Мемлекеттік реттеудің объектілеріне өндіріс жəне қызмет көрсетудің алғашқы буындарын, салаларды, аймақтарды, əлеуметтік-экономикалық үдерістерді жатқызады. Нарықтық тетік бұл объектілердің жұмыс істеп тұруын қанағаттандырарлықсыз қамтамасыз етеді, не тіпті қамтамасыз етпейді де. Ұлттық экономиканың тиімді қызмет атқаруы үшін мемлекет органдарының назары осы объектілерге бағытталуы тиіс.
Экономиканы мемлекеттік реттеу объектілері міндеттерді шешу деңгейі бойынша ажыратылады: -салалар; -аймақтар; — фирмалар; -экономика секторы (өнеркəсіп, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, инфрақұрылым); -жалпышаруашылық үдерістер мен қарым-қатынастар (экономикалық цикл, ақша айналымы, жұмыспен қамтамасыз ету, бағалар, ҒЗТКЖ); -кең ауқымды үдерістер (əлеуметтік қарым-қатынастар, экология); — сыртқы экономикалық байланыстар; — ұлттықтан жоғары жəне əлемдік шаруашылық қарым-қатынастар (біріктіру үдерістері, халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу, экономикалық-саяси байланыстар).
Экономиканы мемлекеттік реттеу объектілерінің санын көптеп тізуге болады, олардың ішіндегі маңыздылары мыналар: — экономикалық цикл, шаруашылық жағдаяты; — халық шаруашылығының салалық жəне аймақтық, əлеуметтік, жандандыру құрылымдары; -капиталды жинақтаудың жағдайлары мен көздері; -ақша айналымы; -жұмыспен қамтамасыз ету; -бəсекелестік шарттары; -бағалар; — ҒЗТКЖ қамтамасыз ететін жəне кадрларды даярлайтын ғылыми- техникалық прогресс; -төлеу балансы; -елдің сыртқы экономикалық қызметі; -қоршаған орта.
Экономиканы мемлекеттік реттеу объектілерінің тізімі қоғамның микро жəне макро деңгейдегі шаруашылық өмірінің əр түрлі салаларын қамтитыны айқын көрінеді. Экономиканы мемлекеттік реттеу объектілері əр елдерде əр жылдары əрқалай рөл атқарады. Жұмыссыздық деңгейі жоғары елдерде Экономиканы мемлекеттік реттеу объектілерінің ішінен жұмысқа қабілетті адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету жетекші орын алады, ал инфляция деңгейі жоғары елдерде бұл орынды бағалар алатыны сөзсіз. Бір мемлекетте экономиканы мемлекеттік реттеудің бір объектілері заман талабына сай жетекші орын алып,кейбіреулерінің төмен сатыға түсуі үнемі қайталанып тұрады.
Ұзақ мерзімділік тұрғысынан экономиканы мемлекеттік реттеудің басты объектісіне ұлттық байлықтың жəне елдің экономикалық əл-ауқатының өсуін жатқызса, орта мерзімділік тұрғысынан экономикалық циклды жатқызады, ал қысқа мерзімділік тұрғысынан шаруашылық жағдаяты жатқызылады.
Аталған объектілерді реттеу мақсатындағы жүргізілетін мемлекет шаралары дағдарыс не тоқырау кезінде тұтынушылық жəне инвестициялық сұранысты ынталандыруға, шетелдік капитал мен туристердің келуін қамтамасыз етуге, жұмыспен қамтамасыз етуге, тауарлар мен қызметтердің экспортына бағытталуы тиіс. Ол үшін жеке капиталға қосымша қаржылық жағдай жасалып, мемлекет шығындары өседі. Жұмыс күшін көп қажет ететін қарқынды даму кезеңінде жұмыс күші бағасының өсуіне əкелуі мүмкін, ал бұл тауар мен қызмет бағасының өсуіне тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Сол себепті мемлекет экономикалық өсуді тежеп отыруы керек. Бұл іс-əрекеттер болашақта өнеркəсіп пен инвестицияның бəсеңдеу деңгейі мен уақытын азайтуға жəне болашақта жұмыспен қамтамасыз ету мəселесін шешуге мүмкіндік береді.
Өндірістің салалық жəне аймақтық құрылымы экономиканы мемлекеттік реттеудің маңызды объектісі болып табылады. Қаржылық ынталандыру жəне мемлекеттік инвестицияны қолдану нəтижесінде жеке салалар мен аймақтарға ерекше жағдай жасалады. Мемлекеттің мұндай көмек көрсетуіндегі көздеген мақсаты əрқалай болуы мүмкін. Ұзақ уақыт дағдарысқа ұшыраған салалар мен аймақтарға қолдау көрсетіледі немесе мемлекеттің əлемдік экономикада жетекші орын алуына жəне ішкі экономикалық жағдайына озық өзгерістер енгізуге бағытталған жаңа салалар мен жаңа өндірістердің дамуы қолдау тауып отырады.
Ю.А.Тихомиров объектіні «субъектінің ықпал етуімен басқару жүйесінің жалпы мақсаттарына жету үшін жұмыс жасайтын құрылымдық əлеуметтік жалпылық» деп сипаттайды.
Нарық экономикасы бар елдерде мемлекет капиталдың жинақталуын реттеп отырады, өйткені экономикалық қызметтің басты мақсаты – табысты өндіру, иемдену жəне капиталдау. Қор жинауды қолдауға бағытталған мемлекеттік экономикалық саясат шаруашылық субъектілерінің мүдде-лерімен сай келіп отырады. Инвесторларға салалар мен аймақтар бойынша қолдау көрсете отырып, мемлекет органдары өндірістің құрылымы мен экономикалық циклға ықпал етіп отырады.
Мемлекет жұмыспен қамтамасыз етуді реттеп отырады. Ол нарықтық тетік тұрғысынан жұмыс күшінің сұранысы мен ұсынысын реттеп отыруы керек. Мұндай қатынас керек мамандықтар бойынша жалақысы қанағаттандырарлық болатын білікті мамандарға деген экономиканың қажеттілігін қанағаттандыруы тиіс. Дегенмен, жұмыс күшіне деген сұраныстың өсуі нəтижесінде жалақының шектен тыс көбеюі де ұлттық бəсекелестікке кері əсерін тигізуі мүмкін. Сонымен қатар, жұмыспен қамтамасыз ету деңгейінің күрт төмендеп кетуі де жайсыз жағдайларға, жұмыссыздыққа, тұтынушылық қабілеттің төмендеуіне, мемлекеттік бюджетке салық төлемдері көлемінің аз мөлшерде түсуіне, жəрдемақыға берілетін мемлекет шығынының өсуіне, жалпы əлеуметтік тұрақсыздыққа əкеледі.
Ақша айналымы мемлекеттік реттеудің басты объектілерінің бірі болып саналады. Бұл жердегі мемлекеттің көздеген мақсаты – экономиканың дамуына инфляцияға ұрынбайтындай жағдайлар жасау. Бұл жағдайда баға, жинақтау шарты, əлеуметтік қатынастар сияқты экономиканы мемлекеттік реттеудің басқа объектілеріне де əсері болып отырады.
Төлем балансы елдің экономикалық саулығының объективті көрсеткіші болып саналады. Сол себепті нарықтық шаруашылығы бар барлық елдерде мемлекет төлем балансының стратегиялық реттелуіне үнемі ықпал етіп отырады. Реттеліп отыратын негізгі объектілердің біріне сонымен қатар баға жатқызылады. Бағаны мемлекеттің реттеуі тура жəне жанама түрде болуы мүмкін. Бағаны тура реттеу кезінде экономика салалары өнімінің бағасы (ең бірінші болып табиғи монополия өнімдері) нұсқаулық түрде белгіленеді.
Бағаны жанама реттеу шығарылған өнімнің өзіндік құнына салықтардың қосылуы жəне акциздік төлемдердің енгізілуі арқылы болып отырады. Бағаның қарқыны мен құрылымы экономиканың жағдайын объективті түрде анықтайды. Сонымен қатар, бағаның өзі де өндіріс құрылымына, инвестициялау жағдайына, ұлттық валютаның тұрақтылығына, əлеуметтік қатынасқа ықпал етіп отырады.
Мемлекеттік органдар жеке фирмаларды ғылыми зерттеулерді дамытуға жəне оның жетістіктерін жүзеге асыруға, тауар экспортына, білім, тəжірибе жинақтауына ынталандырып отырады.