Бәсеке — ол құрылыс фирмаларының нарығы жағдайында жан сақтап өмір сүру үшін, өзара жарыс пен бақталастықтың бір түрі. Бәсеке іскерлік қатынастардың әр субъектісінің өзінің экономикалық әлеуетін іске асыруға деген егемен құқынан туады.
Кәсіпкерлер арасындағы бәсеке — ол жаңа, тиімдірек құрылыс өнімі мен қызметтерінің, жаңа идеялардың, жаңа жобалардың және басқасының алға өрлеуі. Нақ осы бәсекенің арқасында өмір бай, әрі қызықты бола түседі, ал экономика қарқынды адымдармен алға жылжитын болады. Бәсеке нарықтық экономика өміршеңдігінің негізі болып табылады.
Кәсіпкерлер арасындағы бәсекенің даусыздығы сатып алушылар мен сатушылардың нарықтық экономикадағы басымдығынан туған. Нарықтық экономика жағдайында бәсекенің үш: жасампаз, бейімделуші, қамсыздандырушы (кепілдік беретін) тұрпаты ажыратылады.
Жасампаз бәсеке орнағанда, бәсекелестердің іс-әрекеттері нарықтық қатынастардың әлдебір жаңа құрамдас бөлшектерін тудыруға бағытталған іс-шаралар жүйесінен тұрады: жаңа өнім, жаңа технологиялар, құрылыс өндірісін ұйымдастырудың жаңа әдістері, құрылыс өнімін сатудың жаңа әдістері және басқалары бәсекелестерден асып түсуге мүмкіндік берер еді. Жасампаз бәсекенің негізгі белгісі — нарық субъектілерінің сұраныс пен ұсыныстың қолданылып жүрген құрылымын өзгертуге ұмтылуы.
Бейімделуші бәсеке құрылыстағы индустриялық-инновациялық өзгерістерді есепке алудан және бәсекелестердің құрылыс өндірісін жаңартуға байланысты іс-әрекеттерінің алдын алуға тырысудан тұрады.
Бейімделушілік бәсеке кәсіпкердің өзінің инновациялық мүмкіндіктеріне түпкілікті сенімділігі болмаған жағдайда қолданылады. Сондықтан кәсіпкер-құрылысшы, бәрінен бұрын, аз уақыт ішінде нарықтың осы бағытта жұмыс істейтін басқа субъектілерінің жетістіктерін көшіріп алуға ұмтылады.
Қамсыздандырушы бәсеке кәсіпкер-құрылысшының: өнім сапасын көтеру, құрылыс өнімі ассортиментінің түрлерін өзгерту, кепілді қызмет көрсетуге байланысты қосымша қызметтер көрсету есебінен нарықта қол жеткізген үлесін сақтап қалуға және тұрлаулы етуге ұмтылуына негізделген. Қамсыздандырушы бәсеке кәсіпкердің өндірістік, құрылысқа қатысты және коммерциялық бағдарламаларды айтарлықтай өзгерту мүмкіндігі жоқ және инновациялық мүмкіндіктері осал кезде қолданылады.
Бәсекенің бір немесе басқа тұрпатын кәсіпкер-құрылысшы бәсекенің әдістеріне байланысты қолданады. Бәсекенің: бағалық және бағалық емес деген әдістері ажыратылады. Бағалық бәсеке — кәсіпкерлердің құрылыс өнімінің шығындарын (өзіндік құнын) азайту және оны сатып алушыларға өткізу (сату), осы өнімнің ассортименті мен сапасын өзгертпестен, оның бағаларын төмендету негізінде қосымша пайда табу жолындағы жарысы.
Бағалық емес бәсеке: біріншіден, құрылыс өнімінің қасиеттерін өзгертуді; екіншіден, сол қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін жаңа (бұрын болмаған) құрылыс өнімін жасауды; үшіншіден, әлемдік құрылыс тәжірибесіндегі жаңа жетістіктерді ескере отырып, құрылыс өнімінің сапасын арттыруды; төртіншіден, құрылыс өнімін пайдалану бойынша кепілді қызметтерді жетілдіруді қамтиды.
Қазақстанның нарықтық экономикасы жағдайында бәсекенің бағалық емес әдістері басымдыққа ие. Бәсекенің стратегиясы мен тактикасын әзірлей отырып, құрылыс фирмасы, бэрінен бұрын, тұтынушылық сұранысқа қарай әрекет етеді. Ал енді осы тұтынушылық болжам шектерінде олар шығындарды азайту және бағаларды төмендету жолдарын белгілейді.
Бәсекенің бір немесе басқа түрін қолдану бәсекенің талаптарына, құрылыс фирмасының алдағы кезеңге деп әзірлеген бәсекелестік стратегиясына байланысты.
Бәсекелестік стратегия — ол фирманың құрылыс өнімін сатуға белгіленген мерзімдерге қол жеткізуге бағытталған іс-әрекеттерінің тұжырымдамасы. Бастапқыда (субъективтік мүдделерге сүйеніп) құрылыс фирмасының мақсаты құрылыс өнімі мен қызметтерді сату нарығында дара иеленушілікпен жоғары пайда алу үшін басымдыққа ие болуды көздейді.
Сонымен бірге нарықтық экономикасы бар мемлекеттің монополияға қарсы заңнамасы әрбір құрылыс фирмасының осындай субъективтік мүдделеріне қарсы әрекет етеді. Осы жағдайда әрбір құрылыс фирмасы жартылай стратегиялық ізденісті іске асырады, яғни өзінің қызметінде бір мезгілде кемінде екі стратегиялық ұстанымды — түйсік (өзінің) деңгейінде нарықты, эрі ойын ережелерін ескере отырып, нарықтық мемлекетті монополиялау ұстанымын; өзінің құрылыстағы қызметін нарықтың осы саласының жұмыс істеуінің біртұтас үдерісіне ықпалдастыру ұстанымын қолданады.
Бірінші ұстанымға сәйкес, фирманың іс-әрекеттері кәсіпкерлік құрылыс құрылымдары бәсекелестерінің санын азайтуға, ал екінші ұстанымға сәйкес, консорциумдар, корпорациялар, қауымдастықтар түрінде басқа құрылыс фирмаларымен ұзақ және қысқа мерзімдік ынтымақтастық есебінен, яғни инновациялық техника, технология, ақпараттық технология және басқалары туралы ақпараттармен алмасудың деңгейлес және сатылас байланыстарын пайдалана отырып, тәуекелдік дәрежесін азайтуға бағытталған.
Бірінші ұстаным бастапқыдан-ақ бәсекелестерге қатысты кемсітушілік іс-әрекеттерді жорамалдайды: ол нарықтағы тепе-теңдіктің өзгеруіне келтіреді; екіншісі құрылыс фирмалары арасындағы қарама-қарсылықтың азаюын, құрылыс өнімі мен қызметтері нарығында тепе-тең жағдайдың сақталуын жорамалдайды.
Нарықтық экономикадағы ықпалдастық — серіктестік ынтымақтастық емес, ол нарықтық тепе-теңдікті кез келген нарықтық мемлекеттің негізі ретінде түсінуге негізделеді. Стратегияны немесе стратегиялар үйлесімін құрылыс фирмалары бәсеке барысындағы рөл атқару және мазмұндық қызметтерге байланысты таңдайды.
Рөл атқару қызметіне сәйкес Қазақстанда құрылыс фирмаларын: а) көш бастаушыларға (нарықта 40% үлеспен); ә) көшбасшылыққа үміткерлер (нарықта 30% үлеспен); б) «жетекке ілескендер» (нарықта 20% үлеспен); в) жаңа келгендер (10% үлеспен «нарық салаларында бұғып жатқандар») деп бөлуге болады.
Аталған топтардың төртіншісі нарық саласын іздестірудің және онда орын тебудің қамын жейді. Бұл саланың ауқымдары жеткілікті үлкен, әрі табысты болуға, өсетін әлеуеті болуға және бәсекелестердің (әсіресе ірі) қызығушылығын тудырмауға тиіс.
Үшінші топ бірінші және екінші топтар өкілдерімен текетіреске түспейді: «жетекке ілескендер» күштері мен қаражатын үнемдеп, ірі де мықты фирмалардың соңынан көшбасшылар салған жолмен біршама қашықтық сақтап жүріп отырады.
Екінші топтың бойынан шабуыл жасай алатын әлеует табылады, әрі оның өкілдерінің монополистік дәмегөйліктері кімнің соңына түскеніне қатысты және өздерінің арасында айтарлықтай маңызды рөл атқарады. Көш бастаушылар ұстанымдары шабуылының жаппай (жан-жақты) сипаты болуы, демек, дереу көптеген бағыттарда (жарнама, бағалар, құрылыс өнімін жаңарту және т.б.) немесе қапталдық болуы, яғни бағыттардың бірі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
Бірінші топ басқа көшбасшылар мен көш бастауға үміткерлердің шабуылдарын тойтаруға және жаппай және қапталдық шабуылдардың тәсілдерін қолдануға мәжбүр. Нарықтағы жағдайға байланысты көшбасшылар қапталдық шабуылдарды тойтару үшін қапталдық қорғануды, ал әртекті тосқауылдар (бағалық, лицензиялық, квоталық және т.б.) құру жолымен жаппай шабуылдарды тойтару үшін шептік қорғануды қолдана алады.
Пайдаланылған әдебиеттер: Аманбаев Ү.А., «Кәсіпорын экономикасы». Оқу құралы, Алматы: «Бастау» баспасы, 2012 — 432 бет.