Күн сәулесінің Жерге түсуі. Жердің барлық жерінде жыл мезгілдерінің ұзақтығы бірдей емес. Солтүстік және Оңтүстік шарларда жыл мезгілдері бірдей болмайды. Мысалы, Солтүстік жарты шарда желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында жылу мен жарық мөлшері аз түсіп, қыс болады, ал Оңтүстік жарты шарда жаз орнап, жылу мен жарық мөлшері көп түседі.
Алайда Жер шарының барлық жерінде жыл мезгілдерінің белгілері анық байқала бермейді. Солтүстік және Оңтүстік полюстер маңында жыл бойы суық, себебі күн сәулесі көлбеу түскендіктен бұл аймақтарда жылу мөлшері аз таралады. Ал экватордың 2 жағындағы – тропиктік өңірлерде жыл бойы күн сәулесі тік түсетіндіктен, үнемі ыстық болып тұрады. Күн сәулесінің түсуіне, күн мен түннің ұзақтығына қарай Жер шары 5 жылу белдеуіне бөлінеді. Ондағы 2 тропиктік белдеу – ыстық белдеу.
Солтүстік тропиктен солтүстік поляр шеңберіне дейін 65,5˚ с.е.-ке дейін, оңтүстік тропиктен оңтүстік поляр шеңбері 65,5˚о.е. аралығын қоңыржай белдеулер алып жатыр. Мұнда жылдың төрт мезгілі анық байқалады. Жазы ыстық, ал қысы суық болады.
Поляр шеңберінен полюстерге дейін суық белдеулер орналасқан. Жыл бойы суық, қысы қақаған аязды, жазда да жердегі қар мен мұз сақталады.
Жер шарының батыстан шығысқа қарай сағат тіліне қарама-қарсы бағытта өз білігінен айналатынын білеміз. Жер шары өз білігінен айналу барысында жер бетінде болатын құбылыстарды, күн мен түннің ауысуын байқаймыз.
Жердің өз білігінен айналуы адамдарға байқалмайды. Оның себебі Жер аумағы үлкен және ондағы барлық заттар мен ауа қабаты да бірге айналымда болады. Жердің экватор мен полюс аралығындағы ендіктерде күн мен түннің ұзақтығы бірдей болмайды, ол Жердің орбитадағы орналасуына тікелей байланысты. Жер өз білігінен айналғанда күн мен түнге ауысып, жер бетіне жылу біркелкі таралып, тіршілікке қолайлы жағдайлар қалыптасады.
Жер шарының географиялық белдеулер мен зоналарға бөлінуі.
Жер шарында климаттың экватордан полюстерге қарай өзгеруі, барлық табиғат кешенінің ендік зоналар бойынша өзгеруіне әсер етеді. Осы өзгерістерден географиялық қабық географиялық белдеулер мен зоналарға бөлінеді.
Бұл белдеулер климаттық белдеулерге сәйкес келеді және солардың аттарымен аталады.
Екі жарты шардың әрқайсысы 4 негізгі, 3 өтпелі географиялық белдеулерге бөлінеді.
Негізгі географиялық белдеулер – экваторлық, тропиктік, қоңыржай, полярлық белдеулер.
Ал өтпелі белдеулер, субэкваторлық белдеу – экваторлық белдеу мен тропиктік белдеулер аралығында, субтропиктік белдеулер – тропиктік белдеулер мен қоңыржай белдеулер аралығында, субполярлық белдеулер, қоңыржай белдеулер мен полярлық белдеулер аралығында орналасқан.