Атмосфералық қысым және оның өзгеруі. Ауаның салмағы болғандықтан ол барлық жер бетіндегі заттар бетінің әр шаршы сантиметріне 1 кг 33 г салмақ түсіреді. Ауаның жер бетіне түсірген ауырлық салмағы атмосфералық қысым деп аталады. Биіктік артқан сайын қысым азая береді. Күн жер бетін біркелкі қыздырмайды, соған сәйкес ауа да әркелкі қызады. Осыған орай жер бетінде жоғары және төменгі атмосфералық қысымды аймақтар пайда болады. Олар бірін-бірі экватордан полюске қарай алмастырып отырады. Жер бетінің түрлі аймақтарындағы және түрлі биіктіктегі атмосфералық қысымды бір-бірімен салыстыру үшін 45˚ ендіктегі теңіз деңгейіндегі қысым алынады. Сынап бағасының 760 мм биіктігіне тең қысым – қалыпты атмосфералық қысым деп аталады. 760 мм сынап бағанасы – ауа қысымының өлшем бірлігі.
Атмосфераның жер бетіне таяу қабатында әрбір 10 м биіктікке көтерілгенде қысым шамамен 1 мм-ге төмендейді.
Атмосфералық қысымды өлшеу. Атмосфералық қысымды арнайы жасалған құрал – барометрмен өлшейді. Барометр грек сөзі барос – «салмақ», метр – «өлшеймін» деген мағына білдіреді. Алғашқы барометрді итальян физигі Поррочели ойлап тапты.
Атмосфералық қысымды өлшеуге 2 түрлі барометр қолданылады. Олар сынап барометрі мен анероид барометрі.
Сынап барометрінің құрылысымен танысайық. Ұзындығы 1 метрге жуық шыны түтікшенің бір жағын бітеп, оған толтыра сынап құяды, түтіктің ашық жағын сынабы бар тостағанға батырады. Түтіктегі сынаптың біразы шыны тостағаншаға құйылып, жоғарғы бөлігі ауасыз бос қалады. Белгілі деңгейде сынап ағуы тоқтайды, себебі ауа тостағаншадағы сынапты қысып, оның төгілуін тоқтатады.
Атмосфералық қысым артса, тостағаншадағы сынап түтікшеге өтіп, деңгейі көтеріледі. Ал кемісе, тостағаншаға сынап қайта құйылады да, деңгейі төмендейді.
Түтікше бойына мм-ге бөлінген шәкіл белгіленеді. Сынап барометрін алып жүру қолайсыз, сондықтан онымен қысымды арнайы орындарда ғана (мысалы, бекеттерде) өлшейді.
Анеройд барометрі – ішіндегі ауасы сорылып алынған серпімді металл қорапша түрінде жасалған құрал.
Топсеруенге, туристік жорықтарға, экспедицияларға шыққанда атмосфералық қысымды анеройд барометрімен өлшейді. Сырттағы қысым өзгерісін ол тез сезеді. Қысым артса, қорапша сығылады, кемісе, көтеріледі де, бағдарша шәкіл сынап бағанасындағы мм-ді көрсетеді.
Атмосфералық қысымның биіктікке байланысты өзгеруі. Атмосфераның өзі газ екені сендерге өткен тақырыптан мәлім. Оның құрамында оттегі, азот, көмірқышқыл газы және т.б. бар. Бұл газдардан басқа атмосферада өзен, теңіз және мұхиттардан судың булануы кезінде түзілетін су буы болады. Оның мөлшері жыл мезгіліне, температураға, желдің бағытына байланысты өзгеріп отырады. Су буының конденсациялануы нәтижесінде атмосферада бұлт түзіледі. Және жауын-шашын болады, тұман пайда болады.
Атмосфераның құрылымы өте күрделі. Оның негізгі қабаттары тропосфера, стратосфера, мезосфера, ионосфера және экзосфера деп бөлінетінін білесіңдер. Газдар сығылғыш болғандықтан, жер бетіне жақын ауа қабаттарын оның үстіңгі жағындағы ауа қабаттары басып тұрады. Соның салдарынан атмосфера жердің бетінде неғұрлым тығыз келеді. Ал ауа қабаты жер бетінен неғұрлым жоғарылаған сайын нашар сығылады. Сол себепті оның тығыздығы кеми береді. Мысалы, ауа шары жер бетінен жоғары көтерілген сайын оған түсетін ауа қысымы азаяды. Өйткені, шардың үстіңгі жағындағы ауа бағанының биіктігі кемиді, сонымен бірге ауаның тығыздығы да барған сайын азая береді. Ауа қысымының биіктікке тәуелді болатыны осыдан. Бақылауларға қарағанда 45˚ендіктегі теңіз деңгейінде жатқан жерлерде атмосфералық қысым орта есеппен 760 мм сынап бағанасына тең. Мысалы, мұғалімдерінің көмегімен өздерің тұратын жердің абсолюттік биіктігі мен атмосфералық қысымын салыстырып, қорытынды жасай аласыңдар.
Жоғары көтерілген сайын атмосфералық қысым төмендеп отырады: биіктік (км): 0,1,2,3,4,5,8,10,11. Қысым (мм): 760,674,596,526,462,405,267,198,145.
Егер біз биік тауға көтерілсек немесе төмен шахтаға түссек, құлағымыз бітіп қалатынын сеземіз. Бұл атмосфералық қысымның биіктік пен тереңдікке байланысты өзгеріп отыратынын көрсетеді.