Экологиялық апат аймақтары. Қазақстанның үлкен бөлігі құрғақ аймақта орналасқан және оның шамамен 60% аумағы әртүрлі деңгейде шөлдену үдерістеріне ұшыраған. Алдын ала есептеу бойынша, жайылымды жерлердің құлдырауынан, егістіктер эрозиясынан, екінші қайтара тұздану мен басқа себептерден болған шығындар 300 миллиард теңгені құрайды. Табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуы, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің құлдырауы болған және жағымсыз экологиялық жағдайдың салдарынан халық денсаулығына айтарлықтай зиян келтірген Арал және Семей аймақтары экологиялық апат аймақтары болып жарияланған. Қазіргі кезде бұрынғы Семей полигонына іргелес аймақтарда (71,9 мың адам халқы бар 85 елді мекен) қатерлі ісік аурулары мен халық арасында өлімнің, қан айналымы жүйесі ауруларының, жаңа туған сәбилер арасында туабітті кемістіктер мен ерте қартаю нәтижесінің жоғары деңгейі анықталған. Арал маңындағы экологиялық апат аймағында әсіресе әйелдер мен балалар арасында асқазан-ішек аурулары мен қанның азаюы, балалар өлімі мен туабітті ауытқушылықтардың жоғары деңгейі көрініс тапқан.
Каспий теңізі қайраңы ресурстарының қарқынды игерілуіне байланысты мәселелер. Каспий теңізі бассейні мемлекеттерінің көмірсутек ресурстарын кең түрде игеруі теңіз және теңіз жағалауы экожүйелеріне теріс әсерінің ауқымын үлғайтады. Теңіз мәртебесінің анықталмағандығы жағдайында трансшекара сипатындағы сыртқы экологиялық қауіп-қатерлер айтарлықтай мәнге ие болады. Теңіздің қазақстандық аймағындағы көмірсутек шикізатының алдағы кең ауқымды игерілуі елдің экологиялық қауіпсіздігіне әлеуетті қауіп-қатерлер төндіреді. Каспий теңізінің қоршаған теңіз ортасын қорғау бойынша және басымдыққа ие іс-эрекеттердің аймақтық стратегиясының негіздемелік конвенциясы Каспий теңізінің ресурстарын пайдалану, әрі Каспийдің экожүйесін қорғау бойынша алдағы шараларға қатысты Каспий маңы елдері арасындағы жалпы өзара іс-әрекеттер бойынша негізгі бағыттарды анықтайды.
Су ресурстарының жұтаңдауы мен ластануы. Қазақстан су ресурстарының үлкен тапшылығы қалыптасқан елдер санатына жатады. Қазіргі кезде су нысандары тау-кен өнеркәсібі, металлургия және химия өнеркәсібі, қалалардың коммуналдық қызметтері кәсіпорындарымен қарқынды түрде ластап, әрі нақты экологиялық қауіп-қатер тудырып отыр. Тым көп ластанған өзендер — Ертіс, Нұра, Сырдария, Іле, Балқаш көлі. Халықты ауызсумен қамтамасыз ететін негізгі көздер болып табылатын жерасты сулары да ластануға ұшыраған. Су нысандарына антропогендік жүктеме мен олардың қалпына келу қабілеттілігі арасындағы теңгерімсіздік экологиялық қолайсыздықтың барлық ірі өзен бассейндеріне тән болуына алып келді, ал су шаруашылықтарының қажеттіліктерін жеткіліксіз қаржыландыру су шаруашылығы нысандарының қанағаттанғысыз техникалық жағдайы мен халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерінің ушығуының себебіне айналды. Жерүсті суларының ластану, қоқыстану және жүтаңдау үдерістері жалғасуда, олардың негізгі себебі су қоймаларына тазартылмаған немесе жеткіліксіз тазартылған ағынды сулардың құйылуы болып табылады. Су нысандарына жыл сайынғы түсетін шығындылар шамамен 2,5 миллион тонна құрайды.
Әскери-ғарыш полигондары мен сынақ кешендерінің әсері. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының аумағында төрт әскери-сынақ полигоны мен «Байқоңыр» кешені жұмыс істейді. Қоршаған орта мен жақын маңда өмір сүретін халыққа теріс әсерін тигізетін ракеталардың жерге құлаған және құлап түсетін сынықтары, аса улы отынның төгілуі және басқа да факторлар нақты экологиялық қауіп-қатер тудырады. «Байқоңыр» космодромынан тасымалдаушы ракеталалардың ұшырылуы жалпы көлемі 12,24 млн гектар құлау аймағы деп бөлінген бөліктерімен қамтамасыз етілген.
Ауа бассейнінің ластануы. Атмосфераға Қазақстанның өнеркәсіп кәсіпорындарының шығындылары жылына шамамен үш миллион тонна құрайды, олардың 85%-і 43 ірі кәсіпорынға келеді. Ауаны автомобиль көлігінің ластауы көлемі аса қауіпті болып саналады, ол республика аумағында автокөлік құралдары санының қарқынды өсуіне байланысты. Бұл мәселе республиканың ірі қалалары үшін өзекті, онда автокөліктің ауа бассейнін ластауына қосқан үлері жалпықалалық шығындылардың 60%-іне және одан да жоғарыға жетеді.
Атмосфераның негізгі ластануы түсті металлургия, жылу энергетикасы, қара металлургия кәсіпорындарының, мұнай-газ кешені мен көлік шығындыларына байланысты. Атмосфера ауасының ластануынан болатыны айқын қауіп-қатерлер халық денсаулығының нашарлауы және қоршаған ортаның құлдырауынан көрінеді. Атмосферадағы ауаның ластану мәселесі республика халқының жартысынан көбі өмір сүретін, негізінен, ірі қалалар мен өнеркәсіптік агломерацияларға тиесілі. Ең көп ластанғандар қатарына 10 қала жатқызылған, олардың 8-інде ауа ластануының деңгейі жоғары. Қалалардағы ауа ластануының жоғары деңгейінің себебі өндірістің ескірген технологиялары, тиімсіз тазарту құрылғылары, қолданылатын отынның төмен сапасы, энергияның жанданатын және дәстүрлі емес көздерінің нашар пайдалануы болып табылады. Автокөлік санының күрт өсуі ірі қалалардағы (Алматы, Өскемен, Шымкент) көміртек оксиді мен азот диоксиді шоғырлануының өсуін тудырады, бұл қалаларда осы заттардың орташа жылдық шоғырлануы шекті рұқсат етілетін мөлшерден артық. Ауа бассейнінің ластануы көмірсутек шикізаты кен орындарының ескілерін өңдеуге және жаңаларын игеруге байланысты, ол атмосфераның күкірт сутегімен, меркаптанмен ластануының ұлғаюына алып келеді. Ілеспе газдарды жағу атмосфераға булы газдардың, күкірт пен азот оксидінің үлкен мөлшерінің шығуымен ере жүреді, кен орындарының айналасында жоғары жылу аясы пайда болады.
Радиоактивтік және бактериологиялық ластану. Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігіне нақты қауіп-қатерді радиоактивтік ластану тудырады, оның көзі негізгі төрт топқа бөлінеді: уран өндіруші және қайта өңдеу өнеркәсібінің жұмыс істемейтін кәсіпорындарының қалдықтары (уран кен орындарының шөгінділері, өздігінен төгілетін ұңғымалар, қалдық қоймалары, технологиялық желілердің қайта құрастырылған құрылғылары); ядролық қаруды сынақтан өткізу нәтижесінде ластанған аумақтар; мүнай өндіруші өнеркәсіп пен мұнай құрылғыларының қалдықтары; ядролық реакторлардың жұмысы нәтижесінде пайда болған қалдықтар мен радиотопты өнім (ионданған сәулеленудің істен шыққан көздері). Қазақстанда алты ірі уранды геологиялық аймақ, уранның көптеген майда кен орындары мен тау жыныстары бар, олар уран өндіруші кэсіпорындарда және ядролық жарылыстарды өткізу орындарында жиналған қалдықтарды, табиғи радиобелсенділіктің жоғары деңгейін тудырады. Қазақстан аумағының 30%-інде адам денсаулығы үшін нақты қауіп-қатер тудыратын, радон-радиоактивті табиғи газдың бөлініп шығуының жоғары әлеуетті мүмкіндігі бар. Радионуклеидтермен ластанған суды ішу және шаруашылық қажеттіліктері үшін пайдалану аса қауіпті. Қазақстан кәсіпорындарында 50 мыңнан астам иондаушы сәулеленудің істен шыққан көздері бар және радиациялық зерттеу барысында олар 700-ден астам бақыланбайтын көздер табылған және жойылған, олардың 16-сы адам үшін өте қауіпті.
Республикадағы ең қолайсыз аудандардың бірі Семей өңірі болып қалып отыр. 2005-2007 жылдарға арналған бұрынғы СЯСП (Семей ядролық-сынақ полигоны) мәселелерін шешу бойынша кешенді бағдарламаның аясында жүргізілген зерттеулер аумақта радиоактивті ластанулар алаңының болғанын растайды және суда техногенді радионуклеидтердің жоғары мөлшерде болғаны анықталған. Аталған аумақта радиациялық жағдайдың нақты картасын құру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Семей полигонында жүргізілген барлық жерүсті ядролық сынақтардың ішінен полигон аумағы мен оған жақын аймақтардың қоршаған ортасының радиоактивтік ластануының ауқымын анықтаған келесі сынақтарды бөліп қарауға болады. Өңірдің радиоактивтік қалдықтан ластануы полигон аумағымен шектелмейді, оның шекарасынан алысқа кетеді. Осылайша, бірінші термоядролық сынақтан (12.08.53 ж.) кейінгі радиоактивтік қалдықтар ізі полигон шегінде шамамен 120 шақырымға жетеді жэне полигон сыртында жүздеген шақырымға дейін созылып жатыр. Қарауыл елді мекенінің аймағында (полигон шекарасынан 100 шақ.) жүргізілген зерттеулер топырақты қабатта ғаламдық шығындылар шегінен 5-10 есе асатын 137Сs радионуклеидінің болғанын растайды.
Бактериологиялық залалдың әлеуетті қаупін Арал теңізіндегі Жандану аралындағы биологиялық полигонның жұмысы тудырады. Кейбір биологиялық агенттердің қоршаған орта нысандарында және жануарлардың ағзаларында ұзақ уақыт бойы сақталатынын ескеретін болсақ, олардың республика мен басқа көршілес мемлекеттер аумақтарында таралуының нақты қауіп-қатері бар. Жандану аралында оба, сібірлік ойық жарасы мен туляремия сияқты кейбір аса қауіпті инфекциялардың табиғи-ошақты аймағының болуы әбден мүмкін. Сөйтіп, жерүсті ядролық сынақтардан кейінгі радиоактивтік қалдықтардың атмосфераға түсуі полигон аумағында және одан тыс жерлерде де, созылған іздер мен жеке дақтар түрінде өңірдің радионуклеидтік ластануын тудырған.