Ұйқы безі (pancreas) ішастардан тыс, асқазанның артқы жағында, XII кеуде немесе I—II бел омыртқалар тұсында және омыртқа бағанасының осьіне көлденең орналасады. Ұйқы безі үш бөліктен тұрады: а) бас, б) дене және в) құйрық бөліктері. Бас бөлігі үш жағынан он екі елі ішекпен қоршалған, сондықтан ішек таға пішінді болып келеді. Дене бөлігінің жартысынан көбі және құйрық бөлігі адам денесінің орта сызығынан сол жаққа қарай орналасады. Құйрық бөлігі, қалыпты жағдайда, XI- XII сол жақ кеуде омыртқа тұсында көк бауыр қақпасына дейін жетеді, Асқазан мен ұйқы безі ортасында шарбы қалтасы деп аталатын құрылым болады. Ұйқы безінің ұзындығы 12 — 22 см, биіктігі (ені) 3 — 8 см, ал қалындығы 2 — 3 см, ал жалпы салмағы, орта есеппен, 60 — 80 г. Бездің негізгі түтігі (панкреатикалық, немесе Вирсунгов түтігі) оның ұзындық бойын қуалай орналасады да он екі елі ішектің үлкен емізшесі арқылы сол ішекке ашылады.
Қан айналымы. Ұйқы безі қанмен үш ірі қан тамырлары арқылы қамтамасыз етіледі. Біріншісі ұйқы безі — он екі елі ішек артериясы (a.pancreatoduodenalis), одан соң бауыр және көк бауыр (a. hepatica et a. lienalis) артериялары. Аталған артериялық қан тамырлары өздерінің көптеген тармақтары арқылы бір — бірімен жалғасып жатады (анастомоз). Веналық қан артерияламен қатар орналасатын көктамырлар арқылы ағады.
Иннервациясы. Ұйқы безі парасимпатикалық және симпатикалық нерв жүйелерімен иннервацияланады. Симпатикалық нерв жүйелері, негізінен, без қан тамырларының тонусын, ал парасимпатикалық жүйе оның эндокриндік қызметін реттеу жұмыстарына қатынасады.
Ұйқы безі сыртқы — және ішкі секреторлық қызмет атқарады. Сыртқы секрециялық қызметі ферменттерге, бикарбонатгарға бай, ұйқы безі сөлін бөліп шығарумен сипатталады. Ұйқы безі тәулігіне 1,5 — 3 л дейін сөл бөліп шығарады. Оның құрамында ферменттер (трипсноген, липаза, амилаза т.б.) аминоқышқылдар, электролиттер, бикарбонаттар, су т.б. заттар бар. Осы заттар, өз кезегінде, әртүрлі жолдармен белсендіріліп ас қорту жолдарына түскен тағамдарды ыдыратады да, олардың сіңуіне әсерін тигізеді.
Ұйқы безінің ішкісекреторлық қызметі оның құйрық бөлігінде орналасатын Лангерганс аралшықтары арқылы іске асырылады. Ол аралшықтардың (бетта)- жасушаларынан инсулин, ал (альфа) — жасушаларынан гликоген және липокаин бөлініп шығады. Бұлар әсері жағынан антогонист болып келеді, сондықтан бір — біріне қарсы әсер етеді.