Жер қабықтарына әсері. Тірі ағзалар Жердің барлық қабаттарына: атмосфера, гидросфера, литосфераға әсер етіп, биосфера қабығын түзеді.
Ағзалардың атмосфераға әсері. Ағзалардың атмосфераға әсері фотосинтез үдерісіне байланысты. Өсімдіктер атмосферадан көмірқышқыл газын сіңіреді де, оттегін бөліп шығарып, үнемі толықтырып отырады, сондықтан өсімдіктерді «оттегі фабрикасы» деп атайды. Ал жануарлар, керісінше, оттегімен тыныс алып, көмірқышқыл газын бөліп шығарады. Сөйтіп, ағзалар атмосферадағы газдардың мөлшерін реттейді. Өсімдіктер ауаны шаң-тозаңнан, автокөліктердің шығарған газдары мен басқа да ластанулардан тазартады. Көптеген жабайы өсімдіктер тіршілікке зиянды микробтарды жоятын фитонцид деп аталатын ұшқыш заттарды бөліп шығарады. Мұндай заттар ауру тудыратын бактериялар мен микробактериялардың дамуын тежеп, ауа тазалығына үлкен әсер етеді.
Ағзалардың гидросфераға әсері. Мұхиттар мен теңіздердің жоғарғы қабаттарында тіршілік ететін жасыл балдырлар судан көмірқышқыл газын үнемі сіңіреді де, мұхитта тіршілік ететін ағзалардың тыныс алуына қажетті оттегін бөліп шығарады. Тірі ағзалар құрлық пен мұхит суларын тазартып отырады. Тірі ағзалар денесіне суда еріген оттегіні сіңіреді. Ағзалар дүниежүзілік мұхит суының тұздылығына айтарлықтай ықпал етеді. Мұхиттарға кальций тұзы өзен суы арқылы барады. Тұздың бұл түрі қазіргі кезде мұхитта қанша болса, әр 15 мың жылда сонша мөлшерде қосылып отыратындығы есептелген. Себебі кальцийді мұхит суында тіршілік ететін жануарлар өте көп мөлшерде сіңіреді. Кальций олардың қаңқаларын, сауыттарын түзу үшін керек. Теңіз ағзалары тіршілігін жойған кезде, олардың қалдықтары су түбіне шөгіп, жиналады да, органикалық шөгінді жыныстар қатарын түзеді.
Ағзалардың литосфераға әсері. Ағзалардың литосфераға әсерін оның беткі қабаттарынан байқауға болады. Тіршілігін жойған өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтары жер қыртысында жиналып, органикалық тау жыныстары пайда болады. Олар өздеріңе жақсы таныс әктас, ұлутас, таскөмір, шымтезек өсімдіктердің қалдықтарын түзеді. Ағзалар тау жыныстарының үгілуіне қатысады. Өздерінен қышқылдар бөліп шығарып, тау жыныстарын борпылдақ, шөгінді жыныстарына айналдырады.
Биосфера және адамзат. Адамзат баласы да табиғаттың бір бөлшегі. Бірақ адам баласының сана-сезімі, ақыл-ойы жағынан табиғаттың басқа тірі ағзаларынан әлдеқайда жоғары дәрежеде екенін білесіңдер. Алғашқы қауымдық құрылыстан бастап, күні бүгінге дейін эволюциялық даму кезеңдерінен өтті. Табиғатты өз игіліктеріне жаратқанды былай қойғанда, ғарышты игеруге кірісті, яғни, адамзаттың Жер қабаттарына әсері ұлан-ғайыр. Сондықтан қазіргі география ғылымының міндеттері де адамның шаруашылық әрекетінен болатын өзгерістерді ертерек болжау; шаруашылық салаларын тиімді орналастыруды жобалау; табиғатты тиімді, ұқыпты пайдалану; табиғатты қорғау болып табылады.