1774 жылы француз ғалымы А.Лавуазье ауаның 4/5 бөлігі азоттан, 1/5 бөлігі (көлемі бойынша) оттектен тұратын газдар қоспасы екенін дәлелдеді. Ауаның сапалық құрамын мынадай тәжірибемен анықтауға болады: ауамен толтырылған шыны қалпақ суға төңкеріледі. Темір қасыққа салынған қызыл фосфорды тұтатып, суға төңкерілген қалпақ астында жақса, су қақпақтың 1/5 бөлігіне дейін көтеріледі. Өйткені фосфордың жануына ауа құрамындағы оттек қана жұмсалады, ал қалған газ — азот реакцияға қатыспайды (21-сурет).
XIX ғасырдың соңындағы зерттеулер ауа құрамына оттек пен азоттан басқа 5 түрлі газ: гелий He, неон Ne, аргон Аr, криптон Kr, ксенон Хе кіретінін көрсетті. Бұл газдар химиялық белсенділігінің төмендігінен инертті газдар деп аталады. Жоғарыда айтылған жай заттардан басқа ауа құрамында мөлшері өзгеріп тұратын көміртек (IV) оксиді мен су буы бар.
Көмірқышқыл газы (СO2) мен су буының мөлшері әртүрлі жағдайға байланысты өзгеріп тұрады. Мысалы, ауа райының ылғалды және жылы кезінде су буы көптеу, құрғақ және суық кездерде аздау болады. Жану процесінің нәтижесінде көміртек (IV) оксидінің мөлшері көбейіп, оттек азаяды. Табиғаттағы әртүрлі құбылыстардың нәтижесінде, мысалы, жер сілкінгенде, жанартау атқылағанда, отын жанғанда өндіріс орындарынан ауаға азот оксидтері: NO, NO2, күкірт оксидтері: SO2, SO3 және күкіртсутек H2S газдары бөлінеді.
Қазіргі кезде әсіресе ірі қалаларда қоршаған ортаға бөлінетін зиянды заттардың жартысынан көбі автомобильдер үлесіне тиесілі. Орта есеппен алғанда, жылына 15 мың шақырым жүретін әр автомобиль 2 т отын жағып, оған 26 — 30 т ауа, оның ішінде 4,5 т оттек жұмсайды. Бұл адамға қажет оттектің мөлшерінен 50 есе көп.
Атмосфера — қоршаған ортаның тіршілік үшін аса маңызды бөлігі. Атмосфераны қорғауға байланысты жүргізілетін іс-шаралар. Атмосфераны қорғау шаралары адамның тіршілік ортасында зиянды заттардың мөлшері ШРК-дан (шекті рұқсат етілген концентрация) артық болмауын қамтамасыз етеді.
Әртүрлі газдарды тазартуда құрғақ шаңтұтқыштар — циклон аппараттары қолданылады. Газдарды шаң мен тұманнан тазартуда ең көп қолданылатыны — электрсүзгілер. Бөлінетін газдарды жоғары деңгейде тазарту үшін көпсатылы тазарту аппараттары қолданылады. Ірі қалаларда сырттан келетін жүк машиналарының санын азайту үшін қалаларды айналып өтетін жолдар мен жолайрықтар салынуда.
Ауаға зиянды және иісті заттар бөлетін кәсіпорындардың кейбір бөлімдері санитарлық қорғаныс зоналарымен бөлініп, тұрғын үйлерден аулақ орналастырылады. Өндіріс шаңы мен зиянды газдардың концентрациясын төмендету үшін ағаштар, шөптесін өсімдіктер көптеп отырғызылады.
[alert]Сен білесің бе? Адамның сол жақ өкпесіне қарағанда оң жақ өкпесіне ауа көбірек сыяды. «Атмосфера ауасын қорғау» Заңында мемлекет атмосфераны ластамауға, қалпына келтіруге, адамдардың өмір сүруі мен еңбек етуіне, демалуына қолайлы жағдай жасауға, денсаулығын сақтауға көңіл бөледі деп жазылған.[/alert]
Пайдаланылған әдебиеттер: Оспанова М.Қ., т.б. — Химия. Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Мектеп, 2017. — 136 б., сур.