Үйсіндер — Қазақстанның ең ежелгі тайпаларының бірі. Үйсіндер және қаңлы тайпалары Сақ тайпалары конфедерациясынан б.з.д. III ғасырда бөлініп шықты. Үйсіндер Жетісуды, қаңлылар Сырдария және Талас өзендерінің аңғарларын, оған іргелес Қаратау өңірін және Сарысу өзенінің аңғарын қоныстанды.
«Үйсін Даваннан 2000 ли дерлік солтүстік-Шығысқа қарай. Олар көшпелі иелік, малдарымен бір жайылымнан екіншісіне көшіп-қонып жүреді. Әдет-ғұрып ғұндармен ұқсас», — деп жазды Бичурин. Одан әрі: «Үйсін әміршісі Чшу қаласында тұрақтайды» деп жалғастырады (II, 150, 258).
Үйсіндердің шығу тегі туралы аңыз Шығыс үшін дәстүрлі аңыз деуге болады. Аңыз бойынша жаудың шапқыншылығынан кейін айдалада бір жас бала ғана тірі қалады. Оны қасқырдың қаншығы асырайды. Аңда жүргенде баланы ғұн әміршісі тауып алады. Бала өсіп жігіт болғанда оған ғұн әскерін басқартқызады. Жас қолбасшының батылдығы мен ерлігіне тәнті болған ғұн әміршісі оған ата-бабаларының жерін қайтарып алып береді.
Үйсіндер мен қаңлылар өздерінің ізашарлары Яксарт сақтарына қарағанда әлеуметтік дамудың неғұрлым жоғары сатысында тұрған еді. Үйсіндерде мүлік теңсіздігі басқа тайпалардағыдан гөрі ертерек пайда болды. Байлықтың жеке бір отбасында қорлануы рулық ұйымның тірегін өзгертіп, феодалдық қатынастардың пайда болуына әкелді. Үйсін билеушілері мен тайпа ақсүйектері бұрын қауымға тиесілі болған шұрайлы жер өңірлерін өздеріне иемденіп алды, бұл жерлерді қорғалатын жайылымдарға (қорық) айналдырып, онда өздерінің мыңдаған малы ғана жайылатын болды. Мұралану құқығы орнықтырылды.
Үйсіндер ежелгі гректерге исседондар және аспандар деген атпен белгілі болды. Птолемей таулы Азияда ұлан-ғайыр өңірге иелік еткен елеулі халық деп жазды. Ежелгі үйсіндер туралы ол уақытта Ганьсу провинциясындағы Нань-Шань жотасы мен Булунцзир өзені аралығында көшіп-қонып жүретін рулардың одағы деген деректер қытай дереккөздерінде б.з.д. III ғасырдың аяғынан бастап пайда болады. Олардың жері шығыста ғүндардың жерлерімен іргелес болды, батыста Ферғанамен, Солтүстік-батыста қаңлымен шектесті. Үйсіндердің орталығы Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауында болды.
Ғұндар сияқты үйсіндер де рулар одағы болды сонымен қатар үлкен және кіші екі орда болып бөлінді. Жоғарғы билеуші «кунь-би», «ғуньмо» деп аталды. Гуньмоға бағыныштылар ру ақсақалдары мен әскербасылар болды. Үйсін одағының қоғамдық құрылысының негізінде әскери көсемдердің рөлі сараланатын әскери демократия бастамалары болды. Мәселелердің бәрі ру өкілдерінің қатысуымен бірлесіп шешілетін. Үйсін одағының қауіпсіздігі тайпаның біріккен күшімен қамтамасыз етілді. Әрбір отбасы жауға мінер атымен және қару-жарағымен кемінде бір жауынгерден шығаруға тиіс болды. Қытай деректемелері үйсіндердің сан қарасы 120 000 отбасы, яғни 630 000 адам деп шамалады. Соғыс уақытында олар 200 000 жауынгер шығара алатын.
Үйсіндер б.з.д. II ғасырдың ортасына дейін тәуелсіздігін сақтады, бірақ ғұн одағының күш-қуаты нығаюына орай өздерінің бұрынғы мән-маңызынан біртіндеп айырыла бастады. Б.з.д. II ғасырдың ортасында үйсіндердің тәуелсіздігін соғыс бұзып кетті. Шайқастардың бірінде үйсіндер ғұндардан жеңіліп, гуньмолары өлтірілді. Жеңілгеннен кейін үйсіндер ғұндардың өздеріне үстем билігін мойындады. Бағыныштылық белгісі ретінде гуньмо ғүн тәңірі құтының ордасына баруға тиіс болды. Үйсіндер ғұн тайпалар одағына кіріп, батыс-ғұн қанатының негізін құрады. Үйсіндердің ғұн одағына енуі тек атаулық сипатта ғана болды. Іс жүзінде олар гуньмосы басқарған дербес басқарылуын сақтап қалды. Ғұндар олардың ішкі істеріне араласқан жоқ, үйсіндерді жауларға қарсы күресте өз одақтасы ретінде ғана пайдаланды. Б.з.д. II ғасырдың ортасында ғұндар үйсіндердің көмегімен юечжилерді Шығыс Түркістаннан қуып шығарды. Үйсіндер өздерінің ерлігі мен батылдығы арқасында ғұндардың бұларға ілтипатты қамқорлықпен қарауына жетті, сөйтіп бұдан ілгері уақытта да дербестігін сақтап қала алды. Б.з.д. II ғасырдың аяғында үйсіндер ғұндарға ендігі жерде бағынбайтын болды. Легяо-би билік жүргізген уақытта олар ғұндар мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынаста елеулі рол атқарды.
Б.з.д. 108 жылы үйсін гуньмосының Іле өзенінің жағасындағы ордасына қытай елшісі Чжан — Цянь (Чань-Кянь) келіп қайтты. Ғұндардың күш-қуатын әлсіретуді көздеген қытайлықтар Сырдария өзенінен батысқа қарайғы жерлердің билеушілерімен достық байланыс орнатуға тырысты, ал ол өңірлерге үйсіндердің жерінен өтіп барып жетуге болатын. Чжан-Цяньнің міндеті үйсін гуньмосын Қытаймен одақ жасауға ойыстыру еді, ондағы мақсаты ғұндармен соғысты қайта жаңғырту болатын. Алайда үйсіндер мұндай ұсынысқа ұстамдылықпен қарады, сөйтіп бір жылдан кейін, Қытайдың күш-қуатына көздері жеткеннен кейін ғана онымен одақ жасасты.
Б.з.д. 107 жылы өз елшісінің баяндауынан Қытайдың күш-қуатын біліп алғаннан кейін ғұндарға тәуелділіктен арылғысы келді, император сарайына ұнамақ ниетпен Қытайға сый ретінде 1000 жылқы айдатып елшілер аттандырды. Одақты туыстық байланыспен нығайту үшін қытай ханшайымын әйелдікке беруді сұрады. Қытайдың феодалдық билеушілері гуньмоның ұсынысын ынталана қабыл алды. Қытай ханшайымы Юань-Фынь билігі жылында (б.з.д. 107 ж.) ырғап-жырғап ұзатылды; жасауына қытай күйме-арбалары, киім-кешегі, жүздеген шенеунік, евнухтар мен күңдер қоса берілді (Бичурин, II, е. 192). Қытай жылнамасының хабарлауынша, гуньмо ғұндармен қарым-қатынасына қылау түсіргісі келмей, ғұн тәңірқұлының қызын бәйбішем деп, қытай ханшайымын кіші әйелім деп атайтын болды. Үйсіндердің көшпелі тайпасына келіп түскен қытай ханшайымы еліп сағынып көпке дейін ішқұса болып жүрді.
Қытай императорлары үйсіндерді дос етіп алмақ ниетпен бұдан кейінгі уақытта да өз қыздарын үйсін гуньмоларына ұзатып отырды. Әр ханшайыммен бірге шенеуніктер мен қызметшілер (100-ден аса адам) баратын, бұларға үйсін тілін үйреніп алу міндеттелді. Осындай әдіс-амалдың нәтижесінде б.з.д. I ғасырдың 80-ші жылдарында қытайлар ғұндар мен үйсіндерді бір-бірімен араздастырып, діттеген мақсаттарына жетті. Б.з.д. 75 жылы үйсіндерге шабуыл жасаған ғұндар олардың біраз жерін басып алды. Үйсін көсемі Унгар-би (Унғуйми) қытайлардан көмек сұрады. Қолбасшы Чан-Хай басқарған 150 000 атты әскер көмекке келді. Б.з.д. 77 жылы Унгар-би 200 000 адам әскермен ғұндарға шабуыл жасады, күйрете жеңіп, ғұндардың 40 000 адамы мен 700 000-нан астам малын айдап әкетті.
Унгар-би билік жүргізіп тұрған уақытта (б.з.д. 70-60 жж.) үйсіндердің жері Жетісу өңірінің шетінен әлдеқайда асып жатты. Бүкіл Шығыс Түркістан түгел оларға бағынышты болып, оны Унгар-бидің ұлдарының бірі басқарды.
Унгар-би өлгеннен кейін (б.з.д 50 ж.) оның ұлдарының арасында билік пен мұраға ие болу үшін өзара қырқыс басталды, оны өршітуге Қытай көп әрекет жасаған еді. Үйсін көсемдері екі жақ болып бөлінді, біреулері Қытаймен одақты, енді біреулері ғұндармен одақты нығайтуға күш салды. Бұл екі арада Унгар-бидің мұрагері болуға оның немере інісі Нар-бидің қолы жетіп, куан-ван атанды. Ол ғұндарды жақтайтын. Қытай елшілері Унгар-бидің жесірінің ақыл беруімен Чигу (Чие) қаласында өтетін той кезінде куан-ванды өлтірмек болып, қастандық ұйымдастырды. Жараланған Нар-би амалын тауып қырға қашты. Чигу қаласы үйсін шонжарлары уақытша кеткеннен кейін бүлікшілердің қолында қалды. Халық қатты толқыды. Унгар-бидің ғұн ханшайымынан туған ұлы Ужейту (Унзюту) халықтың бұл наразылығын пайдаланып қалды. Ол үйсін астанасы Чигуден кетіп, жақтастарымен бірге Іле Алатауына барды. Осы жерде бірсыпыра әскер жинап алып, күтпеген жерден Нар-биге тап берді де, оны өлтіріп, өзін үйсін гуньмосымын деп жариялады.
Қытай сарайы үйсіннің билеушісі етіп Унгар бидің Қытай әйелінен Юань Гуйбиді қойғысы келіп, ғұндар мен Ужейтуға қарсы әскер аттандырды. Алайда, біраз келіссөздерден кейін гуньмо атағын үлкен және кіші гуньмо екіге бөлу ұйғарылды. Ужейту кіші гунымо атағын алуға келісті, үлкен гуньмо атағын Унгар-бидің қытай әйелінен туған ұлы алды. Қоныстанған ру-тайпаларымен қоса жер де бөлінді: үлкен гуньмоға 60 000 отбасы, кіші гунъмоға 40 000 отбасы қарайтын болды. Үйсіндердің жерінің Ыстықкөлдегі Чигу қаласы қамтылатын оңтүстік жартысы үлкен гуньмоның билігіне, Іле өзеніндегі Канграс (қытайша транскрипциясы Хынлос) қаласы қамтылатын Жетісудың солтүстік бөлігі Ужейтудың билігіне бағынатын болып бөлінді.
Үйсіндердің бір одақ болып жаңадан бірігуі үлкен гуньмо Сылибидің (Цылими) билік жүргізген уақытында болды. Қытай жылнамасының айгақтауынша, оның билік жүргізуі бейбітшілікті қалпына келтіріп, елді Унгар-би заманындағы жағдайға оралтты. Сылыби билеген уақытта тайпа шонжарларының жеке меншігін қорғайтын заң енгізілді. Тыйым салынған жайылымдар жүйесі — «қорық» (қазақтарда «хан жайлау») XIX ғасырдың басына дейін сақталып келді.
Үйсіндердің ақырғы атақты гуньмосы Есеби (Ичими) болды. Дереккөздерден белгілісі б.з.д. 1 жылы ол Қытайдың астанасына барған, онда оның келуі құрметіне салтанатты қабылдау ұйымдастырылған. Жаңа заман басталғаннан былай үйсіндердің бір кездегі ықпалы жойылған. Тарихи аренаға Моңғолия мен Алтайдан тараған тайпалар шыққан. Б.з. I ғасырында үйсіндер солтүстік-ғұн одағының құрамына кірген. II ғасырда оларды сяньбийліктер бағындырған және IV ғасырдың соңына дейін сол сяньбийліктерге бағынышты болған.
Сяньби тайпасының саяси үстемдігі IV-VI ғасырларда жужандарға ауысқан. IV ғасырдың аяғында жужандар үйсіндердің ежелгі аумағын иемденіп алып оларды Жетісудың жазық бөлігінен ығыстырып шығарған.
Тянь-Шань мен Памирдің таулы аудандарына қоныс аударған үйсіндер Қытаймен сауда және дипломатиялық байланыстарын сақтаған. Қытай жылнамасында үйсін елшісінің Қытайда 425 жылы, ал Дунь-Дин бастаған қытай елшілерінің үйсін жерінде 436 жылы болғаны туралы деректер сақталған. Бұдан кейінгі кезде үйсіндер Қытайға жылма-жыл тарту-таралғыларымен елшілер аттандырып тұрған, бұл қарым-қатынас Түрік қағанатының құрылуымен байланысты тоқтаған.
VІ-VІІІ ғасырларла үйсіндер Жетісулық он тайпаның қатарында Батыс-Түрік қағанатының құрамына кірген. Бұл уақытта олар Шу, Іле өзендері мен Ыстықкөл көлінің аңғарларындағы өздерінің ежелден бергі жерлерін мекендеген. Орхон жазбасыңда Тонықұқ ескерткішінде: «Біз үйсіндердің ежелгі жерінде тұрамыз» деген сөздер бар.
Моңғол уақытында үйсіндер Дешті-Қыпшақтың, одан соң Ақ орданың құрамына кірді. Тайпалардың құрылтайы кезінде үйсін басшылары қоңыраттар мен наймандардан оң қанатында құрметті орында отыратын. Үйсіндер тайпасынан атақты билер Майқы (Байку) мен Бургул шыққан. Майқы Жошы ханның, одан соң Батудың әскерінің оң қанатын басқарған.
Қазақтың халық аңыздарынан белгілі болуынша Майқы би әдет құқығын алғашқы жүргізушілердің бірі, жайлау, қыстау, тайпалардың аумақтық құқықтары туралы және т.б. құқықтық нормаларды жасаушы болған. «Түгел создің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген мәтелдің сөздері оның үздік тарихи рөлін көрсетеді.
Үйсіндер дулаттармен бірге Моғолстаннан кетіп, Хақназардың тұсында XVI ғасырда Қазақ хандығына енді. Үйсіндердің генеалогиялық шежіресінде түп ата Байшора, одан Үйсін, Үйсіннен Шомай, Шомайдан Тобей, одан соң олардың ұрпағы Майқы (Байқу) би, Шыңғысханның замандасы келеді. Ұлы жүздің аңызға аиналған ру-тайпа басыларының тарихы ежелгі сақтардан бастау алады.
Ежелгі үйсіндер түркітілді халық болған. Би-білікті тұлға, ұлы, дөй, тархан деген және баска да түркі сөздері ежелгі үйсіндердің тілінде де болған. Қытай жиһанкездерінің сипаттауынша үйсін билеушілері жаз уақытында «Киізбен қаптаған дөңгелек лашықтарда» тұрған.
Ежелгі үйсіндердің негізгі кәсібі мал өсіру болған. Қой, ірі қара мал өсірген. Олар үшін жылқы өсірудің зор маңызы болған. Қытай жылнамаларының жазуынша бай үйсіндердің бес мыңға дейін жылқысы болған. Қытайлықтар үйсіндердің аттарын «жаратылысы ерекше», «аспантекті» деп атаған. Ғұндар секілді ежелгі үйсіндер де бір түсті жылқы өсіріп, олар соғыс уақытында шешуші рөл атқаратын болған.
Үйсіндер көшпелі малшаруашылығын отырықшы егіншілікпен ұштастырған, Қытаймен көлемді сауда байланыстары болған. Жылқылары мен мал өнімдеріне айырбасқа жібек, көркемдік бұйымдарын, күріш және т.б. алатын болған.
Жетісуда қала үлгісіндегі қоныстар меп шағын елді мекендер көп болған. Археологтар Іле Алатауының баурайында, Талғарда, Ақсайда, Қарғалыда, Каменкада, Ыстықкөл жағасында үйсін қала жұрттарын, Чигу, Канграс (қытайша транскрипциясы Хынлос қалаларының орындарын тапқан. Қала жұрттарынан құмырашылык, ұсталық және зергерлік өнердің небір бұйымдары табылған. Алтыннан жасалып түрлі түсті тастармен әшекейленген, әдемілігі көздің жауын алатын әшекейлер сол замандардың өзінде қырлау және көркемдік құйма өнерінің асқан шеберлері болғанын айғақтайды. Үйсін шеберлері шыңдау, шекіме, қалыптау, металға нақыш салу, тас пен ағашқа ою түсіру әдіс-амалдарына жетік болған.
Үйсін шеберлері темірден шаруашылыққа, құрылыс ісіне, егіншілікке қажетті құралдар, аңшылық және соғыс қару-жарақтарын жасады. Қындар, суық қаруларының тұтқа, саптары, қорамсақтар, ертоқым, жүген жабдықтары жозылау, ою-өрнек салу, аң-қүс бейнесін салу арқылы сәнделді.
Ежелгі үйсіндер отқа, аспанға, күн мен айға табынды. Олардың көптеген ғұрыптары осындай сенімге байланысты. Қарғалыда обаны қазған кезде аңдар бейнеленген алтын тілікше табылды. Осындай табылымдардың және дереккөз-дердегі мағлұматтардың негізінде ғалымдар 12 жылдық аң бейнелік календарьдың жасалуына үйсіндердін қатысы болған деген қорытынды жасады.
Ежелгі авторлар үйсіндердің бір ерекшелігі ретінде олардың әйелдерді айрықша қастерлейтінін атап көрсеткен. Үйсін сөзі Ұлы жүз дегеннің синонимі болып табылады. Ұлы жүздің ру-тайпалық құрамы: дулат, албан, суан, сары үйсін, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, шанышқылы, қаңлы, жалайыр.
Ру-тайпалардың біртұтас этностық қауым болып бірігуінің этностық және саяси проблемаларының тоқайласуы Оңтүстік Қазақстанда үйсіндер мен каңлылар арасында бастау алды, осының нәтижесінде біртіндеп саяси қаңқа негіз құрылып, мұның төңірегіне ру-тайпалар шоғырлана бастады.
Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.