Қазақ әдебиетінің классигі, халық жазушысы, ақын, драматург, қоғам қайраткері, академик Сәбит Мұқановтың есімі XX ғасырдағы әдебиет әлемінің көрнекті тұлғалары қатарында құрметпен аталады. Сәбит Мұқановтың балалық шағы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл өңірінде өтті. Жастық шағында Омбыдағы мұғалімдер курсында, Орынбордағы жұмысшылар факультетінде, Мәскеудегі қызыл профессура институтында білім алған. Бірнеше жыл қатарынан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы (1936-1937, 1943-1951), Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшесі (1958-1969), Араб елдерімен Достық және мәдени байланыстар қоғамы Қазақ бөлімшесінің төрағасы (1965-1969) қызметтерін атқарды.
Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасы (1928), «Адасқандар», «Жұмбақ жалау», «Балуан-Шолақ», «Сырдария» романдары, «Өмір мектебі» роман-трилогиясы, «Аққан жұлдыз» роман дилогиясы тек қазақ оқырмандарының ғана емес, шетелдік әдебиет сүйер қауымының да ыстық ықыласына бөлінген шығармалар. Ал ғалым Сәбит Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті», «XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихынан очерктер», «Жарқын жұлдыздар», «Халық мұрасы» атты еңбектері уақыт өткен сайын өзінің ғылыми құндылығын арттыра түсуде.
1978 жылы Алматыда Сәбит Мұқановтың 1965-1973 жылдары тұрған үйінде әдеби-мемориалдық музейі ашылған болатын. Содан бері музей-үйі ширек ғасырға жуық уақыт халыққа қалтықсыз қызмет көрсетіп келеді. 1999 жылы Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің музейі-үйлері әкімшілік-басқару жағынан біріктіріліп, қазір «Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені» деп аталады.
2000 жылы — Сәбит Мұқановтың, 2002 жылы — Ғабит Мүсіреповтың 100 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО-ның қолдауымен аталып өтілгені — қазақ әдебиетінің, мәдениеті мен өнерінің үлкен мерейі деп білеміз. Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына орай Қазақстанда бірқатар мәдени жұмыстар атқарылды. Жазушының музей-үйі күрделі жөндейден өткізіліп, экспозициясы жаңартылды. Алматыдағы Сәбит Мұқанов көшесінің бойындағы скверде жазушыға ескерткіш-мүсін орнатылды. Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалы драма театрына жазушы есімі берілді. Туған ауылындағы орталау мектеп те Сәбит Мұқанов атын иеленді. Астанада, Алматыда, Петропавлда, Бішкекте жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған үлкен ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, оның материалдары жеке-жеке кітап болып жарық көрді.
Сәбит Мұқанов туысқан елдер әдебиетінің шын жанашыры болыпғ белгілі қаламгерлермен қоян-қолтық тығыз творчествалық қарым-қатынас жасаған жазушы. Оның кітаптары әлем халықтарының 46 тіліне аударылған екен. Музей қорында сақталған хаттар мен телеграммалар, кітаптардағы қолтаңбалар шертер сырлар да әр алуан. Біз орыс жазушылары Алексей Толстойдың, Самуил Маршактың, Александр Фалеевтің т.б Сәбит Мұқанов туралы жылы лебіздерін, достық көңілдерін, бауырмал ыстық ықыластарын әрдайым еске алып отырамыз.
Сәбит Мұқановтың шығармалары қазірдің өзінде XX ғасырдан XXI ғасырға батыл қадам басты деп сеніммен айта аламыз. Оның өмірі мен шығармашылығы мектеп және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енген. Жекелеген кітаптары Қазақстан және шетелдік баспалардан қайта басылып шығуда.
Жарық дүниеде 73 жыл жасаған Сәбиттің даңк тұғырына көтерілуі де, ылдиына түсуі де аз болмаған. Қандай іске араласса да осының ақыры неге апарып соғар екен дегенді ойламайтын жандар болатын көрінеді. Сәкен екеуін мен осы деңгейден анық көремін. Ақырын жүріп, абайлап басу оларға жат. Көңілі қулағанға еш жалтақсыз, есепсіз кіріседі де не үлкен абыройға кенеледі, не мықтап опық жейді. Ол үшін куанып та, өкініп те жатпайды, өйткені жаркын келешекке сенімдері мол. Ел-жұрт та солай шығар деп ойлайтын сияқты.
Қазақ әдебиетінде «Сұлушаш», «Адасқандар», «Ботагөз» аман-есен тұрғанда Сәбитке еш уакытта рухани өлім болмайды. Осыған кәміл сенсек, онда кейінгі ауыр ойларды айту әлдеқайда жеңіл дейді және ниетіміздің ақтығына ешкім шүбәлана алмайды. Қазіргі «жәдігөй білгіштердің, қаскөй табалаушылардың» сөзіне сенер болсақ, Сәбит Мұқанов кұрдымға кетіп бара жатқан, көзі тірісінде даурықпалы даңққа ие болып, көзі жұмылған соң елеусіз қалатын тұлғалардың бірі деп ойлап жүргендер бар. Солай ма? Жоқ, мүлдем де олай емес.
Пенделік пен өнерпаздық, қайраткерлік пен шарасыздық бір адамның бойынан табылып жатады. Онан соң уақыт деген құдіреттің өмірін әлі ешкім жоққа шығарған емес, шығарада алмайды. Осы түсініктерді тұтас парықтай білсек, артықкем, орынды-орынсыз айтылғандарды бірден аңғарамыз да, шындықты шырылдатып айтуға мәжбүр боламыз. Сәбит Мұқановтың «Қазақтың ХVIII-ХІХ ғасырдағы әдебиет тарихынан очерктер» деп аталған, 1942 жылы шықкан күрделі еңбегін ерекше атау керек. Мектеп окулығында шалашарпы айтылып келген ақындардың мұрасын анықтауда, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесін шешуде, келешекте қазақ әдебиетінің тарихын жасау процестерін бағдарлауда бұл еңбек үлкен рөл атқарды.
Сәбит Мұқановтың қырқыншы-жетпісінші жылдардағы сыншылық қызметі казак әдебиетінің профессионалдық арнамен өркендеуіне, идеялық нысанасының таза болуына, көркемдік шеберлікті игеру талаптарына, жас күштерді мәпелеп өсіруге бағытталды.
Қорыта айтканда, ұлы дарынның өнегелі де жемісті өнерпаздық жолына қыскаша шолу жасағанда, Сәбит Мұканов — қазақ кеңес әдебиетінің негізін қаласқан, оның өркендеуі үшін орасан еңбек сіңірген аса көрнекті сөз шебері, ел еңбекшілерінің бүгінгі өмірінен, ой-арманынан нәр тауып, шабыттана жырлаған азамат акын, дәуір шындығын эпикалық биік денгейге көтере суреттеген халыктық жазушы, сахна өнерінің өркендеуіне үлес косқан драматург. Қазақтың әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымын өрге сүйрегеи жауынгер сыншы, парасатты ғұлама. Қазак әдебиетінің мактанышы Сәбит Мұқанов өзінің өнегелі де өміршең шығармаларымен қазақтың жаңа ұрпағына рухани азық беріп, ұрпақтан-ұрпаққа жасай беретін ұлы классик.