Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуымен байланысты тәрбиенің барлық саласында қайта түлеу процесі жүріп жатқаны мәлім. Республика Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының үшінші сессиясында жасаған «Қоғамдық келісім — Қазақстанның демократиялық дамуының негізі» туралы баяндамасында рухани құндылықтар жөнінде айта келіп: «Жалпы ұлттық идеяларды іздестіру барған сайын көкейкесті сипатқа ие болып отыр», — деп атап көрсетуінің үлкен мәні бар.
Н.Ә. Назарбаев айтқандай: «Біздің алдымызда бабаларымның игі дәстүрлерін сақтайтын, күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр».
Эпостың жанр болып қалыптасуында оған тірек болатын қайнар көздерінің бірі ретінде ертегі, өлең, тарихи жырлармен қатар мифті де атап көрсеткеніндей, Түрік қағанаты дәуірінде «Ежелгі мифтер мен нанымдар, сюжеттер мен мотивтер бірыңғай идеологиялық сипат алып, қағанды дәріптеу үшін біршама көркем қасиетке ие болған, «сондай-ақ түркі жұртының бабасы -Көкбөрі деп, Ашинадан тарағаны туралы тотемистік ұғымның іздері Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк туралы жазуларда жақсы сақталған».
Жазбалардағы «Көк түрк», «Көкте түрк тәңірісі», «Көк тәңірі», «Жол тәңірі», «Жер-су тәңірі», «Тәңірі», «Ұмай», «Қасиетті жер-су» деген ұғымдар олардың тәңірлікке қатысты наным-сенімінен көрініс береді. Кейбір түркі халықтарының мифтерінде жердің иесі әйел құдай — «Ұмай» болса, жазбаларда осы түсініктің ізі де едәуір көрініс тапқан.
«Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» жазуларында көне мифтердің бір түрі жасампаздық — әлемнің пайда болуы жөніндегі мифтің сілемі, түркі аңыз, дастандарында жиі кездесетін мифтік эпикалық уақыт пен кеңістік сарындарының көрінісі де бар.
Ғалым С. Қасқабасовтың көрсетуінше, «Аспан мен жердің телегей теңізден бөлініп жаралғаны туралы түсінік жаһанда үш әлем (аспан, жер, жер асты) бар дегенсенім тудырған». Бұл сенім жөнінде ғұлама ғалым Ш. Уәлиханов та кезінде жазып көрсеткен болатын. Дүние-әлемнің мифтегідей төменгі, ортаңғы және жоғары әлем деп үш бөліктен тұрады деп бейнеленуі эвендердің көне эпосында да кездеседі. Түркі-монғол халықтарының эпосы мен ертегілерінде түрлі дәрежеде сақталған мифтік дәуірдегі бұл түсініктің көрінісі қазақ фольклорындағы батырлық ертегілерде бейнеленген («Ер Төстік», «Күн астындағы Күнікей қыз», т.б.). Үш әлем түсінігінің кейбір белгілері, қазақ фольклорында жиі кездесетін әлемнің төрт бұрыштылығы жөніндегі айтылатын сарын Орхон жазбаларында да кездеседі. Ондағы дүниені төрт бұрышты деп есептеген ескі түсініктің көрінісі — ежелгі мотив — түркілердің мекен еткен жерінің кеңдігін, қағанаттың күш-дәрежесін бейнелеу мақсатында пайдаланылған деп шамалауға болады.
Орхон ескерткіштеріндегі дүниенің жаралуы жөніндегі мифтік бастама, Бумын, Істемі қағандардың дәуірінің бейнеленуі, сондай-ақ Білге, Күлтегіндердің әкесі Елтеріс қағанның билік жүргізген кезіндегі ерлік іс-әрекеттері, жорықтарының баяндалуы, Білге қағанның тағы да ыдырай бастаған түркі тайпаларының тұтастығын қалпына келтіруі, Күлтегіннің ерліктерінен бастап оның қайтыс болғанға дейінгі жорықтарын баяндауға арналған мәтін сюжеттерінен жазбагер Йолықтегіннің бірнеше сюжеттерді біріктіре эпосқа тән сюжет тұтастандыру әдісін пайдалануға талап жасағаны байқалады.
Орхон жазба мәтіндерін фольклорлық үлгілермен салыстырып, олардың фольклормен байланысы жөнінде бұрын-соңды айтылған ой-пікірлерді еске ала отырып, ойды жүйелей келе, мынандай бірнеше түйінді байламдар жасадық:
Біріншіден, Орхон жазбалары — дәуір шындығын танытатын, жазбагерлердің өзіндік қолтаңбалары бейнеленген, сонымен қатар өз дәуірінің әдеби дәстүріне негізделіп жазылған мұралар.
Екіншіден, Орхон жазба ескерткіштерінің жанрлық ерекшелігі туралы көптеген ғалымдардың ертелі-кеш айтқан ой-пікірлері ортүрлі сипатта болғанын байқадық. Бұл мәселе әлі де жан-жақты қарастыруларды қажет етеді.
Үшіншіден, қай кез, дәуірде болса да сөз шеберлері — көркем одебиет өкілдері фольклорлық дәстүрге арқа сүйеп отырған. Бұл құбылыс Орхон ескерткіштерінде де кеңінен көрініс тапқан. Орхон ескерткіштері стилінде де эпостық жырлармен жақындастыра түсетін белгілер бар. Фольклор жанрларының стилі Орхон жазбалары авторларының стиліне негіз болғандығы олардың халық поэзиясының дәстүрлерін игеруінен, көркемдік ойлау жүйесінен де байқалады.
Төртіншіден, Орхон жазбаларындағы фольклорға тән ерекшеліктің бірі — оларда да синкреттілік бар екендігі. Идеологиялық синкретизм мен жанрлық синкретизм көріністері бар.
Бесіншіден, қазақтың қаһармандық жырларымен ортақ ұқсастық белгілері аз емес. Орхон ескерткіштерінің ішіндегі «Білге қаған», «Күлтегін», «Тоныкөк» жырлары — қаһармандық жырларға жақын, эпикалық жыр дәстүрінде жазылған туындылар. Оларды қаһармандық эпостарға жанрлық жағынан идея бірлігі, тақырып ортақтығы, сюжетіндегі үқсастықтар, кейіпкердің идеализациялануы, дәріптелуі, образдардың жасалу ерекшелігі, батыр мен тұлпар образдарының қатар келуі, қайталаулардың жиі ұшырасуы, композициясы мен стиліндегі дәстүрлі ортақ қолданыстар, фольклорлық шағын жанрлардың эпикалық туынды бойында кездесуі, ежелгі таным-түсініктердің аралас жүруі, көркемдік бейнелеу әдіс-тәсілдерінің, құралдарының ортақтығы, т.б. белгілері жақындастырады.
Алтыншыдан, Орхон жазба ескерткіштерінде фольклорлық эпикалық дәстүрге сәйкес эпосқа тән көпқабаттылық та белгілі дәрежеде көрініс тапқан.
Жетіншіден, Орхон ескерткіштерінің фольклорлық дәстүрмен сабақтастығы фольклорға тән айшықтарды, яғни тіл байлығын пайдалануынан да көрінеді.
Пайдаланылған әдебиеттер: Педагогика, әлеуметтік педагогика, өзін-өзі тану тарихы: оқу құралы. Ж.Р. Баширова, Р.К. Бекмағамбетова, Н.С. Әлқожаева, Н.С. Жұбаназарова, Ұ.Б. Төлешова. – Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 248 б.