Су қоймаларының ластануы оларға зиянды заттардың түсуі салдарынан олардың биосфералық қызметінің экономикалық маңыздылығының төмендеуі болып табылады. Суды негізгі ластаушылардың бірі — мұнай және мұнай өнімдері. Мұнай суға оның орналасқан аудандарында табиғи шығу арқылы түсуі мүмкін. Бірақ негізгі ластау көздері адамдар қызметімен байланысты: мұнай өндіру, тасымалдау, өңдеу, мұнайды отын немесе өнеркэсіптік шикізат ретінде қолдану.
Өнеркәсіп өнімдерінің ішінен өзінің сулы ортаға және тірі ағзаларға түсетін зияны жағынан синтетикалық улы заттар ерекше орын алады. Олар өнеркәсіпте, транспортта, коммуналдықтұрмыстық шаруашылықта кең қолданыс табуда. Ағынды сулардағы бұл қосылыстардың шамасы 5-15 мг/л, ал нормасы бойынша 0,1 мг/л болуы керек. Бұл заттар су қоймаларында көбік қабатын түзуі мүмкін. Бұл заттар 1-2 мг/л жинақталғанда көбік түзеді.
Басқа ластаушылардың ішінен металдарды (мысалы, сынап, қорғасын, мырыш, мыс, хром, қалайы, марганец), радиоактивтік элементтерді, ауыл шаруашылығы жерлерінен түсетін улы химикаттарды атап өткен жөн. Су қоймаларына металдардың ішінен сынап, қорғасын және олардың қосылыстары ең қауіптісі болып табылады.
Өндірістің дамуы және егістікте улы химикаттарды қолдану су қоймаларының улы қосылыстармен ластануына алып келеді. Сулы ортаның ластануы су қоймасындағы зиянкестермен күресуде улы химикаттар қолдану, судың ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарымен өңделген жерлерден су қоймасына ағып келуі, өндірістік кәсіпорындардың қалдықтарын су қоймаларына тастаудың, тасымалдаудың, сақтаудың және жауын-шашынның нәтижесінде болады.
Улы химикаттармен қатар ауыл шаруашылығы суларының ағындарында егістікке себілетін тыңайтқыштардың (азот, фосфор, калий) елеулі мөлшері болады. Одан басқа фосфор және азот органикалық қосылыстарының көп мөлшері мал шаруашылығы фермалары мен су ағындарынан келіп түседі. Топырақтағы органикалық заттардың жинақталуының артуы су қоймасындағы судың биологиялық теңдестігінің бұзылуына алып келеді.
Ең алдымен мұндай су қоймасында ұсақ балдырлардың саны күрт артады. Қоректік негіздің өсуі салдарынан балықтар, шаян тәрізділер және басқа тірі ағзалардың саны артады. Одан кейін ағзалардың көп мөлшері өліп, судағы оттегі қоры азайып, көмірсутектің жинақталуына алып келеді. Су қоймасындағы судың құрамы онда ешқандай ағзалар өмір сүре алмайтындай болып өзгереді.
Су қоймаларының ластануының тағы бір түрі жылулық ластану болып табылады. Электр станциялары, өнеркәсіптік кәсіпорындар көбіне су қоймаларына жылытылған су төгеді. Ол онда температураның көтерілуіне әсер етеді. Температураның жоғарылау нәтижесі су қоймасындағы оттегінің шамасын өзгертеді, суды ластаушы қосылыстардың улылығы артады, биологиялық тепе-теңдік бұзылады.
Жоғары температурада ластанған суда ауру тудыратын микроағзалар мен вирустар тез көбейеді. Ауызсуға түссе, олар әр түрлі ауруларды тудыруы мүмкін.
Бірқатар аудандарда ауызсудың маңызды көзі жерасты сулары болып саналады. Бүрын олар ең таза деп саналатын. Бірақ қазіргі кезде адамның шаруашылық қызметіңің нәтижесінде көптеген жерасты су көздері де ластанып, оның салдарынан көптеген жерасты сулары ішуге жарамсыз болып қалып жатыр.
Адамзат өзінің қажеттіліктеріне тұщы суды өте көп қолданады. Оның негізгі тұтынушылары ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп. Суды ең көп қолданатын өнеркәсіп салаларына тау-кен өнеркәсібі, химия, мұнай-химия, целлюлоза-қағаз, және тамақ өнеркәсіптері жатады. Олардың үлесіне өнеркәсіпте қолданылатын судың 70%-ы кіреді. Тұщы судың ең негізгі тұтынушысы ауыл шаруашылығы болып табылады, оған тұщы судың 60-80%-ы жұмсалады.
Қазіргі жағдайда адамдардың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктеріне суды тұтынуы ұлғайып отыр. Бұл мақсаттар үшін тұтынылатын судың көлемі аудан мен өмір сүру деңгейіне байланысты бір адамға тәулігіне 3-тен 700 л-ге дейін кетеді. Мысалы, Мәскеуде әрбір тұрғын тәулігіне 654 л-ге жуық су тұтынады екен, ал ол дүние жүзіндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады.
Өткен 5-6 онжылдықтың суды тұтыну мәліметтерін зерттеу бойынша, судың табиғатқа қайтарылмай түтынылуы жыл сайын 5-6%-ға өсіп отыр. Егер суды тұтыну осы қарқында өсе берсе, халық санының және өндірістің артып келе жатқанын ескере келе, 2100 жылға адамзат барлық тұщы су қорын жұмсап бітіретіні есептеліп шығарылған.
Қазіргі кездің өзінде тұщы судың жетіспеушілігін табиғи жағдайларына байланысты суы жоқ территориялар ғана емес, жақында ғана мұндай мәселесі жоқ деп саналған территориялар да сезініп отыр. Планетамыздың қала тұрғындарының 20%-ында, ауыл тұрғындарының 70%-ында тұщы суға деген қажеттілігі қанағаттандырылмай отыр.
Тұщы судың шектеулі көлемінің өзі оның ластануы салдарынан одан да азайып бара жатыр. Негізгі қауіпті ағынды қалдық сулар (өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, тұрмыстық) тудырады, қолданылған судың көп бөлігі су бассейндеріне сарқынды су ретінде қайтарылады.
Пайдаланылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., Өнеркісіп экологиясы – Алматы: Экономика, 2011. -262 бет.