Соқыр ішектің құрт тәрізді өсіндісі (processus vermicularis немесе appendix) аталған ішектің дистальді жағынан (күмбезінен) басталып, одан төмен, жамбас куысына қарай бағыттала орналасады. Қалыпты жағдайда құрт тәрізді өсінді іш қуысының төменгі қабатының (гипогастрий) оң жақ бөлімінен (оң жақ мықьш шұңқыршасынан) орын алады. Оның іш қуысының алдыңғы қабырғасындағы проекцияланатын орны Мак-Бурней немесе Ланц нүктелеріне сәйкес келеді (1-ші сурет).
Осымен қатар, айта кету керек, өсінді іш қуысының басқа аймақтарында, яғни қалыптан тыс жерлерде орналасуы да хирургиялық тәжірибеде сирек кездеспейді. Бұндай жағдайлар хирург-дәрігерлердің күнделікті жұмысындағы маңызы өте зор екенін атап өту қажет деп ойлаймыз.
Өйткені, өсіндінің қалыпты жерден тыс орналасуы сырқаттың әдеттегі клиникалық көрінісін өзгертеді де, соның себебінен аурудың диагнозын дұрыс анықтау күрделенеді.
Арнайы әдебиет көздеріңде құрт тәрізді өсіндінің қалыптан тыс жерлерде орналасуьшың мына төмендегідей варианттары көрсетіледі (2 — сурет):
- Тік ішекке жақын (жамбас қуысында) немесе төмен орналасуы (positio descendens).
- Бүйірге қарай, яғни латеральді орналасуы(positsio lateralis).
- Орта сызыққа (кіндік аймағына) қарай, солжақты немесе медиальді орналасуы (positio sinistro, medialis).
- Соқыр ішектің артында, яғни ретроцекальді орналасуы (positsio retrocoecalis) немесе ішастардан тыс, немесе ретроперитонеальді орналасуы (positio retroperitonealis).
- Жоғары бағытта немесе вентральді орналасуы (positio ascendens). Өсіндінің жоғары орналасу түрінде ол өте жоғары, тіпті бауыр астында орналасуы да мүмкін.
Қайталап айтайық, құрт тәрізді өсіндінің іш қуысында орналасуының жоғарыда көрсетілген топографиялық ерекшеліктері жедел аппендицит ауруын анықтау барысында белгілі қиындықтар туғызуы ықтимал және туғызады да. Сондықтан аппендициит сырқатын анықтау барысында өсіндінің орналасу варианттарының әртүрлі болуын хирург-дәрігерлер тұрақты түрде естерінде ұстағандары дұрыс.
Жалпы ақпарат ретінде айта кету керек, әдебиет көздерінде бір адамда екі, үш, тіпті төрт өсіндінің болу мүмкіншілігі жарияланған (Карлснко П.Н., 1956, Кһаnnа А. К., 1983, Бохан К.Л., 2001). Бұндай жағдай, әрине, өте сирек кездесетін аномалиялар қатарына жатады.
Біз өзіміздің қырық жылдан асқан тәжірибемізде бұндай жағдайларды кездестірген жоқпыз.
Құрт тәрізді өсіндінің анатомиясына көңіл аударсақ, оның ұзындығы мен диаметрі ауру адамдардың жасына, жынысына, дене құрылысына (конституция) байланысты әр пациентте әртүрлі болып келеді. Жалпылап алғанда оның ұзындығы, орта есеппен, 6-8 см-ден 13-23 см-ге, ал диаметрі 0,5 — 0,7 см-ге тең болады. Өсіндінің жеке өзіндік шажырқайы бар, онда өсіндіні көректендіретін артериялық қан тамыры (a. appendicularis), қан жинайтын көктамырлар -(веналар) мен лимфалық тамырлар (лимфа тамырлары) және нерв талшықтары орналасады. Құрт тәрізді өсіндінің қабырғалары, басқа да қуысты ағзалардың қабырға құрылыстары тәрізді, бірнеше қабаттардан тұрады. Егер оларды өсіндінің іш жағынан сыртқа қарай қарастырса өсінді қабаттары мына ретпен орналасады: а) шырышты, б) шырышты асты,
в) бұлшық ет және г) сероза қабаттары. Өсіндінің шырышты және шырышты асты қабаттарында көптеген (1500-ге дейін) лимфатикалық фолликулалар мен лимфа тамырлары бар. Осы себептен кейбір авторлар өсіндіні ішек бадамшасы (tonsilla intestinalis) деп атайды (Колесов В.И., 1972).
Қан айналымы және иннервациясы. Құрт тәрізді өсіндіге артериялдық қан, жоғарыда көрсетілгендей, аппендикулярлық артериямен (а. appendicularis) жеткізіледі, ал ол, өз кезегінде, мықын-жиек артериясынан (a. ileo—colica) басталады. Веноздық қан аталған артериялармен аттас көктамырлар (веналар) арқылы (v. appendicularis, v. ileo — colica) кері қарай ағады.
Лимфа сұйығы өсіндінің шажырқайындағы қан тамырларымен қатар орналасатын лимфатикалық тамырлар мен түйіндер арқылы ағады. Жедел аппендицитте аталған қан, лимфа тамырлары арқылы өсіндіде пайда болған қабыну ошағындағы инфекцияның басқа аймақтарға таральш, пилефлебит, бауыр және өкпе абсцестері, сепсис т. с. сияқты қауіпті асқынулардың туу себептері болуы ықтимал.
Құрт тәрізді өсінді жоғарғы шажырқай өрімдері (plexus mesentericus superior) талшықтарымен иннервацияланады. Жедел аппендицит сырқатының бастапқы (алғашқы) кезеңінде ауру сезшінің, көбінесе, іштің жоғарғы қабатында, яғни эпигастрийде, білінуі, негізінде, осы себептен болады.
Соқыр ішектің құрт тәрізді өсіндісінің адам организміндегі атқаратын қызметі (функциясы) бүгінгі күнге дейін толық зерттеліп, анықталмаған проблема. Ол туралы арнайы әдебиет беттерінде әрқилы көзқарастар жарияланған. Кейбір ғалымдардың (Дробни Ш., 1983, т.б.) деректерінде құрт тәрізді өсінді жетілмей қалған, яғни қалдықты (рудиментарлік) ағза, оның организмге қажеті аз және ол адам тіршілігіне қажетті қызметтерге еш әсері жоқ деп сипатталса, енді бір ғалымдар тобы (Маслов П.Н., 1964, Колесов В.И., 1972 т.б.) өсіндінің шырышты және шырьшты асты қабаттарында лимфоидтық тіндердің орналасуына көңіл аудара отыра, ол тіндер, лимфоцит түзеу арқылы, адам организмінің иммундық және қорғаныш жүйелерінің қызметтеріне әсер ететіндей елеулі маңызы бар деген тұжырымға келеді. Біз өсіндінің морфологиялық құрылысы мен физиологиясы туралы арнайы әдебиеттерде жарияланған көптеген зерттеу нәтижелеріне сүйене отыра және өзіміздің меншікті тәжірибемізді сараптай келе, айтылған пікірлердің соңғысы шындыққа жақын деген ойдамыз.