Мұстафа Шоқай – ХХ ғ. басында Түркістан халықтары мүддесін қорғау жолында белсенділігімен көзге түскен қазақ зиялыларының алғашқы толқынының өкілі. Сонымен қатар ол 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін құрылған Түркістан мұхтариятының (Қоқан автономиясының) жетекшісі болғанын да білеміз. Енді осы автономияның құрылу тарихына зер салсақ. 1917 жылы 26 қарашада Қоқан қаласында өлкелік төтенше ІV Мұсылмандар сиезі шақырылды. Сиез төралқасында: М.Шоқай, У.Қожаев, Юргулы-Агаев, С.Герцфельд, О.Махмудов, И.Шагиахметов, Көшкінбаев, Камал-Кары, А.Уразаев, Пилиев, Каримбаев, М.Бехбудилер және т.б. болды.
Сиездің күн тәртібінде мынадай мәселелер қаралды: Түркістанды басқару жүйесі, Атқару комитетін сайлау, Түркістан кеңесінің мұсылмандар депутаттарын қайта сайлау, милиция, қаржы және т.б. Басқосудың басты мәселесі – Түркістан өлкесін басқару жүйесі. Сиезге қатысқандардың барлығы дерлік автономия және тәуелсіздік жариялау идеяларын қолдады. Сонымен қатар өз нанымын, салтын, ұлттық құқықтарын сақтап қалуды көздеді. Бұл сиезді кіріспе сөзбен Мұстафа Шоқайдың өзі ашты. Ол сөзінде: Ресей түгелдей және Түркістан өз келешегін өздері ойлауы керек. Өлкедегі ауыр жағдайға ашаршылыққа ұласуы ықтимал азық- түлік тапшылығы қосылуда дей келіп, “осы жағдайдан қайтсек аман-есен шығамыз” деп сауал тастады. Одан әрі Мұстафа Шоқай өлкеде орнаған Кеңес билігіне әкелген жолдың күнәсіз құрбандардың қанына боялғандығын, оған Ташкенде құрамына мұсылмандар өкілі енбеген үкіметтің құрылуы себепші болғандығын, төңкерістен кейін де жаңа билік басшыларының келісе жұмыс істеуге ықылас таныта қоймағандығын айтты [1].
Сөйтіп 1917 жылдың 26-28 қарашасында Қоқанда жиналған төтенше IV Түркістан өлкелік құрылтайында ұлттық бірлік салтанат көрсетіліп, Үш күн ішіндегі жұмыс нәтижесінде 28 қарашада Ресей федеративтік Демократиялық республика құрамындағы территориялық Түркістан Мұхтарияты (Түркістан автономиясы) жарияланды.
Кеңестік тарихнамада ол автономия құрылған қаланың атымен “Қоқан автономиясы” деп аталды [2]. Автономия жарияланғанымен, кейін саяси билік Түркістан Уақытша Халықтық Кеңесінің қолына көшті. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына 54 адам кірді. Олардың қатарында Ферғана облысынан: И.Шагиахметов, А.Күшбегиев, Камалхантураев, Д.Қарабеков, А.Уразаев, М.Мирзахметов; Сырдария облысынан: М.Шоқай, С.Лапин, У.Ходжаев, С.Байсейітов, Т.Нарботабеков, С.Мирджалилов, И.Ғұбайдуллин, С.Шәріпқожаев, К.Ходжинов; Самарқан облысынан: А.Абдулсалимов, С.Герцфельд, А.Дербісалин, М.Акчурин, Мажуров; Закаспий облысынан: Л.Ширинский, Ғ.Мұсабаев, А.Шакирхантураев, К.Рахманбердиев, А.Омаров, С.Юсупов, т.б. болды; қалалардың халықтық басқармасынан өкіл болып М.Бехбуди кірді [3].
Кеңес үкіметі Түркістан автономиясын алғашқы күндерінен бастап-ақ мойындамады. Ташкендегі большевиктер кеңесінің басшысы П.Г.Полтарацкий Қоқан автономиясын сынап, Түркістан автономиясы уақытсыз, орынсыз құрылған, жалпы жұрт пайдасын көздеген автономия емес деген пікірде болды. Оған Ташкентте Уақытша үкіметтің “шотындағы” ақшаны реквизициялау (яғни қоғамдық ұйымның мүлкін мемлекет қарамағына еріксіз алу) тапсырылған болатын. Барлық Қоқан қаласының Мемлекеттік банктегі бөлімінде және жеке банктерден Полтарацкий 8 млн-нан астам рубльді (сомды) тәркіледі. Бірақ көрсетілген қаржы Ташкентке түгелімен жеткен жоқ. 212 мың рубль (сом) Қоқан жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесіне, 81 мың сом Қоқан қамалын қорғауға қалдырылған болатын [4, 98]. Осы жағдай үлкен айқай туғызып, нәтижесінде Түркістан Мұхтариятының кабинетінде келіспеушілік туындап М.Тынышбаев министр-төраға қызметінен ығыстырылып, оның орнына Мұстафа Шоқай тағайындалды.
М.Шоқай Уақытша үкіметтің басшылығын қолына алып, өзбек, қазақ, қырғыздарды бір бағытта нығайтуды көздеді. Сонымен қатар М.Шоқайдың басшылығымен үкіметтің жеке меншік қаржы базасы құрылды. Бірақ, қаржы тапшылығы бәрібір басым болды. Әскери күштерді құруда да төтенше қиыншылықтар кездесті. Үкіметте түркістандықтардан бірде-бір офицер болған жоқ. Орыс әскерінде 4-5 түркістандық офицер бар болатын. Олар: екі жас жетілмеген татар офицерлері және екі поляк офицері. Соған қарамастан, үкімет өз әскери күшіне сенді. Олар өте қымбатқа мылтық, патрон сатып алып отырды. Қоқан үкіметі барлық түркістандықтарды Автономия туының астына жинауға қол жеткізді. Сонымен бірге үкімет көптеген мемлекеттік бағдарламалар тарапынан қолдау тапты. Мысалы, Ферғана автономиялы басқаруға ауысты, тіпті сот процесі “автономиялы Түркістанның” уақытша үкіметінің шешімі арқылы жүргізіліп отырды. Сол сияқты, бақылау палатасы, Мемлекеттік Банк, Сот палатасы Автономия бағдарламасын қабылдады.
Бірақ автономиялы үкімет қозғалыс пен күрестің орталығы болды. Ол империализмге қарсы қызыл ресейлік тудың қол астында еді. Бұл Қоқан үкіметі күшінің арқасында жүзеге асты. Қоқанды мемлекеттік құрылым ретінде кеңес үкіметі мойындамады. Мұстафа Шоқай кеңес үкіметінің Түркістан автономиясын “Мемлекет” деп көзге ілмегені туралы былай дейді: “Біздің дәрменсіздігімізді халық та сезді, жұмысшы, Солдат депутаттары да түсінген болатын. Сондықтан олар бізді көзге де ілмеді. Көпшіліктің 96-98 пайызы болғанымызбен біз Кеңестерге қарсы тұра алмадық” [5, 26-27], – деп ащы шындықты көрсетіп, Түркістан автономиясының барған сайын әлсіреп бара жатқанын көрсетті. 1918 жылы 18-23 қаңтарда Түркістан өлкесі кеңестерінің ІҮ өлкелік сиезі болып өтті. Ондағы басты мәселе өлкедегі автономия мәселесі еді. Большевиктер фракциясының атынан И.О.Тоболин сөз сөйледі: “Егер халықтың еркі осы өлке Россиядан бөліну керек деген пікірді қолдаса, онда біз оларға бөліну құқығын өздеріне береміз. Бірақ қазір тез арада автономия жүргізу жайлы айтуға болмайды. Өйткені автономияның бі рінші талабы өлкеден әскерді алып кету. Егер біз осы басты мәселені орындасақ, онда біз революцияның артынан жұдырық көрсеткен боламыз. Сондықтан біз автономия, тіпті өз алды, бөлек ел болу үшін тек қана дайындық жүргізе аламыз”, – деді [4, 96].
Түркістан Кеңестерінің ІV сиезі Түркістан Мұхтарияты басшылығымен келіссөз жүргізуден бас тартып, Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялады. Оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату жөнінде қаулы қабылдады [6, 18]. Ал қаңтардың 18-інен 19-ына қараған түні (Кеңес өкіметі өкілдері мен Түркістан автономиясы басшылығы арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелгенде) Ташкенттен Қоқанға Е.Перфильев басқарған Кеңестік жақсы қаруланған әскери бөлімдер мен Самарқанд пен Ферғанадан да большевиктік әскерлер келіп жетті. Түркістан Мұхтариятын жақтаушылардың көпшілігінің қолында сойыл, шоқпар, балта болды, жекелеген адамдар аңшы мылтықтарымен қаруланды. Шын мәнінде күштің ара салмағы тең емес еді. 29-ынан 30 қаңтарға қараған түні автономия жақтаушылары қаладағы қамалды алуға әрекет жасады. Бірақ ол іске аспады. Автономия жағындағылар телефон станциясына келіп, жаңа қаладағы телефон байланыстарын өшіріп тастап, Қоқан кеңесінің ғимаратына баса-көктеп кіреді. Қоқан кеңесінің басшысы Е.А.Бабушкин станцияға қашып барып, жиналған жұмысшылар мен қалалық өкімет органы – “революциялық комитет” құруға кірісті. 30 қаңтар күні азанда қамалда жұмысшы, теміржолшыларға қоңыраулата дабыл соқты, сөйтіп оларға қару-жарақ берілді. “Қоқан қаласын 10 мыңдаған адамдармен қоршады, қаладағы өкімет көпке шыдамайды” деген сыбыс тарады. Осы күні (30 қаңтарда) Қоқан қаласының жанынан 2 көпір өртелді. Қала мен Серево станциясы арасындағы темір жол бөлшектелді, телеграф сымдары кесіліп тасталды [4, 101].
Революциялық комитет мүшесі Сазонов Бабушкиннен “Зигельді, Шоқаевты және хатшысын тұтқынға алыңдар” делінген жеделхат алады. Ол революциялық комитет мүшесі Николаенкомен бірге екі солдат алып ескі қалаға шығып кетіп тек хатшыны ғана тұтқынға алады. М. Шоқай мен оның сенімді серіктестері жасырын әрекетке көшуге мәжбүр болды. Үш күн бойы Қоқан қаласы озбыр күштердің аяусыз соққысына ұшырады. Қалаға басып кірген қызыл әскер бөлімдері мен оларға көмектескен жергілікті армяндардың “Дашнакцутюн” партиясы құрған қарулы жасақтар қаланы оқ құшағына орады, азық-түлік пен мақта-мата қоймалары өртенді, жаппай тонау мен Мұхтарият жақтаушыларын тұтқындау орын алды. Түркістан Мұхтарияты Уақытша үкіметінің 54 мүшесінің 30-ы тұтқындалып, олардың екеуі: Х.Юралы-Агаев пен М.Мырзахметов атылды [6, 19]. Большевиктердің қолына түскендер қатарында наманғандық Насырхантөре, самархандық Харцфельд, бұхаралық Әбиджан, т.б. болды. Құтылғандары Ферғана тауларына қашып кетіп, 1928 жылға дейін партизандық күрес жүргізген.
Ал М.Шоқай Қоқан қаласынан большевиктердің оғынан қашып шығып, Иргаш құрбашы қарақшыларының жасақтарының қолына түседі. Осы кезде ол санасы төмен өзбек нәсілдеріне кектенбей басынан өткен қиыншылықтары туралы былайша қорытындылайды: “Жеке жүрген бауырларыңның дос тұт қан халқынан дұшпандық көріп, көңілі қапа болып тұр. Сөйтсе де үнбастаудан басқа жер көрмеген, сарттан басқа ел көрмеген адамдардың маған қылған жаман шылығын бүкіл сарт халқына жапсырғым келмейді” [7]. Мұстафа Шоқай өзі үшін көптеген халықтың қырылып кетпеуін, оларға өзінің зияны тимейтін жағын ойластырды.
Мұстафа Шоқай негізін қалаған Қоқан автономиясы бар болғаны екі ай, төрт күн ғана өмір сүрді. Олардың не офицері, не ақшасы, не әскері болған жоқ. Пошта, телеграф, темір жолдардың бәрі де жау қолында болатын. Осындай қиын кезде дүниеге келіп, қысқа ғана ғұмыр кешкен Қоқан үкіметінің Түркістан халқының ұлттық талаптарын қанағаттандыру жолында көзге көрінерлік ешқандай жұмыс тындыра алмауы заңды еді. Тіпті, бұл үкіметтің осындай жағдайда құрылып, 64 күн өмір сүре алуының өзі таңқаларлық құбылыс деуге болады. Ал Мұстафа Шоқай Кеңес үкіметінің ықпалы күшейіп, Қоқан автономиясы құлағаннан кейін, саяси пікірі қарама-қайшы болғандықтан, Түркістаннан асып кетуге мәжбүр болды. Әуелі Грузияға (1919-1920), 1920 жылы Түркияға қоныс аударады. Алайда ол жерде көп тұрақтай алмайды. Баспасөз еркіндігін аңсаған ірі тарихи тұлға енді Еуропаға қарай бет алып, саяси мұғажыр эмигрант ретінде большевизммен күресте қаламын қару етті және сол арқылы шетелдегі түркістандық саяси мұғажырлардың көсеміне айналды. М.Шоқай да және атамекенді тастап кеткен басқа мұғажырлар да тек шетелде Кеңес өкіметінің содыр саясатын әшкерелеумен ғана шектелген жоқ. Олар Ресейдің пролетарлық диктатурасынан Түркістанның азат болуын күтті. М.Шоқай сынды жүздеп, мыңдап саналған мұғажырлардың арманы да осы еді. Олар өз атамекендерін жанындай сүйіп, шетелде жүргенде де оның тұтас мүддесіне қызмет етуге дайын екендіктерін дәлелдеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Туркестанский вестник, 1917.- 9 декабря.
- Шілдебаев С. Түрікшілдік және Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс -Алматы: Ғылым, 2002.