Қазақстан аумағында бірнеше мыңдаған жылдар бұрын билік ру ақсақалдары, содан кейін тайпа басшыларының (б.з.д. VII-III ғғ.) қолында болған рулық ұйымдар пайда болды. Мұндай билік көшпелілер құрылтайларында бекітілді және тайпалар арасындағы дауларды шешу құзіреттілігіне ие болуға ұмтылыс жасап отырды. Жер және мал тайпалық-рулық ұйымның, ал жайылымдық жерлер қауымдастықтың қарамағында болды. Қазақстан аумағындағы рулық ұйымдасу мен көшпелі тайпалар мемлекеттілігі қауымдастықтарының қалыптасуы баяу жүрді.
Ерте мемлекет кезеңінде сақтар мен массагеттердің рулық қауымдастықтары пайда болды. Осының нәтижесінде қоғамдық билікте жаңа өзгерістер пайда болып, өз ішінде қауымдастықтың кеңесі, жоғары билеуші және әскери басшыларға бөлінді. Көшпелі тайпаларға (сақ, үйсін, қаңлы, т.б.) даланың әскери демократиясы тән болды.
Мемлекеттіліктің ерте кезеңінде (б.з.б. VІ-VІІ) Батыс Түрік қағанатында қағанның басшылығымен мемлекеттік ұйым пайда болды. Қаған әскери билікке, жоғары билік құзіреттілігіне ие болды. Сонымен бірге қаған тайпалар арасындағы дауларды шешіп, көшпелілердің көшу жолдарын анықтап, лауазымды тұлғаларды тағайындады. Заңдарда әрбір әлеуметтік таптың -байлар, шығайлар (кедейлер), таттар (шаруаларға бағыныштылар), құлдар мен күңдердің құқықтық жағдайлары белгіленді. «Тат» — ірі мал иеленушілердің шаруашылығында жұмыс атқаруға тиісті бағынышты немесе жартылай бағынышты, өз шаруашылығы жоқ адамдар. Әлеуметтік сатының ең төменгі бөлігін тұтқындардан құралған құлдар құрады. Түрік қағанатында құлиеленуші құрылыс болған жоқ, оның орнына тұрмыстық (отбасылық) құлдық болды. Тұрғын халықтың көпшілігін «қара бұдан» деген атпен біріккен малшылар, жер иеленушілер, қолөнершілер мен ұсақ саудагерлер құрады. Қара бұдан Түрік қағанатының қоғамдық әлеуметтік негізін құрады, яғни олар салыстырмалы түрде бостандықтарды иеленіп, әр түрлі саяси мәселелерді шешуге қатысты.
Құқықтардың басым көпшілігіне байлар ие болды. Билік басында сайланбалы қаған тұрды, бірақ ол шексіз билікке ие болған жоқ. Ол өз қызметінде көсемдер Кеңесіне сүйенді. Қаған заң шығарушылық қызметін иеленді, яғни жарлықтар мен бұйрықтар шығарды. Осындай нормативті актілер арқылы құқықтық тәртіп орнап, қоғамдық қатынастар реттелді. Жекеменшікке қатысты қатынастарды реттеуге ерекше көңіл бөлінді. Қауымдық немесе тайпа меншігіндегі жер жекеменшік объектісі болып саналды.
Бектер (тайпа ақсүйектері) ішінен қағандар соғыс жағдайында әскери бөлім басшыларының, ал бейбіт жағдайда «халық соты» қызметін атқаратын бүріктер мен салық жинаушылар қызметін атқаратын тархандарды тағайындады.
Сенімге ие болған түріктерде отбасылық қатынастар патриархалдық қүқық негізінде жүзеге асты. Тұрмыс құрған әйелдердің құқықтары мен бостандықтары оның ері және ерінің туыстары тарапынан шектелді. Отбасы мүлкіне, сонымен бірге әйелінің өзімен бірге ерінің үйіне әкелген жеке мүлкіне де әкесі мен ері билік етті.
Түрік қоғамында мынадай қылмыс түрлері болды: кісі өлтіру, қанды кек, барымта (малды айдап әкету), ұрлық. Жекелеген қылмыс түрлеріне буындыру, бас кесу сияқты өлім жазалары қарастырылды. Кейбір әрекеттерге, мысалы, мал ұрлау тайпалар арасында жанжалдасу немесе дұшпандық сипатта болса, онда ол әрекеттер қылмыс болып саналмады.
ІХ-Х ғасырларда Түрік қағанатында қанды кек жазасы кең таратылмады. Ал кісі өлтіргені үшін көпшілік жағдайда ақшалай немесе мүліктік төлем нысанында «қүн» төленді. «Құн» төлеу жазаның бір түрі ретінде XX ғасырға дейін қолданылды.
Қазақстанның белгілі заңгер-ғалымы Ғ.С. Сапарғалиевтің пайымдауынша, Түрік қағанаты кезеңінде пайда болған көптеген құқықтық түсініктер Қазақстан аумағындағы саяси құрылымдардың (қимақтар, қыпшақтар, қараханидтер, т.б.) мемлекеттік құқықтық өміріне мықтап енді. Ерте кезеңде қоғамдық биліктің орталықтандырылу деңгейі өсіп, көшпелілердің көпшілігі қоғамдық өмір тәртібіне бейімделе бастады. Ру мен тайпа арасындағы жайылымдық жерлерді бөлу кезінде жиі орын алған қарулы қақтығыстар мықты орталықтандырылған биліктің болуын қажет етті. Бірыңғайланған биліктің болмауы қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуын қиындатты. Қазақтардың әлеуметтік-саяси және жеке құқықтық жағдайлары Қазақстанның көптеген аумақтарындағы көшпелі өмірге қарағанда, мейлінше, кең бостандықтарымен ерекшеленді.
XIII ғасырда Қазақстан территориясын мекендеген тайпалар Шыңғыс хан басшылығымен құрылған әскери қуатты машина-мемлекет монғол мемлекетінің қол астына түсті. Тұтқындалған халықтың халі өте ауыр болды, олар халықты салықтардың көптеген түрлерін төлеуге міндеттеді. Зерттеушілер сол кезеңдегі салықтың 20-ға тарта түрін анықтап отыр. Шыңғыс хан елді басқаруда территорияны ұлыстарға бөліп, ұлыстардың басына өз ұлдарын отырғызды.
1206 жылы Шыңғыс хан «Шыңғыс ханның жасасы» атты заңдар жинағын шығарды. Шыңғыс ханның заңдық тәртіпке ерекше назар аударғанын оның заңдар жинағының өте қатал жазалардан тұратындығынан көруімізге болады. Кез келген құқық бұзушылық әрекетке өлім жазасы тағайындалды. Шыңғыс ханның жеке билігінің негізін он мыңдық сарбаздан тұратын салт атты әскер құрады. ХІV-ХV ғасырларда ғана монғол империясының құлдырауынан кейін қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына жағдай жасалды.
Қоғамдық құрылыстың саяси-құқықтық нысаны ретінде Қазақ мемлекеттілігі ортаазия даласында XV ғасырдың ортасында 1470 жылдары пайда болды. Қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы орта ғасырдағы Ноғай және Әбілхайыр хандығының «Ақ Орда» бірлестігінің құлдырауы негізінде пайда болды. Осы уақытта тек қана Әбілхайыр ханның саясатына көңілдері толмағаннан емес, керісінше белгілі бір руға және тайпаларға біріккен 200 мыңдай адам Өзбек хандығынан Жетісуға қоныс аударады. Олар қазақ хандығының негізін қалаған Орыс ханның мирасқорлары Дешті-Қыпшақ тұрғындарын құрады. «Қазақ» сөзі алғашында «еркін», «бос», «бағынышты емес көшпелілер» немесе «біреулердің билігінен азат болған» деген этносаяси мағынаға ие болды. Осыдан келе, Орыс ханның қол астына біріккен түркі тілдес тайпалар қосылып «қазақ» деп аталып, ал олардың мемлекеті «Қазақстан» деп аталды. Осы кезең қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуының бастауы болып саналады.
Қазақтардың орталықтандырылған этносаяси бірлесу кезеңіндегі мұрагерлік тұрғыдағы хандық билік қазақ ұлыстарының барлық жерлерінде жоғары құқықтарға ие болды, яғни қазақтарға жайылымдық жерлерді бөліп беру, көшіп-қону жолдарын, су көздерін анықтау, олардың әскери қорғалуын қамтамасыз ету сипатында әр түрлі жарлықтар мен бұйрықтар шығара алатын болды.
Қазақ қоғамында құрамында ақсүйектер, ақсақалдар, ру басылар, сұлтандар ханмен бірлесе отырып, жалпы мемлекеттік істерді қарастыратын құрылтайлар (халық жиналысы) жыл сайын шақырылып отырды. Белді ру басылары ханның жанынан билер кеңесін құрды. Билер руларда соттық және әкімшілік қызметтерді атқарды, олардың Шыңғыс хан тегі сұлтандардан («ақ сүйек» тобы) айырмашылығы «қара сүйек» элитасы болып табылатын ру белсендісін құрады.
Бостандық пен өзін-өзі басқару нысандары Қасым, Есім, Тәуке, т.б. хандардың тұсынан басталды. Қасым ханның тұсында бірінші рет қазақтың қарапайым құқығын жүйелеуге талпыныс жасалды. Оның тұсында шамамен XVI ғасырдың алғашқы ширегінде «Қасым ханның ақиқатты ережелері» деп аталатын нормалар жинағы шықты. Халық бұқарасы Қасымның шариғатты алмай, ежелден қалыптасқан билер заңы — жарғыны жаңадан көтергенін қатты ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кетті. XVII ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығының күшейіп тұрған кезінде бұдан да жаңартылып, дамытылған нормативті акт -«Есім ханның ескі жолы» шықты.
ХVІІ-ХVIII ғасырларда Қазақстан көрші мемлекеттер және халықтармен өте күрделі саяси қатынаста болды. Қазақтарға аса ауыр қауіпті жаңа жерлерге зәру болған батыс монғолдардың көшпелі тайпалары — жоңғарлар төндірді. Жоңғарлардан аса зор қауіп төнген жағдайда Қазақ хандығының біртұтастығы мен бүтіндігін сақтап қалу үшін құқықтық құрал қажет болды. Осындай құқықтық құрал болып Тәуке ханның қарапайым құқықтық нормалар жинағы «Жеті Жарғы» табылды. Атақты құжатта қазақ қоғамының барлық қоғамдық жағы, сонымен бірге азаматтардың құқықтық мәртебелері анықталған. «Жеті Жарғыдан» өмір сүру, мүліктік, жекеменшік, жерге деген құқықтар, ең бастысы, азаматтық және экономикалық құқықтар орын тапқан.
«Жеті Жарғыда» халықтан алынатын салықтың мөлшері, құнның жоғарғы мөлшері анықталған, қанды кекке шек қойылған және билер мен сұлтандарға қарсы қылмысқа айыппұл, соңғылардың билік шегі айқындалған. Жайылымдық жерлерге қатысты дау туындаган жағдайда қазақтың қарапайым құқықтар нормасы белді де, ауқатты қазақтарды қоргауға бағытталды. Ол қазақтар бұдан басқа ең шұрайлы жайылымдық жерлерді алуда материалдық артықшылықтарға да ие болды.
Қазақтардың әлеуметтік ұйымы адамдар арасындағы өзара байланысты шаруашылық, қандас туыстық, отбасылық, этникалық, саяси және тағы басқа қоғамдық өмірдің әр түрлі салаларынан пайда болып, әлеуметтік институттар арасында күрделі жүйені қалыптастыратын қарым-қатынастар нысанына негізделеді. Қоғамдық байланыс дамуының анықтаушы факторы болып қоғамдық өндіріс үрдісінде қалыптасқан мүдде мен мақсаттың бірлестігі табылады. Көшпелі қоғам жағдайында олар өндірістік байланыс негізінде пайда болған қауым түрінде жүзеге асты, себебі қоғамдық өндірістің барлық салаларын қамтамасыз ету үшін адамдарды біріктіру қажет болды.
Қазақ қоғамы өте бай мал иеленушілер мен тәуелді өндірушілерден құралды. Өмір қажеттілігіне орай малы аз адамдар бай мал иеленушілермен бірге әр түрлі экономикалық қарым-қатынасқа түсуге, яғни өздерінің жұмыс күшін сатуға мәжбүр болды. Түрақты мал шаруашылығын қамтамасыз ету бай мал иеленушілер мен қатардағы қауым мүшелерінің бір-бірімен өзара белсенді әрекет етуге байланысты болды.
Қазақтардың белгілі бір немесе қандай да бір топтарының әлеуметтік және құқықтық жағдайлары олардың қоғамдық өндірістегі рөлі мен атқаратын қызметтеріне байланысты анықталды. Сонымен қатар адамның әлеуметтік жағдайы барлық уақытта оның экономикалық жағдайымен анықталмады, ал соңғысы өз кезеңінде өзіне тән артықшылықтарға тәуелді болмады. Бұл нені білдіреді?
XVIII ғасырда қазақ қоғамының құқықтық қатынасында қазақтардың «ақ сүйек» және «қара сүйек» деп топтарға бөлінуі көрініс тапты. Жабық жүйе болып табылатын «Ақ сүйектерге» төре (сұлтандар) және қожа кірді. Төрелер қазақ қоғамының қоғамдық-саяси өмірінде маңызды орынға ие болды. Сұлтандар тобына жату туылған кезден басталды, яғни сұлтанның отбасында дүниеге келгендер бірден билік етуші тапқа еніп, басқару қызметін атқаратын басымдылық құқықтарға ие болды. Қолдарында жоғары биліктері бар тек қана төрелерден (Шыңғыс хан династиясынан) хан сайланды. Хан билігі қандай да бір қатаң заңмен реттелмеді. Ол ханның беделі мен байлығына сүйенді. Мемлекет басшысы ретінде хан көшпелілерге жоғары бұйрық беруге құқылы болды. Хандар жер дауын шешіп жеке қауымдастық жайылымын бекітті.
Ханның жанынан барлық жүздің сұлтандарынан, беделді билерінен, батырларынан құралған хан кеңесі әрекет етті. Хан сот төрелігін де жүзеге асырды, сұлтандар, рулар арасындағы дауларды және тағы да басқа мәселелерді қарастырды. Соттық қызметті жүзеге асыруда олар қазақтың қарапайым құқығының нормаларына сүйенді. Хандар өз тұлғасын қорғауда ең үлкен құнға және айыптарға құқылы болды. Хандарға олар өз шаруашылығына құқылы, бірақ жартылай тәуелді болған төленгүттер қызмет етті.
Сұлтандар билік етуші топ, шыңғыстар тобына енді. Олар өз иеліктерін, заңды тәртіп бойынша, бірнеше рудың сұлтандары ханнан алды. Сондықтан сұлтандар өздеріне бағынышты руларды басқаруда орасан зор билікке қолдарын жеткізді: әр түрлі мағынадағы дауларды шешті, қоныстарды анықтады, ру және ауыл басшылары ретінде билерден соғыс кезінде әскери күштердің берілуін талап ете алды.
Қожа — қазақтардың рухани өміріндегі маңызды орын алатын мұсылмандық парызын өтеуші қауым. Исламның әлсіз таралу күшіне қарай қазақ даласында қожалардың саясатқа әсер етуі мәнсіз болды.
«Қара сүйек» жеке қасиеттері мен мүліктік жағдайына тәуелді әрбір адам қол жеткізе алатын ашық жүйе болып табылады. Оларға билер, тархандар, батырлар және ақсақалдар кірді. Жекелеген руларды ауылдың беделді отбасынан сайланған билер басқарды. Билердің негізгі атқаратын қызметтері көшпелі руды басқару, руды бастау, дауларды шешу, әр түрлі алымдарды жинау, соттың, сұлтанның және ханның шешімі мен үкімдерін орындау болды.
Билер сот билігін де жүзеге асырды, құқықтық реттеушілік арбитраждық және делдалдық қызметтерді атқара отырып, артықшылық құқықтық жағдайларға ие болды. Сонымен қатар олар өздерінің қарапайым құқық нормасын терең меңгеру деңгейлерімен және шешендік шеберліктерімен ерекшеленді.
Көреген билерді хан маңызды сот істерін және қазақтардың қоғамдық өміріндегі мәселелерін шешуге шақырды, осылай Тәуке хан өзінің билер кеңесінің мақүлдауымен атақты «Жеті Жарғы» заңдар жинағын қабылдады.
Батырлар — XVIII ғасырдағы қазақтар өміріндегі маңызды рөлге ие болған көсемдер немесе әскери басшылар. «Батыр» атағы адамға мұрагерлік жолмен емес, тек адамның жеке қасиеттеріне байланысты беріледі.
Ақсақалдар — қоғамның билік етуші табының көп мөлшердегі тобы. Ақсақалдар көшпелілер қоғамының әлеуметтік-реттеу қызметтерін жүзеге асырды. «Ақсақалдар» атағына терең ойлы және мал шаруашылығын жүргізуде тәжірибесі мол қазақтар ие бола алған.
Қазақ қоғамында зиялы өкілдердің бір бөлігін ірі мал иеленуші байлар құрады. Байлар қатардағы көшпелілерді қанап қана қоймай, билердің, сұлтандардың және ханның ішкі және сыртқы саясатына маңызды әсер етіп отырды. Көптеген ауқатты байлар би атағын жиі алып иеленіп, сонымен қатар ақсүйектер қатарына еніп ру басы, ауыл ақсақалы лауазымына ие болу мүмкіндігіне қол жеткізді.
Қазақ халқының басым көпшілігін негізгі шаруашылық түрі мал шаруашылығы болып табылатын шаруалар құрады. Шаруалар негізгі өндіріс күші болып табылды. Шаруаның жағдайы ең алдымен белгілі бір рулық-тайпалық қауымға жатуымен анықталды. Шаруалар жыл сайын ханға «зекет» (малдың жиырмадан бір бөлігін), жер шаруашылық аудандарында «ұшыр» (өнімнің жиырмадан бір бөлігін), сонымен бірге «соғым» (малды тірідей әкеліп беру) сияқты басқа да сыйлар беруге міндетті болған.
Шаруалар өздерінің құрамына байланысты бірдей болмады. Олардың жағдайы өздері тәуелді байлардың қандай сатыда тұрғанына байланысты болды. Қоңсы шаруалар — бұлар кедейлер, иелігінде малдары жоқ, билердің тарапынан берілген сүтті және көлік бола алатын малды уақытша қолдануға ғана құқықтары барлар. Байларға жерден алған өнімнің бөлігін беретін кедей жер шаруашылығын жүргізушілер егінші-кедейлер қатарына жатты.
Бостандықта болып көрмеген, кедейленген қазақтар хан мен сүлтанның толық тәуелдігіне түсіп төленгүттерге айналды. Құлдар ешқандай құқықтық жағдайды иеленбеді. Басқа елдің тұтқынға түскен өкілдері құлдардың қатарын толықтырып отырды. Құлдардың еңбектерін көбінесе үй шаруашылығында қолданды.
Рулық қоғам мүшесі бола отыра (бұл кезеңдегі қазақтардың рулық ұйымдарының алғашқы қауымдық құрылыстағы рулық ұйымдардан айырмашылығы болды, ол еңбек кооперациясы қағидатына негізделген әлеуметтік қауым түрінде болды), қазақтар белгілі бір құқықтар мен міндеттерге ие болды:
- әрбір ру мүшесі өзінің жеті атасын білуге міндетті;
- әрбір адам өзінің туысын қорғауға, ал ол туысы өлтірілген жағдайда одан қанды кек алуға;
- әрбір рудағы туыс адамдар бір-біріне керек кезде, қүн немесе айып төлегенде көмек көрсетуге;
- әрбір ру өз қандастарын жерлеуге «қасиетті» орынға ие болуға;
- жесір әйел екінші рет тұрмысқа осы рудың еріне ғана шығуы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Искакова Г., Ғазизова Н., Сембаева А. — Қазақстан Республикасындағы адам құқығы: Оқу құралы. — Астана: Фолиант, 2008. — 296 бет.
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. — Алматы, 2006.
- Бельгибаев С. Развитие гражданского общества в Казахстане // Саясат, — 2004., №11.