Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасын өлеңмен жазған. Қысқаша мазмұны мынау: Абылайхан бір жаққа жаугершілікке аттанбақ боп қол жияды да, аттанбай жатып алады. Көп жатып жалыққан Абылайдың батырлары Абылайға кісі салса, Абылай Баян батырсыз аттанбаймыз деген қысқаша жауапты айтады. Баян батырдың кешігу себебі былай шығады. Ол бір жорықта қалмақтан бір жас сұлу қыз алып қайтады. Қызға көңілі ауады. Бірақ жасы жас болғандықтан тимейді. Қыз Баянды ағасындай көріп еркелеп жүреді.
Баянның Ноян дейтін 15-16-дағы інісі болады. Осы Ноян қызға ғашық болады. Бір күні бір сайда қыз бен Ноян кез кеп, Ноян қызға сырын айтқаннан кейін, қыз: мен саған тиейін, бірақ мені Баян əкетерде шешем, ел бетін бір көрмей ерге шықпа деп еді. Елге алып бар, содан кейін тиейін дейді. Ноян осы сөзге ереді де екеуі сол түні екі атқа мініп қашады. Бұл кеңес таңертең Баянға жетеді. Ашуланған Баян атына мінеді де, Жолды өзек деген жерге қуып жетіп, жалынғанына қарамай екеуін де өлтіреді. Екі жасты өлтіріп болғасын өз ісіне өкініп, біраз жылайды да, екеуін көміп, тартып отырып Абылайға барады. Кешіккен себебі осы боп шығады.
Баян келе Абылай қолын аттандырады. Бұғыбай бастаған қалың қол шөлді өрлеп отырып Балқаш көліне келеді. Осы арада жиналып жатқан қалмақты ұшыратады. Абылайды қапылыста шабамын деген қалмақ күтпеген жерден мынаны көргесін Абылайға айыбын берейін, татуласайық деп кісі салады. Абылай бұл сөзді қабыл алғанда, Баян татуласуға қарсы болады.
Бірақ Абылай өз сөзінен қайтпайды. Көпшілік: «Абылайдың бетінен алған адам оңбайтын еді, бұл Баян осы жолы мерт болады» деседі. Ертеңіне Абылай қолы қашып кеткен қалмақты естиді. Абылай санын соғады да, кейін қайтуға ұйғарады. Өзге қол қайтқанмен Баян жүз батырды жанына ертіп қалмақты қуады да, Іле өзенінің Қытай жақ басында қуып жетіп соғысады. Сол арада батырлары да, өздері де өлді.
Батыр Баянның бұл əңгімесі Шоқан Уəлиханұлының кітабында орысша тілмен жазылған. Онда Шоқан Баянды өлген кісіні тастаған өзеннен су ішем деп іш ауруы боп өледі дейді.
Баян қалай өлсе олай өлсін онда біздің жұмысымыз шамалы. Біздің жұмысымыз жазылып отырған поэмада, жазушының поэманы қандай ойымен жазғанында, поэманың пурлтариат жұртшылығы үшін қандай маңызы барлығында.
«Батыр Баянның» тілін алғанда, сөз жоқ, сырты өте көркем. Жайшылықта тілге шебер Мағжан, бар тіл əдемілігін «Батыр Баянға» құйған. Тіл əдемілігінің үстіне, ақын осы оқиғаны шын ынтасымен (переживание) жазғандықтан жан сезімінің көріністері (психологическое переживание) поэмада айтып отырған ішкі құрылысын былай қоя тұрып, сыртын, тақырыптың (тема) өркендеу желісін алғанда, поэма, сөз жоқ, қазақ əдебиетінен ірі орын алады.