Кейінгі кезде көп адамның аузында жиі айтылып. жүрген «төртінші өкімет» — бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда атқарар қызметіне сай оларға қойылатын талаптардың да уақыт өткен сайын қатаң бола беретіні түсінікті. Өзгелерін айтпағанда, көгілдір экран арқылы берілетін көрімдерге бүгінгі интеллектуалдық дәрежесі өсіп келе жатқан көрермен қауым үлкен жауапкершілік жүктейді. Материалдардың мазмұны мен әр алуандығы, ол материалдардың пәрменділігі, сенімділігі, өзекті мәселелерді көтеру қажеттігі сияқты немесе әр хабардың ерекшелігі, тележурналистің кәсіптік шеберлігі тәрізді толып жатқан жайлардың ішінен тілге, сөзге қатысты әңгіме етуге тұрарлық, ортаға салып, ақылдасарлық, осы орайда тілге тиек боларлық мәселелер де аз емес. Әлбетте, әңгіме кемшіліктер жағына ауысқанда, жағымдыдан жағымсыз жағы басым екен немесе сауатсыздық жағы көзге ұрып тұрады екен деген ойдан аулақпыз. Мақсат — жақсының бұдан кейін де жақсара беруіне, шама келгенше мін болмауына тілек білдіріп, өз ұғым-пайымдауымызша ұсыныс жасап, көмек беру.
Телехабарларды тындап, ондағы көріністерді көз алдыңыздан өткізіп отырғанда, операторлардың шеберлігі, музыкалық көркемдеу тұрғысынан ойсыраған олқылық байқала бермейді. Мұны, әрине, техника мен музыкалық өнеріміздің жетіліп келе жатқандығынан деп білеміз. Өкінішке орай, ана тіліміздің мол мүмкіндігін: байлығын, оралымдылығын, икемділігін пайдалануда талай олқылықтар «тырнақ астынан кір іздемесек те» білініп тұрады.
Ең алдымен, тілдегі шұбарлықты айтпасқа болмайды. Шұбарлық дегенде, орыс сөздерінің көп ретте тіптен орынсыз араласып жүретінін ескертеміз. Егер орыс сөзінің қазақша баламасы болмай, аудармасын таба алмай, қиналатын сәттер болса, оның жөні бір бөлек. Олай болмай, жиі айтылып жүрген, баршамызға әбден түсінікті, сіңісті болған, қазақша әдемі атауы бар сөздердің орыс тілінде айтылуы көңілге қонбайды-ақ. Астанамыздағы медицина колледжінің президенті «емтихан» деудің орнына бірде «экзам», бірде «экзамен» дейді: «Келген абитуриенттерді экзам арқылы байқап…» «Кеше экзамен уже басталды» («Ақиқат-ақпар», 22.07.94). «Ақиқат-ақпардың» кезекті хабарына қатынасушы ауыл шаруашылық қызметкері «кукуруза өсірушілердің» … (25.07.94) дейді, ал жүгері — бүкіл қазақ баласына жақсы таныс сөз.
Бір байқалатын жай — өзінің мамандығында қолданысқа көптен бері қалыптасып кеткен қазақ сөзін орысша айтады. Мәселен, қойшы болсын, ауданның немесе облыстың әкімі болсын, қай-қайсысының 90 пайызға жуығы шопан деген сөзді ауыздарына алмайды, чабан-ды жақсы көреді. Сол адамдар отар сөзін де дұрыс айтпайды, орыс ағайындардай атар деп жатады. Сол сияқты, журналистердің өзі иісі қазақтың қашаннан айтып, жазып жүрген мәслихат сөзінің қолдануда қателік жіберіп жүр. Оның орысшасы — совещание емес пе еді? Қазір облыстық мәслихат, баспасөз мәслихаты дегенді жиі естиміз. Сөйтсек, ол орыс тіліндегі сессия областного маслихата-собрания (собрания) немесе прес-конференция дегендердің аудармасы болып шығады. Сонда әлгі мәслихатымыз бірде собрание-нің баламасы болса, енді бірде конференция-ның баламасы болып шығады. Бұл қалай? Бір жағынан, бұл үшін тек тележурналистерді кінәлаудың жөні де келмес, өйткені баспасөздің басқа түрлерінде де осылай жазылып жүр. Десек те, естіген қөлақ пен көрген көзде жазық болмағандықтан. ҚазТАГ-қа өкпе білдіруге құқықты болармыз. Сәл сауатты адамның қай-қайсысы да собрание-нің жиналыс екенін, конференцияның өзірге баламасы болмай отырғанынан хабардар. Бұрынғы қолданылып жүрген және қалың қауым қанық сөзді әркімнің қалағанынша алмастыра бергеннен ұтарымыз не? Сол сияқты, біраздан бері документ сөзінің баламасы ретінде құжат алынып жүр. Қалыптасып кетті: күніне бірнеше рет жұмсалады, бірақ документальный фильм болғанда, әлгі құжат неге деректіге айналады?
Кейбір хабарларға қатынасушылар мыңдар мен миллиондардың алдында сөйлеп тұрғанын ұмыт қалдырады да, кездейсоқ кездескендегі танысымен сөйлескендей варваризмдерді есепсіз қолдана береді: «Әнеугүні тағы звондады» (АТД, 22.07.94); полевой стан; сразы (орысша сразу дегені): (АТД, 22.07.94); «Обедтен бері тұрмын» («Ақиқатақпар», 02.08.94); оперативтік группа («Қылмысты істер күнделігі», 02.08.94); «Газеттерде юридический заңды білетін адамдарды болғаны дұрыс» (Қылмысты істер күнделігі, 02.08.94).
Әдеби тілімізге көптеген тың сөздер еніп жатыр. Олардың басым көпшілігі ақылға қонымды болулары себепті ауызекі сөйлеу тілімізде де, жазба тілде де жиі қолданыс тауып жүр. Мемлекеттік Терминком да оларды ресми түрде бекіткен болатын. Мәселен, қаражат (финансы), бағдарлама (программа), ұшақ (самолет) т.б. Осыған қарамастан, ана тіліміздегі жаңалықтарды қандастарымыздың ескермейтіндері реніш туғызады. Мұның басты себебін, ащы да болса айта кетелік: біріншіден, өзінің қызмет бабына қатысты сөздердің қолданылуына мән бермеушілік; екіншіден, қазақша басылымдарды окымайтындығы, сөйтіп, қызыл сөзге келгенде ана тілінің жанашыры бола қалады да, өзінің сана-сезімінде басқаны үлгі тұтып, қазақ тілінің қаншалықты бай, кез келген ойды жеткізуге аса қабілетті тіл екендігін түсіне бермейтіндігі, демек, тілді солайша шұбарлай сөйлеушінің керенаулығы. Әйтпесе, «консерваторияның әлеуметтік-финанстық жайы ауыр» (Мәдениет жаңалықтары, 30.07.94); Консерватория жаңа программа дайындап отыр. Симфонический оркестр дайындық үстінде (Бұл да сонда) демес еді ғой. «Экономика жаңалықтары» хабарында тілші Алматы әуежайындағы кешен қызметкерлерімен сұхбат өткізді (02.08.94). Сонда үлкендікішілі атақтары бар қазақ тілін акцентсіз сөйлейтін азаматтардың ешқайсысының аузына «әуежай» (аэропорт), «ұшақ» (самолет) деген сөздер түскен жоқ, оның есесіне екі сөзінің бірінде самолет және аэропорт айтылып отырды,
Қазір барша қазақ ай аттарының қазақша атауларын білетін болды, бірақ ішкі ісінің генералы: «Биылғы жылы, 27 апрельде» — дейді (Экономика жаңалықтары, 02.08,94.). Қазақ сөйлемдеріндегі кейбір сөздердің өз орнын дәл қолданбағанда, екіұшты мағына тууы мүмкін. АТД бойынша тілші көпшілікке кеңінен танымал болып калған дәрігер Ғабит Үмбетәлиевпен әңгіме өткізіп отырды. Сұхбат жақсы, өте әсерлі Бірақ біз атап отырған кемшілік сезіліп қалды. Мәселен, тілші сөз арасында «Сізден бұрын да талайлар емделді ғой» дейді (22,07.94). Хабардың мазмұнына қарап автордың ойына түсіндік, алайда «бұған дейін Ғабиттен басқалардан да емделді» деп қабылдауымызға болатын еді. Дұрысында сөйлеуші сізден сөзінен кейін пауза жасар немесе сізден сөзін бұрын да сөзінен кейін қолданар деп күткенбіз.