Каспий теңізінің қазақстандық секторын (КТҚС) игерудің мемлекеттік бағдарламасы: жер қойнауын пайдалану құқын беруге, инфрақұрылымды дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, қазақстандық мамандарды даярлауға, экспорттық көлік бағыттары құрылысын салуға және басқаларына байланысты бірқатар сұрақтарды қамтиды. Белгілі болып отырғандай, Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру кезеңі атқарылатын іс-шаралар мен жұмыстардың мазмұнына қарай ажыратылатын: 1-кезең — 2003-2005 жылдар — «Кешенді игеру шарттарын құру»; 2-кезең — 2006-2012 жылдар — «Табысты тұрлаулы ету» деп аталатын екі кезеңге бөлінген.
Қазіргі уақытта бірінші кезең бойынша бағдарламалар табысты аяқталды. ҚР Үкіметінің 2006 жылғы шілденің 13-індегі № 673-қаулысымен Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жоспары бекітіліп, аталған іс-шаралар қолданылып жатқан және іске асыруға жоспарланып отырған жобалармен байланыстырылған.
КТҚС әлеуетін жан-жақты бағалау негізінде, оны игерудің бірінші және екінші кезеңінде барлау және өндіру немесе тек барлау бойынша келісім-шарттар жасасу үшін берілетін блоктар айқындалды.
Солтүстік Каспий бойынша ӨБК (Өнімді бөлу туралы келісім) аясында 1999-2003 жылдарда жүргізілген іздестіру-барлау жұмыстарының нәтижесінде КТҚС-тің орасан үлкен әлеуеті анықталды. Қашаған, Қаламқас-теңіз, Ақтоты және Қайраң кен орындары ашылды. Солтүстік Каспий жобасының геологиялық қорлары — 5447,9 млн. тонна; Ақтотыда — 159 млн. тонна; Қайраңда — 150 млн. тонна, ал оңтүстік-шығыс Қашағанда 20 млн. тонна көлемінде.
Каспий теңізінің солтүстігіндегі Қашаған кен орны Қазақстанды әлемдегі көмірсутегі ресурстары бар жетекші елдердің қатарына шығарып отыр. Бірегей жаңалық Каспий аймағына орасан зор қызығушылық тудырып, оньің инвестициялық тартымдылығының көтерілуіне себеп болды.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы Қазақстан Республикасының Солтүстік Каспийдегі ӨБК бойынша уәкілетті органы ретінде жоба операторы өткізетін мұнай операцияларының өндірістік және қаржылық қызметінің тұрақты мониторингі мен басқаруын жүргізеді. Басқарушы комитет Қашаған кен орнын игерудің бастапқы жылында 21 млн. тонна мұнай өндіруді жорамалдайтын жоспарын бекітті. 2005 жылғы желтоқсанның 30-ында «Аджип ККО» операторы мұнай өндіру бойынша 147,55 млн. доллар мөлшерінде Қашаған бонусын (қосымша сыйақы) төледі.
2003 жылы ҚР МЭМР-і мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы тікелей келіссөздер негізінде төмендегідей келісім-шарттар жасасты:
- « Аташ» учаскесі шектерінде барлау жүргізу үшін № 1289-келісімшарт;
- «Түп-Қараған» учаскесі бойынша ӨБК келісім-шарты;
- 2006 жылғы шілденің 6-ында, бір жағынан, ҚР МЭМР-і және «ҚазМұнайГаз» ¥К» АҚ-ы, сондай-ақ, екінші жағынан, «РН-Қазақстан» ААҚ-ы арасында Құрманғазы учаскесі бойынша ӨБК шартына қол қойылды.
ҚР МЭМР-і және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы 2005 жылғы желтоқсанның 14-інде «Оман Прлз Компани Лимитед» компаниясымен ӨБК шартына қол қойды. «Н», «Жамбыл», «Абай», «Исатай», «Дарқан», «Сәтбаев» деп аталатын және басқа да жобаларды іске асыру дайындығы жүргізіліп жатыр.
2003-2005 жылдарда Жамбай учаскесінде Ю42 шақырым көлемінде сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыстардың нәтижелері бойынша алғаш рет осы аймақта мұнай іздестіруге айтарлықтай қызыгушылық тудыратын құрылымдық қақпандар анықталды. Олардың ішіндегі аса ірі болып саналатындары деп жер қыртыстарының тұзды жерлерінің үстінде және астында жатқан кешендердің үш: Қосарна, Еділ және Қарабұлақ құрылымын айтуға болады.
Жамбай учаскесіндегі құрылымның алғашқы кезектегі болашағын анықтау мақсатында, 2006 жылы алынған геологиялық-геофизикалық деректерге талдау және қорытындылау жүргізілді. Бірінші барлаудың № 1-ұңғымасын салу туралы ұсыныс жасалды. 2007-2012 жылдары алғашқы барлау ұңғымасының қажетті инфрақұрылымын жасауға кірісу жоспарланған. Аташ учаскесінде 2005 жылы жаңа мұрағаттық сейсмикалық деректерді өңдеу жэне ескілерін қайта өңдеу жүргізіліп, геологиялық-геофизикалық мағлұматтардың түсіндірмесі әзірленді.
Сейсмикалық-барлау жұмыстары (450 шаршы шақырымда) және ЭСНӘ (электр-барлаудың сараланған-нормаланған әдісі) бойынша 500 шаршы шақырым аумағында электр-барлау жұмыстары өткізілді. Алынған сейсмикалық-барлау және электр-барлау деректерін өңдеу де, түсіндіру де жүргізіліп жатыр.
Құрманғазы учаскесіндегі № 1-барлау ұңғымасының бұрғылау жұмыстарының нәтижелері бойынша көмірсутегінің бар болуы белгілері анықталмады. Қазіргі уақытта геологиялық үлгілерді нақтылау мақсатында 600 шаршы шақырым көлемінде сейсмикалық барлау жұмыстары басталды. Гравиметрикалық және магнитметрикалық жұмыстар, «Аймақтық геологиялық-барлау жұмыстары (ГБЖ) материалдарын талдау және қорытындылау» деп аталатын тақырыптық жұмыстар өткізіліп жатыр.
2007-2012 жылдардың негізгі міндеттері болып: мұнай мен газ кұрылымының болашағы зор учаскелерін анықтау, барлау ұңғымалары орнатылатын және құрылысы жүргізілетін орын туралы ұсыныстар беру аталады.
Мемлекеттік бағдарламаны орындауды ұйымдастыруда ары қарайғы дамуы: өндірудің тиімділігін көтеру; қазіргі бар кен орындарындағы мұнай мен газды өңдеу және тасымалдау; теңіздегі мұнай операцияларын, ілеспе инфрақұрылым мен қызметтер секторын дамыту; Солтүстік Каспий мен Қарашығанақ бойынша ӨБК-ні басқару жөніндегі ҚР Үкіметінің уәкілетті органының қызметтерін орындау секілді міндеттердің шешілуіне байланысты болатын ұлттық компанияға («ҚазмұнайГаз») ерекше рөл жүктелген.
Компания барлау және бағалау сатысындағы жобалардың операторы қызметін: ресейлік «ЛУКОЙЛ» компаниясымен бірлесе Түп-Қараған мен Аташ жобаларына қатысушы, сондай-ақ Құрманғазы жобасы бойынша оператор, «Інжу-маржандар» жобасы бойынша тең оператор болып саналатын «ҚазмұнайТеңіз» еншілес компаниясы арқылы орындайды.
Инфрақұрылым көлемдерін жобалауды, құрылысын салуды және пайдалануды басқару, теңіздегі мұнай операцияларын қолдау үшін, КТҚС-та «Теңіз-сервис» ЖШС-і құрылған. Теңіз арқылы тасымалдау бойынша қызметтер көрсету «Қазтеңізтрансфлот» ҰХБК-на (ұлттық-халықаралық бірлескен компания) жүктелген.
Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңінде теңізде мұнай операцияларын өткізу кезінде қызметтер көрсетудің инфрақұрылымы мен серсис секторы белсенді дамып келеді. ҚР МЭМР-і 2006 жылдың басында бекіткен КТҚС-тың жағалаудағы тармақтарын дамытудың жан-жақты жоспарында тікелей мұнай-газ және ілеспе инфрақұрылымның негізгі нысандарын дамыту және орналастыру, осы нысандардың құрылысы мен пайдаланылуының техникалық-экономикалық көрсеткіштері есепке алына отырып, оларды құрудың кезектілігі мен кезеңдері негізделді.
КТҚС-тың көмірсутегі ресурстарын игерудің жоспарларына сәйкес, теңіздегі мұнай операцияларын қолдау инфрақұрылымын құру үшін: КТҚС-тың 1 және 2-аймағында (солтүстік және орталық бөліктерінде) теңіздегі мұнай операцияларын қуаттау үшін, Форт-Шевченко қаласы (кейде Баутино ауылы деп те аталады) аумағындағы Түп-Қараған шығанағы жағалауы; 3-аймақта (КТҚС-тың оңтүстік бөлігінде) теңіздегі мұнай операцияларын қуаттау үшін — А.Бекович-Черкасск шығанағы, Құрық ауылына жақын жерде екі негізгі аудан белгіленген.
Теңіздегі мұнай операцияларын қолдау базасы (ТМОҚБ) КТҚС-тың солтүстік және орталық бөліктерінде (1 және 2-аймақтарда) теңіздегі мұнай операцияларын жүргізетін компанияларға, бэрінен бұрын, Аджип ККО үшін Солтүстік Каспий жобасы бойынша қызметтер көрсетуге арналған, ал ТМОҚБ 2006 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта Түп-Қараған шығанағының шығыс жағалауында, Баутино ауылына жақын жерде айына 250 мың тонна қуатпен тау-тас жыныстарын жөнелтетін айлақ салынып, жұмыс істеп жатыр. Одан өзге, Теңізсервис» ЖШС-і 2005 жылы улы өнеркэсіп қалдықтары көмілетін полигонды пайдалануға берді, сонымен қатар теңіз кемелерін жабдықтайтын станция құрылысы жүргізілуде.
Маңғыстау облысының Қарақиян ауданында, Құрық ауылына жақын жағалаудағы инфрақұрылымның дамытылуы «Нұрсұлтан», Ұлу қабыршағы теңізі деп аталатын жэне КТҚС-тың оңтүстік бөлігіндегі басқа да мұнай-газ құрылымдарын игерудің мерзіміне, ауқымдары мен қарқындарына, сондай-ақ Каспий мұнайын элемдік нарықтарға тасымалдайтын жаңа экспорттық терминал құруға байланысты. Осы жерде, А.Бекович-Черкасск шығанағы жағалауында, болашақта теңіздегі мұнай операцияларын қолдаудың тағы бір базасын құру көзделген. База құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген.
Атырау облысында «Теңіз-сервис» ЖШС-і Аджип ККО-мен бірлесе Дамба ауылы аумағында мұнайдың жайылуына қарсы әрекет ететін Солтүстік Каспий базасы құрылысының (СКБҚ) жобасын іске асыруға дайындық жасап жатыр.
«Қазтеңізтрансфлот» ҮХБК АҚ-ы теңіз операцияларын қуаттаудың қосымша флотын құру жөніндегі жобаны іске асыру аясында 2003-2004 жж. «КМТФ-1» магистралдық тіркеушісін сатып алып, 3600 тонна жүк көтеретін, Солтүстік Каспийде тау-тас жыныстарын тасымалдайтын екі баржа-алаң құрылысын аяқтады.
«Зеленодольск зауыты» (Татарстан) ААҚ-ымен кеме жасау үшін 3600 тонна жүк көтеретін алты баржа-алаң құрылысына келісімдер жасалды. Қазіргі уақытта Оңтүстік-Шығыс Азияда салынған ұсақ қайраңды екі магистралдық тіркеуші сатып алу жоспарланған.
Теңіздегі мұнай операцияларын авиациялық қолдау мақсатында КТҚС аясында «Еуро-Азия Эйр» авиакомпаниясының тікүшақ паркін қайта жасақтау басталды. «ҚазМүнайГаздың» инвестиция комиссиясы мақұлдаған тікұшақ паркін қайта жасақтау жөніндегі бизнес-жоспарға сәйкес, КТҚС-тың игеруі үшін 2004-2009 жылдары авиакомпания 26 тікұшақ сатып алды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру бойынша жобаларды дайындау және жүргізу үшін инженерлік және басқарушы құрамның біліктілігін көтеру және мамандарды қайта даярлау мәселелеріне ерекше назар аударады. Оқытудың тақырыптары мен бағыттары мұнай-газ саласында жаңа технологияларды оқып үйрену, ірі мұнай-газ компанияларында («Аджип КҚО», «Коноко Филипс», «Тоталь», «Халлибертон») теңіздегі мұнай көздерін барлау және зерттеу мәселелерін оқып үйрену үшін тәжірибеден өту іспетті шараларды қамтиды.
Жұмысшылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлерді (ИТҚ) теңіз мамандықтары бойынша жоспарлы және тиімді даярлау үшін, Ақтауда қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен, жаттығу алаңдарымен, жатақханамен және спорт орталығымен жасақталған корпоративтік оқу орталығы құрылды.
ҚР Үкіметі Атырауда мұнай-газ және қызмет көрсету компаниялары үшін жұмысшылар мен техникалық мамандарды даярлау жөніндегі салааралық оқу орталығы құрылысына қаржы қаражатын бөлген. Шетелдік мамандарды қазақстандық қызметкерлермен жоспарлы түрде ауыстыру үшін, мамандарды даярлау және қайта даярлау, теңіз операцияларын өткізу үшін қызметкерлерді, теңіздегі кеме жүрісі мен танкер флотын дамыту бағдарламалары, қызметкерлердің біліктілігін құбыр тасымалы көлігі бойынша жетілдіру бағдарламалары тұрақты түрде әзірленіп отырады. Қазіргі уақытта танкер флотының кеме қозғалысы мамандарын даярлау үшін Ақтауда («Аджип ККО») Теңіз-мұнай оқу орталығы құрылысының жобасы жасалып жатыр.
Пайдаланылған әдебиеттер: Аманбаев Ү.А., «Кәсіпорын экономикасы». Оқу құралы, Алматы: «Бастау» баспасы, 2012 — 432 бет.