Нарықтық қатынастардың құрылымында мемлекет тарапынан нарықтық экономиканы реттеу зор рөл атқарады. Халық шаруашылығының экономикалық қан тамыры іспетті, осы нарықтық байланыстар арқылы өндірістің «қан айналымы» жүзеге асады. Оның өміршең өндірістің табиғатына, экономикалық-əлеуметтік жағдайына байланысты, дегенмен нарықтың біраз дербестігі болады, сондықтан да олар ұдайы өндірістің барлық сатыларына, түпкі нəтижесі мен тиімділігіне айтарлықтай əсер етеді. Жалпы нарық мəселесі төңірегінде осы күнге дейін теориялық айтыстар толастамай келеді. Экономикалық əдебиеттер мен зерттеулерде «нарық» деген терминнің мəні осы күнге дейін толық ашыла қойған жоқ. Нарық мəселелерінің қоғамдағы қайта құру теориясы мен тəжірибесінде алатын зор мəніне қарамастан, ТМД-ға кіретін мемлекеттердің жəне Қазақстанның экономика ғылымында нарық туралы бірыңғай пікір жоқ. Осыған байланысты нарықтың бірнеше анықтамасын келтірейік.
Нарықтық экономика – ертеден келе жатқан шаруашылықтың жүргізу құралы, оның дамуының өзіндік бай тарихы бар. Нарықтың қалыптасуы айырбас пен қоғамдық еңбек бөлінісінің дамуымен байланысты. Сонымен бірге, нарық стихиялы түрде дамушы немесе еркін нарық, монополиялы нарық, реттелмелі нарық деп бөлінеді. Стихиялы нарық – капитализмнің алғашқы кезеңінде болды, оған еркін тауар өндірушілер мен сатып алушылар, еркін бəсеке мен еркін бағалар тəн болады. Біздің тəуелсіз Қазақ мемлекетінде де толыққанды жүйелі, əлеуметтік бағдарланған нарыққа көшу экономиканы дағдарыстан шығарудың баламасыз құралы деп танылды. Нарықтың маңызды əлементтеріне нарықтық инфрақұрылым жатады. Нарық тауар биржаларының, көтерме жəне бөлшек сауда құрылымдарының қызмет етуін талап етеді. Нарық экономикасының ерекшелігі мынада: барынша қолданылмаған мүмкіндіктердің нұсқаларының ішінен ең ұнамсыз болса да əйтеуір күмəнсіз табысқа жеткізетінін таңдап алады.
Нарық экономикасының өтпелі кезеңінің тұжырымдамалық негіздері отандық тауар өндірушіге көмек беру, экономикалық даму индикаторларын іске қосу, реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жəне осы негізде тиімді əлеуметтік саясатты жүргізу болып табылады.
Бүгінде Қазақстан дамудың жəне өзiнің қазiргi əлемдегi өз орны мен рөлiн сезiнудің жаңа сатысына көтерiлдi. Елдi нарықтық жаңа жолға салу жөнiндегi негiзгi, ең ауыр тиетiн шаралар жүзеге асырылды. Қазiргi Қазақстан осыдан жиырма жылдан астам бұрын тəуелсiздiкке ие болған кездегіден тəуелсiз экономикалық держава ретiнде бəсекеге əлдеқайда қабiлеттi əрi келешегi зор.
Алайда, Қазақстан дамуының өзiндiк моделiн iздестiру жалғасуда жəне жалғаса беруге тиiс, өйткенi дүние шапшаң өзгеріп, күрделене түсуде. Елдің дамуын стратегиялық жоспарлау осындай iздестiрулердiң аса маңызды құралы болып табылады, оны Қазақстан 1997 жылдан бері пайдаланып келеді.
Қазақстанның салауатты экономикалық өрлеу стратегиясы мықты нарықтық экономикаға, мемлекеттің белсенді рөліне жəне айтарлықтай шетел инвестицияларын тартуға негізделеді. Мемлекет нарықта белсенді рөл атқара отырып, экономикаға араласуының барлық түрінен шектеулі болуы принципін ұстанады.
Экономикалық реформалар табысы мен олардың жекелеген учаскелерде тежелуі мемлекеттің рөлін қайта қарастыруды талап етеді. Мемлекет жекеше сала басты рөл атқаратын нарықтың заңды шеңберлерін құра отырып, экономикада маңызды, бірақ шектеулі рөл атқарады. Яғни, меншік құқықтарын рəсімдеуге, бəсекелес рынок пен монополияға қарсы күресті реттеудің сенімді құралдарын құруға, фискальді жəне монетарлық саясатты қолдауға, əлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға, қажетті инфрақүрылымды, білім беруді, денсаулық сақтауды дамытуды қамтамасыз етуге жəне мықты экономикалық саясат жүргізуге бағытталған құқықтық жəне нормативтік база жасады.
Ол нарық дамымаған, нарықтық кеңістік əкімшілік жүйенің қалдықтарына толған кезде – нарықты дамыту мен ол кеңістікті тазартуға араласуға мəжбүрледі.
Жаңа əлемдік экономикалық үлгілерге сай болуды біз мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен сапасын едəуір көтеру, жеке сала мен ұлттық капиталға жəрдемдесу, оларды ынталандыру жəне олардың белсенділігін арттыру арқылы жетіп келеміз.
Осымен бір мезгілде біздің мемлекет еркін экономиканың кепілі бола білді. Ол нарық ережелерін белгілеп, бұл ретте əділ əрі байыпты іс-қимыл жасай отырып, ол ережелердің орындалуын қамтамасыз етуге баса көңіл бөлді.
Дамыған рыноктарда мемлекет рөлінің шектеулі болатынына қарап, ол еркі мен қайратынан айрылып, енжар байқаушыға айналады деген түсінік тумауға тиіс. Керісінше, Үкімет (мемлекет) заңдардың орындалуы үшін өте күшті, конъюнктураның өзгерістеріне даяр болу үшін құзыретті, əлемдік жəне отандық рыноктарды терең білетін, босаң жəне шашыраңқы болмау үшін өз жұмысын белсенді жоспарлайтын болуға тиіс. Ол халықтың əр түрлі топтарының мүдделерін анықтауға, даму басымдықтарын айқындауға, жекеше саламен тығыз ынтымақтастықта болуға жəне сол арқылы қоғамды біріктіре, беріктете түсетін болады.
Біз: — Үкіметті жəне жергілікті билік орындарын парасатты ұйымдастыру мен оңайландыруға, олардың рөлін, өкілеттігі мен жауапкершілігі байсалды ой елегінен өткізіп отыруға; — сот билігі мен құқық қорғау органдарын реформалауды жандандыра түсуге; — заңның шексіз үстемдігін белгілеуге жəне заңды орындайтын азаматтарды қылмыстан қорғауға тиіспіз.
Бұған керісінше, билік пен заңның бар күшін заңсыз жолмен, шалқып өмір сүретіндерге қарсы қолдану керек. Өзiнің бəсекеге қабiлеттілігiн арттыруға арналған стратегиялық жоспарлауды алдыңғы қатарлы елдер мен аса iрi трансұлттық компаниялар бұрыннан-ақ пайдаланады. Қазiргi дүниеде өмiр сүру үшiн Қазақстан олардың тəжiрибесiн пайдалана отырып, мемлекеттiң рөлiн жəне өзiнiң дамуын стратегиялық жоспарлауды күшейтуге тиiс. Айқын стратегиялық жоспарсыз мемлекет өзiнің мақсатын iске асыру қабiлетiнен айырылады. Оқиға барысын басқарудың орнына, ол соларға тəуелдi болып қалады.
Сонымен бiрге, стратегиялық жоспарлар қатып-сенген догмаларға айналмауға, икемдi құрал болуға тиiс. Қазақстан дамуының осы заманға лайықты стратегиясын жасау үшiн ағымдағы геосаяси жəне геоэкономикалық үдерістердi, келген жиырма бiрiншi ғасырдың мүмкiндiктерi мен қауiп-қатерлерiн түйсiну қажет. Социалистiк жүйе қирағаннан кейiн əлем жаңа дүние тəртiбiн орнату дəуiрiне қадам басты. Өзiнің негiзiнде екi өрiстi дүние тəртiбi бiр өрiспен алмасты. Алайда, əлемдiк үдеріс серпiндi дамуын жалғастырып келедi. Əлемдiк экономиканы жаһандандыру дамудың аса маңызды факторы болып табылады.
Шығыс Азиялық аймақтың соңғы 30 жылдағы қауырт дамуы күштердің жаңадан орналасуына алып келдi. Қазiргi кезде əлемде үш дамыған экономикалық орталық: АҚШ, Еуропа Одағы жəне Жапония бар. Өзiмiзбен көршi Қытайдың экономикалық алыпқа айналуының нақты келешегi бар.
Мемлекет рөлiнiң төмендейтiнi туралы болжамдарға қарамастан, егемендi мемлекеттер жиырма бiрiншi ғасырдағы əлемдiк үдерісте басты iс-қимыл жасаушы болып қала бермек. Басқаша айтқанда, тарихтың басты қозғаушысы ұлттардың-мемлекеттердің арасындағы бəсеке болып қала бередi.
Тұтастай алғанда қазiргi кездегi əлемдiк саясат дамыған шектеулi шеңбердегi мемлекеттердiң мүдделерiмен айқындалады. Табиғи ресурстардың азаюы жағдайында iрi елдер стратегиялық тұрғыдан маңызды шикiзатқа бақылауды уыстан шығармауға тырысуда. Едəуiр энергетикалық ресурстарға ие Қазақстанға тиiсiнше қатер төнуi ықтимал.
Əлемдiк экономикада, шын мəнiсiнде дамыған елдердiң ұлттық компаниялары болып табылатын трансұлттық компаниялардың мүдделерi үстемдiк етiп отыр. Қазiргi кезде трансұлттық компаниялар əлемдiк өнеркəсiп өндiрiсiнiң жартысына дейiн бақылайды. Трансұлттық компанияларды ерекшелейтiн белгілер: рынокты планетарлық тұрғыдан көре бiлу жəне бəсекенi əлемдiк ауқымда жүзеге асыру; əлемдiк рыноктарды бөлiсу; өз елдерiнің мемлекеттiк аппаратын өз мүдделерiн iлгерілету үшiн пайдалану; трансұлттық компаниялар жұмыс iстейтiн мемлекеттерге экономикалық жəне саяси ықпал етудi жүзеге асыру болып табылады. Iрi мемлекеттер өздерiнің трансұлттық компанияларын белсене қолдайды, ал олар өз кезегiнде халықаралық қызметтен салық қаражатының түсуiн, олардың экономикалық жəне саяси ықпалының таралуын қамтамасыз етедi. Қазiргi кезде трансұлттық компаниялар əлемдiк экономиканың қаңқасын құрайды.
Трансұлттық компанияларға төтеп беру үшін, Қазақстан тəрiздi халқының саны бойынша шағын елдердегi отандық компаниялар ұлттық экономиканың ауқымымен шамалас ауқымды игеруi тиiс. Бұл мемлекеттiң оларды басқарудан жəне олардың қызметiн реттеуден шет қала алмайтынын бiлдiредi.
Əрбiр қаржы-өндiрiстік топ немесе iрi корпорация бойынша мемлекет оның осы бизнестегi мүддесi қандай екендiгiн, оның меншiк үлесi жəне жолданатын қаражаты қалай пайдаланылатынын шешуi керек. Ұлттық мақсаттарды жүзеге асыруға қатысатын қаржы-өндiрiс тобы мемлекеттiң қамқорлығында жəне осы топтардағы мемлекеттiк меншiктiң үлесi негiзiнде бақылауда болуға тиiс.
Перспективада мемлекет қаржы-өндiрiс тобын жоғары технология саласына таратуға тиiс. Отандық қаржы-өндiрiс тобынан озық технологиясы мен осы заманғы менеджментi бар нағыз трансұлттық корпорациялар құру керек. Өзiмiздің қаржы-өндiрiс тобымызды басқа елдердiң рыногына жiбере отырып, өзiмiздің сыртқы экономикалық саясатты соған тұрақты түрде бағдарлай отырып, мемлекет өзiнiң ықпал ету саласын кеңейте алады жəне əлемдiк экономикада өзiнiң маңызын көтередi.
Осылайша, тарихтың жаңа орамында мемлекет экономиканың өзектi салаларына қайта оралуы керек. Алайда ол социалистiк (Кеңестiк нұсқадағы) мемлекетке емес, елдің өз iшiнде де, сондай-ақ шетелде де нарық жағдайындағы бəсекеге қабiлеттi мемлекетке оралу болуға тиiс.
Жаһандандыру жағдайында кедергілер орнату, тұйық экономика жасау мүмкiн емес жəне оның қажетi де жоқ. Мұның өзi отандық кəсiпорындардың шетелдiк компаниялармен елдің өз iшiнде де, сондай-ақ шетелде де бəсекелесуге тиiс екендiгiн білдiредi. Сонымен бiрге ақпараттық технологияны жаһандандыру мен дамыту бiзге бүкiлəлемдiк рынокта жұмыс iстеуге мүмкiндiк бередi.
Қазақстандық экономика өзiнiң сыйымдылығы жөнiнен шағын болып табылады. Мұның өзi ұзақ мерзiмдi экономикалық өсiмге қол жеткiзу үшiн бiздiң экономикамыздың экспортқа бағдарлануға тиiстi екендiгiн көрсетедi. Импорт алмастыруға ғана бағытталған стратегия қате болар едi.
Мұнай саласындағы өндiрiстің алдағы өсуi бiзге қатер төндiрумен бiрге, жаңа мүмкiндiктер де бередi. Қатер жұмыс күшi құнының артуына жəне, тиiсiнше, көршi елдердегi кəсiпорындармен салыстырғанда, бiздің кəсіпорындарымыздың бəсекеге қабілеттiлiгiнің құлдырауымен байланысты. Қазақстанда еңбекке ақы төлеу деңгейiнiң неғұрлым жоғары болуы бiздi көршiлерiмiзде жоқ не оларда нашар дамыған өнеркəсiп салаларын дамытуға бағдар алуға итермелейдi. Мұның өзi өнеркəсiп стратегиясын жоғары қосымша құны бар жоғары технологиялық өндiрiске баса көңiл бөле отырып əзiрлеу, ақпараттық технологияны енгiзу керектiгiн бiлдiредi.
Сол жылдары Қазақстанның осындай стратегияны iске асыруға мүмкіндігі бар екендігі көп айтылды. Олар, ең алдымен, мемлекеттiң мұнай саласынан қосымша табыс алуына байланысты. Екiншi жағынан, зейнетақы реформасының басталуы iшкi сақталымдарды көбейтуге жəне жинақтаушы зейнетақы қорлары түрiндегi iрi инвесторлар құруға мүмкiндiк бердi. Мемлекет осы екi саланың ресурстарын шоғырландыруға жəне экономиканы жаңғыртуға: жұмыс iстеп тұрған кəсiпорындарды қайта жаңартуға, экономиканың жаңа стратегиялық салаларын құруға жiберуге тиiс делінді жəне солай жасалды.
Экономиканы жаңғырту үшiн iрi ауқымдағы ұзақ мерзiмдi инвестиция талап етiледi. Қазiргi кезеңде мемлекет қана осындай жаңғырту үшiн «локомотив» бола алады, өйткенi өнеркəсiптiң технологиялық тұрғыдан жаңа күрделi салаларына ұзақ мерзiмдi iрi инвестицияны жүзеге асыруына жеке саланың əлi ұзақ уақыт қабілетi жетпейдi. Өнеркəсiп дамуының қажеттi стратегиясын iске асыру үшiн адам жəне қаржы ресурстарын тек мемлекет қана шоғырландыра алады.
Осылайша, бiздің стратегиямыз экономиканың барлық өзектi бағыттарында мемлекеттің қатысуымен жүйенi құрайтын iрi компаниялар құру болып отыр. Жүйенi құрайтын компаниялар қазақстандық экономиканың жотасын құрауға тиiс. Ұсақ жəне орташа кəсiпорындар осы компаниялардың төңiрегiнде құрылып, солардың тапсырысы бойынша жұмыс iстеуге тиiс. Жүйенi құрайтын компанияларға мемлекеттiң қатысу нысаны «алтын акцияны» иеленуден бастап, экономиканың салаларына жəне жалпы экономикалық ахуалға қарай акцияны жүз пайыз иеленуге дейін түрленiп отырады (өйткенi жүйенi құрайтын компаниялар ұлттық экономикаға ықпал ететiн iрi кəсiпорындарды басқаратын болады, бұдан былай оларды ұлттық компаниялар деп атаймыз).
Экономиканы жаңғырту стратегиясын iске асыру үшiн тиiстi қаржы жүйесi құрылуда. Мемлекеттiк инвестициялық бағдарламаға сəйкес өнеркəсiптің жаңа салаларына инвестиция салуды қамтамасыз ететiн мемлекеттік қаржы институттарын құрды. Даму бюджетi, Ұлттық қор, дамудың мемлекеттiк несие ұйымдары осындай институттар бола алады.
Одан əрi ұлттық компаниялардың Қазақстаннан тыс экономикалық қарпуы, олардың таяу шетелдегi, ең алдымен энергетика мен құбырөткiзгiш тасымалы саласында Қазақстанға қажеттi өнеркəсiп объектiлерi мен инфрақұрылымды иеленудi қажет етеді.
Бiрiншi кезекте қазақстандық жүктер үшiн қажеттi айлақтар мен терминалдарға, құбырөткізгіштерге, Орталық Азиядағы мұнай өндiру зауыттарына, гидроэлектростанцияларға қаражат инвестициялау жоспарланған еді жəне бұл жоспарлар біртіндеп жүзе аса бастады.
Ол кезде қойылған мəселелердің жүзеге асуына байланысты мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы баяндалып жəне оны іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары жасалды.