Орасан зор аумақты қамтыған империялардың көпшілігінің өмірі қысқа болғандығы тарихтан белгілі. Оның бір себебі — үлкен аумақты бір орталықтан басқарудың қиындығы болса, екінші себебі билік үшін тартыс пен күшейген тайпалардың бөлініп шығу әрекетінен туындайтын. Бұл себептер Батыс түрік қағандығын да айналып өтпеді.
VIІ ғасырдың соңына қарай Қытай императорларының Жетісу аймағына ықпал ету әрекеті күшейе түсті. 694 жылы қағандық билікке келген Ашина Суйцзы тибеттіктермен одақтасып қытайлықтарға қарсы соғыс ұйымдастырғанда түркеш тайпасынан шыққан Нузық еркін Суяб қаласын қоршайды. Бұл аймаққа Хусэло бастаған түрік әскері аттандырылады. Бірақ, сол кездегі саяси жағдай мен күштердің арасалмағынан сескенген Хусэло кейін шегінеді.
Қытайлықтардың қыр көрсетуі мен Хусэлоның қабілетсіздігі VI ғасырдан бастап-ақ Жетісудың едәуір бөлігін алып жатқан түркештердің белсенділігін одан әрі арттыра түседі. Бұл кезде Жетісудағы сауда жолдары мен қалалар түркештердің қолында болатын. Түркеш қағандығы құрылғанға дейін олардың жетекшісі атанған Үш Елік өз ықпалындағы аумақты 20 әкімшілік аймаққа бөліп, олардың әрқайсысына 7 мыңнан әскер қояды және өзінің ордасын Суяб қаласына көшіреді. Суяб қаласы Үлкен Орда, Күнгіт қаласы Кіші Орда атанады. Түріктер Үш Еліктің бұл әрекеттеріне қарсы ештеңе жасай алмайды.
Осылайша Батыс түрік қағандығындағы өзара тартыстар қағандықты әлсіретіп, 702 жылы оның ыдырауына әкеліп соқты. Қағандықтағы күшті тайпалардың бірі түркештер Батыс түрік қағандығын құлатып, өздерінің Түркеш қағандығын құрады. Оның алғашқы билеушісі Үш Елік болды. Түркештер қара және сары түркештер болып екіге бөлінеді және арасында қаған билігі үшін өзара күрес жүргізді.
705 жылы түркештер шекарасына араб әскерлері жақындайды, Үш Елік қаған Қытаймен одақтасып арабтарды жеңеді. 708 жылы Түркеш қағандығында өзара күрес қайта жалғасады. 710 жылы Түркеш қағандығы Шығыс түрік қағандығынан жеңіліске ұшырайды. Түркештердің жеңілуі арабтардың қайта шабуыл жасауына мүмкіндік береді, олар 711 жылы Самарқандты, 713 жылы Ходжентті басып алады. Бірақ 717 жылы түркештердің талантты қолбасшысы Сұлық арабтар басып алған жерлерді қайтарады. Сұлық қаған кезінде Түркеш қағандығы едәуір күшейеді. Бұл кезде арабтардың Оңтүстік Қазақстан аймағындағы шабуылы тоқтатылады.
738 жылы сары түркештердің көсемі Баға-Тархан Сұлықты өлтіріп, билікті өз қолына алуға ұмтылады. Шу өзенінің жағасында болған шайқаста қара түркештер жеңіледі де, 740 жылы Баға-Тархан өлтіріліп, оның орнына Құтлық Білге (қара түркеш) қаған болады.
Сұлық қаған өлгеннен кейін қара түркештер мен сары түркештер арасындағы шиелініс шегіне жете күшейеді. Бұлардың арасындағы дау-жанжалды тиімді пайдаланған қытайлар 748 жылы Суябты, одан кейін Шашты (Ташкент) басып алады. Бұл жағдай арабтардың әскери көмегін қажет етті.
751 жылы Тараз маңындағы Атлах деген жерде арабтар мен қытайлар арасында тарихи шайқас болады. Араб қолбасшысы Зияд ибн Салих пен қытай әскери басшысы Гао Сянь-чжи бастаған екі жақтың соғысы бес күнге созылады. Ұрыстың шешуші сәтінде қытай тылында қарлұқтар көтеріліс жасап арабтар жағына шығады және ұрыстың тағдырын шешеді. Ауыр жеңіліске ұшыраған қытай әскері бүкіл Жетісу жерін тастап шығады. Бұл жеңіс кейіннен исламның Оңтүстік Қазақстанға түпкілікті орнығуына да жол ашқан болатын. 756 жылы қара түркештер мен сары түркештер арасындағы күрес қайта жалғасады. Өзара тартыстан әлсіреген Түркеш қағандығы 766 жылы біржолата талқандалады.
Пайдаланылған әдебиеттер: Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б., Қазақстан тарихы. Оқу құралы. – Алматы: «Қарасай», 2007. — 344 бет.