Адам өмірінің мағынасы

Философия өмірдің мағынасы туралы. Адам мен адамзаттың алдында барлық уақыттарада тұрған толып жатқан проблемалардың ең мәнділерінің бірі – ол өмірдің мағынасы мәселесі. Қалай өмір сүру керек? Не үшін өмір сүру керек? Бұл сұрақатар адамдарды барлық тарихи дәуірлерде тоғандырған. Оларды сезіну мен дұрыс түсіну адамға мінез-құлық пен қызметте сенімді бағдар береді, өз күшіне сенімділікті арттырады, өмірінің мақсаттары мен құндылықтарына тиісті қатынастарын жасақтауға жағдай жасайды.

Француз ғалымы және философы Блез Паскаль (1623-1662): «Адам – бар болғаны құрақ, табиғат жаратылыстарының ішіндегі ең әлсізі, бірақ ол – ойланушы құрақ. Оны жою үшін бүкіл Ғаламның тіпті де керегі жоқ: желдің соғуы, су тамшысы да жеткілікті. Алайда, тіпті оны Ғалам жойса да, адам бәрібір де одан гөрі асқақтау, өйткені өмірмен қош айтысатынын және Ғаламнан әлсіздеу екендігін ұғынады, ал Ғалам ештеңені ұғынбайды» деп жазған. Басқа тірі жаратылыстардан айырмашылығы – адам өз өмірін ұғынады. Адамның саналы жаратылыс ретіндегі өз өмірі мен өзді-өзіне қатынасы оның өмірінің мағынасы мен мақсатында өрнектеледі.

Өмірдің мағынасы – бұл санамен қабылданған құндылық (құндылықтар), оған адам өз өмірін бағындырады, сол үшін өмірлік мақсаттар қойып, ол жүзеге асырады. Онда қызметтік-құндылықтық сипат бар, ол кімде-кім «жай ғана өмір сүрмей», қандай да бір нәрсе үшін өмір сүру керектігін ойлайтын, сезінетін болса, сонда ғана пайда болады. Мағына – адамның рухани өмірінің құндылықтық –уәжделген саласының элементі.

Өмірдің мағынасы неде?

Бұл сұрақты түсінуге және осыған сәйкес оны шешуге философтар екі түрлі: жеке алынған адамның көзқарасы және рулық жаратылыс, адамзат ретіндегі адамның көзқарасы тұрғысынан келеді. Бірінші түсінуде өмірдің мағынасы – жеке адамның бірегей ішкі рухани өмірінің элементі, ол оның өзі үшін қоғамдық құндылықтардың үстемдік етуші жүйелеріне тәуелсіз тұжырымдайтыны. Бұл жерде барлық адам үшін бірыңғай өмір мағынасы туралы айтуға болмайды. Әрбір индивид оны құндылықтарының өзіндік ерекшеліктері мен өз тәжірибесінде ашады.

Сонымен бірге өмір мағынасы адам санасының феномені ретінде де өмір сүреді. Оны іздестіру өмір мағынасы неде екені туралы сұрақты түсінудің екінші қырын білдіреді. Олар адам эволюциясының ұзақ үдерісімен, оның ойлануының рефлексивтік қабілетінің дамуымен , өзіндік сананың қалыптасуымен дайындалады. Өмір мағынасы проблемасын ұғынудың тарихи бірінші формасы діни түсінімде болды. Жүре келе философия олардың серігі мен тірегіне айналды.

«Өмір мағынасы» категориясы адам өмір сүруінің сапалық жағын сипаттайды. Ол адам үшін жоғары мақсаттар мен құндылықтардың жиынтығын көрсетеді. Сондай-ақ онда адамның тіршілік қарекетіндегі жалпы адамилықтың, тарихилықтың, әлеуметтік-топтылықтың және жекетұлғалықтың диалектикалық өзара байланысы өз өрнегін табады.

Адамдар олардан өмір мағынасын көре отырып өздерінің жеке мақсаттарына ұмтылады. Және де көбінде адамға өзінің мақсаттары дүниеге байланысты еместей болып көрінеді. Әрине, мақсаттардың сипаты көп дәрежеде нақты адамға, оның тәжірибесіне, біліміне, қоғамдық жағдайына және т.б. байланысты. Алайда бұл өмір мағынасының таза субъективті нәрсе екендігін әсте білдірмейді. Өйткені адамның мақсаттары ол үшін объективті табиғи және әлеуметтік дүниеден туындайды.

Адам – қоғамдық (әлеуметтік) жаратылыс, ал бүкілқоғамдық өмір – адамдардың өз қызметі. Жеке және қоғамдық міндеттер адам қызметіне енеді, оларды ол өз өмірінің мақсаттары ретінде ұғынады. Міне, осы мақсаттар мен құндылықтардың ұғынылатындығы өмір мағынасының субъективтік жағын, яғни оны адамның өзі қалай көретінін құрайды. Өмір мағынасының объективтік жағы – бұл оны қоғамның қалай көретіндігі. Қоғам адамның өз өмірінің мағынасын оның (қоғамның) стратегиялық мақсаттарына барынша қолдау жасауынан көруіне мүдделі, алайда бұл ретте адам, тіпті гуманистік мақсаттарға қол жеткізуде болсын, құрал ретінде ғана пайдаланылмауы тиіс.

Өмір мағынасы туралы айтқан кезде, әдетте, өмірдегі қандай да бір басты, негізгі, неғұрлым маңызды мақсат еске түседі. Адам өмірінің мағынасындағы бастыны, негізгіні бөліп көрсету тұрмыстың ұсақ-түйектеріне мән бермеуге, өз күшін аса маңызды мақсатты шешуге жұмылдыруға мүмкіндік береді. Егер бұл мақсатты оның барынша жалпыланғандығында қарайтын болсақ, онда адамзаттың бүкіл тарихында, соған сәйкес философиялық ой тарихында өмір мағынасының бір-біріне қарама-қарсы екі тұғырнамасы байқалады. Бұл қарама-қайшылық былайша: «ие болу» немесе «болу» нұсқасында тұжырымдалуы мүмкін.

Тарихи тәжірибе көрсеткендей, қоғамда қандай да бір құндылықтық қондырғының таратылуы көптеген факторларға, бірақ бәрінен бұрын онда орныққан қоғамдық қатынастар типіне байланысты болады.

«Ие болу» тұғырнамасы жекеменшіктік қатынастар үстемдік еткен қоғамда ғана таралып, үстемдік ететін тұғырнамаға айнала алады. Өйткені «иемдену», яғни меншіктену табиғатының өзі нақ осындай қоғамдық қатынастардың сипатынан келіп шығады.

Алайда меншіктеудің қосұдайылық табиғаты болатынын атап өткен маңызды. Бір жағынан, мен өзімді-өзім, сондай-ақ қоғам мені көбінде мен нені және қандай мөлшерде меншіктенгендігім тұрғысынан бағалаймыз. Және де бұл бағалаулар өзіме-өзім баға беруім үшін аса маңызды болып табылса, мен өзімнің иемденуші мәртебемді көтеру үшін бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын.

Екінші жағынан, мен құштарлана ниет қылған және иеленген заттардың өзі белгілі бір мағынада мені иемденеді, өйткені олардың жоқтығы, жоғалуы немесе қирауы күйзелтеді және менің денсаулығыма, бәрінен бұрын психологиялық жағынан әсер етеді. З.Фрейдтің өз мүдделерін тек иемдену мен билік жүргізуге бағыттаған тұлға – жүйкесі жұқарған науқас, ал мүшелерінің көбі осындай «мінезді» меңгерген қоғам науқас қоғам болып табылады деп ұйғарғаны бекер емес.

Енді қарама-қарсы позицияға – «болуға» назар аударайық. Бұл өмірлік қондырғы адамның өз өмірлік қызметінің бағдарламасын алдына қоюы мен іске асыруын білдіреді. Бұл бағдарлама оның шынайы мәніне жауап беруі, бәрінен бұрын оның з шығармашылық қабілеттіліктерін жан-жақты ашуға басқа адамдармен қарым-қатынаста, қоғамдық мүдделер жолындағы әлеуметтік белсенділігіне мұқтаждығын іске асыруға тиіс.

Бұл ретте сөз болған тұғырнамалардың арасында шешілмейтін қайшылықтың жоқ екендігін атап өткен жөн. Өйткені «болу» үшін, яғни үздік адамдық қасиеттреді іске асыру үшін материалдық және игіліктердің белгілі бір мөлшерін иемдену қажет, оның үстіне оның мол болғаны жөн. Осыған орай, әңгіме материалдық игіліктерден толықтай бас тарту туралы емес, екі мағыналық-өмірлік қондырғылардың оңтайлы үйлесімі туралы болуы тиіс, бұл ретте басымдық бәрібір де үздік адамдық қасиеттерді іске асыру бағдарына берілуі тиіс. Яғни, адамға бір мезгілде «болу» мен «иемдену» керек болып шығады.

Адамның талғам-талайы

Ежелгі грек философы Диоген күндіз қала көшелерінде өткен-кеткен адамдардың жүзіне шаммен қарап жүрген екен деген аңыз бар. Оның не істеп жүргендігін сұрағандарға, ол: «Адамды іздеп жүрмін!» депті. Ол өзін қоршағандардың ішінен адамды күндіздің өзінде шаммен жүріп таппаған деседі.

Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін: «Ей, адам, сен кімсің?» сұрағына жауап беру өте қиын. Егер де бұл сұрақ қандай да бір адамға қойылса, онда ол «Мен адаммын» деп жауап берген болар еді. Одан кейін ол өз есімін атайды, белгілі бір топқа (ұлттық, кәсіптік, аумақтық, т.б.) қатыстылығын, өзінің әлеуметтік рөлін және т.б. көрсетеді. Алайда: «Мен адаммын» жауабы тек қана тавтология болып шығады. Дегенмен де – «Адам, сен кімсің?» сұрағына: «Мен зерделі, әрекетшіл, әлеуметтік жаратылыспын» деген жауап берілуі мүмкін. Бірақ сонда да көрсетілген қасиеттердің «адамилықты», яғни адам мәнін құрайтын басты нәрсені түсіну үшін жеткілікті болатын-болмайтыны беймәлім болып қалады.

Өткен заман ойшылдары адам мәнін анықтаудың бүкіл қиындығына кез болды. XVIII ғасырдағы француз ағартушысы Жан-Жак Руссо адамды портта тұрған грек теңіз құдайы Главкінің мүсінімен салыстырған. Ол ғасырлар бойы толқын шайып, тұз шөгінділерінің қабығына оранып, сиықсыз түрге енді. Бірақ егер тұзды қабықты ұрып түсірсек, біз оның астынан құдайдың бұрынғыдай тамаша бейнесін көрген болар едік. Руссо егер мәдени қат-қабаттары алынып тасталса, онда шынайы адамды көруге болады деп есептеді. Ол да көптеген ойшылдар тәрізді әлеуметтік-тарихи қат-қабаттармен жабылған табиғат бейнесін пайдаланды. Әлеуметтік «қабықшаларды» алып тастай отырып, бірдей нәрсені табуға болатын сияқты көрінеді, өйткені адам табиғатының әртүрлі болуы мүмкін емес қой. Алайда олай емес екен!

Адамдар сенетін, үміттенетін, сүйетін, алаңдайтын, қорқатын, ақиқатты іздейтін, әділдік үшін күресетін болғандықтан да адамдар болып табылады. Олар моральдық парыз бен ар-ұждан ұғымына сәйкес таңдауға және шешім қабылдауға қабілетті; бұдан адамның табиғат пен әлеуметтік мән-жайлардан бостандығы көрінеді. Тек адам ғана алдайды, опасыздық жасайды, өзі тәрізді адамдарды еш мағынасыз өлтіреді, уәде етеді, мазақтайды, рөл ойнайды, жек көреді, қалжыңдайды, жабырқайды немесе сиына алады.

Адам ерекшеліктерінің тізімін жалғастыра беруге болады, бірақ та түпкілікті жауап алуға үміттенудің қажеті шамалы. Адам бұрынғыша өзі үшін жұмбақ болып қала бермек. Алайда адамдағы шынайы адамилық адамгершілік ар-ұжданмен, гуманизммен, адам жанының асқақ ұшқындарымен байланысқан.

Адамның шынайы талғам-талайы адам болуында және содан айнымауында!

Өз өмірінде адам өз орнын табуға үлгеруі керек, ол орынның партадағы орыннан айырмашылығы, басқа ешкімде оны иелене алмайды, өйткені әркім бөтеннің өмірін емес, өз өмірін сүреді. Егер біз өзімізді-өзіміз таппасақ, онда біздің орнымыз мәңгіге бос болып қалады.

Адам, адамилық – бұл біздің әрқайссымызда, барлық жеке тұлғада қандай да бір мөлшерде бар қасиет. Адам өзін-өзі жасайды – бұл жеке адамға да, текті жаратылыс ретіндегі адамға да, бүкіл адамзатқа да қатысты жайт.

Заманауи өркениет жағдаятындағы адам факторы

Дүниежүзілік ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық дамудың қазіргі кезеңі үшін қоғам өмірінің барлық салаларында адамның белсенділігін арттыру қажеттілігі тән. Бүгінгі күні экономиканың тиімділігі қоғамды құрайтын адамдардың эволюциясына орасан мөлшерде тәуелді. Өйткені біліктілігі жоғары қызметкерлер мен табысты кәсіпкерлер жоғары экономикалық тиімділікке қол жеткізудің кепілі болып табылады, бұл қоғамдық өндіріс көлемінің артуына және тұтастай алғанда, экономикалық өсуге әкеледі. Ақпараттық-техникалық қоғам үнемі өздігінен білім алумен және қабілеттіліктерін жетілдірумен айналысатын біліктілігі жоғары қызметкерлерсіз дами алмайды. Өндірістің ең жаңа түрлері: электроника мен информатика, ғарыштық өндіріс, биотехнология, нанотехнология, көрсетілетін қызметтер өндірісі мен мәдениет индустриясы өндірістің заманауи жүйесінің сапалық өзгерісіне әкеледі. Өндіріс бұрынғыдан да ғылыми бола түседі, яғни ғылым жетекші өндірістік күшке айналады. Өндірістегі жетекші рөл көп дәрежеде ғылыми-зерттеу орталықтары мен университеттерге, индустриялық және эксперименттік зертханаларға тиесілі болуда.

Бұл өндіріс бұрынғыдан да бетер адам факторына қарай бет бұруда, ол мақсатқа да, сондай-ақ жетекші компонентке де айналуда. Материалдық өндіріске кететін шығындарды ғылым, білім беру, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандару пайдасына, яғни адам капиталын инвестициялау пайдасына қайта бөлу жүріп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *