Өздеріңізге мәлім ішастар (peritoneum) — өте жұқа, полигональді мезотелииймен жабылған дәнекер тіннен құралған жабынды. Ол іш қуысы қабырғаларын және ондағы орналасқан ағзаларды жауып тұрады. Ішастардың екі жапырақшасын ажыратады. Біріншісі іш қуысының барлық қабырғаларын жабынды ретінде жауып, оның шекарасын шектейтін, яғни париеталдық жапырақша және екіншісі іш қуысында орналасқан ағзалардың сыртқы (сероза) қабатын құрайтын жабындысы немесе висцеральді жапырақша.
Ішкі ағзалар ішастармен жабылу аумағына қарай интрамезажәне экстраперитонеальді болып бөлінеді. Егер ішастар ағзаны жан-жақты қамтып оны толық жауып жатса (мыс. асқазан, аш ішек, соқыр ішек, бауыр, көкбауыр т.б.) ондай ағзаларды интраперитонеальді орналасқан ағзалар, ал тек бір бөлігін ғана жабатын болса оларды мезоперитонеальді орналасқан ағзалар деп атайды (мыс. тоқ ішектің жоғары және төмен бағытталған бөліктері, несіп қуығы, жатыр т.б.). Сонымен қатар, кейбір ағзалар ішастардан тыс, яғни экстраперитонеальді, орналасады (мыс. бүйрек, зәрағар, ұйқы безі т.б.).
Небір аймақтарда, атап айтқанда ішастардың париетальді жапырағы ағзаларға қарай немесе ішастар бір ағзадан екінші ағзаға өткен жерлерінде шұңқыршалар, шұңқырлар, қалталар мен өзектер қалыптасады (мыс. ішмай қалтасы, Дуглас шұңқыры, илеоцекальдік шұңқырша, оң және сол жақ бүйір өзектері т.с.с). Аталған құрамалардың, хирургиялық тұрғыдан қарағанда, маңыздары ерекше, өйткені хирургиялық ауруларда сол жерлерде әртүрлі сұйықтықтар (эксудат, транссудат, қан, ірің, т.с.с.) жиі жиналып, іркіледі. Сонымен қатар іш қуысындағы қалталар мен шұңқырлар ішкі жарық пайда болатын орындар болып табылады.
Ер адамдарда ішастар іш қуысын толық жауып, бітеу қуыс құрайды, ал әйелдерде іш қуысы жатыр және оның түтіктері арқылы сыртқы ортамен байланысты болып келеді. Бұл жағдай аталған түтіктер арқылы іш қуысына инфекцияның өту мүмкіншілігін туғызады. Осы себептен әйел жынысты адамдарда криптогенді (себебі анықталмаған) перитонит байқалып тұрады,
Ішастар қамтып жатқан алаңның жалпы аумағы 1,72-2,04 м2 тең, яғни бұл корсеткіш ішастардың алып жатқан колемі тері қабатының аумағына жақындайтынын көрсетеді. Ішастар қан және лимфа тамырларымен, нерв таралымдарымен өте жақсы жабдықталған. Оның 1 мм 2 аумағында 75 мыңға жуық капилляр тамырлар, нерв талшықтары мен оралымдары орналасады (Шевченко Ю.Л. және басқ., 1998). Бұл перитониттің клиникалық көріністері мен патогенезіне осы ауруға тән ерекшеліктер тудырады.
Ішастар өзінің жұқалығына қарамай, адам организмінің қалыпты және патологиялық жағдайларына байланысты өте қажетті бірнеше қызметтер (функциялар) атқарады. Сол қызметгеріне қысқаша тоқтала өтейік.
Эксудативті қызмет. Ішастар іш қуысына түрақты түрде және белгілі бір мөлшерде сұйықтық бөліп отырады. Қалыпты жағдайда ол бөліп шығаратын сұйықтықтың мөлшері 30-50 мл аспайды. Бұл сұйықтық ағзалар аралық кеңістіктерде орналасаып, олардың бір бірін қажамай, бөгетсіз қозғалуын қамтамасыз етеді. Іш қуысында қабыну процесі туа қалған жағдайларда немесе ішастарды тітіркендіретін басқа да факторлердің туу себебінен бөлінетін сұйықтықтың мөлшері артады (эксудат, трансудат).
Резорбтивтік қызмет. Егер әртүрлі себептермен іш қуысына мөлшерден артық сұйықтық жиналатын болса немесе оған ем ретінде енгізілетін сұйықтық жоғарыға көрсетілген мөлшерден артса ішастар оларды сорып, өзіне сіндіреді. Бұл ішастардың резорбтивтік қызметін сипаттайды.
Ішастардың келесі қасиеті ол тосқауылдық, яғни шектегіштік (барьерлік) қызметі. Аталмыш қасиетінің арқасында іш қуысында пайда болған қабыну немесе басқадай патологиялық ошақтар жан-жағынан қоршалып, патологиялық процестердің іш қуысының басқа аймақтарына қарай жайылу жолдары шектеледі. Бұл жерде шарбы майдың маңызын атап өту керек. Шарбы май ішастар жапырақшаларымен қоршалған майлы және дәнекер тіндерден құралады. Хирургтер шарбы майды «іш қуысының күзетшісі» деп атап кеткен. Оның себебі жоғарыда көрсетілгендей ол патологиялық ошақ туған жерді қоршап, оның кең таралып, жайылуына жол бермейді.
Ішастардың хирургия саласындағы өте қажетті және пайдалы қасиеттерінің бірі оның пластикалық қызметі. Операция барысында резекциядан соң бір-біріне жалғастырылған ағзалардың (анастомоз) немесе олардың жарақаттанған жерлерінің өсіп бітуінде ішастардың осы аталған қасиетінің маңызы өте зор. Сондықтан операция үстінде ағзаларды жалғаған немесе сероза қабатының бүтіндігі бұзылған жерлерін тіккен соң ішастар қабатымен жабу (перитонизация) өте қажет.
Жоғарыда көрсетілген қызметтерімен қатар, ішастар гуморальдық (комплимент) және жасушалық (макрофагтар, гранулоциттер) механизмдер арқылы іш қуысына түскен бактерияларды жоюға қатынасады {бактерицидтік қызмет). Сонымен, ішастардың осы сипатталған қасиеттерінен оның ауру адам организмінде туған сырқаттарға қарсы тұрудағы және оларды тудырған себептермен күресудегі маңызы өте зор екенін аңғаруға болады.
Ішастар жоғарыда көрсетілгендей, нерв талшықтарымен де мол жабдықталған. Сондықтан оны тітіркендіретін факторлер, яғни іш қуысында әртүрлі ағзалардың қабыну аурулары пайда болғанда немесе олардың бүтіндігі бұзылып, ішіндегі заттар іш қуысына шыққанда, өте күшті ауру сезімін тудырады және, сонымен қатар, аталмыш жағдайларда пайда болатын нервтік импульстер орталық және жергілікті рефлекторлық жүйелер арқылы ағзалардың қызметтеріне (функцияларына) теріс әсерін тигізеді.