«Алып Ер Тоңа» дастаны — ежелгі түркі тайпаларының шежіресін аңыздар мен тарихи деректер негізінде баяндайтын қаһармандық жыр. Бұл дастанның сюжеті мен жекелеген үзінділері ғана бізге жеткен. Әйтсе де сол үзінді түрінде сақталып келген жыр жолдарының өзінен-ақ сол дәуірдің сөз өнері жайында көп жәйтті аңғаруға болады. Дастанның басты қаһарманы — Алып Ер Тоңа, Алып Ер Тоңа — аты аңызға айналған тарихи тұлға. Дастанда ол ежелгі түркі тайпаларының көреген көсемі, қалың қол бастаған ержүрек батыры.
Тұран әскерінің қолбасшысы Ер Тоңаның өз атына дастанда «алып» деген көне түркі сөзі қосылып айтылады. «Алып» дегеніміз — ежелгі түркі дәуірінде қолбасшы батырларға берілетін ресми титул. Түркі тайпалары ұғымында «алып» — ер, батыр, қаһарман деген сөз. Бұл әскери титулды, әсіресе, Түрік қағанаты тұсында кеңінен қолданылғаны мәлім. Түркілер өз батырларының атына «алып» сөзін қосып айтатын болған. Мәселен: Алып Тегін, Алып Арслан, Алып Бұқа, Көк Алып сияқты қол бастаған батырлар болған.
«Алып Ер Тоңа» түркі елінің аңызға айналған билеушісі, батыры, қаһарманы, оны парсылар Афрасиаб деп те атайтыны мәлім». Кезінде Тұран мен Иран елдері арасында болған соғыс кездерінде Алып Ер Тоңа сан рет Тұран әскерін басқарып, талай мәрте ғажайып жеңістерге жеткен. Бұл жайында Фирдоуси өзінің әйгілі «Шахнамасында» кеңінен толғайды. Тұран елінің батыры Алып Ер Тоңаны ұлы шайыр өз дастанында Афрасиаб деп атаған.
Қазақтың тұңғыш тарихшысы Хайдар Дулатидің айтуы бойынша, Алып Ер Тоңа батырдың, яғни Афрасиабтың ататек шежіресі төмендегідей болып келеді: «Афрасиабтың әкесі — Пишен (Бешен), Пишен — Дад Нишиннің баласы, Дад Нишин — Турдың баласы, ал Тур болса Африддунның баласы. Бұл деректер «Тарихи-и гүзида» кітабы бойынша келтіріліп отыр. Ал, мұның өзі Ходжа Рашидад-дин Фазлаллахтың «Маджма тауарих» атты еңбегінен алынған еді».
Алып Ер Тоңаның төрт баласы болған. Олар: Барсхан, Қарахан, Шиде, Алақ. Алып Ер Тоңаның ататегі ежелгі түркі тайпаларынан шыққанын айта келіп, Н. Я, Бичурин: «..Тун Шеху хан батыр болды, оның әрбір соғысы жеңіспен бітіп отырды… Ал, оның немересі Нишу 630 жылдары Тунь алэу (Тоңа алп) Валиба Дулу хан деген лақап атпен таққа отырды» дейді.
Алып Ер Тоңа туралы кезінде Әбу Райхан әл-Беруни, Махмұд Қашқари, Хамза Исфахани, Рашидад-дин т.б. пікір айтқан. Бұлардың бәрі де Алып Ер Тоңаны V — VI ғасырларда, яғни Батыс Түрік қағанаты (VIII ғасыр) құрылғанға дейінгі дәуірде өмір сүрген қайраткер ретінде көрсетеді.
Ал, кейбір зерттеушілер оны біздің заманымыздан бұрынғы VII ғасырда өмір сүрген ғұндардың көсемі деген пікір айтады. Қалай болған күнде де Алып Ер Тоңаның тарихи тұлға екені, ежелгі түркі жұртын билеген әмірші болғаны, Тұран мен Иран арасындағы соғыста түрік әскерін басқарғаны анық. Кезінде оның Мауаранахр, Жетісу, Сауран, Шаш (Ташкент), Сайрам (Испаджаб), Талас, Шу уалаяттарына билік жүргізгені де бізге аңызға айналған тарихи деректер арқылы жеткен.
Алып Ер Тоңа құрған мемлекет әр кездегі түрлі қоғамдық, саяси, әлеуметтік өзгерістерге орай өз астанасын бірнеше рет ауыстырып отырған сияқты. Түрлі тайпалық одақтардың бірлестігі ретінде ол құрған мемлекеттің астанасы Пайкент, Рамитан (ескі Бұхара), Баласағұн, Қашқар сияқты қамал-қалалар еді.
«Сувар-и акалим» («Әлем климатының суреті») деген кітаптағы деректерге қарағаңда, «Алып Ер Тоңа көптеген ғажайып қалалар салдырған, Солардың бірі — Ханбалық, яғни Баласағұн шаһары Афрасиаб ұрпақтарының қолында болған». Сондай-ақ Рамитан, Афрасиаб (Самарқанд шаһарының бұрынғы аты) қалаларын да ежелгі түрік елінің билеушісі Алып Ер Тоңа салдырған деген деректер бар.
Біз «Алып Ер Тоңа» дастанының көне тарихи шежірелерде сақталған жұрнақтарын да, кейінгі кездегі зерттеулерде мысал ретінде келтірілген жеке-жеке жыр шумақтарын да жинақтау арқылы осы дастанның жалпы сюжеттік желісін айқындай түсуге әрекет жасадық.
«Алып Ер Тоңа» дастанының мүлдем ұмытыла бастаған конструкциясын белгілі бір дәрежеде айқындап алуға Махмұд Қашқаридің «Диуани лағұт-ит түрк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік», Рашидад-дин Фазлаллахтың «Маджма тауарих» («Тарихи жинақ»), Әбу Райхан әл-Берунидің «Сувар-и акалим» сияқты орта ғасырда жазылған еңбектердің пайдасы тиді.
Сондай-ақ «Алып Ер Тоңа» дастаны жайындағы мәліметімізді толықтыра түсуге бұл салада жемісті еңбек еткен Түркия елінің Басым Аталай, Рахмети Арат, Исмаил Ертайлан, Фуркат Көпрүлүзаде, Нихад Сами Банарлы сияқты әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдарының еңбектері де көмектесті.
Бір қызығы — парсы елінің ұлы шайыры Әбілқасым Фирдоуси осы «Алып Ер Тоңа» дастанын толық күйінде оқыған сияқты. Ол өзінің әлемге мәшһүр «Шахнамасында» Тұран елінің патшасы, әскери қолбасшысы, даңқты батыры Алып Ер Тоңа жайындағы әфсана-аңыздарды, тарихи деректерді, мақтау өлеңдері мен жоқтау жырларын аса дарынды сөз зергеріне ғана тән шеберлікпен пайдалана білгені көрініп-ақ тұр. Алайда бұл арада мықтап ескеретін бір жәйт бар, Алып Ер Тоңа — Тұран елі үшін жағымды қаһарман, ал Иран жағы үшін ол нағыз жау, басқыншы патша екені мәлім.
Сол себепті ұлы шайыр «Шахнамада» Алып Ер Тоңаны, яғни Афрасиабты бір жағынан жанкешті батыр, орасан күштің иесі, дарынды қолбасшы етіп көрсетсе, екінші жағынан, Иран елін қанға бөгеуте әзір тұрған залым патша ретінде бейнелейді. Соның өзінде, фирдоуси өз шығармасында Алып Ер Тоңаның түркі дастанындағы батырлық келбетін көп өзгертпей сол күйінде сомдап берген сияқты.
Сонымен «Алып Ер Тоңа» дастанының қысқаша мазмұны төмендегідей: түркілердің атамекені Тұранға көрші отырған Иран елінің әскері қайта-қайта шабуыл жасап, тыныштық бермейді. Тұран елінің сұлу қыздарын, асыл бұйымдарын, қоңды малдарын тартып әкетіп жатады. Дихандардың енді ғана жайқалып өсіп келе жатқан егіндерін, бау-бақшаларын парсы әскері таптап тастай береді.
Сол заманда Тұран елінде «арыстандай айбарлы, жолбарыстай жүректі, көк бөрідей тәкаббар» Ер Тоңа деген батыр жігіт бар екен. Ер Тоңа елден көп нөкер жинап, Иран әскеріне қарсы шығады.
Тұран мен Иран әскері Дехистан деген жерде кездеседі. Бұл жер екі биік таудың ортасындағы кең жазира дала болады. Екі жақтың әскері үш күн, үш түн дамылсыз шайқасады. Жап-жасыл дала енді қып-қызыл қанға боялып кетеді. Адам өліктері тау-тау болып үйіліп қалады. Ақыры Тұран әскері жеңіп, Иран әскері ойсырап жеңіледі. Сол күннен бастап Ер Тоңаны «алып» деп атай бастайды. Енді ол халық алдында Алып Ер Тоңа деп аталады да, Тұран патшасының тағына отырады. Дехистанда болған соғыста Тұран әскері Иран патшасын тұтқындап, аяқ-қолын шынжырлап әкетеді. Иран жағы оны тұтқыннан босатып алу үшін тағы да соғыс ашады. Алайда Иран шахын балтамен біт түнде шауып өлтіріп тастайды.
Сөйтіп, «Алып Ер Тоңа» дастаны — түркі халықтарының ежелгі ерлік тарихын аңызға айналған шежіре-деректер негізінде баяндайтын, көне түркі фольк-лорының дәстүрлі талаптарына сәйкес туындаған қаһармандық жыр.
Пайдаланылған әдебиеттер: Келімбетов Немат. Қазақ әдебиеті бастаулары (Көркемдік дәстүр жалғастығы). Зерттеу. Алматы «Ана тілі», 1998.-256 бет.