Ащы және тоқ ішектердің анатомиясы

Ащы және тоқ ішектердің хирургиялық анатомиясы мен физиологиясы. 

Аш (ащы, жіңішке) ішек ас қорту жүйесін құратын ағзалардың ең ұзын және өте қозғалмалы бөлігі болып табылады. Ол асқазанның пилорикалық бөлігінен басталып, соқыр ішектен жоғары тұста (илеоцекальді бұрышта) тоқ (жуан) ішекпен жалғасады. Анатомиялық құрылысы мен физиологиялық қызметіне қарай аш ішектің он екі елі ішек, аш ішек және мықын ішек атты бөліктері ажыратылады. Кейінгі екі бөлігінің ұзындығы орта есеппен 5-7 м, ал диаметрі 3-5 см тең болып келеді. Он екі елі ішек пен аш ішектің шекарасы Трейц (Treitr) байламасымен белгіленеді, ал аш ішек пен мықын ішек арасында бұндай нақ анықталатындай анатомиялық шекара белгісі жоқ. Аш ішектің көптеген ілмектері ішек шажырқайымен іш қуысының артқы қабырғасына бекітілген. Шажырқай висцеральді ішастардың екі жапырақшасынан және олардың арасында орналасқан майлы жұмсақ клетчаткадан құралады. Аталған клетчаткада қан, лимфа тамырлары және нерв талшықтары өтеді.

Аш ішекке артериялдық қан жоғарғы шажырқай артериясынан (a. mesenterica superior) шығатын 18-24 қан тамыры тармақтары арқылы жетеді. Ол тармақтар шажырқай қабатында өзара байланысып (анастомоз) бірінші және екінші қатарлық доға құрады. Ішекке қан осы доғалардан шығатын тік қан тамырларымен жеткізіледі. Аш ішек парасимпатикалық және симпатикалық нерв жүйелерімен иннервацияланады.

Аш ішекте күнделікті қолданылатын тағамдар химиялық субстраттар мен әртүрлі ферменттердің әсерінен өздерінің түпкі заттарына, яғни белок, май, көміртекті суларға (углевод) дейін ыдыраудың күрделі процесінен өтеді. Аталған бөлшектерге дейін ыдыраған тағам ішектің шырышты қабаты арқылы организмге сіңеді (резорбция). Аш ішектің резорбциялық қасиеті организмнің ішкі тұрақтылығының (гомеостаз) белгілі деңгейде болуын қамтамасыз етудегі орны ерекше, сондықтан аш ішекпен байланысты аурулар (ішектің түйілуі, ішек жыланкөздері, ішектің бөлігін алып тастау т.б.) пайда болған жағдайларда метаболизм көрсеткіштерінің өзгеруі байқалады.

Тоқ (жуан) ішек соқыр ішектен және аш ішектің тоқ ішекке келіп жалғасатын жерінен (илеоцекальді бұрыш) басталады да, тік ішекпен аяқталады. Аш ішек сияқты тоқ ішектің де бірнеше бөліктерін ажыратады. Олар: соқыр ішек (соесит), жоғары бағытталған бөлік (colon ascendens), көлденең жатқан бөлік (colon transversum) пен төмен бағытталған бөлік (colon descendens), сигма тәрізді бөлік (colon sigmoideum) және тік ішек (rectum). Соқыр ішек пен тік ішек тоқ ішектің өзалды жеке бөліктері болып есептеледі Тоқ ішектің жалпы ұзындығы 180-200 см, ал диаметрі 5-6 см-ге тең. Оның бірнеше иілімдері бар. Біріншісі бауыр (flexura coli dextra), екіншісі көкбауыр (flexura coli sinistra) иілімдері және сигма тәрізді бөлігі мен тік ішек шекарасындағы иілім. Алғашқы аталған екі иілімдер тұсында тоқ ішекті бекітіп тұратын арнайы байламалар бар.

Тоқ ішектің бұлшық ет қабаты екі түрлі бұлшық еттерден қүралады. Біріншісі ішкі немесе циркулярлы және сыртқы бұлшық ет қабаттары. Сыртқы бұлшық ет қабаты ішектің ұзындығын бойлай орналасады. Бұл қабат ішектің сыртқы жағында үш жолақ тәрізді болып көрініп түрады (taeniae) және үшеуі соқыр ішектің күмбезінде, яғни оған құрт тәрізді өсіндінің жалғасатын жерінде түйіседі. Осы себептен аппендэктомия операциясының барысында өсіндіні табу қиын болған жағдайларда, әдетте, оны осы жолақтарды бойлай отыра олардың түйіскен жерінен іздейді. Ішкі жақта орналасатын бұлшық еттер (циркулярлы бұлшық еттер) ішектің белгілі бір аймақтарында қалыңдап физиологиялық қысқыштар (сфинктерлер) құрайды.

Тоқ (жуан) ішекті артериялдық қанмен жоғарғы және төменгі шажырқайлық артериялардың (аа. mesenterica superior et inferior) тармақтары (a. colica media, a. colica dexstra et sinistra, a. ileocolica m.6.) қамтамасыз етеді. Веналық қан аталған артериялардың жандарында орналасқан көктамырлар арқылы жүреді.

Лимфа сұйығының жүрісі, негізінен, төрт лимфа түйіндеріне қарай (эпиколикалық, параколикалық, аралық және орталық түйіндер) бағытталады.

Тоқ ішектің инненрвациясы симпатикалық және парасимпатикалық нерв жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Тоқ ішекте, негізінен, су сіңу процесі және аш ішекте ыдырағанмен, толық сіңбеген көректі заттардың одан әрі сіңуі жалғасады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *