Әлемнің барлық елдерінің экономикасын зерделеуді негізге ала отырып, мамандар экономикалық өсудің тек 16%-ына физикалық капитал, 20%-ына табиғи, 64%-ына адам капиталы септігін тигізетінін есептеп шығарған.
Сонымен адам капиталы деген нені білдіреді? Бұл сұраққа жауап беруге әрекеттеніп көрейік. Шеберліктер мен дағдылар, кәсіптік білім мен тәжірибе – бұлардың бәрі адам капиталын құрайды, ол адамға инвестициялар салу жолымен арттырылады.
«Адам капиталы» терминінің өзі алғаш рет Нобель сыйлығының иегерлері, америкалық макроэкономистер Теодор Шульц пен Гарри Беккердің ХХ ғасырдың 80-жылдарындағы еңбектерінде пайда болды. Т.Шульц нашар дамыған елдердің қиын жағдайын зерттей келе, кедей адамдардың әл-ауқатын жақсарту жерге, техника немесе олардың күш-жігер жұмсауына емес, бәрінен де білімге байланысты деген қорытындыға келді. Ол экономиканың мұндай сапалық қырын адам капиталы деп атады. Г.Беккерге келетін болсақ, ол адам капиталының теориялық моделін жасап шығарды және осы мәселе бойынша «Адам капиталы» кітабын жарыққа шығарды.
Заманауи ғылыми әдебиетте адам капиталы тар және кең мағынада қарастырылады. Тар мағынасында мұндай капитал формаларының бірі білім беру болып табылады. Ол қызмет етуші жұмыс күшінің сапасы, яғни оның пайдалылығының өлшемі ретінде адам, кәсіпорын, мемлекет үшін табыстар көзі ретінде көрініс табады.
Кең мағынасында адам капиталы игіліктер жасауға бағытталған адам әлеуеті болып табылады. Адам капиталы адамға білім беруге және өндірістегі жұмыс күшін дайындауға, денсаулық сақтауға, көші-қонға және бағалар мен кірістер туралы ақпарат іздестіруге кететін шығындар түрінде инвестициялау (капиталды ұзақ мерзімдік салу) жолымен қалыптасады (3-сызбаны қараңдар).
Адам капиталының теорияшылары экономикалық өсу үшін оғна салым салудың маңызы рөліне назар аударады. Олар өндіріс жабдықтарына салымдарға қарғанда өндірісті арттыруда үлкен тиімділік береді. Адам капиталына айтарлықтай мөлшерде салымдар салуды мемлекет іске асырады. Бұл жерде жұмыспен ұтымды қамту, еңбек нарығының оңтайлы қызмет етуі ерекше маңызға ие болады. Білім беру мен денсаулық сақтауды, еңбек өнімділігі мен табыс деңгейлерінің байланысын, кәсіпкерлік қызметті уәждеуді экономикалық қамтамасыз етуге дәлелі жетік көзқарас қажет.
Адам капиталының мағынасы оның, тұтастай алғанда, мемлекеттің, сондай-ақ экономикасы мен оның еңбекке жарамды азаматтарының бәсекеге қабілеттігін арттырудың қажетті ресурсы болып табылатындығында. Қазақстанда 2050 жылға қарай дүниежүзінің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруге бағытталған курс өзіндік адам капиталын дамытуға орасан мол инвестициялар салуды талап етеді. Өйткені тек біліктілігі жоғары қызметкерлер ғана постиндустриялық қоғам, яғни «Білім мен жалпыға бірдей еңбек қоғамы» жағдайында қызметтің барлық түрлерінде жоғары тиімділікке қол жеткізуге қабілетті болады.