Алшын — қазақтың Кіші жүз құрамына енген көне тайпалардың ірі конфедерациясы атауы. Осы одақты құрған тайпалар моңғолдарға дейінгі уақытта танымал еді, ал кейбіреулері одан да ежелгі кезеңдерден белгілі. Олардың мекендеген жері — Каспий және Арал теңіздерінің аймағы. Осы конфедерацияға кірген жетекші тайпалар — әлімұлы, байұлы, жетіру. Алшын атауы асықтың сәтті жағын анықтайтын «алшы» сөзінен шыққан. «Ын» жұрнағы қосылып, алшын, яғни сәтті сөзі пайда болды. Алшын эпонимі моңғолдарға дейінгі кезеңде де белгілі болған еді.
Н.А.Аристов алшын сөзі Алаша атынан шыққан деп қате болжады. Ғалым алшын сөзінде алаш сөзінің түбірі — ала жоқ екенін ескермеген. «Алшын» эпонимін қазақ эпонимі синонимдерінің бірі «алаш» атауымен теңеудің ғылыми негізі жоқ (Левшин. II, 28; Валиханов, ЗГО, т.ХХІХ, 289).
Тарихи аңыздар бойынша Алшын Кіші жүздің ру басы және Орта жүздің ру басы Қотан мен Ұлы жүздің ру басы үйсін Майқы бидің замандасы болған. Оларға өз ханы етіп Алаша-ханды сайлау құрметі тиесілі. Кіші жүз құрамына ірі тайпа байұлы кіреді, ол ежелгі әдет-ғұрып бойынша 12 атадан тұрады — адай, алаша, байбақты, беріш, алтын, жаппас, масқар, таздар, есентемір, шеркеш, тана, қызылқұрт. Әлімұлы тайпасына қарасақал, қаракесек, кете, шөмекей, шекті және төртқара рулары кіреді.
Жеті-ру тайпасына кердерілер, жағалбайлылар, табындар, тамалар, рамадандар, керейіттер және телеулер жатады. Осы эпонимдердің көпшілігі Алтай топонимикасында сақталған. Сөйтіп, беріш — Обь өзеніне құятын Чулым өзенінің сол жақ сағаларының бірі, сондай-ақ Алтай жотасы шыңдары бірінің атауы (Ресей, XVI, 23, 44). Кіші жүздің ірі және іргелі руларының бірі алшын конфедерациясының ең ежелгі бөлігін құрайтын адайлар болып табылады. Адайлар көне замандардан бері Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында өмір сүреді. Антикалық дереккөздерде адайлар туралы дайлар деген атаумен жазбалар кездеседі. Ерте орта ғасырларда адайлар (адақ) печенегтер мен оғыздар одағына кірген, кейіннен олар алшын конфедерациясына енді. Кіші жүздің бірқатар тайпаларының таңбалары Алтайдың байырғы тұрғындары -Орта жүз наймандары мен керейлері және Ұлы жүздің шапырашты, сіргелі, албан таңбаларына ұқсас келеді.
Алшын тайпалары ерте орта ғасырларда батыс қыпшақтар, оғыздар және печенегтер құрамына кірген болатын. Карамзиннің айтуынша түріктер мен беренділер (оғыздар) черкестер деп аталған. Бұл жерде дағыстандық черкестер туралы сөз болып отыр. Олар және Кіші жүздің қазақ шеркештері арасында, сөзсіз, оғыздар мен қыпшақтарға келіп тірелетін туыстық байланыс бар. Карамзин заманында осетиндерді, черкестерді қазақтар деп атаған. Араб жазушысы Әл-Айни мәмлүк сұлтандары Бейбарыс /1260-1279/ және Калаун /1279-1290/ берш-оғлы (беріш) руынан шыққан қыпшақтар болған деп жазды (Кеппен. Солтүстік Понт ежелгі заманы,1928).
Алшын конфедерациясының байбақты, берішоғлы, жағалбайлы, шеркеш, тана, рамадан, тама және басқа аталары қыпшақ тайпаларының құрамына кірген болатын. Ежелгі Жетісу тайпаларының кұрамындағы алшындардың басқа тобы Батыс-Түрік қағанатының он оқ одағына кірді. Солардың ішінде шеклі, шөмекей, батын, телеу, кереіттер болды. Табындар — алшын тайпасының шөміш таңбасы бар саны көп тармағы башқұрттар мен қарақалпақтар арасында кездеседі. Олар өздерін Жошы ұлысының оң жақ қанатын билеушілерінің бірі болған үйсін майқы бидің ұрпағымыз деп санайды.
Алшын конфедерациясына XIV ғасырда танымал болған жайық ноғайлардың (ноғайлы) айтарлықтай бөлігі кірді. Біздің заманымызда олар Нарын даласында өмір сүреді, мал шаруашылығымен, егіншілікпен, балық аулаумен, қолөнермен айналысады. Мұрағат құжаттарынан (Потемкин жазбаларынан) солтүстік кавказ ноғайлардың Жайық өзені алқабына жергілікті байырғы тұрғындармен бірігу үшін қоныс аударғандығы туралы мәлім.
«Алшын» одағына кірген көне тайпалардың ішінде ежелгі абдалдар ұрпақтары кердерілер (кидариттер) Амудария сағасын және Арал теңізі жағалауын мекендеген. Біздің уақытымызда абдалдар (эфталиттер) тек түрікмен-оғыздар және қазақтың Кіші жүз құрамында ғана сақталған.
Кейбір ғалымдардың пікірінше абдалдар (эфталиттер) және кердерілер (кидариттер) — ежелгі юеди (юеджи) және массагеттер ұрпақтары. X ғасырда Арал теңізі Кердері теңізі деп аталған. Амудария сағасының жағалауында Кидарит атауымен екі қала болған.
«Алшын» конфедерациясының кейбір тайпаларының атаулары эпонимдерде, атап айтқанда Алтайда сақталған, бұл осы тайпалардың отаны Алтай болған дегенді білдіреді.
Маңғыстауда, Ембі, Сағыз, Ойыл, Ырғыз, Үлкен Қобда өзендерінің бассейнінде орналасқан ескерткіштерде және географиялық атауларда Кіші жүз тайпаларының атаулары мен таңбалары бейнеленген. Кейбір ежелгі тайпалардың үш жүзде араласып кетуі табиғи құбылыс. Мысалы, Кіші жүздің қаракесектері Орыс хан тұсында (XIV ғ.) Ақ Орданың негізгі әскери күшін құраған Орта жүз қаракесектерінің тарамы болып табылады. Біздің заманымызда Кіші жүздің тайпалары Каспийдің солтүстік-шығыс жағалауында, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында өмір сүреді. Кіші жүздің құрамында ежелгі этникалық бөлшектер сақталған, олар ақ-ғұн, абдал (эфталиттер), адай, кердер, табын, телеу.
Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.