарында табылды.
«Сыңармүйіз», «қосмүйіз», «қошқармүйіз» ою-өрнектерінің тек бір жақ сыңары ғана бейнеленеді. «Сыңармүйіз» элементі сақтардың (скиф) киіз бұйымдары мен түкті кілемдерінің шетіне жиектеліп салынған. Шебер орналастырған «сыңармүйіз» ою-өрнегі композицияда дараланып тұрмай, жымдасып келеді. Бұл элемент үй-жиһаздары мен тұрмыстық заттарға, сондай-ақ киім-кешек, қару-жарақ т.б. өңіне салынатын ою-өрнектің бәрінде кездеседі.
«Қошқармүйіз» ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйізі мен қолтық тұсынан құлағы шолақ мүйіз тәрізденіп екі буын болып шығып тұрады. Ою-өрнекті анықтап қараған адамға қошқардың тұмсық пішіні бірден аңғарылады. Сақтар (скиф) «аң стилінде» қошқардың шынайы бейнесін қолданған. Бұл элемент текеметте, сырмақта, басқұрда, алашада, кілемде, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бүйымдардың барлық түрінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бүл ою-өрнек түсті шүберектерден ойылып, құрақ және бастырма тәсілімен тігіледі. «Қошқармүйіз» элементі бақыт-береке, байлықтың және мал-жанның көбеюінің символы.
«Қырықмүйіз» ою-өрнегі тармақтары көп мүйізден құралған ою -өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төртбұрыш ішінде ағаш бүтағы тәрізді тармақталып немесе жайылып бейнеленеді. Бір-бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді ою-өрнек элементтерден қүралады. Ежелгі сақтар (скиф) тармақталған бұғының мүйізін аттың бетбейнесінде (маскі), аң мен құстың мифтік образын жасауда қолданған. Бұл ою-өрнек түскиіз, тон, кежім, сырмақ, текемет, сәулет өнерінде кездеседі.
«Сынықмүйіз», «сыңарөкше» ою-өрнектері малдың сынық мүйізіне ұқсайтын, төрт рет ішке қарай иілген элемент. «Сынықмүйіз» ою-өрнегін кілемдерді, шымшилерді, басқұр мен алашаларды, сондай-ақ әртүрлі бұйымдарды безендіру үшін қолданған. Дүниежүзінде «сынықмүйіз» элементі меандр элемент түрінде гректердің және т.б. халықтардың қолөнерінде кездеседі.
«Бұғы», «бұғымүйіз» ою-өрнектері сақ (скиф) кезеңдерінен шынайы немесе стилизацияланған түрлері ағаштан ойылып жасалып ат-әбзелдерді безендірген. Бұғы, бұқа ғұндар мен түркілердің тотемдері болған бұл жануарлар күш пен биліктің символы. Сақтар (скиф) б.з.б. бұғы, елік, ақбөкеннің кескіндемелерін былғарыдан, киізден жасап, тоқымдар мен саркофагқа бейнеленген. «Аң стиліндегі» бұл кескіндемелер Пазырық, Тұяқты қорғандарынан археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылды.
«Тұрмүйіз» — сақтар (скиф) жабайы сиырдың мүйізін өздері қолданған бұйымдардың барлығында латынның 8 таңбасы сан түрлі мәнерде берілген. III Пазырық, Шибе қорғандарынан стилизацияланған тұрдың мүйіздері табылған. Көшпенділер бұл элементтерді сырткиімдеріне әшекей ретінде түрлі мәнермен тіккен. Олардың түсінігінде бұл қасиетті тотем сыртқы табиғи апаттардан сақтайды деп ұққан. 8 — таңбасы қазақ қолөнерінің барлық саласында және сәулет өнерінде қолданады. Манғыстау, Үстірттегі қойтас, құлпытас, сағана тамдар және күмбездің қабырғаларында 8 элементі, дараланып, қосарланып және күрделеніп тасқа түсірілген.
«Төртбұрыш» — жердің символы. Төртбұрыштың төрт бағыты дүниенің төрт түкпірін және күннің айналымы мен оның шығысы мен батысының нышанын білдіреді. Мұндай таңба адамның әлемдік кеңістікте өзінің бағыт-бағдарын білуге көмектеседі.
«Төрткүл» — төртбұрыштың ішіне үйлестіріліп көрініске салынатын өсімдік типтес ою-өрнек элементі. Мұндай ою-өрнектер бұйымдардың ортасына орналастырып тігеді.
«Торкөз» — шахмат тақтасына ұқсап, екі түстен құралған ою-өрнек элементі. Мұндай ою-өрнектер құрақ көрпелер мен алашаларда қолданады.
«Шақпақ» — шахмат тақтасына ұқсас төртбұрышты ою-өрнек элементі. Бұл ою-өрнек кесте тігуде, ағаш, сүйекте, шымшида кездеседі.
«Төртқұлақ» — төрт тармағына зооморфты немесе өсімдік ою-өрнегі қондырылған. Оның ортасындағы крестің төрт тармағына мүйіз элементі жалғанып, күрделі композиция құрайды. «Төртқұлақтар», «төртбұрыштар», «сынық», «доға», «жолақтар» таңбаларының рәміздік мазмұны жер символымен ұштасып жатады. Бұл элементтер рулық, тайпалық таңбаны, тотем аң-жануардың шынайы суретін береді. «Төртқұлақ» ою-өрнегінің ең алғашқы үлгісі Пазырық қорғанынан табылған көне киізге бейнеленген. Сақ (скиф), ғұндардың материалдық заттарында діни дүниетанымдарына байланысты түрлі пішімде көп қолданған. Егер төртқұлақ элементтердің төртбұрышты элементі жердің символына айналса, шеңберге салынған төртқұлақ элементі күннің (солярный знак) түрлі стилизацияланған таңбаларына айналды. Бұл ою-өрнектер кебежеге, жұкаяққа, аяққапқа, батырлар шапанының жауырынына, қалқанға, шалбардың тізе тұсына, дөдегенің ортасына немесе шеткі бұрыштарына салынады.
«Үшбұрыш» — ежелгі сақтарда (скиф) биліктің символы, ал орта ғасырдағы түркілердің дүниетанымында үшбұрыш пішіміндегі тұмарды тіл-көзден сақтау үшін адамдарға ғана емес, үй жануарларына да бойтұмар ретінде тағылған, сондай-ақ қолөнер бұйымдарының көпшілігінде «тұмар» элементі кездеседі. Тұмар — Орта Азияға б.з. VІII ғасырда ислам дінінің енуіне тікелей байланысты. Қазақ даласында ежелден бастап дөңгелек, үшбұрыш тұмардың ішіне қүран сүрелерін салып жүрген. Ежелгі көшпенділерде тұмар қорғаушысын тотемдер атқарған. Үшбұрыш геометриялық таңбаның дүниежүзілік рәміздік мағынасы от пен жылудың символы. Үшбұрыштың сан алуан бейнеленуіне қарай түрлі символдық идеяны береді. Үшбұрыштың төбесі жоғары қараса, онда жоғары жэне алға ұмтылу нышанын білдіреді.
«Үшқұлақ», «үшжапырақ» ою-өрнектері барлық қолөнерге тән «мүйіз» тобының құрамына кіреді. Тараз қаласындағы моншаның қабырғалары б.з. X — XI ғғ. «үшжапырақты» лотос гүлінің элементімен көркемделген. Бұл «үшжапырақты» лотосгүлінің аналогі сақтардың (скиф) жерлеу рәсіміне дайындалған киімге тігілген. Сақ (скиф) әйелінің мантосы лотос гүлі элементтерімен әшекейленіп, сондай-ақ аяқкиімінің қонышына тұтас лотосгүлі кестелеп тігілген. Лотос гүлі «мәңгілік өмір» деген рәмізді береді. Көшпенділер лотос гүлі ою-өрнектерін тұрмыс-тіршілікте қолданған барлық бүйымдарына бейнеленген.
«Түйемойын» ою-өрнегі түйенің мойнына ұқсап, иіле көтеріліп барып, тармақталатын «мүйіз» элементі. Күрделі «мүйіз» элементтердің ішінен оқшауланып, өзге денелерден озып тұратын «түйемойын» жануардың үзын мойнына ұқсайды. Көшпенділердің қола дәуірінде тас бедерсуреттерде (петроглифтерінде) бейнеленген түйе — өсіп-өнудің символын тұспалдаған.
«Ботамойын» ою-өрнегі 8 таңбасына ұқсайды. Бұл сақ (скиф) кезеңінен келе жатқан ең көне «тұрмүйіз» ою-өрнегінің пішіміне ұқсайды. Ботамойын қолөнер мен сәулет өнерінде көп қолданатын түркі тілдері тобына кіретін халықтардың бәріне ортақ ою-өрнек.
«Ботагөз» ою-өрнегі ежелден қолданылып келеді. Сақ (скиф) шеберлері бұл элементпен былғары, киіз, ағаштан жасалған бүйымдарды әшекейлесе, орта ғасырларда сәулет өнерінде керегеге ұқсас ботакөз элементі кеңінен қолданылды. Сырт пішімі ботаның көзіндей, ромбы тэрізді геометриялық ою-өрнек қолөнер бүйымдарының дәл ортасына салынады. Түркі қағанаты түсында батырлардың киіміне геометриялық элементтер тотем ретінде тігілді. Бұл элемент ағаш оюда, кілем тоқуда, тас қашауда және сәулет өнерінде жиі қолданады.
Өмірбекова М.Ш. Көшпенділер мәдениеті. Қазақтың дәстүрлі өнерінің мәдени рәміздік негіздері. Ғылыми-танымдық басылым. — Алматы: РПБК «Дәуір», 2015 — 292 б.