Қимақ тайпалары туралы алғашқы деректер VIII ғасырдан бастап кездеседі. Бұл кезде имақ деп аталған тайпалар қазіргі Шығыс Қазақстан аумағын мекендеген. VIII ғасырда имақтар түркештерге бағынышты болды, бірақ көп ұзамай олардан тәуелсіздігін алады. Бұл деректердің көпшілігі орта ғасырлық парсы-араб жазбалары, сонымен қатар «Худуд әл-алам» мен Махмут Қашқаридың еңбектері болып келеді. Гардизу, Рашид ад-Дин еңбектерінде қимақтар бірлестігіндегі жеті тайпа — эймур, имақ, татар, байандур, қыпшақ, ланиказ, ажлад туралы айтылады. Алғашқы бес тайпа туралы мәліметтер басқа жазба деректерінде кездескенімен ланиказ және ажлад тайпалары туралы мәліметтер кейінгі деректерде кездеспейді.
Махмут Қашқари қимақтар мен қыпшақтардың бір тілде сөйлейтінін айтса, «Худу әл-аламда» қимақтардың астанасы Имақия болғандығы туралы деректер келтіріледі.
Енисей қырғыздарының 840 жылы Ұйғыр қағанатын талқандауы қимақтар тарихындағы бетбұрыс кезендердің бірі болды. Осы кезде эймур, байандур және татарлар қимақтар бірлестігіне қосылады. Бұған дейін тоғызтатарлар Ұйғыр қағанатына кірсе, байандурлардың көп бөлігі оғыздардың құрамында болатын. 840 жылы Ұйғыр қағанаты құлағаннан кейін оның құрамына кірген көптеген тайпалар қимақтарға қосылады.
Қимақтар X ғасырда бүкіл Шығыс және Орталық Қазақстанды және Батыс Қазақстанды қамтыған күшті мемлекетке айналды. Қимақтар бұл кезде Батыс Алтайдан Оңтүстік Орал тауының оңтүстік шығысына дейін, батыста Арал теңізі маңына дейін және Солтүстік-Шығыс Жетісу мен Сырдарияның Иқан, Сауран қалаларына дейінгі кеңістікті алып жатты.
Қимақтардың жоғары билеушісі қақан деп аталды. Олардың көптеген қалалары болған, солардың бірі Имақия қимақтардың астанасына айналды. Әл-Идриси қимақтардың 16 қаласы болғандығы және қала тұрғындарының тұрмысы туралы айтады. Автордың айтуынша бұл қалалардың көпшілігі Ертіс жағалауында орналасқан. Елді қақан мен оның аймақтағы басқарушылары биледі.
Әл-Идрисидің айтуынша қақан билігіне сол әулеттен шыққан адам ғана мұрагер бола алды. Аймақ басқарушыларының билігі де мұрагерлік бойынша берілді, олардың иелігіндегі жерлер де басқарушылардың ұрпақтарына мұра болып қалдырылды. Аймақ басшылары әскери көсемдер қызметін де қоса атқарады. Олар қақанға әскер жасақтап беріп отырды. Бұл қызметтері үшін қақаннан тиісінше үлес алды. Кейбірі ірі тайпа көсемдері күшейіп қақанға жартылай ғана тәуелді болды, олар өздерін «патшалар» деп те атай бастады. Бұл туралы әл-Идриси «патшалар» басқарған жартылай дербес аймақтардың болғандығын айтады.
Қимақтар мен қыпшақтар өзара туыстас түрік тілінде сөйледі. Қазақстанның кең байтақ аумағын мекендеген қимақгардың негізгі кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болды. Көшпелі тұрмысқа негізделген қимақтардың қолөнер кәсібі де жақсы дамыды. Көшпелі мал шаруашылығымен қатар егіншілік те дамыды. Өзендер мен көддерде және ормандарда балық пен аң аулады. Қала мәдениеті мен сауда дамыды. Темірден, қоладан, алтыннан, күмістен қару-жарақ, тұрмыс заттары және зергерлік бұйымдар жасалды. Қазіргі уақытта табылып отырған археологиялық материалдар бұл мәліметтерді дәлелдей түседі.
X ғасырдың соңында қыпшақ тайпаларының соққысынан қимақ мемлекеті құлап, оның орнын қыпшақ мемлекеті басты. Қыпшақ тайпаларымен аралас өмір сүрген қимақтар қазақ ру-тайпалары мен қазақ халқының қалыптасуында да көрнекті роль атқарды.
Пайдаланылған әдебиеттер: Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б., Қазақстан тарихы. Оқу құралы. – Алматы: «Қарасай», 2007. — 344 бет.