Түрік және батыс түрік қағандығы

Б.з. бірінші мыңжылдығының алғашқы ғасырларында Орталық Азиядағы тайпалар бірлестіктерінің тарихы өзара тығыз байланысты болды. V ғасырға қарай Солтүстік Моңғолиядан Амударияның жағалауына дейінгі жерлерді тирек (телэ) деген жалпы аты бар тайпалар мекендеген. Ежелгі заман авторлары олардың саяси жағдайы мен сыртқы саяси байланыстарын сипаттай келіп оларды Алтай түріктеріне тәуелді болған дейді. Түрік деген ат алғаш рет 542 жылы қытай жазбаларында аталады.

546 жылы тирек тайпалары Монғолияның оңтүстік және орталық бөліктерін мекендеген аварларға (жуань-жуань) қарсы жорық жасайды. Осы кезде түрік тайпасының көсемі Тумын (Бумын) күтпеген жерден шабуыл жасап, тирек әскерін талқандап, 50 мың адамьш түтқьшға алады. Осыдан кейін түріктер күшейіп, аварларға қарсы шығады. 552 жылы түріктер аварлар ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңеді. Осы кезден бастап Тумын өлгеннен кейін таққа оның інісі Қара Еске отырады. Соның басшылығымен түріктер аварларды екінші рет жеңеді. Қараескеден кейін қаған тағына оның інісі Мұқан келеді. Бұл кезде түріктер шығыста қайларды, қидандарды, оғыздарды, солтүстікте Енисей қырғыздарын жеңіп өздеріне қаратып алады.

Түріктердің шығыстағы және солтүстіктегі жорықтарын Қара Ескенің інісі Мұқан басқарса, батыстағы жорығын Тумынның інісі Естеми жүргізеді және бұл жорық шығыстағы жорыққа қарағанда едәуір басымырақ жүргізілді. Осы жорықтарда Естеми түріктердің он түмен әскерін басқарады. Кейіннен өзін «он тайпалық қауымның қағанымын» деп жариялайды. Осы дерекке қарағанда әскери ұйымның ондық жүйесінің пайда болуы осы кезден басталған сияқты.

Батыстағы жорықтарын табысты жүргізген түріктер Орта Азиядағы эфталиттерді талқандауға кірісті. Бірақ орасан зор аумақты алып жатқан эфталиттерді жеңу қиындық келтірді. Сондықтан да түріктер сасанидтермен одақтасуға мәжбүр болды. Осы келісімнің нәтижесінде 563-567 жылдары эфталиттер талқандалды. Бірақ ықпал ету аймағын бөлісуде түріктер мен Иран арасында араздық басталады. Бұл жағдайдан шығу үшін түріктер Византия императоры II Юстинмен келіссөз жүргізеді. Византия елшісі Земарх түрік қағанының ордасына келіп түріктер мен Византия арасында жібек саудасын жүргізіп және сасанидтер Иранына бірлесе қарсы тұру туралы уағдаластыққа қол жеткізуге тырысады. Бірақтікелей жібек саудасын жүргізуде екі жақ келісімге келе алмайды. Өйткені бүл кезде Византияның өзінде жібек құртын өсіру құпия болмай қалған болатын. Екінші мәселеде де өзара келісім болмады. Византия Иранмен соғыста түріктердің әскер күшін пайдаланғысы келді. Сондықтан да, түріктер бұл мәселеде византиялықтарға нақгы жауап бермеді. Түріктер Византия мен Иранның өзара жауласуын өздері үшін тиімді пайдалануға тырысты.

Азғана уақыт жауласудан кейін 575 жылы Византия мен Иран уақытша келісімге келді де, Византия түрік иеліктері Кавказ бен оның сырт аймағына енуге ұмтылды. Византияның бұл әрекетін түріктердің Киммерия Боспорына және Қырым мен Батыс Кавказға жасаған жорықтары болдырмай тастады. Бұл жерлер түрік қағандығының батыстағы ең шеткері аймағы болатын.

603 жылы Түрік қағанаты Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінеді. Батыс қағанатының астанасы Жетісу жеріндегі Суяб қаласында орналасты. Батыс түрік қағанаты ежелгі үйсін жерін жайлады. Ол Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жердің бәрін алып жатгы. Қағанаттың негізгі этникалық-саяси ұйытқысы он тайпа (он оқ) болды. Батыс түрік қағанатының билеушісі қаған деп аталды, ол сонымен бірге әскери басшы билігін де атқарды. Қағаннан кейінгі екінші адам ұлық болған. Одан кейінгі лауазымды қызметтер ябғу, шад және елтебер деп аталды. Сот қызметін бұйрықтар мен тарқандар атқарды.

Түрік қағанатының тайпалары мал және егін шаруашылығымен айналысты және Жетісу бойында түріктердің көптеген қалалары болды. Батыс түрік қағанаты кезінде-ақ осы аймақтағы халықтардың экономикасы мен мәдениеті қарқынды дамыды. Түркілердің батысқа қарай жылжуы Шығыс және Батыс мәдениетін араластырып, бірін-бірі байытты. Әсіресе, Қазақстан мен Орта Азия халықгарының экономикалық және мәдени байланыстары күшейе түсті. Ертеректе пайда болған егіншілік және қолөнершілік қоныстарының негізінде сауда мен мәдениеттің шоғырланған орталықтары — қалалар одан әрі дамыды. Олардың кейбірі аймақ үшін саяси орталықтарға айналды.

VI — VII ғасырларда Суяб, Құлан, Керминкет, Меркі, Аспара, Тараз, Мыңбұлақ, Нузкет және т.б. қалалар маңызды сауда және қолөнер орталықтары ретінде белгілі болды. Бұл қалалар сол кездегі жазба деректерде көптеп кездеседі. Бұл қалалардың өсіп-өркендеуіне Шығыстан Батысқа қарай өтетін «Ұлы Жібек жолының» бойында жатуы да едәуір септігін тигізді.

Түріктердің ежелгі көне жазуы да болған. Бұны Білге қаған, Күлтегін және тағы басқалардың қалдырған көне түрік жазбалары дәлелдейді. Батыс түрік қағанатының хронологиялық тарихын негізгі үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең — оның түрік қағанатына енген уақыты, екінші кезең -өзінің жеке Батыс түрік қағанатын құруы, үшінші кезең — Түркеш қағана-тының құрамына енуі.

Пайдаланылған әдебиеттер: Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б., Қазақстан тарихы. Оқу құралы. – Алматы: «Қарасай», 2007. — 344 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *