Экономикалық өсудің ерекшеліктері

Экономикалық өсу. Әрбір экономикалық жүйе және мемлекет елдегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісін арттыруға, халықтың табысын өсіруге ұмтылады. Сондықтан да үкіметтің экономикалық жүйелердегі мақсаттарының бірі экономикалық өсуге қол жеткізу болып табылады. Оның серпіні ұлттық экономиканың дамуына, халықтың тұрмыс деңгейіне және т.б. әсер етеді.

Экономикалық өсу қоғамдық өнім мен оны өндіру факторларының сан жағынан артуы және сапалық жағынан жетілдірілуі білдіреді. Әдетте, экономикалық өсу ретінде қысқа мерзімдік құбылыстар емес, ұлттық шаруашылықтың дамуындағы ұзақ мерзімдік үрдістер түсініледі, бұл кезде экономикадағы нақты табыс (ЖҰӨ, ЖІӨ немесе ҰТ) артады, елдің экономикалық әлеуеті өседі.

Экономикалық өсу көрсеткіштерінің бірі пайыздарға шаққанда ЖҰӨ (ЖІӨ) өсуінің жылдық қарқындары болып табылады:

Өсу қарқыны ЖҰӨ = ЖҰӨ1 – ЖҰО0

 мұндағы ЖҰӨ1 – есептік кезеңдегі (ағымдық) ұлттық өнім, ЖҰӨ0  — базистік кезеңнің (мұның алдындағы) ұлттық өнімі. Экономикалық өсудің басты мақсаты – әл-ауқатты өсіру мен ұлттық байлықты арттыру. Елдің әлеуеті жоғары болған сайын экономикалық өсу қарқыны соғұрлым жоғары, тұрмыс дәрежесі мен сапасы да жоғары болады.

Экономиканың өсу қабілеттілігі бірқатар факторларға байланысты, олардың қатарында өндірістің нақты көлемін ұзақ мерзімді арттыру ауқымдары мен қарқындарын, өсу сапасы мен тиімділігін арттыру мүмкіндіктерін анықтайтын құбылыстар мен үдерістер бар. Экономикалық өсуге әсер ету тәсілі бойынша тікелей және жанама факторлар ажыратылады (16-сурет).

Өсуді нақты мүмкін ететін факторлар тікелей факторлар деп есептеледі.  Жанама факторлар – бұл қоғамдағы экономикалық әлеуетті өсірк жолдарын іске асыруға мүмкіндік беретін жағдайлар.

Осылайша экономикалық өсудің негізгі факторларына мыналар жатады:

  1. Табиғи ресурстар (жер, пайдалы қазбалар, климат және т.б.), табиғи жағдайлардың сапасы жақсы болған сайын елдің экономикалық өсуі үшін мүмкіндіктер де көбірек болады;
  2. Еңбек ресурстары: бұл жағдайдағы тәуелділік те тікелей тәуелділік;
  3. Негізгі капитал;
  4. Ғылыми-техникалық прогресс;
  5. Мемлекеттің эконмикалық саясаты.

Бұл факторлардың экономикаға әсертету дәрежесі экономикалық өсу үлгісіне жағдай жасайды, бұл үлгі ретінде экономикалық өсуге сандық және сапалық айнымалылардың әсер ету дәрежесі түсіндіріледі.

Экономикалық өсудің екі: экстенсивті және интенсивті үлгісі бар. Экономикалық өсудің экстенсивті үлгісі өндіріс факторларының сан жағынан артуымен, жаңа кәсіпорындар, электр стансылары, жолдардың құрылысымен, шаруашылық айналасына жаңа жерлерді, еңбек және табиғи ресурстарды және т.б. тартумен сипатталады. Экономикалық өсудің бұл үлгісінде қоғамдық өндірістің техникалық негізі өзгермейді.

Экономикалық өсудің интенсивті үлгісі өнім өндіру көлемдерін арттыруды көздейді және оған өндіріс факторларын: жаңа технологияларды, инновацияларды енгізу, жұмыс күшінің біліктілігін арттыруды сапалық жетілдіру есебінен қол жеткізіледі. Экономикалық өсудің барлық факторларының сапасы мен оңтайлы үйлесуі қоғамға нақты материалдық өнім мен көрсетілетін қызметтерді көбірек тұтыну мүмкіндігін береді, ұсынылатын қоғамдық игіліктер көлемін арттырады, осылайша, халық өмірінің нақты деңгейін арттырады.

Алайда ұлттық экономика күрделі, қайшылықты жүйе болып табылады, бұл оның циклдік дамуынан, яғни өндірістің жылдам өсу кезеңдерінің баяу өсу және өндірістің құлдырау кезеңдері мен алмасуы қозғалысынан көрініс табады.

Макроэкономикалық тұрақсыздық – бұл бәрінен бұрын экономикалық белсенділіктің өзгерістері (экономикалық циклдер – өрлеу мен құлдыраулар), жұмыссыздықтың пайда болуы, өндірістік қуаттардың толық жүктемеленбеуі, қағаз ақшаның құнсыздануы, мемлекет бюджетінің тапшылығы және т.б. Ойдағыдай өнеркәсіптік даму мен жалпыға ортақ экономикалық гүлдену кезеңдерінен кейін әрқашан өндіріс көлемдерінің төмендеуімен және жұмыссыздықпен қатар жүрген құлдырау кезеңдері басталады.

«Цикл» сөзінің өзі экономикалық жүйенің бұрынғы жағдайына қайтып оралуын білдіреді. Сондықтан экономикалық цикл – бұл экономиканың бірдей макроэкономикалық параметрлерімен сипатталатын, белгілі бір уақыт аралығында қайталанатын жай-күйі. Экономикалық цикл мынадай фазалардан: дағдарыстан, депрессиядан, жанданудан, өрлеуден (17-суретті қараңдар) тұрады.

Экономикалық циклдің негізгі фазалары

Экономикалық циклдің неғұрлым қиратушы фазасы – дағдарыс. Бүкіл экономикадағы тепе-теңдік бұзылады. Барлық экономикалық көрсеткіштер төмендейді. Құнсызданудың жоғарылығы мен жұмыссыздық орын алады. Кәсіпорындардың, сондай-ақ қаржылық және несиелік мекемелердің жаппай банкроттық кезеңі басталады, өйткені несиелердің қайтарылмауы бұқаралық сипатқа ие болады.

Дағдарыстан кейін тоқырау фазасы келеді, оның ұзаққа созылу сиапты бар, кейде уақыты жағынан өте ұзаққа созылады. Депрессия өндірістің тоқыраумен, ескірген негізгі капиталдың қатардан шығуымен сипатталады, бұл бағалардың орныққан төмегі деңгейіне бейімделу мақсатымен маңызды алғышарты болып табылады.

Жандану фазасы бәрінен бұрын, шаруашылық қызметінің белсенділігмен, негізгі капиталдың ішінара жаңаруымен, өндіріс көлемінің өсуімен, пайыздық мөлшерлемелердің артуымен сиаптталады. Кәсіпорындардың пайдалары мен бағалары өсе бастайды, акциялар мен басқа да бағалы қағаздардың бағамдары көрсетіледі.

Жанданудан кейін өрлеу фазасы келеді. Экономиканың жанданудан өрлеуге өтуінің критерийі қызметін өндірістің дағдарыс алдындағы деңгейіне қол жеткізуі атқарады. Өрлеу мұның алдындағы фазада басталған экономикалық өсудің жалғасуымен, салыстырмалы түрде толықтай жұмыспен қамтылумен, өндірістік қуаттардың кеңеюімен, олардың жаңғыртылуымен, жаңа кәсіпорындардың жасалуымен сипатталады. Өрлеу фазасы бірқатар уақыт өткеннен кейін өз шыңына жетеді, ол жаңа дағдарыстың баспалдағы болып табылады.

Экономикалық тұрақсыздықтың неғұрлым жарқын көріністері инфляция (бағалар деңгейінің өсуі, ұлттық валютаның құнсыздануы) мен жұмыссыздық (өндіріс және жұмыспен қамтудың төменгі деңгейі).

Инфляция – тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге деген бағалардың жалпы деңгейінің өсуі. Inflatio термині латын тілінен аударғанда қампаю, көтерілу дегенді білдіреді, яғни бастапқыда инфляцияның мәні қағаз ақшаның айналыстағы массасының тауарлардың нақты ұсынысымен салыстырғанда шамадан тыс артуымен анықталады. Инфляция кезінде ақшаның бірдей сомасына бірқатар уақыт өткеннен кейін бұрынғыға қарағанда тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді азырақ сатып алуға болады. мұндай жағдайда ақшаның сатып алу қабілеті төмендейді, ақша құнсызданды делінеді.

Қарқынына байланысты инфляцияның бірнеше түрі ажыратылады (18-суретті қараңдар).

18-сурет. Инфляцияның түрлері.

18-сурет. Инфляцияның түрлері.

Жұмыссыздық – әлеуметтік-экономикалық құбылыс, экономикалық жағынан белсенді халықты құрайтын  адамдарда жұмыстың жоқтығын білдіреді. Экономикалық жағынан белсенді халық – халықтың жасы және денсаулығының жай-күйі бойынша жұмыс істеуге қабілетті бөлігі. Жұмыссыздықтың себептері: экномикалық бәсеке; мамандықтар бойынша жұмыс күшінің ұсынысы мен сұранысының сәйкес келмеуі; өндірістің құлдырауы; экономиканың құрылымдық жағынан қайта құрылуы; техникалық жағынан артта қалған кәсіпорындардың жабылуы және басқалар.

Жұмыссыздықтың пайда болу себептерінің саналуандылығы оның негізгі түрлері бойынша жіктеуден көрініс табады:

  1. Фрикциялық жұмыссыздық жұмыс орны мен тұрғылықты орынды ауыстыруына байланысты адамдардың үнемі жұмыс орнын ауыстыруының салдары болып табылады.
  2. Құрылымдық жұмыссыздық бос жұмыс орындары мен арнайы дайындалған жұмыс күшінің сәйкессіздігі болып табылады. Жұмыссыздықтың бұл түрі экономиканың құрылымдық өзгерістері (жаңа өндірістердің ашылуы, жаңа кәсіптердің пайда болуы және т.б.) жағдайларында мүмкін болады.
  3. Циклдік жұмыссыздық нарықтық экономика дамуының циклдік сипатын, яғни өндірістің өрлеу және құлдырау кезеңдерінің алмасуынан туындайды. Тұтастай алғанда, экономикада экономикалық өсу қарқындарының төмендеуінен жұмыс орындары жеткіліксіздігінің нәтижесі болып табылады.

Инфляция мен жұмыссыздық нарық өздігінен шеше алмайтын елеулі әлеуметтік-экономикалық мәселе болып табылады. Нарықтық тетік ресурстарды (өндіріс факторларын) тиімді орналастыра, жұмыспен қамту, кедейшілік және т.б. әлеуметтік мәселелерді шешуге шамасы келмейтін жағдаят қалыптасады. Және бұл нарықтық сәтсіздіктері, іс жүзінде халықтың барлық топтарының мүдделерін қозғайтын оның «фиаскосы» деп аталады. Сондықтан мемлекет осыған ұқсас проблемаларды шешуге, ұлттық экономика дамуының тұрақтануына жағдай жағдай жасайтын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеу мен іске асыруға күш-жігер жұмсауға мәжбүр болады.

Осылайша мемлекеттік реттеу нарық сәтсіздіктерінің орнын толтыру үшін қажет, сәтсіздіктердің себептеріне мыналарды жатқызуға болады:

  • нарықтардағы монополиялық билік;
  • макроэкономикалық тұрақсыздық;
  • кірістерді жүргізуші теңсіздік;
  • шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметіне сыртқы әсерлер (қоршаған ортаның ластануы, экотеңгерімнің бұзылуы және т.б.).

Тікелей реттеу әдістері әміршіл-әкімшіл қатынастарғақатынастарға негізделеді және шаруашылық жүргізу субъектілерінің қызметіне тікелей ықпал етуге әкеледі: монополиялық нарықтарға бағаларға бақылау (антимонополиялық саясат), айыппұлдық санкциялар, тікелей тиым салулар, шектеулер және т.б.

Жанама реттеу ідістері мемлекеттің жағдайлардың негізін салуын көздейді, экономика субъектілерінің экономикалық шешімдерді дербес қабылдау кезінде мемлекеттің экономикалық мақсаттарына сәйкес келетін нұсқаларға қарай бет бұруын қолдайды. Мемлекет тиісінше бюджеттік-салықтық, ақша-кредиттік саясат жүргізеді.

Әртүрлі елдерде тәжірибемен тексерілген, экономиканы реттеудің саналуан әдістері таңдалып алынған: салық жүйесі, бағаларға бақылау сараптамалық бақылаулар, ұзақ мерзімдік нормативтер, шектеулі лимиттер және т.б. —  бұл нарыққа белсенді ықпал етуге және өндірушілер мен тұтынушылардың сату-сатып алу қатынастарын реттеуге мүмкіндік береді. Бұл әдістер бүкіл экономика дамуының жаңа міндеттері мен жағдайларын есепке ала отырып үнемі жаңартылып және жетілдіріліп отыруы бастама мен кәсіпкерлікке тұсау салмауы тиіс. Осылайша оларды қарама-қарсы қою негізінде емес, тиімді үйлестіру жолымен жоспарлық (әкімшілік) және нарықтық (экономикалық) бастамаларды икемді пайдалануды қамтамасыз етуге болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *