Жұмыр құрттардың (нематода) тудырған ауруларын немотодоздар деп атайды. Бұл топқа алты туысқа жататын өкілдердің ветеринарлық маңызы бар. Аталған туыстардың көпшілігі ас қорыту (аскаридата, стронгилята, трохицефалата, оксиурата), тыныс алу (диктиокаулиде, цистокаулиде, т.б.) жүйелерінде мекендесе, кейбір жұмыр құрттардың түрлері көзде (телязий), бүйректе (диоктофима), құрсақ қуысында(сетарий), сіңір мен тарамыста (онхоцерка, драшея) тоғышарлық тіршілік етеді.
Аскаридатоздар деп үй жануарларының, етқоректілердің, құстардың аш (жіңішке) ішегінде ұзындау келген жұмыр (жылан)құрттың тоғышарлығынан туындаған аурулар тобын айтады. Қоздырушылардың ұзындығы 37-40 см-ге дейін болады. Жылқыда ауруды – параскарис, доңызда – аскарис, бұзауда – неоаскарис, ит пен мысықта –токсакара және токсакарис, тауықта – аскаридиа қоздырушылары тудырады (9.1-сурет). Көп мөлшерде кездескенде мал азып, салмақ қоспайды, біршамасы өледі.
Аурудың сыртқы белгілері. Азықтандыру, бағып-күтудегі олқылықтар болса, тыныс алу жүйесінің қабынуымен басталады да, жөтел, мұрнынан сорабы ағуы, тыныс алуы және жүрек соғуы жиілеуі, дене қызуы жоғарылауы, бронхы мен өкпе қабынуы түрінде байқалады. 3-4 апта өткенде асқорыту қызметі бұзылады. Осыған орай малға тышқақ тиеді, ауру мал арықтап, қоңы төмендейді. Ауруға көпшілігінде жануарлардың жас төлдері, күшіктері және балапандары бейім болуына сәйкес шығын байқалады. Ересек жануарларда ауру негізінен сыртқы белгілерінсіз өтеді.
Ауруды тексеру. Дер кезінде анықтау үшін ауру мал құстың нәтижесін я болмаса саңғырығын тік ішектен алып, зертханалық жағдайда құрт жұмыртқасына тексереді. Ондай жағдай болмағанда бір-екі мал-құсты арнайы емдік дәрілермен дәрілеп, бір тәулік өтісімен қиын немесе саңғырығын қарау арқылы растауға болады.
Ас қорыту жүйесінің стронгилятоздары ауқымы бірнеше миллиметрден бірнеше сантиментрге жететін жұмыр құрттардың ықпалынан болған аурулар. Бұл ауру қоздырушыларының балаңқұрттарына жіңішке және тоқ ішектің кілегей және сірқабықтарда, шажырқай мен ішек қан тамырларында, ал ерсектері тек ас қорыту жүйесінің өзінде тоғышарлық күнелтеді. Стронгилятоздар жануарлар арасында кең таралған.
Аурудың сыртқы белгілері сан алуан болып байқалады. Ағзаны жайлаған балаңқұрттардың саны көп болғанда көзге көрінетін кілегей қабықтары (ауыз және танау қуысы, көздің) бозарып, ауру малда демікпе байқалады. Жылқыда іш түйнеу түрінде өтіп, дамылсыз аунап, ішін тепкілейді, кейде өліп кетеді. Балаңқұрттар ересек сатысына дейін жетілгенде ауру белгілері өшкін түріне ауады. Ауру малдың қоңы төмендеп, арықтайды, азыққа төбеті нашарлайды.
Ауруды анықтау. Аскаридатоздарды анықтау тәсілімен жүргізіледі. Сонымен бірге стронгиляталардың түрін анықтау үшін алынған нәжістің бір бөлігін жылы температурада (термостатта), жұмыртқадан балаңқұрт дамығанша ұстайды да, кейіннен, микроскоп көмегімен ішек торшаларының санына (9.2-сурет), пішініне қарай жүргізеді. Немесе сойыс малының аш және тоқ ішектерінен табылса, аурудың расталғаны болады.
Ас қорыту жүйесіндегі жұмыр құрттардың тудырған ауруларын емдеу. Ем жұмыстарын жүргізу (дәрілеу) екі жолмен атқарылады. Мал басы аз болса, дәрілеу тиімділігін жоғарылату мақсатында антгельминт препараттарының дозасын есептеп әр малға жеке аузынан берген дұрыс. Шаруа қожалықтарында мал саны көп болса, малдың орташа салмағын есептеп, уақталған жемге дәріні қосып ұқыптап аралыстарған соң астауға салынады да, дәріленетін мал 40-50 бастан жіберіледі.
Қазіргі уақытта кеңінен қолданыста жүрген антигельминттердің: панакур, мебенвет, камбендазол, фенбендазол түрлері (әр 100 кг тірі салмағына 5-7 г) қолданылады. Тиімділігі өте жоғары препараттардың құрамына: ивомек, баймақ, абимек, аверсект (фармазин), т.б. (дозасы әр 50кг тірі салмағына 3мл) жатады. Сыртқы ортаны ауру қоздырушыларымен ластамау ретінде, біріншіден, дәрілеу жұмыстары арнайы бір орында жүргізіледі, екіншіден, бір-екі тәулік бойы осы орында мал ұсталынады.
Дауалаудың бірден-бір жолы – бұл мал, құстың қиын уақтылы арнайы қи қоймаға жинап, көңге айналғанша ұстау. Сырттан әкелінген малды тексерістен өткізіп,ауру анықталса – дәрілеу. Жас төлдерді мейілінше таза, ересек мал бағылмаған ауыспалы, екпелі шөбі бар жайылымдарда бағу.
Жануарлардың тыныс алу жүйесі гельминтоздары – өкпе және оның бронхыларында құрттардың мекендеуінен туындап, кілегей қабықтарының бозаруы, жөтел, демікпе белгілерімен байқалатын аурулары. Қазақстанның әр облыстарында қой, ешкілер арасында диктиокаулез, протостронгилез, мюллериоз түрлері кеңінен кездеседі. Қоздырушылар ұзындығы 3-12 см-дей, ақшылт сары, сүт түстес.
Аурудың сыртқы белгілері. Қоздырушымен жылы уақытта залалданған малда алғашқыда жөтел пайда болып, дерттенген малдың жүрген кезінде немесе мал қорының есігін таңертеңгілікте ашқанда күшейе түседі. Мұрнынан аққан қоймалжың сұйықтық танау маңайына қатып, тыныс алуын қиындатады. Ауру мал тынышсызданады, танауын жерге үйкеп, пысқырады. Ағзадағы тоқыру прцестерінің үдеуіне байланысты жақ асты кеңістігінде, ерін, қабақ және кеуде тұсында жалқаяқтанған ісіктер пайда болады. Жүрек соғуы баяулап, кейде іш өтеді. Ауырған мал азып әлсізденеді. Емдік шара қолднанылмағанда малдың өлімімен аяқталады.
Ауруды балау жыл мезгіліне, малдың жасын, сыртқы белгілеріне сүйене жүргізіліп,міндетті түрде зертханалық зерттеу нәтижесіне қарай бағаланады. Тек, құрттардың ықпалынан туындаған пневмонияда, мал нәжісінде гельминттердің дернәсілдері табылуы шарт.
Даулау және емі. Аурудың алдын алу мақсатында жазғы жайылымға шыққан қойға арнайы дайындалған фенотиазин тұз қоспасын (1:9) ағаш астауларға салып күнбе-күн беріп отыру, шөбу қалың, ылғалы көп шық түсетін жерлерде қойды күн көтерілгенше бақпау, күзде малды қораға қояр алдында емдік дәрілеу, т.б. ветеринарлық жұмыстары жүргізіледі. Ауру байқалғанда нилверм, мебендазол, дитразин, локсуран, дивезид немесе ивомек препараттарының бірін қолдану ережесін ескере отрып дәрілейді.
Ірі қараның ноғаласы (телязиоз) – көзде ұзындығы 1-2 см 1-2 см жіңішке, ақшыл түсті жұмыр құрттың тоғышарлығынан ақ түсіп, малдың көру қабілетінің нашарлауымен сипатталатын ауру. Ауруға ірі қараның барлық жастығылары ұшырайды, алайда жас мал жиі бейімділік танытады. Ауру малдан сау малға қоздырушыны сиырдың қара шыбыны таратады.
Аурудың сыртқы белгілері. Сыртқы ортаның температурасының көтерілуі шыбындардың қаулап өсіп-өнуіне әкеліп соғады. Ауру бастапқыда ірі қара көзінің қызаруы, жас ағуы, қабағының ісінуімен сипатталады. Көздің жасағарындағы тоғышардың тірі туған дернәсілдері көзжасымен бірге сыртқа бөлінеді. Көз жасымен қоректенген шыбын балаңқұртты келесі малға жұқтырады. Ауруға шалдыққан малды көзі жасаурап, қызарып, қанталайды. Кейіннен ақ түсіп, көзі іріңдейді де, мүлдем ашылудан қалады. Ауру асқынған жағдайда көзі ағып (панофтальмия) түсіп қалады. Дерттенген мал арықтап, сүті кемиді.
Ауруды балау үшін өткен жазда дерттенген мал басын күз-қыста тексерістен өткізіп, диагнозды растайды. Зерттей отыра балаңқұрттарға тексереді.
Даулау және емі. Ноғаланың алдын алу жолдры күрделі кешенді шараларды (мал қорада тұрған кездегі дитразин цитратпен екі мәрте тері астына егу, өрістегі малдың тері жамылғысын күнде инсектоакарицид заттармен бүрку, шыбындарды жолатпайтын құлағына немесе мойына иісті (репеллент) заттар қосылған жеке пластмасс номерлер немесе қарғыбаулар тағу) қамтиды.
Емдеу жасаурап ақ түскен көзді 3%-дық бор қышқылының, 3%-дық лизол я болмаса 3%-дық ихтиол эмульсияларының бірімен шайып, арнайы сүртпе майларды қолданумен шектеледі.
Жануарлардың трихинеллезі – жіті және созылмалы түрде өтіп, трихинелла жұмыр құртының ересек сатысы жіңішке ішекте, ал балаңқұрты көлденең жолақты бұлшық етте тоғышар ретінде күнелтетін аса қауіпті инвазиялық ауру (9.4-сурет). Қоздырушы бір немесе екі иелі, яғни кейде бір жануардың ағзасында ересегі де, балаңқұрты да дамыса (шршқа), басқа жағдайларда екі иеде (шошқа-адам, шошқа-тышқан) дамуы байқалады. Адамда ауру толық емделмейді, жиі оның өлімімен аяқталады.
Аурудың сыртқы белгілері әдетте адам және жануар ағзасына шикі немесе толық пісірілмеген етпен, қорада өлген тышқандарды шошқа жегенде, т.б. жолдармен енген балаңқұрт аллергия туғызады. Дертке шалдыққанның дене қызуы көтеріліп, іші өтеді, кейде лоқсиды, қоңы төмендейді. Балаңқұрттар диафрагманың ұзарып қабырғаның сір қабығына бекінген жерінде , тіл, өңеш, көмей, қабырғааралық және төс бұлшық еттерін жайлағанда мал ауырсынады, ұзақ сирақтарын созып жатып алады. Ауру малдың тынысы тарылып, қан тоқырауыннан қабағы мен сирақтары домбығады.
Ауруды балау үшін арнайы трихинеллолоскопия (балаңқұрттардың жоғарыда аталған жерлерде орнығуын ескере отырып, сол бұлшық еттерді екі компрессориум-шыны астына жаншып тексеру) тәсілі қолданылады. Тірі малда аллергиялық және серологиялық әдістердің көмегімен анықтайды.
Дауалау. Етқоректілерге, шошқаға азық ретінде берілетін ет өнімдері міндетті түрде пісірілгн болуы шарт. Фермаларда кеміргіштерді жою шараларына назар аудару, бұралқы ит-мысықтарды ферма маңайына жолатпау жолдары қарастырылады.