Жамбыл Жабаев туған күні 1846 жылдың ақпан айының соңғы жұлдыздарында дүние есігін ашқан. Туған топырағы — Қазіргі Жамбыл тауының етегінде. Жамбыл Жабаев дүниеге келгенде Жетісу Қоқан хандығының қол астында еді. Қоқан ханы Құдиярдын Жетісу еліне салған лаңы аз емес-ті. Оның датқалары елді жаялыққа айналдырып, аузына қақпақ, басына тоқпақ болған. Опасыз шапқыншылықтан әбден ерқашты болып титықтаған қалың жұрт сынаптай сырғып, жөңкіліп көше берген, Ығысып, үдере көшкен сондай бір боранды қыста Ұлдан ана көш жөнекей түйе үстінде толғатып, болашақ ақын ықтырма күркеде дүниеге келеді.
Жамбылдың өзін көрген, өмір жолын білем дейтін кісілердің айтуынша, жаудан ығысып көшіп келе жатқан ауыл толғақ қысқан Ұлдан ананы көрген соң, көшті тоқтатып, жүк артқан түйелерді шеңбер жасай шөгеріп, айнала жүкпен қоршап, киіз тұтып, ықтырма жасайды. Ұлдан ана осы ықтырмада босанады.
Жамбыл бала күнінен бетті болып еркін өседі. 8 — 9 жасқа келген соң-ақ қойшылармен, жылқышылармен бірге жүріп, солардан неше алуан аңыз әңгіме, өлең-жыр естиді. Өзі де жыр айта бастайды. Асау тай үйретіп, бас білдіруді де өзінің ең сүйікті, қызықты әдетіне айлалдырады. Сөйтіп, жарқын жүзді, көпшіл, өр мінезді қайсар Жамбыл Жабаев ел ішіне тез танылады. Оның көргенділігі де елге қатты ұнайды. Бірде ол ауыл сыртынан Қазыбек деген карт кісіні көріп, оған арнайы бұрылып келіп сәлем береді. Қарияның жолаушылап келе жатқанын біліп, үйіне шақырып алып келеді, атын байлап, үйінің есігін ашып, өзін төрге шығарады. Бел жазып, үй-ішімен жөн сұрасып, көңілі жайланған қонақ Жападан баласының жасы, ісі туралы сұрайды. Жапа баласының ісін айтып, ісіне көңілі толмайтындығын білдіргенде, Қазыбек ақсакал: «Жүзі ашық, жанары нұрлы екен, бетін қайтарма, теріс кетпес» дегенді айтады. Жамбылдың бала кезіне қатысты осы секілді басқа да әнгімелер бар.
Жамбылдың ата-тегі кедей, момын шаруа болған. Әкесі Жабай орта бойлы, жұмыр денелі, ат үстінде әбжіл, найзагер кісі екен. Досына мейірбан, дұшпанына қатал болса керек. Оның ел, жер, барымта дауларына араласып, бітімгершілік айтқан кезі де болыпты. Осындай ерекше мінезін, жауынгерлігі мен бітімгерлігін ұнатқан Әшекей оны қасына алып, өзінің малшы жігіттеріне басшы етіп ұстайды.
Жабайдың жұбайы Ұлдан Орымбетқызы Жаныс елінен. Олардың ата-бабалары ертеде Қаскелең, Шу, Талас және Ұзынағаш бойында көшіп-қонып жүрген. Әшекей -сол Жаныс елінің ауқатты, белді адамы. Ұлдан көп сөйлемейтін, сөйлесе тауып айтатын, турашыл тік мінезді, әрі абысын-ажын арасында бетті, беделді ана болыпты. От көзді, тәмпіш мұрынды, бүйрек бет, нұрлы жүзді, қызыл шырайлы кісі екен. Жамбыл Жабаев сол анасынан айнымаған деседі. Ұлдан той-жиындарда қиыстырып өлең айта беретін, әсем дауысты әнші екен. Бірақ онысын өнер тұтпаған.
Жабайдан Тәйті, Жамбыл, Қоман атты үш ұл туған. Жабайдың әкесі Ыстыбайдан Қазыбай, Жабай, Жадыра туады. Ал Ыстыбай Байтөбет деген кісінің тоқалынан. (Оның бәйбішесінен Бұғы, Марал, Бәйіт тарайды. Бұғыдан Кененбай, Байбосын, Деңгелбай, Теңселбай деген төрт жігіт — бәрі де өнерпаз, сері, домбырашы, әрі палуан болыпты. Маралдан Мейірман, Сәтбай, Мырзалы, Шопа, ал Бәйіттен — Халық, Әлтай, Ыдырыс. Бұлардың Шопадан басқасы момын шаруа екен. Шопа найзагер, батыр болған деседі. Байтөбеттің әкесі Сәдібек кезінде ел билеген кісі көрінеді. Одан Алтыбай, Жетібай, Толыбай, Ырысбай туған. Сәдібектің әкесі Сопақ, одан Таңатар. Оның әкесі Өтеп — Жамбылдың жетінші атасы.
Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылық қызметі өте күрделі. Ол жүз жасап, екі дәуірді басынан өткерген ақын. Жамбыл өмір сүрген дәуір Россияда демократиялық көзқарастың кеңінен қанат жайған, әдебиет пен мәдениет ілгерішіл, ағартушылық, демократиялық жолмен дамыған кез болса, Қазақстанда өндіріс орындарының ашылып, оған шетел өнеркәсіпшілерінің иелік еткен тұсы еді. Бұл кезде қазақ халқының саяси өмірінде күрделі өзгерістер болып жатты. Атап айтқанда, қазақ халқы Россияға қосылып, орыс халқымен экономикалық әлеуметтік қарым-қатынас жасай бастайды. Қазақ даласының терістік, батыс жағынан шығыс пен оңтүстігіне қарай бет алған орыс әскери экспедициясының алды Алатау атырабына жетіп, бекініс, қамалдар кұруға кіріскен шақ. Бұл кезде Қазақстанның оңтүстік жағы, Жетісу өңірі түгелдей Қоқан хандығының кол астында еді. Осы кезде қазақтың байлары мен ел басқарған кісілерінде екі түрлі жол жатты. Бірі — орыс әскери экспедициясымен бірігіп қоқандықтарға қарсы шығу. Екіншісі — қоқандықтармен тіл табысып, орыстарға карсы күресу. Жетісу казактары, онын ішінде Шапырашты руының Бөлек, Сұраншы, Сарыбай сияқты ел басы, батырлары орыс армиясына қосылады, сөйтіп қоқандықтарға қарсы шабуылға шығуға бекінеді.
Жамбыл ұстазы Сүйінбайдан бата алғанда, он бес жаста. Сүйінбайды пір тұтып, Жаныс ақынды жеңетінде ол жиырма жаста, «Сарыбайға» өлеңін айтқанда — он тоғызда. Жамбыл Жабаев Сарыбайды өмір бойы қадірлеп өткен. Албырттықпен қыз алып қашса да, молданың оқуынан безсе де үнемі би ағасына келіп жүгінетіні сондықтан.
Жамбыл ақындық айтысқа 17 — 18 жасында араласып, көптеген өлең-жырларын, «Көрұғлы», «Өтеген» сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған. Сүйінбайдың өз тұсында аса ірі тұлғалы шешен, алғыр ойлы, парасатты ақын болғаны белгілі. Оның өлең, толғау, айтыстарынан реалистік, демократиялық, халықтық сипаттар айқын ақғарылады. Сүйінбай өз заманының әділетсіздерін шен-дәрежесіне, бедел-бедеріне қарамастан сынап отырған. Еңбекші бұқараны, оның арасынан шығып, қорғаны болған Сұраншы, Саурық, Сыпатай сияқты батырларды жырлаған, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған.
Жамбыл өз бойына Сүйінбай ұстазынын ақындық, азаматтық өмірінің осы қасиетін дарытады. Оның Өтеген, Сұраншы, Саурық, Жабай батыр туралы дастандарын және Тезек төремен, қырғыз ыршысы Қатағанмен айтысын үйренеді. Шәкірттің жаттап алғыштық қабілеті бұл кездері аса ересен болса керек.
Жиырма жасқа келген шағында Жамбыл Жабаев Жаныс ақынмен кездесіп жеңіп шығады. Жаныс ақын Жамбылмен кездескенге дейін Шықай деген акынды жеңген. Шықай Жамбылға көрші ауылдан екен. Сол айтысты көзімен көргендер Шықайдың жеңіліп қалғанына намыстанып: Жамбылға келіп шағынады. Айтыс дегенде түлеп, томағасын тартқан қырандай дүр сілкініп, шыға келетін жиырмаға жаңа ғана іліккен ақын Жаныс ақынмен кездесуге асығады. Шықайды жеңген соң Жаныс ақынның да көңілі тасып, қалайда Жамбылмен айтыссам деген желікті көңілдің жетегіне түседі. Акыры, бұл кездесудің сәті түседі. Жаныс Жамбылға өзі келіп өлеңмен тиіседі. Бірақ сүрінеді.
Жиырма жастан асқан соң, Жамбыл ауыл айналасынан ұзап шығып, ақындық өнерінің көкжиегін кеңейте береді. Жыр айтып, саятшылык та құрады. Ақынның «Жылқышы», «Пұшықтың ұрыға айтқаны» секілді өлеңдері осы кезде айтылады. Айкүміспен, Бөлектің қызымен айтыстары да осы тұста өтеді. Жамбыл бұл кезде жиырманың төртеу-бесеуінде еді.
Жамбылдың жастық дәуренінің бір сырлы оқиғасы оның Сара қызбен танысып, ән-жырымен табысуы еді. Ақын Сарамен 1875 жылдың күзіне қарай Қарқара жайлауында кездеседі. Айлы түнде алтыбақан басында Сара қыз салт жолымен ауылдың алты ауызын айтады. Айлы түнде ай нұрына малынып тұрып Жетісудың байырғы әуенімен сызылтып, тамылжытып ән салған Сара Жамбылдың Жас жүрегіне шоқ салып, неше алуан күйге түсіреді. Ән салған кезде шырайлы қыздың әдемі өңі де балбырап, оттай көзі де керемет бір нұрға малынып, танадай көздері жанып, өзіне еріксіз тартқандай болады. Ынтыққан Жамбыл көкірегінде жалын боп шарпыған арман барын, сол арманның асыл еркесін осы жайлаудан, осы жайлауда ай нурына нұр қосып, айналасын да нұрға бөлеп, сырмен тербеген сұлу әннен-тапқанын жырға косады. Сара да алтыбақанда тербетіліп, адамның буынын алып, жүрегін жандыратын неше түрлі ән айтады. Жамбылдың тілегіне тұспалдап жауап қайтарады. Бұдан кейін де Жамбыл мен Сара осындай сауық кештерде, жиын-тойларда бірнеше рет кездеседі. Сараның халық әнінің әуенімен «Угай-угай, ай-угай!» деп салатын әні Жәкеннің жүрегінің өз жырына, өмірлік сырына айналып кетсе керек.
Екі өнерпаз әнмен табысып, жүрекпен ұғысады. Өмірлік жар болуға уәде де байласады. Бірақ қыздың әкесі карсы болып, екеуінің кездесуіне тыйым салады. Қызын атастырған жеріне ұзатады. Шыдай алмай, Жамбыл Сараның келін боп түскен жеріне де барады. Жөнін тауып кездеседі, Сара сонда көзінің жасын зарына қоса төгіп отырып, өмір бойы арманда, шерменде болып мұңлықта өтетінін айтады. Мұны сезгек күйеуі асыл қыздың қадіріне жетпейді, бейшараны. жәбірлеп, ұрып-соғады. Ақырында осыншама қасірет пен кайғыны көтере алмай ару Сара құсадан қайтыс болады.
1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліске Жамбыл Жабаевтың белсене араласқаны тарихтан белгілі. Бұл кезде жасы жетпіске жеткен кәрі тарлан қартайдым деп от басында отырып қалмады. Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің отты үндеу жырларын толғады. «Патша әмірі тарылды» өлеңі бұрын жаз жайлауын, қыс қыстауын жайлап еркін жатқан елге патша әмірінің төтеннен бүлік салуын суреттеуден басталады. Ер-азаматтар қара жұмысқа айдалады, Жергілікті бай-болыс, старшиналар Верный губерниясының әкімдерімен бірігіп алып, Үлкенсаз, Үшқоңыр, Қүмбел, Қарақия, Майтөбе, Қарабастау, Құлансаз жайлауларындағы мал баққан шаруаларға отрядтарын аттандырады. Патша жарлығына қарсы шығып, көтеріліске қатыскандарды аяусыз жазалайды. Бұл оқиғаларды көрген, солардың ортасында жүрген ақын бейтарап қала алмады, ел қасіретін қабырғасы қайыса сезінеді.
Жамбылдың аталған «Туған елім», «Ленин Мавзолейінде», «Халықтың сәлемі», «Өмір жыры» сияқты өлең, толғаулары қазақ халық поэзиясының ең озық үлгілері болумен қатар Н. Байғанин, Н. Бекежанов, О. Тайманов, Ү. Кәрібаев, Н. Баймұратов, Д. Әлімбаев, С. Жанғабылов, С. Әлімбетов, О. Шипин, С. Қерімбеков секілді көптеген ақындарға дем берді. Жамбыл ақындықтың жаңа көшін бастады.
Жамбылдың ақындық тұлғасы, оның поэзиясы бұл жылдары айта қаларлықтай ірі кұбылыс болып табылды. Ол қазақ әдебиетінің даңқын бүкіл әлемге жайды. Дәстүрлі жырдың жаңа дәуірге сай қайта жаңғырып өркен жаюының куәсі болды. Халық поэзиясын идея, тақырып жағынан байыта түсті.
Ұлы Отан соғысы басталғанда, ақын Алматыда ауруханада жатқан еді. Соғыстың басталуы туралы хабарды естіген соң, төсек тартып жатқан ақын орнынан тұрып, ауылына қайтады. Майданға құлағын тігіп, жауынгерлерге, қалың елге жырымен дем береді. Ақынның соғыс жылдары Отан қорғау такырыбына арнап шығарған-жырларының жалпы көлемі 3000 жолдан асады.
Жамбылдың жүз жыл бойы адамдықтан, адалдықтан таймай соққан абзал жүрегінен туған өлең-жыр майдандағы кеңес жауынгерлерін жеңіске, ерлікке жігерлендірді. Қарт ақынның әкелік, аталық махаббатына толы жырларын әр жауынгер өз ата-анасының сөзіндей, Отан үніндей қабылдады. Майдангер ақын-жазушылар Жамбыл жырларының мұндай кұдірет-күшін тебірене отырып еске алады. Мысалы, жауынгер жазушы В. Вишневский «Правда» газетінің 1944 жылғы 4 желтоқсанындағы санында Кеңес жауынгерлері Жамбыл жырын тұтастай қазақ халқының үніндей қабылдады. «Қазақ халқы бізге туысқандық сәлемін, махаббаты мен достығын білдірді, біз күшімізге күш қосып, буырқанып жаумен шайқасқа шықтық», — деп жазады.
Көнө грек Гомерінің қайда туғанына осы күнге дейін жеті шаһар таласады. Гомер анадан туды ма, ойдан туды ма, ол әлі таласта. Қазақ Гомерінің туған елі — ұлы жүз, Екей. Тоқсан мен жүз жастың арасындағы он жылда ұлы Жамбыл — Гомер атанды. Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы жылында бүкіл дүние таныған атақ алуы да — феномен, сирек кездесетін, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр» деп жыр дарияның бастау арнасы мен мың сан иіріміне де енеді, өлең-өнердің көркемдік құпиясына да ден қояды. Біздіңше, С.Сейфуллин мен Ғ.Мүсіреповтің көзқарас мұраттарынан, талантты тану мен бағалауға қатысты ой-пікірлерінен ақындық өнердің жарық жұлдызы -Ж.Жабаевтың өмірі мен өнерпаздық сырлары, айрықша құбылысты тұстары, тұлғалық табиғаты терең танылады.