ХІV-ХVІІ ғғ. Оңтүстік Қазақстанның Сыр өңірі қалаларының тарихын зерттеу Қазақстанның ортағасырлық тарихнамасы алдында шешілмей тұрған өзекті мәселелердің басын ашып алуға көмегін тигізеді. Әсіресе, қазақтардың этникалық территориясының нақтылануы, қазақ халқы мен мемлекеттілігінің қалыптасуының аяқталуы және осы кезеңде елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайды анықтау – аса қажет мәселенің бірі. Соңғы кезде ортағасырлық Қазақстандағы шаруашылық жағдайы мен қалалардың дамуы мәселесі археологтар, шығыстанушылар, тарихшылардың тарихи-археологиялық жағынан талдауға талпынған Қазақстан медиевистикасының жаңа бағыты болып табылады. Соңғы жылдары Қазақстанның ортағасырлық тарихы жайлы ғылыми айналымға енген жазбаша деректер саны едәуір өскен. Қазақ хандығының ХV-ХVІІІ ғасырлардағы тарихы жайлы түркі және парсы тілдеріндегі шығармалар мен құжаттардың орыс тіліндегі аудармасының үлкен жинағы осы қалалардың тарихы жайлы тарихнамалық мәліметтер базасын кеңейтті (1.25-6). Жаңа жазба деректер көзін ашу қазір де өзекті мәселе болып отыр. Шығыс авторларының ғылымға танымал еңбектерінің ішінде Оңтүстік Қазақстанның ХІV-ХVІІ ғасырлардағы қалалары жайлы, соның ішінде нақты экономикасы мен әлеуметтік қатынастарын ашып көрсететін түпнұсқалық жазба дерек жоқ. Бұл еңбектерде аталған тақырыпқа қатысты жекелеген мәліметтер ғана кездеседі. Зерттеліп жатқан уақытқа байланысты ғылыми айналымға енген саны жағынан көп емес акт іс-қағаздары, жер қатынастары, қала тұрғындарының әлеуметтік жіктелуі, салық төлеу шарттары, суармалы каналдардың топографиясы жайлы мәліметтер құнды дерек көзі болып табылады. Бұл құжаттардың көпшілігі бізге көшірме түрінде жеткен. Қолда бар мәліметтердің барлығы Сырдария, Қаратау маңындағы қалалардың өмірі жайлы тек қосалқы ғана мәлімет бере алады.
Жазба деректерде Оңтүстік Қазақстанның ХІV- ХVІІ ғғ. қалалық және отырықшы-егіншілік өмірі қалай сипатталады? Ең алдымен осы уақытта қарастырылып жатқан аймақта көптеген қалалардың, экономикалық және мәдени орталықтардың өмір сүргендігі жайлы деректер анық дәлел береді. Бұл – Сырдарияның оң жағасындағы Ясы, Сауран, Сығанақ, Сайрам, Йаканкент (кей деректерде – Иангикент – Жаңакент – ред.), сол жағасында Арқұқ, Үзген, Ақ-қорған және тағы басқалар. Бұлар ірі қалалар санатына жатпаған. Феодалдық дәуірде, белгілі болғандай, жергілікті масштабтағы қала маңындағы егінші халықтың қолөнер заттарға деген сұранысын қамтамасыз етіп отырған кішігірім қалалардың дамуы қалыпты жағдай. Саяси жағдайлардың әсерінен болған шаруашылықтың құлдырауы кезеңінде тарихи сахнада бірінің орнын бірі басып, қалалар ауысып отырды. Сырдарияның орта ағысында әр кезеңде Сығанақ, Сауран, Ясы (Түркістан – ред.), Отырар, Сайрам қалалары саяси жағдайларға байланысты басты орынды иеленді. Көптеген қалалардың әкімшілік, сауда, өндіріс қызметтері аралас жүргізілген. Өйткені жазба деректердің мәліметінше, Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық қалаларын тек әкімшілік немесе сауда қызметін іске асырады деп бөлуге болмайды. Бірақ әрбір қаланың белгілі бір жағының дамуында басымдық байқалғанын көреміз. Сығанақ, мысалы, Дешті Қыпшақ үшін сауда орталығы және Ақ Орда үшін астана болған. Түркістан (Ясы) Қазақ хандығының әкімшілік, территориялық әрі діни орталығы, егіншілігі дамыған аймақтың басты қаласына айналды. Отырар ұзақ уақыт бойы Түркістан уәлаятындағы Темір және Шайбани әулетінің өкілдері тоқтайтын орын және ірі сауда, қолөнер орталығы болған. Қала және оның маңында өмір сүретін халықтың кәсібі жазба деректерде аз сипатталған. Олардың мәліметтері бойынша, қаланың жартылай аграрлы бет-әлпеті маңыздырақ болып табылады.
Қаланың экономикалық мәні қолөнер мен саудаға негізделген жоқ, ең алдымен егіншілік үлкен мағынаға ие болды (2). Бұл кәсіп сауданың негізгі көзі болған. Әр түрлі жазба деректерде егіншілік аймақтарда қолданылған суару жүйелері және суармалы егіншілік жайлы мәліметтер бар. И.Рузбиханның айтуы бойынша, Сығанақта Қаратаудан аққан көптеген арықтар және Сырдарияның үлкен каналдары болған. Сығанақ грамоталарында олардың саны берілген. Ясы және оның ауыл шаруашылық аудандарында суарылатын арықтарымен бірге берілетін уақып (вакф) жер үлескілері (телімдері) болған (3.168). Хафиз Таныштың мәлімдеуінше, Сайрамда Арыс, Сайрамсу, Ақсу өзендерінен тартылған каналдардың аты аталған. Сауран маңында Зайн ад-дин Васифи мәліметі бойынша кәріздік жүйе жұмыс істеген. Ибн Рузбихан, Васифи, Хафиз Таныш та Ясы, Сығанақ, Сайрам, Сауран кең көлемді егіншілік уәлаяттарының орталығы болып, айналасын азық-түлікпен, бидаймен қамтамасыз етіп отырған. Сырдария маңы қалаларының жартылай аграрлы сипаты жайлы тек онда кең көлемді егіншілік алқаптарының бар болғандығы ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының ауыл шаруашылығымен айналысқандығы да дәлел бола алады. Жеміс ағаштарды отырғызу, көкөністер мен бақша өнімдерін өсіру, мал шаруашылығымен айналысу Орта Азияның көптеген қалалары тұрғындарының кәсібі десе де болады (4.170). Бидай мен басқа да дәнді дақылдардың саудагерлер мен ауқатты қала тұрғындарында жинақталған қоры жайлы жоғарыда аталған деректер мәлімет береді. Олар өңдейтін жер үлескілері қала сыртында орналасқан. Бұл жайлы археологиялық деректер мәлімет береді. Қала халқы жер салығы – хараджды төлеген, бұл олардың тікелей жер еңбегіне қатысы бар екендігін көрсетеді. Оңтүстік Қазақстанның феодалдық қалаларының ауылдармен байланысы жан-жақты болған: саяси (ауылдардың қалаға әкімшілік жағынан бағынуы), әлеуметтік (қалада үстем болған феодалдық билік ауылдарға да тарады), мәдени және ұлттық. Бірақ бұл ең алдымен тұрақты экономикалық байланыстар еді: қалаларға тек оның тұрғындары өндірген өнім ғана емес, сонымен қатар қала маңындағы аймақтардан да өндірілген өнім келіп отырды. Сондай- ақ қала қолөнершілеріне әр түрлі бұйымдар жасайтын шикізат жеткізілді. Өз кезегінде қала қолөнершілері жасаған заттар ауылдарға таралып отырды.
Оңтүстік Қазақстанның ортағасырлық қалаларының өмірінде ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесі зор. Ендеше осы елді-мекендердің ішінен оларды қалалар деп неге бөлек қарастырамыз? Дұрысы, мұндай жартылай аграрлы қаланы «үлкен ауыл» деп атауға болмас па еді? Бірақ халқының саны әжептәуір көп қала аз ғана ауданда қоныстанады да, ал ауыл болса, үлкен кеңістікті алып жатады. Қала көбінесе қорғанмен қоршалған болады, ал ауыл қоршалмаған. Қалада қолөнершілер шоғырланады, әкімшілік және сауда қызметтерін іске асырады. Сондықтан бұл жағдайдың барлығы қойылған сұраққа жауап береді. Парсы және түркі тілдес халықтардың деректерінде Сырдарияның орта ағысы мен Қаратау маңындағы елдімекендерді кейде «шахар» (уәлаяттың әкімшілік орталығы), «қала» (қорғанмен қоршалған қамал) деп атап, «касада», «балада» (қалашық), тіпті «дих» (ауыл, елдімекен) терминдерін аз қолданған (2.26).
Жазба деректер Сырдария маңындағы қалалардағы сауда-саттық жайлы мәлімет береді. Бірақ сауда керуен жолдарындағы олардың атқарған қызметіне көбірек көңіл бөледі: «Дешті Қыпшақ тың саудагерлері Сығанақ қаласын өздерінің сатуға арналған тауарларын сақтайтын орынға айнал дырды. Түркістан ауданынан, Мауреннахр, Шығыстан Қашғарға дейінгі кеңістікте өмір сүретін халықтар Сығанаққа өз тауарларын алып келіп, жергілікті халықпен сауда жасайды». Ибн Рузбиханның айтуы бойынша, сауда келісімдері осы Сығанақта жасалатын болғандықтан, бұл қала саудагерлердің тоқтайтын орны және әр түрлі тауарлардың көптігімен ерекшеленетін. Ясыда Дешті Қыпшақ, Мауреннахр, Қытайдан келетін жолдар қиылысатын еді. «Михман- наме-йи Бухара» шығармасының авторы ол жайлы былай дейді: «Йасы қаласына әр түрлі тауарлар мен бағалы тастар әкелінетін. Осы жерде сауда жасалатын». Ішкі сауда жайлы деректер өте аз, бірақ Ибн Рузбихан Исфахани Сығанақта, Ясыда базарлар бар екендігін атап кеткен. Қала мен көшпенді дала арасындағы сауда, әсіресе, ХІV-ХV ғасырлардан бастап, қыза бастады. Көшпенді-малшылар қала базарларына мал және мал шаруашылығының өнімдерін жеткізіп отырған. Ибн Рузбиханның айтуынша, Сығанаққа сатуға бағалы заттар әкелінген, соның ішінде тиін терісінен тігілген тон, басы доғал садақ, ақ қайыңнан жасалған садақ оғы, жібек маталар және басқа бағалы заттар. Бұл тауарлардың көбісі даладан әкелінген. Сырдария маңы қалалар базарларында, Мауереннахр базарында Қазақстанның далалық аудандарының қолөнершілері жасаған заттар сатылатын еді. Сейфидің мәліметтерін өз еңбегінде Бартольд берген. Өз еңбегімен жасалған заттарды басқа аудандардың әкелінген мақта, жібек маталарға, әр түрлі қолөнер бұйымдарына, бірақ негізінен бидай, ұн және егіншіліктің басқа да өнімдеріне айырбастаған. Оңтүстік Қазақстан қалаларындағы қолөнершілік жайлы жазба деректер жанама мәліметтер береді. Жоғарыда айтылған деректер бойынша мұнда малшылықтан алынған шикізат өңделгендігі жайлы білуге болады. Егіншілік пен бақша ісінің дамуы әр түрлі ауыл шаруашылық еңбек құралдарын дайындайтын металл ісінің дамуына мұқтаждық туды. Әскери құрал- жабдықтарды дайындайтын қолөнердің болғандығы жайлы деректерде көрсетілген Мұхаммад Шәйбанидің өз әскері үшін Сайрам мен Ясы қалаларынан алынғандығы дәлел бола алады.
Құрылыс ісі де дамыды, жазба деректер Сырдария маңындағы қалаларда әр кезеңде жүргізілген құрылыс жұмыстары жайлы айтып кеткен. Му´ин ад-дин Натанзидің Отырар, Сауран, қалаларында Ақ-орданың ханы Ерзен және басқа хандардың жүргізген жұмыстары жайлы ақпарат береді. Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи кесенесін тұрғызу жұмысына тек Мәуреннахрдан әкелінген ұсталар ғана емес, жергілікті ұсталар да араласты. Деректер ХV-ХVІ ғғ. бірнеше қалалардағы дамыған фортификациялық жүйе жайлы хабарлайды. Мысалы, Ибн Рузбихан Исфахани, Хафиз Таныш және басқа да авторлар Сауран, Отырар қалаларындағы қорғандар бірнеше айлық қоршауда өзін-өзі ұстап тұруға қабілеті жететіндігін айтады. Ибн Рузбихан Исфахани Отырардың қорғанын «алынбайтын қамал» деп атаған. Ал Хафиз Таныш Сауранның қорғану құрылыстарын былай сипаттаған: «Сауранның қорғаныс жүйесіне қамал, оның мұнаралары, қақпалар, қорғаныс жалы (баре), «өзенге ұқсайтын» терең ор (хандық) кірген». Зайн ад-дин Васифи мәліметі бойынша, Саурандағы Шәйбан тұқымы Убайдуллах хан салдырған медресе жайлы, Сауран жанында салынған кәріздік жүйе, оның құрылыс, пайдаланылуы жөнінде хабар береді (5).
Ауа райының қолайлылығы, («Михман-наме-йи Бухара» шығармасының авторы Сырдария маңы мен Сауран, Сайрам уәлаяттарында болып, онда климаттың таңғажайып жайлы екендігі туралы хабарлаған), суару үшін жеткілікті су көздері, өнімді тек жергілікті пайдалануға ғана емес, сату үшін егуге мүмкіндік беретін жер өңдеуге ыңғайлы жағдайлар, қала қолөнершілерінің бұйымдарына деген сұранысты қамтамасыз етіп отырған халық санының көптігі – осының барлығы моңғол шапқыншылығынан кейінгі кезеңде бұл аймақтағы қалалық шаруашылықтың жедел дамуына жағдай жасады (6.244). Қазақстанның оңтүстігінде өмір сүретін халықтардың этникалық құрамын анықтауда жазба деректердің мәні зор. Жазба деректердің мәліметі бойынша ХІV-ХVІ ғғ. Сырдария маңында қыпшақтар, қаңлылар, қоңыраттар, арғындар, маңғытайлар, дулаттар, жалайырлар және қазақ, өзбек ұлттарының басқа да тайпалары мекендеді. ХV ғасырдың екінші жартысынан бастап, жазба деректерде Қазақстанның территориясын мекендеген халықтарды рулық немесе тайпалық бірлестіктер деп атамай, жалпы этнониммен «қазақтар» деп атады. Жазба деректер Қазақ хандығы және оның алдындағы Ақ Орда, Моғолстанның саяси және экономикалық өмірінде Оңтүстік Қазақстан қалаларының маңызды рөлі атқарғандығы жайлы мәлімет береді (5.233).
Жазба деректерде Сырдария қаларының қоғамдық өмірі аз қарастырылған. Деректер Оңтүстік Қазақстан халқының әлеуметтік жағынан бір текті емес екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Еңбекші және оған жақын жатқан ауылдық аймақтың халқын қанаудың жеке формалары қалыптасқан. Халықтар негізінен пұрсатты және қаналушы топтарға бөлінеді. Қала басшылығына удельдік билеуші, мұсылман дін басылары, әскери феодалдық көшпенді шонжар өкілдерінен басқа жоғарғы әкімшілік шенеуніктері, жоғарғы билік басшылары енді. Еңбекші халық қала мен оның айналасындағы ерекше жеңілдікті пайдаланушы пұрсатты топтарды қамтамассыз етті. Қала тұрғындарының «қарапайым», салық төлейтін бөлігін деректер жалпы атаумен «раІ ийат» деп атайды. Қызметшілер, кедейлер, қара жұмысшыларды жазба деректерде «ронуд ва оуваш» деп атайды. Егіншілер соның ішінде қала тұрғындары ханға «баж», «харадж», «малваджихат» және тағы басқа салықтар төледі, оларды жалпы атаумен алым-салық («алык ва салык») деп атады. Мұсылман хұқы бойынша Орта Азия халықтары қандай салық төлесе, қала халқы да сондай салық төледі. РаІ йиаттарды қанау сауда- қолөнерші қалалар мен егінші ауылдардың көшпелілер қолына өткеннен кейін одан сайын күшейе түсті (2.40).
Қалалардың өркендеп дамуы – отырықшы өмір салтының бірден-бір дәлелі, тіршіліктің кепілі. Адамдардың өмір сүру салты жалпы қоғамның әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалын айқындайды. Сондықтан қазіргі кезде құм басып, ертеде тіршілігі қайнаған қаланың дамуын анықтау – жалпы қоғамның тіршілігін анықтаумен тең. Қазақ тарихында ортағасырлық қалалар жайлы ашылмаған құпиялар көп. Ал бұл дегеніміз өз кезегінде Қазақстан тарихында ақтаңдақ күйінде қалып қойған беттер жетерлік деген сөз. Қалалардың көпшілігі ашық аспан астында қалып қойып, ескерткіш ретінде құндылығын жоғалта бастайды. Қолда бар рухани байлығымызды қадірлей отырып, зерттелмеген қалаларды әлі де болса тану, зерттеу нысанасына айналатынына кәміл сенеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Материалы истории казахских ханств ХV- ХVІІІ веков.: (извлечения из персидских и тюркских сочинений). Алма-Ата: Наука Каз ССР, 1969. 648 с.