Қоғамның дамуы (тарихи) қалай жүзеге асырылады? Бұл үдерістің ежелгі заманнан бастап бүгінгі күндерге дейінгі әртүрлі ойшылдар әзірлеген негізгі төрт теориялық моделі бар.
Тарихи үдерістің циклдік моделі дүниежүзілік тарихты бір-бірін тұрақты алмастырып отыратын белгілі бір циклдердің мәңгілік шеңберлік айналысы ретінде ұсынады. Олар қоғамның мәдени өрлеу, тоқырау және құлдырау кезеңдерін бейнелейді. Тарихтың циклділігі туралы Гераклит, Платон, Аристотель, Н.Я.Данилевский (1822-1885), О.Шпенглер (1880-1936), Д.Вико (1668-1744), А.Тойнби (1889-1973), Л.Н.Гумилев (1912-1992) және басқаларының ілімдеріне айтылады.
Тарихтың сызықтық моделі қоғамның түзу сызық бойымен дамитынын ұйғарады. Геометриялық сұлбасы сызық немесе вектор. Мұнда вактордың бағыты прогресшіл де, регресшіл де тарапты қамтуы мүмкін.
Мысалы, француз философы Ж.А.Н. Кондорсенің құрған тарихтың сызықтық моделіне қоғамдық прогрестің айқын идеясы бар, оның критерийі адам зердесінің (білімдердің, ғылымдардың, білім беру мен ағартудың және т.б.) дамуы болып табылады. Ол сондай-ақ прогрестің қозғалтқышы да болып есептеледі.
Тарихтың шиыршықтық моделі диалектикалық философияны жақтаушыларға (Г.Гегель, К.Маркс және басқалар) тән. Бұл модель циклдық және сызықтық моделдерді бірітіреді.
Ол белгілі бір тарихи циклдердің өмір сүретінін нұсқайды, бірақ мұнымен бірге өткенге толықтай қайтыпоралуды көздемейді, әрбір жаңа орам алдыңғысын қайталамайды. Шиыршықтық даму прогресшіл де, сондай-ақ регресшіл де болуы мүмкін.
Қазіргі заманда көптеген философтар қоғам тарихының бейсызықтық тұғырнамасын ұстанады. Онда қазіргі заманғы тарих, өткен тарих та дәл солай, адамдар шығармашылығының нәтижесі ретінде қабылданады. Ал мұнда прогресс пен регресс, гүлдену мен құлдырау, толып жатқан ыдыраулар мен бірлесулер, бірлік пен саналуандық орын алады.
Тарихтың қазіргі тұғырнамасын геометриялық сызық түрінде бейнелеу мүмкін емес, өйткені ешқандай сызық тарихтың бүкіл байлығын бейнелей алмайды. Дегенмен де тарихтың қарастырылған тұғырнамаларын былайша бейнелейміз:
Қоғамдық дамудың қозғаушы күштері
Қоғам дамуының немесе тарихи үдерістің қозғаушы күшетрі проблемасының мәні: «адамзат тарихы неге тәуелді?» сұрағында жинақталып берілген. Әңгіме детерминизм, яғни тарихи дамудың уәжділігі туралы болып отыр.
Философтардың басым көпшілігі мұндай уәжділікті мойындап, қоғам дамуына әсер ететін қандай да бір факторлар мен күштер бар деп ұйғарады. Алайда бұл күштерді түсіну мүлдем әртүрлі сипатта.
Мысалы, үнділік веда философиясында құдай тәріздестерге (Аватарларға) аса маңызды рөл берілді. Олар оқтын-оқтын адамдардың арасында рухани тәлімгерлер және діни реформашылар бейнесінде пайда болады. Ортағасырлық діни философияда тарихтың басты қозғаушы күші – құдай. Жаңа уақытта көптеген еуропалық философтар тарих барысы діни, философиялық, ғылыми немесе саяси идеяларға байланысты деген тұжырым жасады («дүниені идеялар билейді»).
Кейбір ойшылдар табиғи факторларды басшылыққа алады. Мысалы, Монтескье – табиғи-климаттық жағдайлардың, Мечников – қандай да бір аумақтың су саласының (өзендер, көлдер, теңіздер) маңыздылығын дәлелдеген. Гегель тарихтың басты күшін Абсолютті Рухтың (Зерденің) дамуынан көрді, ал бұл адамзат тарихы арқылы өз мақсаттарына – еркіндік пен өзін-өзі тануға қол жеткізеді-мыс. Маркс материалдық факторлардың, яғни материалдық игіліктерді өндіру тәсілінің , адамдар арасындағы өндірістік қатынастардың, меншікті иеленудің және т.б. факторлардың белгілі бір рөлін атап көрсетті. ХХ ғасырдағы кейбір батыс философтары тарих ғылым мен техниканың дамуына байланысты деген ұйғарым жасады.
Алайда тарихи детерминизмге деген көзқарастардың мұндай алуан түрлілігіне қарамастан, заманауи философияда тарихи детерминизмнің көпфакторлық тұғырнамасы нығайып келеді. Оның басты идеясы тарихтың дамуына көптеген рухани, сондай-ақ материалдық факторлардың әсер ететіндігінде. Оның үстіне нақты бір дәуірде нақтылы бір ұлттың тарихына белгілі бір фактордың әсер ету қарқындылығы мүлдем әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Арабия түбегіндегі тайпалардың VII-IX ғасырлардағы тарихи дамуында жаңа дін – ислам маңызды рөл атқарды. Ал ежелгі славяндардың бұл кезеңдегі өмірінде діни фактордың мұндай маңызы болған жоқ. Географиялық, материалдық және саяси факторлар басымдыққа ие болды.
Тұтастай алғанда, тарихтың қозғаушы күштерін көпфакторлы тұғырнама нұсқаларының біріне сәйкес мынадай сызбамен ұсынуға болады. Тарихта әрқашанда аса көрнекті тарихи жеке тұлғалар зор маңызға ие болды. Бұл жеке тұлғалардың арасында діни реформашылар мен философтар (Пифагор, Платон, Лао-цзы, Конфуций), ғалымдар (Ньютон, Эйнштейн, Сахаров) және саясаткерлер, қолбасылар мен жаулап алушылар бар. Олардың тарихи рөлі прогрестік (мысалы, Будда), сондай-ақ регрестік (мысалы, Гитлер) болып та бағаланады.
Әрине, тарихи жеке тұлғалар өзінің артынан орасан зор халық бұқарасын, әлеуметтік топтарды немесе қоғам таптарын ерткен кезде ғана тарихты өзгерте алады. Сондықтан олар да маңызды тарихи күш болып табылады.
Енді тарих субьектілеріне тоқталайық. Кең мағынасында тарих субьектісі ретінде тарихи үдерістің мақсаттарын, заңдары мен тетіктерін ұғынған және оны жүзеге асыруға саналы, дәйекті күш-жігер жұмасайтын тұлғаны атауға болады. Біздің қазіргі қоғамда біртіндеп тарихи прогресстің ұжымдық субьектілері – «орта тап» деп аталатын кәсіпкерлер мен білікті қызметкерлер қалыптасып келеді.