Философиялық сұрақтар мен жауаптардың ерекшелігі

Неміс философы Иммануил Кант (1724-1804) философияны жанның табиғи бейімділігі деп атады. Әрбір адам өз жаны бойынша «аздап болса да философ» (тіпті бұл сөзді ешқашан естімесе де) екендігін айту қажет.

Өйткені қандай да бір ойға бейім, мәдениеті бар адамның «мәңгілік» сұрақтар төңірегінде ойланбауы мүмкін емес. Олар: Мен не үшін өмір сүремін? Мен не істеуім керек? Мен неден үміттенемін? Тағдыр деген бар ма? Мен өз қылықтарым мен шешімдерімде толықтай еріктімін бе? Менің «Мен-ім» тән өлімінен кейін не болады? Бұлардың бәрі философиялық сұрақтар болып табылады! Философиялық сұрақтар адам мен адамзаттың тағдыр-талайына тікелей қатысты. Бұл объектілер (табиғи немесе адамдар жасаған) туралы емес, оларға адамның қатынасы туралы сұрақтар. Кант бойынша, нақ осы сұрақтарда адам зердесінің жоғары мүдделері қамтылған.

Философияның сұрақтарын, яғни дүниеге көзқарас сұрақтарын егжей-тегжейлі, бірден, түпкілікті және бірмәнді шешіп тастау мүмкін емес. Бұл тарихтың әрбір қадамына, қоғамдық қатынастардың әрбір жаңа, неғұрлым жоғарырақ деңгейіне сай өзгеше жағдаяттардың қалыптасатындығымен, жаңа қайшылықтардың пісіп жетілуімен байланысты. Ал оларды түсіну, ой елегінен өткізу, бағалау үшін философиялық ойдың қызу жұмыс істеуі талап етіледі. Және де бұл ой ғалымның ойымен салыстырғанда біршама өзгеше жазықтықта орналасатын болады.

Ғалым: не? қалай? неліктен? деген сұрақтарға жауап іздейді. Ал философ, негізінен, басқа: неліктен? не үшін? қандай жоғары құндылықтар мен мұраттар үшін? деген сұрақтарды қарастырады.

Философия сұрақтарының ерекшелігі мынада: біріншіден, бұлар жауаптарын эксперименттік жолмен немесе математикалық есептеулердің көмегімен табуға болмайтын «шектен тыс» сұрақтар; екішіден, бұл да (ғылым проблемаларынан ерекшелейді) ерекше құндылықтың немесе өмірмәнділік реңкке ие, олардың бәрі де адамдардың қатысуына, адамдық мүдде мен бағалауға бағдарланған.

Бұл сұрақатрды философтар емес, өмірдің өзі «ойлап шығарады». Философтар өз күштерімен қабілеттеріне қарай осы мәңгілік, өмір мәнді сұрақтарды шешеді. Философиялық проблемалар сипатының ерекшелігі оларды шешудің қарапайым, бірмәнді, түпкілікті нәтижесінің мүмкін болмайтындығында. Философиялық жауаптар әрқашанда болжамды, бірақ адамзат тарихының әрбір қадамы, ие болған әлеуметтік тәжірибенің әрбір шебі философиялық зерденің алдынан шындықтың бұрынырақта беймәлім болған қырларын ашады. Ол философиялық сұрақтарға неғұрлым салмақты, сындарлы жауаптар табуға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *