Сатира арқылы сол халықтың болмыс-бітімін, тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық жағдайын, тіпті қай дәуірде қандай дәрежеде жүріп жатқандығын білуге болады. Жалпы сатиралық шығармалардың басты ерекшелігі жеңіл юмордан фельетонға дейінгі аралықта бірталай даму сатысынан өтеді. Ол жеке адамның басындағы кішкентай кемшіліктерінен бастап, бүкіл қоғамдық проблемаларды сынға алады. Көбінде қозғағалы отырған объектісін тақырыптарынан-ақ оңай байқауға болады. Әрине, еркіндік, сөз бостандығы жазушылардың шығармашылық көкжиегін кеңейте түсті. Ал қоғамдық қайшылықтар мен әлеуметтік тартыстар да сатириктеріміздің назарынан тыс қалған емес. Дей тұрғанмен халықтық дертке айналып бара жатқан адамзаттық проблемаларды Мыңбай Рәштің сатирасынан аңғаруға болады. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері қарай, бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда балалар үйіндегі жетімдер жыл санап артып бара жатыр. Сатирик шығармаларынан олардың хал-күйін суреттейтін «Бүлдіршіндер монологы» памфлетін атауға болады.
Жәй қарағанда олардың көңілді, шат-шадыман тірлігі көз алдыңа елестейді. Ал іші өте терең философиялық мәні бар екенінде сөз жоқ. Кіршіксіз таза жүректерінен бір-бірлерін жатсынбай тез-ақ жақын тартып, тату-тәтті өмір сүріп жатқанын көреміз. Алайда, кінәсіз періштелердің осындай бейбіт заманда жетім балалар үйіне әкелініп тоғытылуын асқан қатыгездік пен қаталдықтың көрінісі демегенде не деуге болады. Суреткер шындықты айтқан, шын сырын айтқан. Оның үстіне памфлетке құрылған өлеңге қаншама үлкен проблеманы сиғызып, жеткізіп берді. Өлеңін тән жан толқытар өрнектер заман үшін, адамзаттың келешегі үшін түйінін шешуді қажет етеді.
Сатиралық шығарманың өзі адам мен адам, адам мен қоғамның өзара қайшылыққа түсуінен туындайды. Айналамыздағы жағымсыз құблыстар бейне бір маздап тұтана бастаған от сияқты. Белгілі тұлғаның оған қарсы дер кезінде тосқауыл қоярлықтай, қоғамдық пікір туғызатын және оны қайталамауға, одан жиіркенуге шақыратын тілдік құралы. Оған сатирик жазушыларымыздың шығармалары дәлел.
Алпысбай Боранбайұлының «Жұмыссыздықты жойдық», «Ауыл қалай оңалады», «Істейді мен түспейді» атты сатиралық өлендері қоғамды жайлап бара жатқан жемқорлықты тілге тиек етеді. Сатирик айналамыздағы кері кеткен келеңсіздік атаулыны қоғадай жапыратын, оның ұйтқыған құйыны, қағаберістегіні де қалыс қалдырмайды, сынап отырады. Елімізде бас құрамағандардың нақты саны күні бүгінге дейін анық айтылмайды. Олар — біреуіміздің әпкеміз, біреуіміздің қарындасымыз, енді біреулерінің баласы, тағы біреулердің сіңілісі. Қара көздеріміздің ана болу бақытына ие бола алмай қалуы жаныңды жабырқатып, жүрегіңді сыздатады. Бұл — ең алдымен жоғарыда отырған халық қалаулыларын да мазалайтын, бүгін-ертең шешімін таба қоймайтын үлкен мәселе. Бұл — әрбір қазақ азаматының бақыты мен болашағына қатысты жауапты іс. Ол үшін өмірін ел мен жеріне арнай алатын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, әрине.
Әсіресе, қазақ сатирасы бүгінгі күнге дейін даму сатыларынан өтіп, тамырын тереңге жаюда. Қоғамдық қайшылықтар мен әлеуметтік тартыстарды өзінің басты тақырыбы етіп алды. Тәуелсіздік кезендегі сатира жанрлық салаларға болініп, жаңа түр, жаңа форма қалыптастырып, өз ауқымын кеңейте түскенін көруге болады. Бүгінгі күннің талабынан шығу үшін сыртқы формасын ғана емес, ішкі мазмұнын да байыта түсті.
Ел болдық, көк туымыз аспанымызда желбіреді. Ендігі мақсат -сол азат күннің жылуын сезініп, өзгелермен тереземізді теңелту. Ұлт бар жерде мәдениетіміз де, әдебиетіміз де өркендемесе өшпейді, одан ары қарай жалғасын тауып үздіксіз дами береді. Әрине, сатиралық шығармалар көркем дүние болған соң нақтылы фактілерге сүйенбейді, соның негізінде шығармалар жазылады. Бірақ оның ішінде біз көріп отырған, қоғам коріп отырған кейіпкерлердің бар екендігін барлығы біледі.